Ұлыма
От баспа, оң-солыңды байқа, балам,
Толып жүр айналаңда сайтан адам.
Бағасын балапанның біле бермес,
Ұяда жұмыртқасын шайқамаған.
Әттең, шолақ дүние-ай, құйрық-жалын күзеген,
Жүзге жасым жетер ме, жазсам саған жүз өлең?
Мүйіздейді күнде кеп қабырғасын қорамның,
Қатер деген бір дойыр қара бұқа сүзеген.
Жетеді мұратына талпынған жан,
Маздаса өмір оты шалқып жанған.
Келер ме қайта айналып, шіркін, жалған,
Аттанған сол бір бала Елтінжалдан?!
Манастың ата жұртында
Өзіңсің таудай бір тұлға.
Еңіреп туған ер Түкем,
Қазақ пен қырғыз ұлтында.
Жан едің жібек мінез, майда қоңыр,
Жан аға, сенен де өтті-ау қайран өмір.
Сыздайды сыр алдырып жүрек, шіркін,
Түскенде жақсы күндер ойға небір.
Асқақтатып ағасын аспандатты демеңдер,
Менен бұрын бағасын беріп қойған кемелдер.
Көкірегі күйсандық – ән мен жырдың қоймасы,
Алдарыңда, ағайын, сырлы сазды кемеңгер.
Жырлары ғасырларға жалғасатын,
Тудырған ақындарды ел жасасын!
Жасыңнан поэзия аспанында
Жасындай жарқылдады Олжас атың!
Сағынамыз жыл өткен сайын біздер,
Толқын жуып, қаншама шайылды іздер.
Бұл күндері Семейге келген адам,
Ең алдымен елеңдеп Қайымды іздер.
Егіліп жылай берме, серпіл, аға,
Жылаумен көздің жасы сарқыла ма?
Ақыны Алатаудай күңіренсе,
Қайыспай қабырғасы ел тұра ма?
Күресіп халқың үшін қаршадайдан,
Өткердің арпалысып қанша майдан.
Боз қырау самайыңнан төгіліп тұр,
Бозарған сәттеріңдей шаршап ойдан.
Алпысқа келіп қапсың, асыл аға,
Отыз жыл біз ергелі қасыңа да.
Тауыстың көз майыңды ақ қағаз бен
Үңіліп туған жердің тасына да.
Уа, Маха, некен-саяқ сендей адам,
Жерім жоқ шын жақсыдан жанды аяған.
Дос таптым, туыс таптым – тыныс таптым,
Қуанып керегемді кеңге жаям!
Ел үшін соғып жүрегі, ел үшін талса білегі,
Жігітті өрге жетелер, көтерер көптің тілегі.
Тарпаңнан туған құлындай даланың арда түлегі,
Алқалы топтың туындай абыройың аспан тіреді.
Балуанның күші, ақынның мысы басқанда,
Тіл шығады екен тұншығып жатқан тастан да.
Қаршадай күннен күреске түскен бауырым,
Қазақтың туын көтердің биік аспанға.
Өзекті өртеп шыжғырады мұң шоғы,
Айттырмайақ білер дейсің кім соны?
Қалың елді жұртқа тастап тағы да,
Белден асты бұлаңдаған жыл соңы.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі