Өлең, жыр, ақындар

Екі құрдас әзілі

Баяғыда екі құрдас болған екен. Бірінің аты — Досбол, екіншісі — Ақмырза. Ауылдары аралас, қойлары қоралас дегендей көрші отырыпты. Досбол егін егеді екен. Бір жолы әдеттегіше егінді жиып, дәнді үгіп болған соң баласы:

— Көке, құрбан қандаймыз ба? — депті.

— Шырағым, биыл өнім аз ғой. Қаптай салыңдар, — дейді әкесі.

«Құрбан қандамаймыз» дегені — егінді жинап алғаннан кейін, дәнді қаптамай тұрып, мал сойып, садақа беріп, сойған малдың қанын дәннің үстіне сеуіп барып, қаптайды екен. Бұл жай Ақмырза құрдасының құлағына тиеді.

Биыл Досбол қырман қандамай, егінін жинап алыпты. Бір тоқтысын шығын көрген ғой, шамасы. Ебін тауып, есесін қайтарайын, — деп, бір қуды шақырып алады да, оған былай деп түсіндіреді:

— Сен ақ матаға оранып ал. Белің мен төбеңнен түйіп байлан. Еш жерің көрінбейтін болсын. Сосын таң алдында Досболдың терезесінің алдына барып «Әй, Досбол, құрбаныңды ұрлап сойыпсың, Құдайыңнан безіпсің» деп үш мәрте айқайла. Соны айт та, молаға қарай жаймен сүйретіліп жүре бер.

Қу жігіт Ақмырзаның айтқанын дәл солай орындайды. Таң алдында дауысты естіп, шошып оянған Досбол іргені түріп қараса, ақ киімді біреу молаға қарай сүйретіліп кетіп бара жатыр екен. Қорқып кетіп, әйеліне айтады:

— Тұр, кемпір, кешегі құрбан шалмағанымызды көкем жаратпаған екен. Аян беріп кетіп барады. Әне!

— Ойбай-ай, бір тоқтыны қимай, көрдегі адамды тұрғыздың-ау! Түсімде жүдеп жүр еді, осы екен ғой, — деп зарлап қоя береді кемпірі.

Ертемен мал өргізгенде Досбол бір ту қойды ұстап қалып, айнала көршілерін жинайды. Болған жайды құрдасы Ақмырзаға айтады.

Арада біраз уақыт өткен соң, Досбол құрдасын сағынып, сәлемдескісі келіп, Ақмырзаның үйіне барады. Құрдасының үйіне келіп, сыртта аттан түсіп жатса, Ақмырзаның балалары: «Әй, Досбол, құрбаныңды ұрлап сойыпсың, Құдайыңнан безіпсің» деп тақ-тақ етеді. Сонда ол баяғы пәленің Ақмырзадан келгенін біле қояды да, қайта отырып үйге кірместен қайтып кетеді.

«Бұған не істеу керек» деп ойлаған Досбол балаларына келіп, былай дейді:

— Ақмырзанікі бүгін көк шалғынға көшіп келіп, қосын тігіпті. Түнде барып білдірмей, сол қосының төрін есікке, есігін төрге қаратып, бұрып қойыңдар.

Балалары әкесінің айтқанын екі етпей орындайды. Түн ортасы шамасында Ақмырза тысқа шығайын десе есік орнында жоқ. Кемпірін оятып, көмген отты үрлеп, жарық етіп қараса, есік төрге қарап кетіпті. Қорқып кеткен Ақмырза ертеңіне қарттарды шақырып, мән-жайды айтса, баяғы молдасымақ:

— Үйіңді жын-перінің ойнағының үстіне тіккен екенсің, — дейді, — қайта Құдай сақтаған екен. Ер азаматтың басына түскен ауыртпалығын астындағы аты көтереді деген бар, астыңдағы атыңды сойып, садақа етпесең, мына пәледен құтылу қиын.

Ақмырза көкшолағын көтеріп сойып, енді шалайын дей бергенде, Досбол тұрып:

— Әй, Ақмырза, сен неге жыламайсың? Жыласаң, құрбаның қабыл болады, шын жыласаң, атыңды шалмасаң да, шалғанға есеп болады. Екі дүниеде мен куә, — дейді. Бұл әлектің бәрі Досболдан болғанын енді түсінген Ақмырза көкшолағын тұрғызып қоя беріп, Досболдың жағасынан алады.

— Осы мазағың үшін бұдан былай көрмей-ақ кеттім. Мен өлсем, сен топырақ салма, сен өлсең мен топырақ салмаймын.

Досбол кешірім өтініп, қонаққа шақырады. Бірақ әбден ашуланған Ақмырза илікпей қояды.

Содан арада бірнеше ай өтіп, ақ қырау түскен кезде іңір қараңғысында бір кісі келіп, Ақмырзаның үйіне ат басын тіреп, дауыстайды.

— Уа, кім бар бұл үйде, есік аш! Досбол дүние салып, соның намазына шақырып жүрмін.

— Астапыр-ай, Досбол сырқат деген хабар естілген жоқ еді ғой, — деп ойлаған Ақмырза сыртқа шықса, аты екі бүйірін соққан жаңағы хабаршы суыт шаба жөнеледі.

— Айы жеткен айында, күні жеткен күнінде деген осы-ау, — деп кемпіріне ақыл салады, — өлсең топырақ салмаймын деген сертім бар еді, не істесем екен?

— Сөзің құрысын, — деп ұрсады әйелі, — өліп жатса да барып, бақұлдық ал. Қол-аяғын соз, сүйегіне кір. Кешірім болар.

Досболдың үйіне жақындай бергенде, құрдасының әйелі жоқтау айтып, қара жамылып алдынан шығып:

— Бәйтерегім құлады,
Ұзынынан сұлады, — деп Ақмырзаның мойнына асылып тұрып зарлайды:

Құрдасыңнан айрылдым,
Қанатымнан қайрылдым...

Қосыла жылап, ішке кірген Ақмырза құрдасының қол-аяғын созып, кешірім өтінеді.

— Құрдас-ай, кешіре гөр, Құдай қабыл етсін. Араздасып едім. Мен кештім.

Сол кезде ақ кебін жамылып жатқан құрдасы ұшып тұра келіп:

— Ит-ау, мен өлгенде келмеймін дегенің қайда? — деп дүрсе қоя бергенде, Ақмырза біраз уақыт есінен танып қалған екен дейді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз