Осы әңгіменің сюжетік желісін айтып, қағазға түсуіне себепкер болған марқұм Рақымжан Отарбаев еді. Топырағы торқа болғай!..
Тұмсығына анасының оттай ыстық демі тигенде барып, бүкіл тұла бойы балбырап сала берді. Ғажап! Бұрын-соңды көріп-білмеген таңғажайып әлем құшағында тербеліп, тағы да біраз жатты. Бір, екі, үш... Бітті. Апыр-ау, осы-ақ па?! Бұған тиесілі рақаттың осымен шектелгені ме? Неге бұлай? Жарық дүниедегі көрер қызығының бәрі әлден таразыға салынып, әлден өстіп өлшеп-пішілер болса, сол тар құрсақтың ішінде-ақ жата бергені жөн еді-ау! Ал енді не болды? Әлгіндей жанға жайлы ыстық лепті жоғалтып алғандығына ызалы. Ол соншалық жан қинайтын да шаруа емес-ті, мойыннан жамбасқа дейін асықпай-аптықпай дымқыл тілімен бір жалап өтсе несі кетеді? Денедегі қан-жыннан тазартса одан соңғысын көріп алар-дағы. Қайда қашады? Енді ешқайда қаша алмайды... Әрине, кәрі қаншықтың ойлау қабілеті кенеттен іске қосылып, төңірегіндегі толайым тіршілікке басқаша көзқараспен үңілетіндей сезім құшағында жатса әрі мың жерден әулие болса да, әлі көз ашпаған Мына күшіктің тым өзімшілдігін байқап қалса, «эх, эгойст!» деп шолақ құйрығымен бір періп өтер-ді. Бірақ о сорлының адам аяғандай қазіргі ақуалын кім түсіне қойсын. Қас қылғанда, өзге жер құрып қалғандай, тура темір жол вокзалының өкпе тұсындағы көмір баздың іргесіне келіп күшіктемесі бар ма?! Не айтары бар, діңкелеп осы араның өзіне әзер жеткен. Қабырғасына батпайтын жайлы төсеніш те іздеп жатпады. Ойда-жоқта көзінің алды тұманданып, дүние дөңгеленіп бара жатқан соң, алдыңғы екі аяғын ішке бүгіп, бөксесін сызды топыраққа аса сақтықпен төсеп жіберді де жантая кетті. Олай өткен, былай өткен жүрдек пойыздардың рельс түйгіштеген ауыр доңғалақтар дүрсілін ғана еміс-еміс естиді. Баяғыдай күшіктерді бірінен соң бірін ытқытып жіберіп, ұшып түрегелетіндей қазір күш жоқ. Шаршаған. Бұл тағдырдың қырын қарауын қойсаңшы!.. Кәрі қаншық бәрінен баз кешіп, өзі өмірге әкелген бұрынғы күшіктерімен де ісі болмай, қашан ажал тырнағына іліккенше өстіп күнелте тұрайыншы деп, темір жол бойындағы осы бір көмір баздың іргесіндегі қалған-құтқанды талғажу етіп, ілініп-салынып аяғын әзер басып жүрген-ді. Көзінің түбі іріңдеп, бөксесі кирелеңдеп, сәл болмаса құлап қалатындай сүйретіліп кетіп бара жататын сықпытының өзі сүреңсіз-ді. Ал ендеше!.. Оу, мазақ қылғанда төрт аяқты мақұлықты өстіп те мазақ қыла ма екен, а?! Желкесі күжірейген дәу төбетпен кездейсоқ ұшырасты да, басының анық пәлеге қалғандығын бірер айдан соң бір-ақ білді... Енді міне, мына шүпірлеген пәлекеттерді елсіз-сусыз жерге ұмыт қалдырып, басыңның ауған жағына қарай қайтып тайып тұрарсың? Өкпе-бауыры солқылдап, қанша бір шыбын жанын көзіне көрсетсе де, осы тұрғанда тұмсығын көкке шаншып, армансыз ұлып-ұлып алғысы келді. Бәлкім, өмірге деген лағнетін, ендігі ғұмырының да оңай болмасын, ал әрі-беріден соң дәл қазір демі үзіліп кетсе де өкіне қоймайтындығын, сол көкірегін жарып шыққан жалынышты дауысымен айтып салмаққа бекінген. Бірақ тамағына әлдене кептеліп қалғандай, үні шықпады. Басын оқыс көтеріп алды. Жо-жоқ, өлуге болмайды, онан да жөнге келіп, жан-жағыңа жітілене қарағаны абзал!
Мыналардың қанша күн тар құрсағын тепкілегендері аздай, қазір-ақ ауыздарын ашып, бірін-бірі басып-жаншып, шандыр емшекке жабысады. Жаныңды көзіңе көрсетер сын сағаттар әлі алда. Жә-жә, бәрінің реті келер-ау, шандыр емшекке де сүт жиналар. Қойшы, құрысын... Қанталаған жанары жұмылып барып, қайта ашылды. Сілекейін ашқарақтана жұтты. «Обал, обалдағы-ай! Бұлардың тумай жатып, көмірдің қара шаңына көмілетіндей не кінәлары бар, а?» Мың жерден діңкелесе де амалы бар ма. Күн батар, адам аяғы саябырсыр. Оған дейін өзі де болар-болмас әл жинар. Мейлі, соңғы күшін жинаса да бір орайын келтірер. Күшіктерін бір-бірлеп, желкеден тістелеп тасалау, қаға беріс ыңғайлы орынға көшіріп алмаса болмас. Тек соған дейін бір жерде қисайып қалмай, аман-есен демінің жеткенін айтсаңшы!..
* * *
Тапқан екен! Анасының ыстық деміне булығып, жатпақ қой ертеңді күнін кеш қылып. Ұяластары да мазасыз. Әлжуаз сирақтарымен бірінің қабырғасын бірі мыжғылағанда бар ма, жаның тырнақ ұшына тіреледі. Ал кәрі қаншықтың іші-бауыры қабысып, тілі салақтап, көздері кіртиіп сол жатқаны жатқан. Бауырына таласа-тармаса бас қойған күшіктерінің әрекет-қимылдарына да селт етпейді. Шандыр емшекті түтіп жесе де көңілі баяғыдай.
Мұның денесі тоңазыды. Болар-болмас сілкініп, бойын жылытты. Анасына үсті-басымды аз жаладың деп өкпелегені де бекер екен. Ол байғұс қайсысына жетеді? Бәрі де соның ыстық деміне зәру. Сірә, ендігі жерде әркімнің өз беттерінше тірлік кешулеріне тура келер. Бұл не? Түсінсе бұйырмасын. Сырт әлемнің дене тітіркендірер мұншалық суық екендігін кім білген. Өкпек жел өңменінен өтердей. Мап-майда түктері мақтадай үлбірейді. Кірпіктері бір-біріне желімденіп қалған ба. Алдыңғы сирағына тұмсығын үйкеп-үйкеп, әзер дегенде сығырайтып көзін ашты. Ашты да ілезде жұма қойды. Бәли, жарық дүние дегені осы ма, сонда мұның қызық-шыжығы қай жерінде? Өз еркінен тыс арлы-берлі қозғалақтап, сосын түрегелуге қам жасады. Әп, пірім деп, кеудесін жерден болар-болмас көтере бергені сол еді, тұмсығымен топырақққа шаншыла құлады. Басының денесінен ауырлығын қайдан сезсін! Бір, екі, үш... Жоқ, манағыдай емес, ептеп беті бері қарады. Шоқиып отыруға да мүмкіндік тапты. Аузын ашып, үздік-создық ауа қармады. Қарны шұрқырап тамақ іздеді. Басқадай айла-амалды көріп тұрмаған соң тоңқаңдап барып, шандыр емшекке қайта жабысты. Болар-болмас бір жылымшы сұйық тамақ жібіткендей-ді. Екі-үш мәрте сорды, үшіншісінде су татыды.
Күні бойы көмір баздың іргесіндегі қуыстан алыс ұзай алмады. Түнімен барлығы анасының бауырына тығылысып тыныш ұйықтады. Артық қимыл жасауға ешқайсының құлқы жоқ. Күздің қара суығы сәл бас көтерсең, түтіп жейтіндей. Ал тұмсық түйістіріп, өстіп ұйлығып жатқан сондай ыңғайлы. Іргеліктен шар табақтай болып күн көтерілді. Төңірегін тітіркендіріп тағы бір ауыр состав жүйіткіп өтті. Көмір баздың топсасы майланбаған темір есігі екі жаққа қарай ойбайын салып, әзер дегенде аңқайып ашылды. Күзетшісі де бәкене бойлы, шағын денелі шатақ шал еді. Шатақ дейтіні таң атпай жатып, дүниенің бәрін тілдеп бітті. Әлденеге ашулы.
— Ішін ит жегірдің мүлкі-ай! — деп керзі етігімен темір қақпаны бір тепті,— Әлгі сболш Сәдуақас бар тапқанын қатынының қалтасына салудан басқа түк білмейді. Есігі өздігінен ашып-жабылатын електір тетігі бар құлып салуға неге болмасын!..
Сөйтті де бері жақындады. Темекі тұқылын түкіріп тастады. Сырмақ шалбарының ауын ағыта алмай біраз әуреленді. Үздік-создық тамшыдан саз топырақтың беткі қабаты ғана бір бүлк етті. Әлденені сілкіп-сілкіп кейін шегіншектеді. Қаншықтың ыңырсығанын естігенде барып, кілт бұрылды.
— Бәли, о береке тапқыр, ішіңді бір босатып алған екенсің-ау, сабазым! Мықтысың, мықтысың деймін, нешеуін домалатқансың, шырағым-ау?! — Күс-күс қолдарын созып, күшіктерді бір-біреп санап шықты. — Бір, екі, үш, төрт... мықтағанда екі-үшеуден асырмас деп жүруші ем. Соңғы күшімді бір байқайын деген екенсің ғой. Маладес!..
Ізінше күзетшінің үйшігіне жүгірді. Керзі етігінің табаны тиген май топырақ борп-борп. Көп айналмай қайтып келді. Қалайы құтыға құйылған балықтың суық сорпасын кәрі қаншықтың аузына тақады: — Бәсе, бәсе-ау, түнімен алақаным өртеніп шығып еді. — Өзін-өзі қинап күлді. Сәл іркіліп барып, сосынғы ойын былайша жосылтты:— Түбі жаман болмаспын, екеуін қалдырамын... тұқым үшін. Екеуін Төретамдағы кәрістерге сатамын. А-ха-ха! Тегін дүние қай-да?! Саудаласамыз әрине, сірә, әрқайсысы төрт жүз теңгеден кем болмас. Төрт жүзді екіге көбейтеміз, бә-ли, әлемнің ақшасы ғой, құдай шебер-ау!..
Соның артынша көмір тиеуге келген дәу мәшине салдыр-гүлдір етіп қақпаға жақындады:
— Жәке, Жалмұрат көке, қайдасыз?!
— Осында, осында!.. Артың жыртылғанша сонша айқайлағаның не, түге?! — Әлдекім көріп қалмасын дегендей, күшіктердің үстін қамыспен қалқалап, жауып кетті. — Ал, кәне... дәбернесің қайда? Мөрі, айы-күні дұрыс па? Қанша тонна?!
— Бес.
— Бопты. Қайтар кезде қол қойдырып ал, міндетті түрде.
— Қазір-ақ қойып берсеңізші! — деп жалынды дударбас жігіт,— бүгін не болған сізге?.. Бір түрлісіз...
— Не болушы еді, тәртіп... десеплена, ал кәне, шагом шарш!
Сол, сол-ақ екен, көмір баздың төңірегі қапелімде азан-қазан айқай-шуға толды да кетті. Жылымшылау балық сорпасынан кейін қаншық байғұс болар-болмас жан шақырды. Аяғына мініп, төңірегіне назар жықты. Тұмсығын көтеріп, төңіректен тыныс тартты. «Әлгі жаман шалдың дәмесін қарай гөр! Тапқан екен майшелпекті!» — Атылып төбе басына көтерілді. Одан төмен құлдилады. Олай-былай төңіректі кезгіледі. Жаны тырнақ ұшында. Күзетші енді бір сағаттан соң кезекшілігін ауыстырады. Қайтар жолда дорбасының түбіне бір-екі күшікті тастай салса, несі кетеді.
«Иә, пірім! Қуатыңды аяма!» — Қаншықтың қос бүйірі солқ-солқ. Асығыс келді де бір күшікті желкеден тістелеп, көз леспес жылдамдықпен ілді де әкетті. Екіншісін де солай істеді. Мұның кезегі үшіншісінде келді. Қызық, төрт аяғы салақтап жерден біртіндеп көтеріле берді, көтеріле берді. Бейне ұшып бара жатқандай. Еш жері ауырмайды. Төңірек ғана шыр айналады.
* * *
Кештің қалай батқандығын аңғармады. Шандыр емшекке жиналған болмашы сүтті жапатармағай жабылып, барлығы теңдей бөліскен. Анасы да рақат сезім құшағында. Енді не істейді, қолынан келгенді аяған жоқ. Бұйырған несібені бұлардың ауыздарынан жырып қалмас. Бойындағы бары осылардыкі. Күні бойы нәр сызбағандікі ме, әлде әлсіздіктің белгісі ме, ауыздары аққа тиісімен күшіктердің көздеріне ұйқы тығылды. Солай боларын сезген. Манадан бері бұларды бауырына басып, аяқ суытатындай мүмкіндігі болды ма. Сүрнігіп жүріп жаңа қонысқа әзер «көшіп алды». Қалай дегенде де көмір баздың іргесі аса қауіпті. Әлден ақшаға құныққан күзетші шалың анау, оған тағы бірлер қосылса... тұқымын тұздай құртар. Үлкен қалаға жылу беретін мына үлкен тұрбаның іргесі жылы, ұядай.
Апыр-ай, екіаяқтылардан құтыла алсашы! Әдейі аңдый ма, әлде кездейсоқтық па, түн жарымында тағы да күбірлескен екеу мұнан басқа барар жер, басар тауы құрып қалғандай қауқылдасып келіп, бұлар жатқан үлкен тұрбаның үстіне жалп етіп отыра кетті. Еңгезердей екі көлеңке алғашқыда бір-бірінен алшақтап отырған секілді еді, қазір бір денеге айналған. Күледі, күбірлеседі, сүйіседі. Ал қаншық үшін мұның титімдей жаңалығы жоқ-ты. Еріккендерден не сұрайсың. Іштері толып, екі қолдарын алдарына сыйғыза алмаған соң, уақыт өткізудің амалына көшеді. Темір жол вокзалындағы мейірамханаға кіріп, өздерінше шер тарқатысады. Шарап ішеді. Ми солқылдатар желікпе музыканың ырғағымен тыртың-тыртың билейді. Бұған шыдамағандары жүгіріп сыртқа шығады. Серуендейді, жұптасап жүрген жақсы ғой қашанда. Мыналар да солардың сортынан. Аздап сырласып, көңіл көтерген соң жөндеріне кетер. Темір тұрбаны көтеріп әкете алмайды бәрібір. Соған шыдамай бір күшіктің шошаң етіп, бас көтере қалғаны. Кәрі қаншықтың ызасы келді: «үніңді шығарма нәлет жауғыр, әйтпесе, өзім-ақ буындыра саламын!» деп ырылдады.
— Ақмоншақ, шыныңды айтшы, міне түн жамылып отырмыз ғой, мені шын сүйемісің?!
Қыз қылымсыды: — Сенің-ақ ашық ауыздығыңнан діңкеледім ше! Ылғи сұрайсың. «Сүйесің бе, сүймейсің бе?» Сүймесем, саған еріп шығам ба?!
— Кешір, кешірші, күнім! — Жігіттің үні құмығып естіледі. — Енді мұнан бұлай сұрамаймын.
— Арманда кетерсің, тағы нені білгің келеді? Сұра, сұрай бер. — Қыз өкпелеп қалған секілді. — Сен сол, баяғы... онжылдықты біретін жылғы Мұратханнан аумайсың! Көкірегің толған арман, құрғақ қиял.
— Енді не істе дейсің?!
— Өмірге икемделмес пе адам деген...
— Қайтіп?!
— Оны сенен менің сұрауым керек емес пе?.. Өстіп жүре береміз бе? Бақытты шағымыздың бәрін тұрбаның үстінде өткізіп...
— А...а...— Жігіт ойланып қалды да, жерге секіріп түсті.— Келші, бермен келші, армансыз бір сүйейінші, ақылдым!..
— Үйге барған соң да үлгіресің ғой...
— Сенімен өткізген әрбір минут қымбат мен үшін, соны түсінемісің, Ақмоншақ?!
— Түсінемін, түсінбегенде...
— Аспанға қарашы, жұлдыздар қандай тамаша!
— Туһ, сен-ақ шаршамайды екенсің! Жұлдыз санайтын жастан кеткен жоқпысың?!
— Жо-жоқ, олай демеші, Ақмоншақ! Жұлдыздарға ғашық болғандардың махаббаты баянды.
— Қайдан оқып жүрсің?
— Кітаптан.
— Әлі де кітап оқимысың? Құдай көрсетпесін, баяғы әдетің қалмаған екен де... Осы бастан ескертейін, енді ондай қияли тірлікпен қоштасасың.
— Қалай?
— Солай! Есі дұрыс адам кітап оқуға уақыт өлтірмейді бұл күнде.
— Ай-хой, Ақмоншағым менің! Дұрыс, дұрыс айтасың, жаттанды дүниені ежіктегенше, онан өзім жазбайым ба сол кітапты.
— Құдая тоба, тағы нені көңірсіттің? Жетіспегені сол еді, қой бүгінше осы да жетер, үйге қайтайық... Тойдың қамына кірісейік...
— Той, той... Сәл тоқташы, Ақмоншақ! Мына қызықты қарашы! Та-ма-ша! — Жігіттің жүрегі қуаныштан жарылардай болып, айқайлап жіберді:— Біздің жолымыз болады екен, Ақмоншақ, бері, бері келіп мына қазына- байлыққа назар салшы!..
— Ол немене, тығып қойған көмбең бар ма еді?!
— Көмбенің көкесі осы емес пе?!
Қыз қаншықтың бауырына жабысқан күшіктерді көріп, кіржің ете қалды: — О, құдай шебер-ай!..
— Таңда, бұл жолғы таңдау сенікі, сенікі! Кез келгеніне ен сала бер, пародасы жақсы. Атын да ойлап қойдым, сенің атың — Ақмоншақ. Мұның аты — Ақмойнақ! Қалай ұқсайды, ә?!— Жігіт әй-шайға қарамастан Мұны жерден көтеріп алып, костюмінің қойнына жып еткізді. Кәрі қаншық үнсіз, ең болмаса «оу, бұларың қалай?» да деген жоқ.
— Ақмойнақ, естимісің, сенің атың — Ақмойнақ!
Түн қараңғылығында қалбалақтаған екеу ауыл шетіндегі бәкене үйге бұрылды.
* * *
Ақмойнақтың қазіргі жағдайы жақсы. Ертеңді-кеш қаймағы алынбаған шикі сүттің бір тостағанын тастап алған соң, құйрығын қайқайтып аулаға шығады. Жүрген жүрісі де қорбаң-қорбаң. Екі-үш ай өтер-өтпесте жоны жылтырап шыға келді. Желке жүні қалың, қалыңынан бұрын мойны тұтасымен ақ жолақ. Сірә, Мұратханның ит таңдауға келгенде бөлекше сыйқыры бар білем, дүние жүзіндегі ит атаулының тұқым-жұрағатын жатқа соққанда кісі жаңылдырады. Ғылыми дәлелі де орнықты. Әлемнің әлдебір қиыр шетінде тұратын ақсүйектер әулетіндегі иттің шығу тарихын айтқанда аузының суы құриды.
Ақмойнақ та қу болып алған. Мұратхан мен Ақмоншақтың ертеңгі шай үстіндегі көңіл-күйлерін әжік-гүжік сөз саптауларынан-ақ сезе қояды. Мұратхан қалай дегенде де үй шаруасына мығым жігіт. Жетім өскендікі ме, әлде жаратылысы солай ма, артық дүниені текке шығындамайды. Бәрі орны-орнымен. Мамандығы — теміржолшы, машинист. Екі күн үйде, екі күн түзде. Сол екі күнгі демалыс қырсық бұларға. Шамалауынша Ақмоншақ осындағы орта мектеп директорының қызы. Не киемін, не ішемін деместен шолжаңдау өскен сыңайлы. Көңілді ортаға бейім. Бір киерін иығына іліп, би алаңдарынан бой көрсетіп қалатын қайран күндерін жылап тұрып еске алады. Айтты-айтпады, осы күнгі өмірі өзіне салғанда — тас түрме. Жақын-жуық ағайынмен араласып, жоқ-барды бөлісіп, жарқылдап өткізбеген ғұмырдың несі қызық?! Кей-кейде, қызды-қыздымен неге күйеуге шықтым екен деп те бармағын тістейді. Әлі де жүре тұруына болатын еді ғой, осындай можантопай машинист түбі бір табылатын еді ғой. Иә, жүре тұруына болатын еді-ау! «Жоқ болмайтын еді» дейді құлақ түбінен күмбірлеген бір дауыс. Осы дауысты бүткіл болмысымен жек көреді. Естімей, естігісі келмей, басының ауған жағына қарай лағып кеткісі келеді. Сұмдық қорқады. Күндіз әрнәрсені бір шұқылап, алданып жүруге болар. Ал түнге қарай қиын. Жастыққа басы тиді екен, әлгі сұмырай дауыс бірден қоңыраулатып жетіп келеді. Ұйқысы шайдай ашылады. Олай дөңбекшіп, былай дөңбекшіп ақыры болмаған соң, жынды адамдай орнынан ұшып түрегеледі. Есік-терезені қымтап, тырдай жалаңаштанып шешінеді. Үйде жалғыз. Мұратхан рейсте. Үлкен бөлмедегі айна алдына келіп, қырын қарап қарнын сыйпалайды. Апыр-ай, дәл осынша... оның көзді ашып-жұмғанша сезіле қоятындығын кім білген. Жаман есебі бойынша әлі де бұғып, қарынның бір бұрышында жасырына тұруға тиіс еді ғой. Әлде ол тіршілік иесінің де мезгілді күні туғанда ешнәрсеге мойын бұрып қарамайтын болғаны ма? Жолындағының бәрін жайпап, баса көктеп, тар құрсақты кеулеп, үлкейіп келе жатыр, әнекей! Алдыртып тастауға енді кеш. Біледі, білінеді, тірі болса ертең-ақ төңіректің бәрі құлақтанады. Сосын жаманатты хабардың қауға тиген өрттей үдеп ала жөнелетіндігі белгілі. О, жаратқан-ау, қайдағы жаманатты хабар! Бәрі ретімен, табиғи заңымен денеге біткен нәресте болса, бұнан асқан бақыт бола ма?! Мұнан асқан той-думан бола ма?!
Мұратханның екі күн сыртта болатынын пайдаланып, өлгенше ішіп те көрді. Мас болды. Есік-терезені қымтап есірік музыканы барымен қойып, жын соққандай есі ауғанша, қуат-демі таусылғанша секектеп билеп те көрді. Би емес, бақсының жыны еді мұныкі. Тақтай еденді өлгенше тепкіледі. Бірде қабырғаға, бірде темір пешке арқасымен соғылып, жерге аунап, құйрығымен жорғалап, ойнына не келсе соның бәрін істеп бақты. Тек сіркесуын іше алмады. Жүрексінді, тағы да Мұратханнан жасырып жүрген дәрі-дәрмегі бар-ды. Олардың зияндылығы сондай, жатырды түгел күйдіріп жіберуі мүмкін еді. Сонда Ақмоншақтың ұтары қайсы? Біреуінен құтылар, бәрібір екіншісіне тұтылады. Түптің түбінде құрсақ көтермейтін бедеу әйелге айналады. Ал Мұратханды көди-сөди сылтаумен иландыра алсаң, кәні! Тұрғанымен мықшеге. Бір нәрсеге күмәнданса оның ақ-қарасына көз жеткізгенше тыным таппайтын мазасыз. Ертең көре қал... Ақмоншақ білетін Мұратхан болса енді бір-екі айдан соң әйелін дедектетіп, дәрігерден дәрігер қоймас. Өзі де тексерілер, Ақмоншақты да тексертер. Ақыры ұрлықтың беті ашылады.
Кейде құдайдың әділдігіне де күманданады. Сонда өзі әділ ме, Ақмоншақ әділ ме?! Осы тұсқа келгенде морт сынады. Көздерін қайта-қайта алып қашса да ауызүйдегі ошақ қасында жататын кездік арқанға бәрібір бір қарап үлгереді. Жүрегі алып-ұшып аузына тығылады. Сіркесуын ішіп, іші бұратылып, әбден ит әуіреге түскенше бір кездік арқан шыбын жанын бірден жаһанамға жібермес пе?! Жо-жоқ, атама, атамаңыз! — Кездік арқанды далаға лақтырып кеп жібереді. Әлгі Мұратханның шығарып жүрген пәлесі ғой. «Мен рейстен келгенше отын сүйрелеп қайтесің» — дейді де бір арқа сексеуілдің томарын белінен тас қып байлап, ауызүйге кіргізіп кетеді. Кездік арқанды көргісі келмейді-ай!
Түннің ұзақтығын Ақмоншақ сонда ғана білер еді. Таң атып болмайды. Сыртқы есікті сәл ашса, тыстағы тіршілік әуенін естіп, болар- болмас көңілі жай табады. Клуб жақтан музыка естіледі. Жеңіл ырғақпен дөңгелене билеген қайран қызық дәурен-ай! Кірпігіне кілегейленіп жас іркіледі. Қыз біткеннің көріктісі еді ғой Ақмоншақ. Балға үймелеген шыбындай жігіт-желең де Ақмоншақты төңіректейтін. Ой-хой, ондайда Ақмоншақтың аяғы жерге тиер ме?! Көкте ұшып жүреді қалықтап. Жұлдыздарға жетіп қалады анда-санда. Бидің де түбін түсіреді-ай! Талғаммен киінетін. Көкірегі аспан тірейді. Сондайда үстінен май иісі аңқитын тепловоз машинесіне пішту деп мойын бұрар ма. Сүйгені алыста-тын. Жоғарғы оқу орнын бітірген. Шетелде қызметте. Ал қырсық қылғанда қайтерсің, оның басы бос емес. Үйлі-баранды. Бала-шағасы бар. Ана жолы сол жүгірмектің туған жерге ұрын келмесі бар ма. Шетелге іс-сапарға шығып бара жатып, туған жердің үстінен қалай өте шығайын деп, әдейі бұрылыпты-мыс. Перзенттік борыш шыдатпаған-ау әсілі. Екі-үш күн армансыз қыдырыстаған. Ақмоншақтың есі ауып қалды. Ешнәрсені сезбейді, көрмейді, білмейді. Тек... тек соның ғана дегені болған. Сүйіспеншілік сезім ойлау қабілеттің астаң-кестеңін шығарды. Ұят-аят әдіре қалды. Әңгіменің ашығы сол. Бала соныкі...
Ауланың ішін арлы-берлі кезгілейді. Біреу қуып келе жатқандай ағыл-ғұпыл асығып үйге кіреді. Ақмойнақты бауырына қысады, тұмсығынан сүйеді. Желкесінен иіскейді. Ақмойнаққа да бұл мейірім ұнайды. Жылы құшақта оның да тұяқ серіппей үн-түнсіз жата бергісі бар. Бір қиналатыны, сөйткен Ақмоншақ енді бірде екі иығы селкілдеп жылайды. Ащы тамшылар Ақмойнақтың тіліне тиеді. Ащы болғанда да тіл оятындай. Ащы, тым ащы...
* * *
Шайды асүйдегі жайдақ үстөлдің үстіне әзірлейді. Мұратхан рейстен кейде ерте, кейде кеш келеді.
— Ішім жарылатын шығар,— дейді Ақмоншақ.
— Қойшы-ей! — Мұратхан екі-үш кесе ыстық шайдан кейін ғана жан шақырады. Ақмоншақтың сұлу жүзіне сосын барын назар жығады. Иыққа төгілген қолаң шашын сәл кері ысырып, мойнына тұмсығын тақайды. Добалдай қолдарымен маңдайын сыйпайды.
— Ақмоншағым! — дейді шын нетімен, — Осы ше, Сексеуіл стансасына жеткенше дегбірім қашады. Адам-ау, бұрын-соңды ол арасын неге байқамағам. Көзді ашып-жұмғанша жетіп баратын секілді едік. Қазір жеткізбейді. Алыс. Сөйтсем, саған жеткенше асығады екенмін ғой. Қайтар жолда да тура иненің ұшында отырғандай, күй кешемін. Кейде тепловоздың жылдамдығын үдетіп кеп жібергендігімді де байқамаймын. Қасымдағы серігім ұрысады. Оныкі дұрыс, әрине. Темір жолдың тәртібіне бағынбасаң бітті, апатқа ұрынасың. Қарсы келе жатқан пойызға соғыласың, сүйегіңді таба алсаң жақсы ақыр соңында.
— Құрысын, құрып кетсін, пойызды жайырақ айдасаңшы. Бізді жау алар деймісің, отырмыз ғой омалып.
— Жаным менің, күнім менің! — Мұратхан Ақмоншақтың белінен айқара құшақтап өзіне тартады.— Сірә, шыдамаспын жүрші төргі бөлмеге...
— Ұят емес пе?
— Кімнен?
— Кімнен дейсің... Ақмойнақтан.
Ақмоншақ әдейі қылымсиды. Оған ендігі жерде баяғыдай ашылып-шашылып жүру арман. Күн санайды, ай санайды. Мұратханмен болған әрбір сағаты өтіп болмайтындай. Мүмкіндігінше баяғы нәпсі құмарлықтың бәрін қолдан тізгіндеуге тура келер. Қайдағы-жоқты айтып, Мұратханды алдарқатқысы келеді. Бірақ Мұратханның адам ішіндегісін тап басып біле қоятын, сезе қоятын бір пәлесі бар. Ай, сірә, мұнан құлантаза құтылу тым қымбатқа түсер. Ұстайды, ұсталады түптің түбінде. Оның ақырының оңай соқпасын да жүрегі құрығыры сезеді ептеп. Кімге айтарсың, кімге шағынарсың мұң-шеріңді? Дүние түгелімен тұйықталған. «Өз қолыңмен істегенді өз мойныңмен көтер!» деп ышқынады тағы бір бейтаныс дауыс. Қайда қашады, өзі көтерер ғой шамасы жеткенінше. Сын сағаты мысық табандап жетіп келген секілді. Япыр-ай, бұл пәлекеттің екпіні сонша қатты болар ма! Бұдан қалай және қашан құтылады? Құтылар еді...
Шай құйып отырып кесесін қолынан түсіріп алды. Көзінің астымен Мұратханның көңілді кейпіне ұрлана қарап қояды. Мынадай арам ойға қалайша барып қалғаным деп, өзі де шошып кетті. Содан біразға дейін өз-өзіне келе алсашы... Шайды да немкеттілеу сораптайды. Тіпті далаға шығып кетсе тәуір болар еді. Иә, күні ертең-ақ бұл жұмбақтың сыры ашылады. Ауыл-аймақ түгел құлақтанады. Бәлкім, Мұратханды іштей аяйтындар да, немесе сыртынан ернін шығарып, әжуәлайтындар да көп болар. «Өзіне де сол керек, мектеп директорының қызын көп шығынданбастан қолға түсірдім деп ақиланып кетіп еді»... Айтады, айтақтайды, одан қалды біреудің қайғысынан ләззәт алатындай, алақандарын ұрғылап рақатқа бөленеді.
Ақмойнақ ас үстөлінің аяқ жағын тырналап, қыңсылап «Мұратхан көке, мені неге ұмытып кеттіңіз» дегендей белгі береді. Быршып терлеген Мұратхан ақ сүлгімен мойнын сүрткілейді де, «Қап!» деп төмен еңкейеді. Ақмойнақты бауырына басады. Жауырынын сыйпалайды. «Мұндай ақылды итке қолы жеткенде арманда, қолы жетпегенде арманда» деп өзінің де мықтылығын іштей дәлелдеуге тырысады. Ақмоншаққа қара болып жүрген осы. Үйге танымайтын тірі жанды маңайлатпайды. Тірсектен алады, дауысы да ірі, нық.
— Мен бір амал ойлап таптым,—деп қуақылана жымияды Мұратхан, — білем, үйде отырған жалғыз адам шынымен зерігеді.
— Енді не істе дейсің?
— Не істейтіндігіңді айтайын, түйе жүнінен шұлық тоқы. Дайын тауарыңды жол бойына апарып, мен-ақ өткізіп беремін. Ақысы қолма-қол.
Мұратхан Ақмоншақтың белінен қапсыра құшақтап өзіне тартты.
* * *
Мұратхан үйге кіргеннен Ақмойнақ ағаш кереуеттің аяқ жағын ыңғайлай бастайды. Қызғанбайды, жұмсақ жайлы төсек екі адамға арналған екен, ендеше рақатын да өздері көрсін. Турасын айтқанда Ақмойнақтың үй иелеріне иненің жасуындай өкпесі жоқ. Мынадай терезе тырналаған қара суықта қораның бір бұрышында жатса көрер еді бүрісіп. Үй иелері де Ақмойнақтың нәті ит қой деп, шеткері ысырған емес. Тамақты да өздерімен бірге ішеді. Әрине, бөлек табақпен. Біреу үстіне түсіп өбектеп жатса, түк көрмегендей әр нәрсеге мөлиіп, көз сатудың қажеті қанша? Бәрі рет-ретімен, мөлшерімен. Қарыны аш емес, аш болып та көрген жоқ. Қомағайлықпен артығырақ сілтеп қойғаны өзіне жау.Түннің бір уағында тысқа шығуына тура келер. Ауызүйдің зіл батпан ауыр есігі өздігінен ашылмайды бәрібір.
Үй иелері ас-суларын ертелеу ішті де бүгін ертелеу жатып қалды. Ақмойнақ денесін бір шұқым ғып жиды да, ағаш кереуеттің астына қарай жылжыды. Жайсыз жағдайдың түбі бір болмай қоймайтындығын күні бұрын сезгендей. Ешнәрсені естігісі жоқ, үлкендердің арасына түсіп төрелік айта алмаған соң, күні бұрын құйрығын қысып, тыныш жатқан абзал.
— Бәли, шертиген мына қарыныңа жол болсын,— деді Мұратхан түннің бір уағында бөлменің жарығын жарық еткізіп,— екі-үш айдың ішінде мұны қайдан тауып ала қойдың? Маған сыйлаған сыйлығың тым қомақты көрінеді ғой! — Дауысы зілді, әрі мысқыл-әжуа аралас.
— Солай... солай,— деп міңгірлейді Ақмоншақ,— құдай берейін десе...
— Иә, құдай берейін десе тас төбеңнен тастап жібереді. Бірақ бұл жолғы мырзалығының мәнісін түсіне алмай тұрғаным.
— Өзіңнен...
— Пах, алғашқы күннен-ақ пайда болған еді демексің ғой. Айтасың-ау, шыбыным!.. Ал санайық, ақпан-бір, мамыр-екі...
Әлдене тарс ете қалды. Ақмойнақ бар денесін бауырына жиып, дір-дір етіп тыныштық болғай деп, тәңіріне жалбарынады.
— Сөйле?!..
— Сөйлейтін несі бар.
— Ішіңдегі кімдікі?
— Өзімдікі!
— Рас, өзіңдікі... мен әкесін сұрап тұрмын. Әкесін! — деп айқайға басты Мұратхан, — жә, белгілі, бәрі белгілі. Ұрысып-таласпайық... Құдайым-ай! — үсті-үстіне маңдайын тоқпақтады. — Не жаздым?! Неге қорлайсың, Ақмоншақ?! Саған деген көңілім ақ қағаздай кіршіксіз еді ғой, Ақмоншақ! Әлде қастығың бар ма маған көрсете алмай жүрген? Бұрын... бұрын неге айтпадың мұныңды! Мені масқаралағың келген екен, мұнан басқа да айла-тәсілді ойлап табуға болатын еді ғой!.. Жә-жә, ендігісін өзің шеш, мен болдым!..
Сыртқы есік солқ етіп қатты жабылды.
* * *
Қазір екеуі екі бөлек үйде тұрады. Тек Ақмойнақ қана екі үйдің арасына ертеңді-кеш алма-кезек қатынайды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі