Өлеңдер Бөлімі

ЖОО-дағы білім бағдарламасының 73% жұмыс берушілердің сұранысына сай емес — БҒМ

Отандық ЖОО-дағы білім беру бағдарламаларының 73 пайызы жұмыс берушілердің сұранысына сай келмейді. Бұл туралы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова мәлім етті.

«Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша, «Атамекен» ҰКП жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингісін дайындады. Бүгінгі күні білім беру бағдарламалары былтырмен салыстырғанда әдістемесі өзгерді. Жалпы, рейтингте 109 жоғары оқу орнынан 2000 білім беру бағдарламасы қамтылды», — деді Г. Көбенова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, рейтинг жүргізу барысында негізгі 17 критерий назарға алынды. Олардың ішінде түлектердің жұмысқа орналасуы, олардың орташа жалақысы, оқу аяқталған соң жұмыс іздеу ұзақтығы секілді жағдайлар зерделенді.

Белгілі болғандай, еліміздің өңірлерінен 700-ден астам сарапшы қатысып, олар 6 мыңнан астам өздерінің қорытындысын ұсынды.

«Оның нәтижесіне тоқталсақ, жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының 73 пайызы жұмыс берушілердің көңілінен шықпай отыр», — деді комитет басшысы.

Жүргізілген рейтинг барысында түлектердің жұмысқа тұруы 74 пайызды құрайтыны анықталды. Олардың орташа еңбекақысы 103 мың теңгеден асады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі жыл қатарынан ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп, отандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізіп келеді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Басқа да жазбалар

×