Сағынышым жетті ме?
Аңсарың күмбірлі күй болды мәңгі,
Әніңмен оятушы ең қалғығанды.
«Сағындым туған жердің сырлы әуезін
Сал, – депсің, – кешіктірмей домбырамды...»
Аңсарың күмбірлі күй болды мәңгі,
Әніңмен оятушы ең қалғығанды.
«Сағындым туған жердің сырлы әуезін
Сал, – депсің, – кешіктірмей домбырамды...»
Япыр-ау, сабыр қайда, мазам қайда?
Қаптап тұр көз алдымда тозаң майда.
Тордағы торғайға ұқсап бұлқынумен,
Қанатын қыран көңіл жаза алмай ма?
Адам – ағын, толқынды заман – арна,
Күн көтеріп уақыт барады алға.
Тізгін тартып, қайрылып қарамайды,
Үкім айтып үстінен қарағанға.
Дауыл үріп қараспанның астынан,
Тығылады құз көзіне жас тұман.
Тұғырда бір тұрып қалған сияқты
Төніп қарап тау басынан тас қыран.
Көз алдымда түтін менен сол ұшқын,
Қасіретін еске салып соғыстың,
Кесті тірі аңыратып ағашты,
Кеңітуге жүретұғын жол үстін.
Жігеріме жанып сезім шақпағын,
Өмірімнің қарсы алып кеш ақ таңын,
Ауыспалы жүрмін бастан өткізіп
Қырық бестің ақпаны мен аптабын...
Сұрамайды қолын жайып ақын бақ,
Тағдыр оны желкелейді тақымдап.
Батпағына аунап жатып бақа да,
Ұшқан құсты қызғанады бақылдап...
Албырт шақта қадірін сездім ненің,
Сөз білмедім, білгенді көзге ілмедім.
Өткізіппін басымнан ауыспалы
Табиғаттың қайталап мезгілдерін...
Жарты дүние, жарты күн, жарты жаным,
Құмға сіңген дариядай тартыламын.
Балапандай жүрекпен мен өзіңе
Таңғы алауға шомылып талпынамын.
Қамшылаған өкпек желдің өтінде
Жағалауға шағала боп жетуге
Жалғыз қайық келе жатыр қалтылдап
Көкшіл шәйі, бұйра толқын бетінде...
Жолбарыстай мазам жоқ қамаудағы,
Кімнің күйіп, мен үшін жаны ауырады?
Бұлт астынан көрінген көк аспандай,
Күн тілеген көңілім жамау бәрі...
Ақ шапанын қайтер екен тау енді,
Көшпелі бұлт кернеп кетті әуемді.
Тамылжытты көктем құсы тамшыдай
Мен айтсам-ау деген сыршыл әуенді.
Көктем – самал, сырымды елге жайыңдар,
Көкірегімнен туған аппақ айым бар.
Билейтіндей бұраң белі солқылдап
Мен билесем деген биді қайыңдар...
Ауысқан сезімнің сыры мұңға,
Өстің бе жоқ, әйтпесе құрыдың ба?
Таласқан бұл тіршілік өтіп жатыр,
Ешкімнің уақыты жоқ бұрылуға.
Сезінбеппін ауырлығын жүгімнің,
Кешір, күнім, кеш те болса, ұғындым.
Барлық жанға түсіргім кеп сәулесін,
Жүрегімді қолыма ұстап жүгірдім...
Біреу олай, біреу бұлай мақтанар,
Әркім, рас, әр жолменен бақ табар.
Дұрыс деймін құпиясын біліп бір,
Оның бәрі есте қайтіп сақталар...
Көктемімнің қарлығаш – қыз қонағы,
Кетер күлсең көңілдің ызғары әлі.
Көре алмастар атыңа күйе жағып,
Сенің мынау көркіңді қызғанады...
O, неткен әдемі сөз әйел деген,
Секілді ақын жазған аяулы өлең.
Жылынып нәзік сезім жылуына,
Қалғымай жол үстінде ояу келем.
Таласпаймын тұру үшін жоғары,
Табылмай жүр көңілімнің жоғы әлі.
Мен өмірде өзгелерге не істесем,
Бәрі өзіме қайта айналып соғады...
Мазасызбын... Ұрады басым дабыл,
Көз жасыңды дегендей жасырма, гүл.
Өмір сүрдім деп, сірә, өкінбеспін,
Мейірімге тапшылау ғасырда бұл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі