Қорқыт өлімге мойын ұсынбай, Сыр суының үстіне Желмаясының жабуын төсеп, қобызын толассыз сарнатып отырады екен дейді. Қара қобызын сарнатып отырғанда ажал маңайына жолай алмапты. Қобыз дауысы жеті күндік жерге жетіп, дүниенің бәрін сүттей ұйытса керек.
Күндердің күнінде қиян шалғайда жатқан Арқадағы бір ауылдың серуен құрып жүрген қырық қызы Қорқыт қобызының дауысын естиді. Естулері мұң екен, қырық қыздың тұла бойы қорғасындай балқып, қобыздың талып жеткен үніне ынтыға құлақ түріп, өзге дүниені ұмыта ынтығады. Сол халде жеті күндік жерден талып жеткен қобыз дауысын бетке алып жүріп кетеді. Жүрген сайын үні айқындалған қобыз сазы қырық қызды одан сайын баурап, үздіге шақырғандай болады.
Қобыз дауысын ынтыға ұмтылған қырық қыз күн жүреді, түн жүреді. Жүрген сайын күйдің алапаты асқақтап, құдіреті артып, одан сайын баурай түседі. Қамсыз шыққан қырық қыз сол беттерінде Бетбақ деп аталатын елсіз-күнсіз шөлге тап болады. Табандары тілініп, еріндері кезеріп, жол азабынан гөрі шөл азабы жандарына батады. Бірақ қыр астынан естілгендей сарнаған қобыз үні қыздардың сүлдерін сүйреп, сұңқылдай шақырады.
Ақырында қырық қыздың отыз тоғызы Бетбақтың шөліне шыдамай, әбден титықтап, шөлден өледі. Тек бір қыз ғана таңдайы кеуіп, табанының ойылғанына қарамастан, Сырдың жағасына жетіп, Қорқыттың қарасын көргенде ес-түссіз құлайды.
Қорқыт ақсақ қыздың аузына су тамызып, басын сүйеп, мән-жайды сұрап біледі. Басқа қыздардың шөл азабын тартып, жолда қалғанын естіп пұшайман болады.
Кейін жаңағы Арқадан арып-ашып жеткен ақсақ қызбен Қорқыт көңіл жарастырып, соған үйленген екен. Арқадағы қырық қызға талып жеткен Қорқыт қобызының сарыны ұрпақтан ұрпаққа «Сарын» деген күй болып жетеді.
Күні бүгінге дейін Арқада, ұлытаудың батысында, Дулығалы Жыланшық өзенінің сол жақ жағалауында «Сарын жеткен» деген шоқы бар. Жергілікті халық бұл шоқыны «Сарын тауы» деп те атайды.
Ал Қорқыт көңіл қосқан ақсақ қыздың бейіті Қорқыт бейітінің солтүстігінде, Арқа жағында күні бүгінге дейін бар. Жергілікті халық бұл бейітті «Ақсақ қыздың мұнарасы» деп атайды.
Бұдан да өткен қызығы — Сарын тауынан шығып, Сырдың жағасындағы Қорқыт бейітіне тура жүргенде, Арыс құмының батыс жақ өкпе тұсынан «Қыз қалған» деген жерді кезіктіруге болады. Бұл жер шынында ұшқан құстың қанатын талдыратын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын қу медиен құла дүз.
Міне, туған жердің төсінде ата-бабамыздың шежіре сыры осылай сақталып келеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі