Өлең, жыр, ақындар

Дарынды сынықшы

... Бәсең батырдың ортаншы ұлы Матыны құлақ еститін, ат аяғы жететін жердегі елдер өте сыйлап, ерекше құрметтейтін болыпты. Бұл асқан байлықтың, жомарттықтың, шешендіктің, батырлықтың немесе жоғары лауазым иесі болғандықтың н әтижесі емес, аса ұқыптылықтың, тапқырлықтың, қол шеберлігінің нәтижесі екен.

Қарттардың айтуынша, атам Маты жігіт шағында өз әкесі Бәсең батырмен бірге хан жасағында болыпты. Жорықтардың бірінде жазым болып, аяғы сыныпты. Сынықшы жоқ, жайланып жатып күтінерлік жағдай да жоқ. Атына мініп, сынған аяғын қанжығасына байлатып, ұзақ жүріп, өз үйіне келеді. Сор мақтасын, орап-байлау материалдарын өзі әзірлейді. Бірақ сынықты салатын, иә, қолма-қол көмектесетін ешкім жоқ. Амалсыздан, аяғының басын белбеуімен тұзақтап, қарт анасына ұстатады да, сынықты өзі салуға кіріседі. Тұзды сумен сылап, сынған сүйекті орнына түсіріп, қиюластырады. Содан кейін сор мақтамен орап, киізден жасалған қалыпты кигізеді де, мықтап байлап тастайды.

Бірнеше күннен кейін аяғы ептеп басуға келеді, бара-бара жүруге жарайды. Сөйтіп, өзі салған сынық бекініп, аяғы сау қалпына келеді.

Осы тәжірибесін ол басқа сынықтарға қолданады. Алғашқы кезде малдардың сынығын, кейіннен адамдардың жеңіл-желпі сынықтарын салады. Тәжірибесін бірте-бірте болса да, емдеп жазу дәрежесіне жетеді.

Матының сынықшылық қабілетін көп елдер естиді. Қажет болып қалған жағдайда қашықтағы ауылдар қос атпен кісі жіберіп, оны алдыратын болады. Қандай ауыр зақымданған болса да, даңқты сынықшы ол дерттің шипасы екен.

Мен қызмет бабымен де, өз бетіммен де көп жерлерді араладым. Қай елге барсам да, атамның атын атағанда қарттар оның өзін көргендей болады, «Матекемнің жұрағаты екенсің ғой» деп ерекше ықылас көрсетеді.

Алматыда 1944 жылы халық батыры Аманкелдінің жау қолынан қаза тапқанына 25 жыл толуына арналған жиын өткізіледі. Бірде Абай атындағы Опера және балет театры алдында батырдың майдандас серігі әрі досы Қарабаев Әлжан қартқа кездесіп, сәлемдестім. Аты-жөнімді сұрап, танысқаннан кейін ол:

— «Қолың сынса, Матыға бар, Маты бар да жатып ал» дейтін еді біздің Торғай өңіріндегі Арғын, Қыпшақ елдері. Е, елдің өте сүйікті адамы, аса құрметті ағамыз Матекемнің немересі екенсің ғой, — деп қолымды қысып, мойнымнан құшақтады да, көзіне жас алды...

1914 жылы біздің елден Бағлан базарына барушыларға еріп, қашық сапарға шықтым. Бозшакөл маңындағы бір ауылда Омар дейтін қарт аты-жөнімізді сұрап алды да:

— Матекемнің нәсілі екенсіңдер, ардақты ағамның сыбағасын жеңдер, — деп үйіне түсірді. Сол үйден аттанғанша ақсақал мені бауырына тартып, мәпелеумен болды. Мұндағы сыр құпиясы мынада екен: Омекеңнің қарт әкесі аяқ сынығынан мүгедек болып, жылға жуық төсек тартып жатыпты. Соны Маты емдеп, жазыпты. Бұл ауыл біздің ауылдан екі жүз шақырымнан артығырақ жерде тұрады...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз