Өлең, жыр, ақындар

Қасиетті сөз

Қатысушылар:
Арыстан
Қозы
Қасқыр
Торпақ
Мысық
Бота

Бастаушы. Аң патшасы арыстан бір күні қара ниет қасқырды шақырып алып, хайуанаттар қауымын аралауға шығыпты.

Арыстан. Қасеке, сен барлық аңдардың тілін білесің, аңдарды басқарып, тентектерді жөнге салу үшін маған олардың тілін білу керек, сен менің қасымда бол.

Қасқыp. Құп болады, тақсыр! Тілмаштық қызметім үшін не төлейсіз?

Арыстан. Қасқырдың қалағаны аузында! Ха-ха-ха!
Қасқыр, қасқыр, қасекең,
Жейтіні қойдың басы екен.
Ет жемесе аш екен,
Ха-ха-ха!

Қасқыр. Онда түстік асқа түйе бер, кешкі асқа бие бер, ертеңгіме ешкі бер! Арр! Ырр!

Арыстан. Қарның тойса да көзің тоймайтын сұғанақ екеніңді білемін! Сонша неге қанағаттан шығып кеттің, а? (Арыстан қасқырдың көкжелкесінен бүріп алғанда, ол сасып қалып, жалынышпен үн қатады.)

Қасқыр. Айтқаныңыз ақыл, бәріне де мақұл!

Бастаушы. Арыстан мен қасқыр сәулетті, сәнді қаланың тұ-сындағы көк төбенің басына шығып, таңырқап отырғанда, олар-дың қасына мысық келіпті.

Мысық. Мияу! Амансыңдар ма,
Тырнақты мен тістілер,
Тым асқынған күштілер!

Арыстан. Әу, мысығым! Адам баласы мынау сәулетті ғима-раттарды салып, аспанға кеме ұшырып, көшелерге күн туғызып жатыр. Олармен қашанға дейін қас болып жүреміз, біз де бір қажетіне жарармыз, ақылы мол біреуіне жолығып, достық ниетімізді білдірсек қайтеді?

Мысық. Мияу! Өзіңсің ғой дәу! Баста бізді!

Қасқыp. Ау, патшам, адамда ақыл болғанымен, мейірім кейбі-реуінде болады, кейбіреуінде жоқ. Егер мейірімсіздің қолына түссек, не атып алып, терімізді сыпырады, не торға қамап, бос-тандықтан ажыратады. Бостандық болмаған соң, көрген күніміз құрысын!

Мысық. Мияу! Адамды сонша жамандадыңдар-ау! Мен отымен кіріп, күлімен шығып, қойнына жатып, мойнына мініп жүрмін ғой. Адамдай ақкөңіл, мейірман жоқ. Сендер өздерің қанішер, қаскүнем болған соң, адамға сенбейсіңдер! Мияу! Мияу!

Арыстан. Ей, мынау не деп отыр?

Қасқыр. Бұл, патшам, сені қанішер деп қаралап, жүрегіңізді жаралап отыр...

Арыстан. Ей, тырнақтының бірі сенсің, өзіңнің озбырлығыңа неге баға бермейсің? (Арыстан мысықты бүріп алады.)

Мысық. Мияу!

Арыстан (қасқырға). Мияу дегені несі! Мынауың не деп тұр!

Қасқыр. Мияу дегені – мама дегені... Сіз мама емессіз, тақсыр! Мұндай өркөкірек өшпендіні бір-ақ шайнап жұта салыңыз!

Арыстан. Мама дегені ме? Мама! (Еңіреп жібереді.) Мамам... Менің де мамам болған. Жылама, мысығым. Мен сені осы бір қасиетті сөз үшін-ақ дос етемін!

Бастаушы. Арыстан, қасқыр, мысық – үшеуі кең жазира малды ауылдың маңына келіпті.

Қасқыр. Көзім қарайып, ішегім шұрқырап барады! Арр! Жейтін не бар?

Бастаушы. Гүл майсалы, кілемдей құлпырған айдынды атырапта қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе мыңғырып жайылып жүр екен. Қасқырдың көзі қанданып, шетте оттап тұрған бір қозыны «ап» деп ұстап алып, бас салыпты.

Қозы. Мәәәә! Мәәәә!

Арыстан. Ей, мынау не деп тұр?

Қасқыр. Мама дегені ғой! Басын жұтайын мұның!

Арыстан. Мама! Айналайын-ай! Қайтсін бейшара! Мамадан артық жанашыр бар ма? Тоқта, қасқыр!

Жан аямай баладан,
Баласын күнге балаған,
Не қымбат, достар біз үшін
Жанашыр, жақын анадан.
Әй, қасқыр, қасарма! Босат!

Қасқыр қозыны амалсыздан босатады.

Қасқыр. Әй, тақсыр-ай! Реті келіп-ақ еді... Қап!..

Бастаушы. Арада біраз күндер өтіп жатады. Мысық арыстанға адам жөніндегі аңыздарды айтады, қозы-төлдер әнін шырқайды, сөйтіп арыстан, қасқыр, мысық, қозы – төртеуі тоғай арасында достасып өмір сүре береді. Бір күні қасқыр оңаша кетіп, ойын-дағысын істемек болады.

Қасқыр. Құрметті патшам, мынау мысық мен марқаның тіл-машы болумен-ақ өмірім еш болып барады. Мені енді бірер күнге демалысқа жіберіп алыңыз.

Арыстан. Демалысқа шығатын уақытың бола қойған жоқ еді, мейлі, бір күнге еркіндік бердім, серуендеп, жонданып келерсің.

Қасқыр. Рақмет, патша ағам, көріскенше күн жақсы. (Кетіп бара жатады.)

Мысық. Ағам, патшам, осы опасызды аңдиық, тағы да бір нәрсені бүлдіріп жүрмесін!

Қозы. Ататай, бұдан сақ болу керек. Бұл оңдырмайды.

Арыстан. Аңдысақ аңдиық, қасқыр қастандығын істемей қоймайды, байқаңдар. Е... дегенмен.

Бастаушы. Өзінің де ішегі шұрылдап, құлқыны құрғай бастаған Арыстан «Қасқырдың қастандығын желеу етіп, жем табармын» деп ойлапты. Есер қасқыр еркіндік алған соң, жорта жөнеліп, тоғай арасында тоя жусап жатқан торпақтың тамағынан ала түседі.

Торпақ. Мөө! (Мөңки жөнеледі.)

Қозы. Мәә-мәә! (Зар еңіреп, арыстанға жалынады.)Тақсыр, қасқырға қой деңіз! Мәә!

Арыстан. Ей, қасқыр, тоқта! Мұның қалай? Мынауың мөө дейді ғой, онысы несі?

Қасқыр. Мөө дегені – мама дегені ғой, мен мамасына тиіп тұрған жоқпын, мұның өзі тәртіп бұзып, бүкіл табыннан оңаша кетіпті. «Тентектің етін тегін же» деген менің мақалым бар.

Арыстан. Ма-ма деді ме? Бейшара! Қайтсін... Мамасы сияқты біздің де шапағатымыз болмай ма? Босат, кәне? (Арыстан ашуға булығады.) Ма-ма деген сөзден садаға кет, қасқыр. (Көзіне жас алып) Мама дегенде қалайша елжіремейсің!

Қозы. Мама, мама, мамашым,
Кім сүймейді анасын.
Қандай тексіз айуан
Қадірлемес анасын.

Бастаушы. Қасқыр амалсыздан азуын торпақтың алқымынан зорға босатыпты.

Марқа тоқтыдай, торпақ өгіздей болғанша бұлар достық кө-ңілмен тыныштықтың рақатын көріп өнегелі өмір сүріпті. Қарны ашып, әбден шыдамы таусылған арыстан бір күні: «Жаны қатерге түскенде «мама» демейтін, сай-сүйегімді сырқыратпайтын бір мақұлықты ұсташы», – депті қасқырға.

Қанды көз қасқыр қуанып кетіп, ойнақтап жүрген бір ботаны ұстапты.

Бота. Бөө. Б-ө-ө!

Арыстан. Мынауың не деп тұр?

Қасқыp. Бөпемін деп тұр, патшам.

Арыстан. Ойбай, онда тіпті тісіңді тигізбе. Бәріміз де бөпе болғанбыз. Бөө-пе... (Тебіреніп)

Бөпе, бөпе, бөпем-ай,
Бөпем өсер екен-ай.
Балпанақтай бөпені,
Баптау керек екен-ай.
Бөпемді сағындым! (Арыстан еңіреп жібереді.) Ал, айналайындар, бәріңе де бостандық бердім, аман болыңдар. Мен жұбайым мен бөпелерімді ұмытқан екем. Сахарада сайрандап, өз бала-шағамның арасында алшаңдап жүрейін! Аман болыңдар! Тату-тәтті өмір сүріңдер!

Мысық. Мияу! Болыңыз аман-сау!

Қозы. Аяғыш абзал ата, аман болыңыз!

Торпақ. Сау болыңыз, көріскенше!

Бота. Сіз келгенше қасқыр қастандық жасамасын. «Есер болма» деп ескертіп кетіңіз.

Қасқыр. Қош бол, абзал патшамыз! Бота босқа қорқып тұр. Бізден қам жемеңіз.

Арыстан. Қош болыңдар, бауырларым! (Кетеді.)

Бастаушы. Арыстан алысқа бармай-ақ, қасқыр ботаның таңы-нан тартып, марқаны тамақтап, торпақтың жанын жаралап, у-шу болады. Мұны естіп қалған арыстан аптыға шауып келсе, қасқыр марқаны бас салып, жейін деп жатыр екен. Мысық мияулап, қозы маңырап, торпақ мөңіреп, бота боздап зар қақсайды.

Арыстан. Қасқыр, тоқта! Нағыз мейірімсіз кесапат екенсің. Сен анаңның жүрегін жеп, балаңның басын жұтатын анық айдаһар көрінесің. (Қасқырдың желкесінен бүріп алады.)

Қасқыр. Арр! Арр!

Арыстан. Арың не? Арың болса, өстисің бе?

Қасқыр. Ар-р дегенім – «менің де анам бар» дегенім ғой, патшам. Босатыңыз, ағатай!

Арыстан. Анаң болса, ардан безбе, анаңның абыройын ойла, аналар ешуақытта жамандық ойлап көрген емес, енді бұдан былай айуандық жасағаныңды естісем, өзім келіп өңешіңді суырып аламын!

Бастаушы. Арыстан өз қолымен мысықты иесіне, ботаны түйесіне, торпақты тоғайына, марқаны мамасына қосыпты да, көңілі хош болып, көрікті жеріне кетіпті.

Ең қасиетті сөз – «мама». Бұл сөзді әрбір айуан түрлі әуенмен, әрбір адам түрлі тілде айтқанмен, «Мөө», «Мияу», «Му», «Мәә», «Мама» деген сөздердің бәрінің мәні бір. Айуан да, адам да жаны қиналғанда «мама» дейді.

«Мама» деген аянышты үнді естіп, аң патшасы арыстан да анасы бар айуандарға тие алмапты. «Өрелі сөз өлімнен де құтқарады» деген мақал осыдан қалыпты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз