1916 жыл еді. Июнь айының аяғы. Кешке жақын Спасс зауытынан шапқыншы келді. Жұрт үрпиісіп жиналысып қалды. Ентелей басып мен де келдім. Сөйтсек, патша қазақтардан солдат алатын бопты. Ертең солдатқа кісі алуға осы Қарағандыға болыс, старшиндер келеді. «Жұмысшыларды ешқайда жібермей, жиып ұстасын!» деп подрядчиктерге хабар айта келген шапқыншы екен. Халық абыржып қалды. Әркімнің алдында «не істейміз?» деген сұрақ тұрды...
Ой-дай! 19 бен 31 жастың арасын сыпыра бастасын. Ел бұған көне алмады. Жұрттың бәрі «солдатқа бармаймыз» деп тау-таудың арасына қаша бастады. Тіпті, топ-топ болып жиналып елден безіп кетті... Біраз күннен соң «Ұлытау жағында Аманкелді батыр патшаның жарлығына қарсы күрес ашыпты» деген хабар дүңк ете қалды. Бұл кезде Спасс зауытының арғы бетіне бұл жақта халқы да топ болып жиналып жатты. Ол топқа Қарағандының және Спасс зауытының жұмысшылары да қашып барып қосылып жатты. Шахталарда жұмыс бәсеңдей қалды.
Сол кезде Мәңкі баласы Ілияс дейтін жұмысшы бар, Жүсіп баласы Уәли деген бар, Нұранов Қуаныш деген бар — бәрі «патшаға, байға қарсы одақтасып, еркіндік үшін күресейік» деп өлең айтады... Солдатқа бармау үшін әркім әртүрлі жол іздеді. Көбі Аманкелді отрядіне қосылды. Кейбіреулері Екібасқа кетіп жатты. Өйткені «Екібастағы жұмысшылардан солдатқа ешкімді алмайды» деген лақап тарады. Сол хабарды естіген мен 1919 жылдың күзінде Екібастұзға келейін. Әуелгі кезде бұлардан да солдатқа кісі алған екен. Бірақ Екібастұздың қожайыны патшаға ма әйтеуір, арыз беріп, Екібастұздан солдат алдырмайтын болыпты.
Онда келсек, «жұмысқа түсеміз» деп келуші адамдар қаптап жүр. Подрядшіге кім пара берсе, солар жұмысқа түсіп жатыр. Ал менде қаражат дегенде небәрі 8 сом үш шет тиын ғана ақшам бар. Өйткені Қарағандыға кетерде ақша орнына берген талоным бойынша Текекөз деген подрядшы ештеңе бермеді. Тіпті, айта берсем, қашып кеттік. Ол талон басқа жерде іске аспайды. Амал бар ма, сол жерде Әубәкір деген подрядшы ноғай бар екен, соған қалтамдағы барымды беріп жұмысқа орналастым-ау! «Анауымнан мынауым әм сорақы, Ала алмассың бұл сұмнан түк жалақы» деген сол кездегі Екібастұз жұмысшыларының мақалы болатын. Сондай-ақ ертеңнен қара кешке дейін жұмыс істегенде алатын ақшамыз тамағымызға жетпейтін. Амал не, жұмыстан бас тарта алмайсың. Қит етсең, сылт етеді. Жұмыстан шығарып жібереді. Жұмыстан шығып қалсаң, солдатқа алынасың. Бір мен емес, ол жылдары жұмыс істегендер тек солдатқа барудан қашып, бас сауғалап жүргендер...
...Міне, өмірдің неше түрлі кезеңдерін бастан кешірген буырылбас қартың біз боламыз. Екі түрлі өмір көрдік. Біріне бірі ұқсамайтын өмір. Байлар билеп тұрған уақытта шахтер болу, жұмысшы болу ең төмен атақ болса, қазір совет дәуірінде ең құрметті атаққа айналды. Мен өмір бойы жұмысшы болып келемін. Совет өкіметі орнаған соң, 1922 жылдан Екібас пен Жармақтемір жолында жол қараушы болып істедім...
1931 жылдың 1 майынан бастап Қарағандыға келдім. Содан бері осы Калинин атыңдағы шахтада забойщик болып жұмыс істедім. Қазіргі бақытты заманда, қызықты өмірде мәпеленіп отырған бақытты совет шахтерлерінің бірімін. Тұрмысым жақсы. Айлық еңбек ақым — 4-5 мың сом.
Көмір — ел игілігі, Отан сыйлығы. Көмір неғұрлым көп өндірілсе, социалицистік экономикамыздың күші зорая береді, бейбітшілік сақтау ісі нығая береді. Мұны біз жақсы білеміз. Бүкіл совет шахтерлерімен бірге отан игілігі үшін еңбек етіп, күндік норманы асыра орындаудамыз.
Біздің елімізде еңбек, абырой әперетін, даңқ шығаратын іске айналды. Октябрь революциясына дейін менімен бірге жұмыс істеген қарттардың көпшілігі қазір құрметке бөленуде. Түсіп Күзембаев — Социалисттік Еңбек Ері. 86 жастағы Бексосын Сыйқымбаев деген қартымыз Ленин орденімен екі рет наградталды. Шәйіт Асайынов — қазір бассейіндегі белгілі адамның бірі. Еңбек Қызыл Ту және Ленин орденімен награтталды. Қазір Горбачев атындағы No8-9 шахтаның бастығының орынбасары. Партия мен үкіметіміз еңбегімді жоғары бағалады. «Құрметті шахтер» атағын алдым. Еңбек Қызыл Ту және Ленин орденімен және бірнеше медальдармен награтталдым. 1954 жылы сайлауда халық бірауыздан мені СССР Жоғары Советінің депутаты етіп сайлады. Мұндай құрметке бөлену Қарағандының ағылшын капиталистері билеп тұрған замандағы шахтерлердің өңі түгіл, түсіне де кірген жоқ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі