Өлең, жыр, ақындар

Енші бөлу

Баяғы өткен заманда Баттал деген бір байдың Мұратхан, Асыл­хан, Сабырхан, Есілхан атты төрт ұлы болып­ты. Ұлдары ержетіп, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, енші бөлісер шаққа жеткенде бай ойға қалады: «Әлбетте, перзенттерім үшін дүние-мүлікті аямаспын-ау! Бірақ олар соның қадірін білер ме екен?! Күні ертең «әке малы балаға мал болмайды» дегенге сайып, қолына тигеннің бәрін ту-талақай шашса ше?! Онда есіл еңбегінің еш болғаны да! Осы уақытқа дейін маңдай терін төгіп, тірнектеп жинаған байлықтың бей-берекет айдалаға ақтарылғаны-ау!.. Артынан бармақ тістеп, шаң қауып қалу деп осыны айт!..

Осылай текке шашылудан сақтанған Баттал алдын ала бала­ларын сынамақ болады. Ол бір күні ұлдарын жинап алып: «Қа­рақтарым, мен ұзақ сапарға шығып барамын. Күнделікті тіршілік қамын өз беттеріңше жасай берерсіңдер», — деп әрқай­сысының қолына бір-бір күміс теңгеден ұстатады.

Содан сыртта үш ай жүріп еліне оралған Баттал балаларын жә­не қасына шақырып:

— Иә, қарақтарым, жағдайларың қалай, кім не шаруа тындырды? — деп сұрайды.

— Әке, жағдайым жақсы, — дейді үлкен ұлы күлім қағып. — Мі­неки, берген бір күміс теңгеңіздің қарымтасы...

Мұратхан ұсынған күміс ақшаларды қолына алып, сыңғырлата санап шыққан Баттал:

— Он-н... — дейді көңілдене дауыстап. — Ал мұның мәнісін қалай түсіндіресің?

— Өзіңіз берген теңгені бірден айналымға жібердім. Қазір ірі шаһарларға қатынайтын керуенге ілесіп, сауда-саттықпен айналысып жүрген жайым бар, — дейді Мұратхан мән-жайды баяндап.

Үлкен ұлының ісіне сүйсінген бай:

— Сенің хал-ахуалың ше? — деп екінші ұлына бұрылады.

— Жаман емес, әке, мінеки, берген бір теңгеңіздің қарымтасы... —
деп Асылхан бес күміс ақшаны Батталдың алақанына салады.

— Дұрыс-ақ, балам, енді мәнісін айта ғой, — дейді бай риза пі­шінмен.

— Өзіңіз берген теңгеге кішігірім ұстахана ашып, қазір тұрмыс­қа қажетті бұйымдар шығарып жатқан жайым бар, — дейді Асылхан пайда көзін түсіндіріп.

— Бәрекелде-е, мұның бір жақсы бастама екен! — деп қуана қостаған бай үшінші ұлына кезек береді.

— Мен берген ақшаңызды жер өңдеп, бақша салуға жұмсадым. Тапқан пайдам әзірге, мінеки... — деп Сабырхан әкесінің қолына үш күміс теңгені ұстатады.

— Жарайсың, балам, өте бір қажет шаруаны қолға алыпсың! — деп көңілі марқайған Баттал төртінші ұлына сөз береді.

— Ә-әке, менің сізге ұсынатын ештеңем жоқ... — дейді Есілхан күмілжи сөйлеп. — А-ақшаңызды б-былай... неті-і-п... жаратып қойдым-м...

Ұлдарының істеріне мерейі өсіп, әлгінде ғана жайдары отырған Батталдың аяқ астынан қабағы түсіп кетеді.

— Ей, міңгірлемей жөндеп түсіндірсеңші?! — дейді ол қатуланып.

— Түсіндіргенде-е... Той-томалаққа барып... Қалаға базарлап дегендей...

— Жетер, әрмен қарай жалғастырмай-ақ қой! — дейді Баттал кенже ұлының сөзін кілт бөліп.

Бір сәт үнсіз қалған бай іле толғана сөйлеп кетеді.

— Айналайын Мұратхан, Асылхан, Сабырхан, сендердің жүрек қалауларыңмен бастаған істерің менің көңілімнен шығып отыр. Әрмен қарай өз жолдарыңды табатындықтарыңа сенімдімін. Енді бабалар дәстүрі бойынша еншілеріңді бөлсем деймін. Асылхан саған — он үйір жылқы, он күре түйе, Мұратхан саған — бес табын сиыр, бес отар қой, Сабырхан саған — Қызылбастау, Көкбастау, Ақбастау — үш бастауды жер-суымен, қора-қопсысымен сыйладым. Игіліктеріңе ұстап, өсіп-өніңдер, еңбектерің жансын! — деп Баттал ақ батасын береді.

Сосын ешқандай үлес тимей, жігері жасып қалған кенже ұлы­на бұрылып:

— Есілхан шырағым, кез келген ата-ана барлық баласын бірдей көреді, әрі ешқайсысына жамандық тілемейді. Саған ештеңе бөлінбесе, жек көргендігім емес, енші иемденуге сенің дайын еместігің. Сондықтан әлі де ойлан, өмірді зерделе!.. — дейді терең ой тастап.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз