Өлең, жыр, ақындар

Талқыдағы тақырып - той

Қазақта той десе қара бас домалаған. Қазақ халқы бар кезде той да жалғасын таба бермек. Қазіргі кезде ұлан-асыр той жасау үлкен маңызға ие және ол халық арасында бәсекеге айналған. Салтанатты той рәсімін өткізу үшін адамдар, тіпті, несие-қарыз алуға дағдыланған. Салт-дәстүр бәріне ортақ болса да, әр қаланың өзіне тән ерекшелігі бар. Мысалы, оңтүстікте беташар рәсімі ұлттық аспап домбырамен ашылса, батыста эстрадамен өткізу әдетке айналған. 

Қазір сәні мен салтанаты келіскен зәулім мейрамханалар, шоумен-асабалар және әр түрлі ән-би ансамбльдерінің кәсібінің домаланып тұрған заманы. Той өткізуде бұлардың бірі тізімде жоқ болса, халық арасында әңгіме болатын дәрежеге жетті. Мұнайлы өлке Атырауда той рәсімін өткізу қалай, осыған тоқталатын боламыз. 

Қазақтың шаттықтан шаршағанын көрген жоқпыз. Қалай десек те, алыс-берісі, барыс-келісі үзілмеген, жыл он екі ай той жасайтын халықпыз. Кең пейіл, керемет дархан болмыстың арқасында мейрамханалардың да мерейі асып, табысы артып, кәсібі ілгерілеуде.

Нұртілек, Бағдат, Қуандық, Дамир. Бұлар қазір абыройы да, ақшасы да аспандап тұрған, Атырауға атағы шыққан әйгілі асабалар. Қазіргі той иелері тойға келген қонақтардың көңілін көтеріп, жоғары дәрежеде өткізгісі келсе, осы асабаларға жүгінеді. Олардың бір күндік гонорары 300 мыңнан басталады. Атыраудағы ең қымбат асаба – Нұртілекті өз тойыңызда көргіңіз келсе, қоржыныңызда 1000$ болуы тиіс. 

«Кешіңіздің шырайын келтіретін Шырайлым!». Қазіргі таңдағы ең көп  сұранысқа ие «Шырайлым» тобы осы ұранмен көп тойдың шырайын келтіріп жүр. Мың бұралған бишілерімен, көздің жауын алар қазақы нақыштағы әдемі көйлектерімен ерекшеленеді. Олар салт-дәстүрімен қоса, заманауи бағыттағы қыз ұзату, келін түсіру, құда күту рәсімдерін өткізеді. Бұл топ лазерлік шоу бағдарламасымен халық арасында үлкен танымалдылыққа ие. Ең бірінші орында тұрған ансамбльдің бір тойға қызмет ету бағасы – 150 мың болса, басқа ансамбльдердің де сұрар бағасы осыдан кем емес. Сонымен қатар бұл тізімді «Шолпан-ай», «Інжу-Маржан», «Алтын ғасыр», «Беймарал» және т. б. топтар толықтырады. 

Сонымен қатар, Атыраулық тойлар өнер жұлдыздары ең көп төбе көрсететін ортаға айналған. Үнемі сұранысқа ие әншілер қатарында Ерке Есмахан, Төреғали Төреәлі, Әбдіжаппар Әлқожа, Жанболат пен Жазира, Нұрболат Абдуллин және т. б. бар. Олардың бір тойға келіп ән салуы 5000$ мен 7000$ аралығында.

Қазақтың тойы – тәрбиенің құралы, жергілікті мәдениеттің көрсеткіші. Бұрындары әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді насихаттап, өнер жарыстыратын торқалы тойдың өзі болған. Ал, қазіргі тойдың мән-мазмұны да, маңыздылығы да мүлдем басқаша. Жаңашаланды дейсіз бе, өзіңіз білесіз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз