Сол бір сәттен құпия сыр түйдім көп
Сол бір сәттен құпия сыр түйдім көп,
Болмас маған будан артық сый-құрмет.
– Айналайын амансың ба? – деп бірде,
Аға, менің маңдайымнан сүйдің кеп.
Сол бір сәттен құпия сыр түйдім көп,
Болмас маған будан артық сый-құрмет.
– Айналайын амансың ба? – деп бірде,
Аға, менің маңдайымнан сүйдің кеп.
Көрмей жүрсем көркіңе шөлдейді екем,
Көрген кезде жалт беріп көрмей кетем.
Ғашық болып ауырған жүрегімді
Ғашық болып жүріп мен емдейді екем.
Қосылды да арманға арман, сырға сыр,
Келер күннің мүсіндедік тұлғасын.
Асығамын кететіндей өтіп тез
Қас қағымның арасында бір ғасыр...
Бала едім ғой, пәк едім ғой онда мен,
Өмірдің бар қызығына шөлдеген.
Қос ат жеккен шойын табан шанамыз
Қалқып келе жатты қысқы жолменен.
Ұнап жүріп, қалдың маған ұнамай,
Сыр алдырдың сынға неге шыдамай.
Жүректегі қиын сөзді қалайша
Тіліңменен айтып қойдың тым оңай?..
Өкінемін, көп нәрсені жай ұғып,
Алған жоқпын ақ-қараны айырып.
Өзің үшін өскен сезім қанатын
Қабағыңмен тастамашы қайырып.
Таппаспыз ешбір дауа жарамызға,
Өткен күн айналғандай бәрі аңызға.
Қанша асу, қанша жылдар жатыр бөліп
Қамал боп екеуміздің арамызда.
Алданамын, кімге ашылып, сенсем көп,
Көңіл ауру, бір сөзіңмен берші емдеп.
Адамдардың ортасында жүріп-ақ
Адамды бір сағынамын көрсем деп...
Кездескенде қыстың әлсіз қолымды,
Білгің келіп бәрін ішкі хал-жайдың.
Сенің мәңгі күтер едім жолыңды,
Бірақ мәңгі өмір сүре алмаймын...
Өзіңді ойлап, өкпеледім тағдырға
Мәңгі өмір сүрмедім деп неге мен?
Алып қашам көздеріңнен көзімді,
Ақ жүзіме перде ғып ар-ұятты.
Маған жұмбақ көзіңде мұң бар екен,
Сенің кеудең кілттеулі сырға мекен.
Айналмайын мейлі мен сүйіктіңе,
Сүйіктім деп өзіңді жырлап өтем.
Қайтсем екен?.. Іздеп бір барсам ба екен,
Бір көруді ол мендей аңсар ма екен?
Кездесуге, әйтеуір, себеп таппай,
Сары күздей санасы сарсаң ба екен?
Қалай ғана сен мені бақытты еттің,
Бақытымнан айныдым, татып көп күн.
Жанып тұрған көгімнен бір жұлдыз ең,
Бір жұлдыз ең, көп тұрмай батып кеттің...
Өз алдыңда тез жылаймын, тез күлем,
Қылығыммен көңіл күйін сездірем.
Айтқандаймын тұңғыш рет тек саған
Тілім келіп «сүйем» деген сөзді мен...
Ұнат мейлің, қара маған ұнатпай,
Ұстатпай жүр уақыт сусып сынаптай.
Құлар жерде саған деген бір сезім
Сүйеп келді мені жерге құлатпай...
Мен үшін жансың ең ізгі,
Сезгемін, жете білмей-ақ.
Шағала сүйер теңізді,
Көтеріп кететіндей-ақ...
Кең өмірден кездестіріп сені алғаш,
Алғаш менің жас жүрегім гүл атты.
Сол бір көктем енді қайтып оралмас,
Сол бір көктем күлдіріп, кеп жылатты...
Жандым, өштім, өртке айналдым, сезбедің,
Арашалап ала алмадың, төзбедің.
Мен өзіңді теңер болсам семсерге,
Жарқылдадың қолдарында өзгенің.
Алыс қалды от басатын ол күнім,
Енді ешкімнің бола алмаспын ермегі.
Сорлы ету оңай болар, жарқыным,
Мықты болсаң, бақытты етіп көр мені!..
Жоры мейлің, айлакер, мені қуға,
Көңіл шыны кеседей толы мұңға.
Сылтау іздеп оңаша сенделемін,
Өзіңді іздеп барып бір жолығуға...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі