Тал түсте балық таңертеңгі кездей емес, аз түседі, тіпті кейде қармағыңды қаппайды да. Кеше мен балыққа таңнан барсам да, құр алақан қайттым. Бәрі Досан інішегімнің әлегі.
Қармағымды, құрт пен шегіртке салған қалбырымды қолыма алуым мұң екен, Досан: «Мен де барам», — деп жата жабысты. Ол менің жиналуымды үнсіз, ояу күтіп жатыпты. Тастап кетейін десем, жер тепкілей жылап, үйді басына көтере аңырайды. Бір жыласа, кешке дейін қоймайтын әдеті бар.. Жылағанына әрі жаным ашиды. Ол менің інім ғой.
Балыққа Досанды ертіп бардым. Таң алдындағы қараңғылық сейіліп, жұлдыз сиреген. Көкте шамшырақтай жарқырап Шолпан ғана тұр. Түніменен талассыз жауын жауса да, жер дегдіп қалыпты. Нағыз қармақ салар шақ. Қармағың суға батса болды, балық қапты дей бер.
Досанды балық көп айналатын мүйіске отырғыздым да, өз қармағымды алдым. Тез балық ұстап, қуансын деп оның қармағына жемді мол салдым. Досан және шыдамсыз ғой, қармағын балық тез қаба қоймаса, шыж-быж болады. «Үндемей отыр. Қармағыңды жайлап тарт. Жұлқып суырсаң, ілікпейді» дедім де, орныма келдім.
Арамыз жиырма-отыз қадамдай. Үш-төрт минут уақыт өтпей:
— Нұрлан!... Нұрлан деймін! Құрт жыбырлап, қармаққа шаншытпайды. Келіп, шаншып берші! — деп Досан бар даусымен айқайламасы бар емес пе. Қармағымның қалтқысы батып-шығып, батып-шығып тұр еді. Бұл балықтың қауып жатқаны ғой. Жақ ашпай отыра бердім.
— Нұрлан! Ә, Нұрлан!... Таңғы дауыс өзен бойын қуалап, жаңғырығып, ұзап жатыр. Менің қармағым да тапжылмай қалды. Балықтар үркіпті.
— Нұрлан! Нұрлан!
— Немене? Не болып калды? Құрт шанши алмасаң, балыққа келіп нең бар?! — дедім Досанға ұрсып. Әбден зығырданымды қайнатқаны.
— Шаншайын десем, бармағыма жабысып, жыбырлап тұрмайды.
— Онан да қорқақпын, құрт ұстауға қорқамын десеңші!
— Ия... саған! Мен қорықпаймын, аяймын.
— Ендеше қармақты өзіме бер. Мен қашанғы саған шаншып беріп тұрамын.
— Бермеймін! Әуелі бір шаншып бер өзің! Содан соң өзім істеймін, — деді Досан қорқып, қармақты бермей қояды екен деп ойлағаны ғой.
Мен қармағына құрт шаншыдым да:
— Ал жақсы, енді үндемей отыр, — деп орныма келіп алаңсыз жайғастым.
Көп кешікпей бір қылыш балықты суырып алдым. Қармағыма жем шаншып, тағы тастадым. Аңдып отырмын. Қалтқым жыбырлап тұр. Қапса болғаны, сәл-пәл тартам да, қоя берем. Балықты бұлай еліктіріп, қармағына ілу — балықшылардың әдісі.
— А-а!... Нұрлан!... Нұрлан!... Тек өзің ұстап!.. А-а!.. — дап, жер тепкілеп жылаған Досанның дауысы балықты тағы да үркітті. — Өзі жақсы жерге отырып алып!.. Қарай гөр қулығын, а-а!..
Жанына барсам, Досан қармағына құрт шаншуға тағы да қорқып отыр екен. Жемсіз қармаққа балық түсуші ме еді?
— А-а!.. Қармағымды балық қаппайды!
— Жылай түс! Жылай бер, балық қабар, — дедім кейігеннен.
Басым қатып, ойланып тұрмын. «Бұны үйге қайтарсам қайтеді? Бүгін балық түспейтін күн десем бе екен? Әй, бұны алдау оңай болмас».
— Қазір шегіртке ұстап қармағыңа шаншып берейін, мүмкін сазан ұстарсың, — деп, өзеннің жарқабағына тырмыса шығып, шегіртке іздеп кеттім.
Шегіртке ұстап, қайтып оралсам, інім жоқ. Жаманат сезгендей жүрегім зу етті. «Суға кетпегей!» — дей бердім. Өзен бойын қуалай айқайлап жүгіріп жүрмін. Көзіме жас та іркілді. «Досан!.. Досантай!..» дегенімде дауысым дірілдеп, егіліп кетемін.
Мылқау өзен мөлдіреп тып-тыныш ағып жатыр. Сүрініп кетіп, башпайымды қанатып алдым. Оған қарар жайым жоқ.
Ойыма қайдағы-жайдағы келе береді. «Құрт салатын қалбыры қайда оның? Ең болмағанда сол қалуы керек қой жағада!..» Осы ой үстінде өз қармағыма келсем, жағада жатқан балығым да жоқ. Енді түсінікті болды.
Жүгіріп үйге келдім. Есік алдына жетіп, әжеме сыбырлап мақтана сөйлеп тұрған інімнің сөзін естіп, қалт тоқтай қалдым. Оған кеюдің да ретін таппай тұрмын.
— Мен, әже, міне, балық ұстадым! Үлкенін де ұстап едім, айырылып қалдым! Нұрлан бар ғой, әже, түк ұстаған жоқ, — деп жатыр інім.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі