Өлең, жыр, ақындар

Ақсақ бөдене

Мұрат қанша ұйықтап оянса да, көрген түсін есіне түсіріп немесе тұрған соң не істейтінін жоспарлап, төсегінде жата тұруды ұнататын-ды. Қазір де сол әдетімен өзінің оянғанын сезсе де, көзін қайта жұма қойып еді, сыр-сыр еткен дыбыс көңілін бөліп жіберді. Басын көтеріп қараса, бұған сыртын беріп, терезеге қарап бір кісі отыр екен. Бетіндегі көбігін ұстарамен жинастырып, газет қиындысына сүртіп қояды. Кім екенін айыра алмай, алақанының сыртымен көзін уқалап, қайта қарап еді, тани кетті. Алматыда қызмет істейтін Берік ағасы екен. Қуанышы қойнына сыймай, секіріп түсті. Дүрс еткен дыбысқа жалт қараған ағасы өзіне қарай арсалаңдай жүгіріп келе жатқан Мұратты көріп, ұстарасын столдың шетіне қойды да, құшағын жая берді. Мұрат әй-шәй жоқ мойнына асыла кетті.

— Оқуыңды жақсы аяқтадын ба? Мамаңа көмектесіп жүрсің бе? — деп жатыр ағасы басынан сипап. Ағасының сөзін тыңдайтын Мұрат жоқ.

— Маған не әкелдің? — деп, кеудесін сүзгілей түседі. Ағасы чемоданынан ұшып бара жатқан ракетаның суреті бейнеленген значок алып, жағасына қадап беріп еді, мамасына көрсеткенше асығып, тысқа қарай жүгіре жөнелді.

Танертеңгі шайдан соң екеуі фермадағы ағайының үйіне жолға шықты. Велосипед тоғай жағалап, зулап келеді. Мұрат қарсы ескен салқын самалға кеудесін тосып, ілесе алмай қалып бара жатқан үкілі сансыз көк құраққа тамашалай қарайды. Желбіреп, көзіне түскен кекілін, екінші қолын рөлден босатып алып, сипап қояды. Зулап келе жатқан велосипед, ағасы тормоз беріп қап, кілт тоқтады. Екпінімен рөлге еңкейіп барып, Мұрат та түсті.

Ағасы велосипедтің рөлін Мұратқа ұстата салды да, жол жиегіндегі саздаққа жүгірді. Бұл сұрап үлгергенше болған жоқ, бір нәрсені алақанына салып әкеле жатты. Тура қасына келгенде барып байқады, бөдене екен. Оң жақ қанатынан жараланыпты.

— Мұны қалай алып жүреміз? — деді ағасы абдырап.

— Маған беріңіз, мен ұстап отырамын.

Мұрат оны көйлегінің өңірінен қойнына кіргізіп жіберді де, қайта түймелеп қойды.

Олар фермаға тал түсте жетті. Әжесі, апасы — бәрі мәз-мейрам болып, қуанысып жатыр. Мұрат бөденені қойнынан шығарып қоя берді. Бөдене ақсаңдап кереует астына кіріп кетті.

Сәлден соң ағасы жүктің астынан бәтеңкенің ескі қорабын тауып алып, ұя әзірледі. Бір шетінен жем су қоятын тесік жасады. Екеулеп жүріп, бөденені қайтып ұстап алды да, ішіне қамап, жоғары іліп қойды.

Мұны байқап отырған әжей ағасы екеуін қасына шақырып алып:

— Ұстап алған жаралы құсты босатып жіберсе, алыстағы келеді деуші еді. Серігім келсін, босатып жіберіңдерші! — деп өтінді.

Серіктің соғыста ерлікпен қаза тапқаны жайында Мұрат әркімдерден естіген. Содан бері қаншама жыл өтсе де, ана көңілі ұлын өлді деуге қимай келеді. Өзі келсе, киеді деп, киім-кешегін мезгіл-мезгіл күнге жайып, қақтырып, сандыққа қайта салып қояды.

Серік армияға аттанғанда, Мұраттың осы ағайы бесіктегі бала екен. Қазір қырма сақал жігіт. Ол Серік ағасы екеуінің суретін қатар қойып қарағанда, Берік ағасының жасы үлкендеу болып көрінетін. Шынында да, майданға аттанғанда Серік ағасы небәрі он сегіздерде ғана екен. Берік ағасы болса қазір отыздың үстінде.

Әжесінің сөзін естіген соң, Мұраттың да үміт оты жарқ ете қалды.

Көз алдына шинелін иығына іліп, екінші қолына чемоданын ұстап, қайтып келе жатқан, кеудесі орденге толы Серік ағасы келді. Қарт адамдардың айтқандарының бәрі дұрыс деп ойлайтын еді. Әжесінің айтқанына қалтқысыз сеніп, ағасына қарады.

Ағасы әжейге қарсы ештеңе айтқан жоқ. Ширек ғасыр бойы күте-күте сарғайған әжесін аяды ма, Серік ағасының тірі екеніне көңілі сенбей тұрса да, жүр дегендей Мұхтарға ым қақты.

Екеуі бөденені алып шығып, біраз жер ұзап барып, қоя берді. Бөдене еркіндікке шыққанына сенбегендей аңырып біраз тұрды да, жаралы қанатын сүйретіп, қалың жусанға еніп кетті.

Түс қайта көлеңкеде ағасы екеуі кітап оқып отырған. Мұрат үйінің іргесіне келіп, аттан түсіп жатқан Шәкірді көрді. Мұрат пен Шәкір екеуі бірінші сыныпты биыл бірге бітірді. Екеуінің достығына шек жоқ. Оның әкесі шопан болып істейтін. Олар өткен қыста Мойынқұмда қыстады да, Шәкір Мұхтардың үйінде жатып оқыды. Оқудан тарағалы екеуі жолыққан сайын не істеп, не көргендерін айтысып, мәз-мейрам болып қалатын.

Шәкір де Мұратты байқап қалған болуы керек, қоржынды үйге кіргізді де, тез шықты.

Екеуі шұрқырай амандасты. Сосын Мұраттың ағасына қол берді де, досының құлағына сыбырлады.

— Мен бөдене ұстап әкелдім, жүр, көресің бе? — деді. «Жер бетін бөдене жайлап кеткен бе?» деп, Мұрат таңырқап қалды.

— Аға, мен Шәкірдің үйіне барып келемін, — деді де, Шәкір екеуі жүгіріп кетті.

Олар ішкі бөлменің табалдырығынан енді аттай бергенде, тарғыл мысықтың аузындағы бөденені көрді.

— Бөдене... Таста!. — деп тұра ұмтылысты. Мысық тастай салып, қарғып жүктің үстіне шығып кетті. Бөдене дірілдеп жатыр. Мысықтың өткір тістері тамағын қиып жіберіпті. Екеуі айналдырып қарай бастап еді, Мұрат:

— Мынау біздің жіберген ақсақ бөдене ғой, қап, әттеген-ай, оралмайтын болды-ау енді! — деп жыламсырай үңілді. Ол бәрінен бұрын әжесін аяды.

— Әжем естімесін бөдененің өлгенін! — деді сәлден кейін тағы да.

Шәкір Мұраттың: «Келмейтін болды-ау!» — деп нені айтып тұрғанына да, «Әжем естімесін», — деп, не себепті бөдененің өлімін жасырғысы келгеніне де түсінген жоқ. Көзіндегі жасты көріп, сұрауға да батпады. Мұратқа бір, қимылсыз қалған бөденеге бір қарап, досының ренжуіне себепші болған тарғыл мысыққа тісін қайрап, тұрып қалды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар