Өлең, жыр, ақындар

Хорбательдің күресінге тасталуы

1916 жылдың жазы. «Июнь жарлығы шығыпты, қазақтардан солдатқа кісі алады» деген хабар құлаққа сап ете қалды. Кешікпей-ақ 19 бен 31 жастың арасын сыпыра бастады. Жұрт абыржуда. Барар жер, басар тау, паналайтын орын жоқ. Адамқайыр Қойтасбаев тағы басқа бірнеше жұмысшылар Екібасқа қашып кетті. Кәзіргі бассейніміздегі даңқтылардың бірі Бекбосын Сыйқымбаевтың Бөлеген деген інісі соңынан бірнеше жұмыскерлерді ертіп патшаның жарлығына қарсы Спасс маңына топталған халықтың көтерілісін басқарып кетті.

Ой, шірк-і-і-н! Қандай жігіт еді! Жанып тұрған от еді, шіркін! Сонда:

— Батыл бас аяқты, кедейлер,
Рухыңмен күреске бекемден.
Туды шақ өзіміз жол ашар,
Бостандық дүниеге кеудемен.. —

деп өлең айтатын. Аяғы көп болатын еді, адам айтпаған соң ұмытып та қалады екен.

Сол жылы июль айы еді. Хорбатель нарядқа келді. Кекті ашу кернеген жұмысшылар оны масқаралайтын ыңғай білдірді. Александр Горбатов, Нұрмағамбетов Ысқақ, Алтайбаев Хұсайын деген жұмысшылар байқаусызда Хорбательдің артына тәшке әкеліп қойды. Мен оны итеріп, тәшкеге құлаттым. Әзір тұрған жұмысшылар тәшкені тарта жөнелді. Олар сол бетінде Хорбательді топырақ төгетін жерге, күресінге апарып бір-ақ құлатты.

Біздің шахтерлер ағылшын пайдакүнемдеріне өзінің кекті ашуын осылай білдіріп еді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар