Менің аппақ аққуым ұшқан кезде...
Менің аппақ аққуым ұшқан кезде
Жыр кеудемде жұмыр ет езілген күн.
Біздің аспан сағынып жылағанда
Қанатымның сынғанын сезінгенмін.
Менің аппақ аққуым ұшқан кезде
Жыр кеудемде жұмыр ет езілген күн.
Біздің аспан сағынып жылағанда
Қанатымның сынғанын сезінгенмін.
Сұрқай суық күз, қоғам жүрегі,
Қапырық ой жалмаған қырт міні.
Сәулесіне айналсам мен күннің,
Мені іздеп жоқтайды күрт түні.
Жапырақ болсамшы жап-жасыл,
Дегенмен, қараша келеді.
Аспаннан бір тамшы күтемін,
Қаңсырап көңілдің шелегі.
Сен сарғайдың мың мұңға, мен қайтем?
Жапырақ-ай, өлермісің, не етерсің?
Аспан ана көз жасына жуынып,
Сен де бір күн үзілерсің, кетерсің.
Ақ пен пәкке ұмтылады жан, арым да,
Ойланбадым мұңнан көрпе жабарымда.
Қайтем енді, жоғалттым ғой мен өзімді,
Күзгі бақта, қоңыр қыздың жанарында.
Күн нұрына шомылармын азанғы...
Мына іңір алды менің мазамды.
Көше көзі...
Көлік көзі...
Сынды талай сын алдында сағымыз,
Аппақ Айдың сәулесіндей арыңыз.
Жапыраққа жан бітіріп қойдың ба?
Сағындырған сары күзде сары қыз.
Ай төсіне, түн қойнына сақтап қойғам,
Жанарымнан таба алмассыз мұңымды сіз?
Адасқандар көшесінен мені көріп,
Шақырмадың...
Қарап тұрған жалғыз жанар тесіле,
Ай көзінен сіңдіріп мұң төсіме.
Тәнсіз жүрек ақтара сап қайғысын,
Төне қалды бұлт көйлегін шешіне.
Кеткім келеді алыстарға...
Қайда барам?
Мылқау әуен сыр шертеді айдаладан.
Сезім — малай, тән билікте жерідім мен,
Аққу өлді көлінде жүрегімнің,
Суығына аймақтың шыдай алмай.
Сен отырсың сезімнің түре күнін,
Терезеңнің алдында жылай алмай.
Хор қызы жерге түскен пейіштегі,
Ақ сәулеңнен Айға айналды көр іштегі.
Қанатыңды Ібіліс кеп сындырды ма?
Нұр жүзіңнен көруші едім періштені.
Тек менде боран бар, бұлтым бар,
Жап-жарық бұл әлем нұрланған.
Уа, барымташы қыз қайтаршы,
Мендегі бақытты ұрланған.
Бұл әлем қап-қара тас түнек,
Қара бақ, қара жер, қара құм.
Әлем — от, жүрегім мұп-мұздай,
Сұп-суық оттарға жанатын.
Түкірдім, бейшара қайғыға,
Ит болып жүрміз ғой байланып.
Сезімді ұмытып жүрегім,
Ей, нәпсі! Отырсың жайланып.
Ойыңнан сенің қайғырам,
Жырыңды оқып түңілем.
Аппақ жаныңды парақтап,
Кітап жүзіңе үңілем.
Шешті бір аспан қара жейдесін таң ата,
Қып-қызыл нұрға қап-қара тәнін талата.
Ұйқысыз тағы қарсы алдым нұрды, таң атты,
Тіліне Күннің маңдайын аспан жалата.
Өшпейтінді қалайша өшіремін,
Ілеседі бұлттардың көшіне мұң.
Жаратқанның жаратқан туындысын,
Көшіремін өлең ғып, көшіремін.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі