Өлең, жыр, ақындар

Асхат Аймағамбетов компьютері жоқ балалардың проблемасын қалай шешпек

Қазақстанда орта мектептерде білім алатын 300 мың оқушының компьютері жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Ауылдағы мектептердің көбінде интернет жоқ десек, ол тек ауылдағы мектептерге қатысты мәселе емес. Біздің кейбір үлкен немесе шағын қалалардың өзінде жалпы техникалық мүмкіндік болғанның өзінде біраз оқушыларымыздың үйлерінде мүлдем компьютер жоқ. Техникалық мүмкіндігі бар балаларды интернетке қосу мәселесі де бар. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар бұл бағытта жұмысты бастап кетті. Техникалық мүмкіндігі бар, бірақ, интернетке қосылмаған балаларды интернете қосу жұмыстарын бастап, әкімдіктер бұл жұмыспен қызу айналысуда», — деді министр.

Оның атап өтуінше, компьютердің жетіспеушілігі де үлкен мәселе болып тұр.

«Интернеті, техникалық мүмкіндігі бар, бірақ компьютері жоқ деген 300 мыңнан астам бала бар. Оларға қатысты ақпарат жеткілікті. Сондықтан бұл мәселені шешудің екі жолын көріп отырмыз. Бірінші — біздің мектептердің балансындағы компьютерлерді балаларға уақытша беру. Бұл жұмысты бастадық. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары белсенді жүргізіп жатыр. Айталық, Алматы қаласы 10 мыңнан астам компьютерді таратып үлгерді. Мектептердің компьютерлерін уақытша пайдалану бойынша арнайы актімен ата-аналарға, балаларға беріп жатырмыз», — деді ол.

Асхат Аймағамбетов мектеп компьютерлері де жеткіліксіз екендігін жасырмады.

«Сондықтан біз қосымша компьютерлер сатып алу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Сатып алу жұмысы басталды. Біздің ойымызша, 80 мыңға жуық компьютер сатып алынады. Оның ішінде компьютерлер, планшеттер бар. Тиісті талдау жасап көрдік. Жалпы, еліміз бойынша осынша компьютер саны жеткілікті деп айта алмаймыз. Сондықтан бірнеше жерден іздеп, компьютер бар жерден компьютер алып, жоқ бола планшеттер алып, түрлі жолдарын қарастыру арқылы шешіп жатырмыз», — деді министр.

Оның атап өтуінше, ұстаздарымыздың да кейбірінің үйінде интернет, кейбірінде компьютер жоқ.

«Сондықтан да ұстаздарымызды да тиісті құрал-жабдықпен қамту бойынша жұмыс жүргізліп жатыр», — деді еліміздің бас мұғалімі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Бағдагүл

Компьютер береміз деп жатыр сонда кімдерге беріледі

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар