Өлеңдер Бөлімі

Дос іздеп жүрмін

Үш көріністі қойылым

Қатысушылар:

Досбол
Ғалымжан
Сабырхан
Әділбек
Залдағы дауыстың иесі (Ақылбек)
Бірінші бұзық бала
Екінші бұзық бала

Бірінші көрініс

Мектеп ауласы. Сабақ аяқталып, қоңырау соғылады.

Іштен жүгіре шыққан оқушылар екі-екіден, үш-үштен, төрт-төрттен қосылып, үйді-үйлеріне тарай бастайды. Сыныптастарының соңынан еріне басқан Досбол сахнаның ортасына тоқтап, ұзап кеткен балалардың артынан қиқарлана қарап тұрады. Киімдері алқам-салқам.

Досбол (қитыға). Қарай гөр өздерін, бәрінің достары бар! Досы жоқ тек мен ғана шығармын?! Сонда менің атымды Досбол деп қойған атамның сөзі бос сандырақ болғаны ма?! «Бала негізінен атына сәйкес өседі. Осыдан көресің, қалқам, сенің достарың өте көп болады! Ал досы көп жан өмірде ең ардақты адам! Баба-ларымыз да «Ағаш – тамырымен, адам досымен мықты» деген өсиет қалдырған ғой» – деп отыратын уәжі қайда қалмақ?! Әлде, атам қателесті ме екен?! Жо-жоқ, менің атамның қателесуі мүм-кін емес!.. Қырық жыл мектепте бала оқытқан адам қалайша қателеспек?! Қателеспесе керек-ті!.. Әсіресе бала тәрбиесіне байланысты қателеспеуі тиіс қой!.. Ендеше, маған балалармен достасып, достарымды көбейтуге, сөйтіп, мықтылардың мықты-сы атануыма кім бөгет?!

Залдағы дауыстың иесі. Әсте, «Не бөгет?!» дегенің дұрыс-ау!..

Досбол (жақтырмай). Әй, ол қайсың, мені түзетіп жатқан?! (Дауыс шыққан жаққа жалт қарайды.)

Залдағы дауыстың иесі. Мен ғой! (Қалың кітап қолтықтаған бала орнынан ұшып тұрады.)

Сахнадан төменге секіріп түскен Досбол оның қасына жетіп барады. Жұдырығын түйіп, сес көрсетеді.

Досбол (қоқиланып). Әй, кеще, мені сен түгілі, қызмет бабымен үйден гөрі шетелде көбірек жүретін бизнесмен әке-шешем де түзетпейді! Олардың ұстанымы бойынша, бала емін-еркін өсуі тиіс! Ал сен менің еркіндігіме қол сұқпақсың! Бұның жарамайды!.. Қане, білгішсінбей отыр орныңа! Әйтпесе-м!.. (Жұдырығын баланың тұмсығына тақайды.)

Бала ерегіске бармай бірден орнына отырады.

«Жеңісіне» масаттанған Досбол алшақ басып, сахнаға беттейді. Анадайдан мектептен балалардың ең соңы болып шыққан Ғалымжанды көріп, қуанып кетеді.

Досбол (өзіне-өзі). Оһо-о, әне Ғалымжан келе жатыр! Шіркін-ай, егер осы баламен достассам ғой!.. Өзі оқу озаты, сабақтың бәрін тек беске оқиды! Былайша айтқанда, үйдегі ақылшы әжемнің нақ ойынан шыққандай бала! Осыдан тура бір жыл бұрын дүниеден өткен шалының сөзін үнемі тірілтіп жүретін әжем: «Айналайын құлыным, «Доссыз адам – тұзсыз ас» деген, жарықтық атаң өте дұрыс айтатын, досыңның көп болғаны жақсы. Тек сол досты таңдай білу керек. Біле білсең, жақсы дос ғана абыройыңа абырой қосады! Сондықтан сабақты үздік оқитын, тәртібі түзу, әділ, ойлы балалармен дос болғайсың!» деп күніне әлденеше рет қайталаудан еш жалықпайтыны қайда. Міне, мына Ғалымжан осыған дөп келеді!.. (Көзілдірікті, үлкен сөмке арқалаған Ғалымжанға жақындайды.)

Ғалымжан (таңырқай). Сен не әлі үйіңе қайтпағансың ба?! Балалардың бәрі әлдеқашан тарап кетті ғой... Әлде біреуді күтіп жүрсің бе?

Досбол (шімірікпестен). Иә, сені күттім!

Ғалымжан. Мен апайдан қосымша тапсырма алуға кідірген едім... Ал өзің мені не үшін тостың?

Досбол (төтесінен). Ғалымжан, кел, екеуміз дос болайықшы!.. (Оң қолын ұсынады.)

Ғалымжан (сасқалақтап). С-сонда қ-қалай... Қазір қол алыс-сақ, аяқ астынан дос бола кетеміз бе?!

Досбол. Әрине, қол алысқанымыз, достығымызды бекіткеніміз болады!

Ғалымжан (қолын артына жасырып). Қызы-ы-қ... Мен мұн-дайды білмейді екенмін...

Досбол. Ой, сен білмейтін нәрселер көп қой!.. Сен сабақ-сабақ деп талай қызықтан құр қалып жүрсің ғой!.. Егер осыдан екеуміз достассақ, мен саған небір қызықтарды көрсетер едім! Тура аузыңды ашып, көзіңді жұмасың!..

Ғалымжан (екіұштылау). А-а... оларың қайда?!.

Досбол. Осында-а... Қаланың ішінде!.. Егер достастық деп қо-лыңды берсең, дәл қазір тартып кетеміз!.. Ал ақша жағынан қам жеме, менде жетіп-артылады! (Оң қолын және ұсынады.)

Ғалымжан (тартыншақтап). Жо-о-қ!.. Мен тап қазір еш-қайда бара алмаймын, ертеңгі сабаққа дайындалуым керек. Сосын әлгінде апайдан алған қосымша тапсырманы орындаймын. Уақытым қалса, кеше мамам сатып әперген танымдық кітаптарды оқуға кірісемін.

Досбол. Айттым ғой, сенікі тек сабақ оқу, кітап оқу... басқа ештеңе білмейсің!

Ғалымжан (көзілдірігін түзеп). Жарайды, сен ренжіме, мен үйге кеттім. (Қолын бұлғап ұзай береді.)

Досбол. Қарай гөр мұны, кейін өскенде атына сәйкес дүрдей ғалым болғысы бар-ay?! (Басын қасып, ойланып қалады.)

Екінші көрініс

Спорт алаңы. Қолдарына спорт жабдықтарын ұстаған балалар екі-екіден, үш-үштен, төрт-төрттен бірігіп, әр түрлі ойындар ойнауға кіріседі. Сопайып жалғыз қалған Досбол тыпыршып, мазасыздана бастайды.

Досбол. Міне, тағы да жалғыз қалдым!.. (Жан-жағына алақтай қарайды.) Осы жалғыз қалмау үшін не істесем екен, а?!

Залдағы дауыстың иесі. Ол үшін... (Қалың кітап қолтықтаған бала орнынан ұшып тұрады.)

Досбол (сөзін бөліп). Өй, тағы да сен бе?! (Жұдырығын түйеді.) Қане, білгішсінбей отыр орныңа! Әйтпесе-е-м!.. (Сол аяғын шірене теуіп қалады.)

Бала еш қарсыласпастан орнына отыра кетеді. Айтқанын бұлжытпай орындатқанына масайраған Досбол басын кекжитіп, сахнада арлы-берлі жүреді. Бір кезде алаңға жақындаған Сабырханды көріп, көзі жайнап кетеді.

Досбол (өзіне-өзі). Ура-а, қазір Сабырхан екеуміз ойнаймыз!.. Міне, нағыз достасуға лайық бала! Сыныптағы ең тәртіпті оқушы ғой. Апайдың оған риза болатындығы соншалық, «Өзі бір қыздай бала!» – деп үнемі аузынан тастамайды. Жалпы, бұл баланың да ақылшы әжемнің көзқарасына үйлесе кетері анық.

Досбол жұлқына секеңдеп, қолына доп ұстаған Сабырханның қасына жетіп барады. Сол замат бір бүйірден шыға келген екі ересектеу бала Сабырханға тиісе кетеді.

Бірінші бұзық бала. Иә, балақай, мынауың не зат өзі?! (Сабыр-ханның қолындағы допты тартып алып, шыр айналдыра «зерт-теуге» кіріседі.)

Сабырхан. Д-доп қ-қой...

Бірінші бұзық бала (ежірейіп). Қой, ей, мынауың допқа тіпті ұқсамайды ғой!

Екінші бұзық бала (шұқшия үңіліп). Иә, дұрыс айтасың, бұл доп емес!

Досбол (ұнатпай). Сонда бұл не сендерше?!

Бірінші бұзық бала. Алдымен тексеру керек!..

Екінші бұзық бала. Рас, тексермей дәл айту қиын!..

Бірінші бұзық бала. Дұрыс айтасың, анық-қанығына көз жеткізу үшін, ең алдымен тексеріп көреміз!.. (Қалтасынан біз шыға-рады.) Егер доп болса, қазір біз сұққанда ішіндегі желі шығуы тиіс!.. (Допты тесуге оқталады.)

Досбол. Ей, тоқта-а! (Атылып барып баланың қолына жар-масады.)

Бірінші бұзық бала. Егер тоқтамасам ше?!

Досбол. Қолыңдағы бізді сенің қарныңа тығамын!

Екінші бұзық бала. Өй, мынауың әжептеуір батыр сияқты ғой! Қане, бұны да тексеріп жіберейікші!..

Екі бұзық Досболды ортаға алып, төмпештей жөнеледі. Досбол да оңай шағылатын жаңғақ емес екенін байқатып, төбелеске қаймықпай кіріседі. Сабырхан екі жақты арашалап, шыр-пыр болады.

Сабырхан. Балалар-ау, сендердің бұларың не, себепсізден-себепсіз тиісіп! Егер сендерге қажеті доп болса, төбелессіз-ақ алыңдаршы!..

Досбол (қасарысып). Неге алады екен, алмайды! Доп біздікі!..

Сабырхан. Жоқ, доп менікі! Сондықтан мен оны өз еркіммен беріп тұрмын!..

Бірінші бұзық бала. Е, бәсе, түйсігі бар бала осылай істесе керек-ті!.. (Екі бала допты алған соң қарқ-қарқ күліп, жөндеріне кетеді.)

Досбол. Сабырхан, сен не аналардан зәрең қалмады ма?!

Сабырхан. Жоқ.

Досбол. Жә, мойындауға ұялып тұрсың ғой!.. Одан да кел, екеуміз дос болайық! Сонда бұзық балалардың бірде-бірінің саған соқтықпасына мен кепіл!

Сабырхан. Досбол, мен дәл сен ойлағандай тым әлсіз емеспін, өз-өзімді қорғауға шамам жетеді. Тек мен әрдайым тыныштықты қалаймын, кез келген мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысамын!

Досбол (мұқата). Пай-пай, қандай асқақ, қандай әсерлі сөздер!

Сабырхан. Сен, бәлкім, мысқылдап тұрған шығарсың?! Бірақ бұл менің шын сөзім! (Нық-нық басып, жөніне кетеді.)

Досбол (өзіне-өзі). Дегенмен де, өзі өте ұстамды екен!.. (Жел-кесін қасып, ойланып қалады.)

Үшінші көрініс

Көпқабатты биік үйлердің ауласы. Әр тұстан жүгіре шыққан балалар екі-екіден, үш-үштен, төрт-төрттен топтасып, жан-жаққа тарап жатады. Арқаларында саяхатқа арналған жол сөмкелері бар. Кейбіреулері қолдарына балық аулайтын жабдықтар ұстаған. Бір шетте ұялы телефоны арқылы естілген әлдебір даңғаза музыкаға елтіген Досбол селкілдеп билеп жүр. Балалар ұзап кеткен кезде Досбол жалғыз қалады.

Досбол(қапаланып). Қарашы бұларды, тіпті біреуі қасына ертейін демейді ғой!.. (Пауза.) Ту-у, осылардың қатарына қосылу үшін не істесем екен, а?! (Шалбарының ышқырын көтеріп, қайта-қайта мұрнын тартады.)

Залдағы дауыстың иесі. Ол үшін... (Қалың кітап қолтықтаған бала орнынан ұшып тұрады.)

Досбол (жақтырмай). Қап, және сен бе?! Көп білгішсінбей отыршы орныңа! Әлде, жұдырық иіскегің келіп тұр ма?! (Өкіреңдеп сес көрсетеді.)

Бала бірден орнына отырады. Осы кезде аулаға Әділбек жүгіре шығады.

Досбол(өзіне-өзі). Алақай, маған да серік табылды!.. Міне, нағыз дос болатын бала осы Әділбек қой! Біздің сыныптағы ең әділ, ең адал оқушы! Осыдан көресіңдер, Әділбек ақылшы әжеме де ұнайтын болады!.. (Тоңқалаң асып, сыныптасының жанынан бір-ақ шығады.)

Әділбек Досболды көріп, сәл кідіреді.

Досбол. Ay, Әділбек, екпінің тым қатты ғой, жол болсын?!

Әділбек. Апайдың үйіне бара жатырмын...

Досбол. Ж-жай ма?!

Әділбек қолындағы томпиған әмиянды көрсетеді.

Досбол (таңырқап). Б-бұл не-е?!

Әділбек. Әмиян ғой... Кеше кешкісін жолдан тауып алдым...

Досбол. Ішінде ақшасы бар ма?!

Әділбек. Бар...

Досбол. Қанша-а?!

Әділбек. Б-білмеймін... С-санаған жоқпын...

Досбол. Әділбек, сен қандай қызықсың?! Сен не «Тапқан – тапқандікі, ешкі – баққандікі» дегенді білмейсің бе?!

Әділбек. Жоқ, мен олай істей алмаймын!

Досбол (көздері жайнап). Ендеше маған бер, мен-ақ істеп берейін!.. Есесіне, екеуміз де қарық боламыз!..

Әділбек (шошына). Жоқ, мен бұған келіспеймін! Сен мені ұрлыққа итерме!

Досбол. М-мақау, бұл ұрлық емес!.. Ұрлық дейтіндей сен біреу-дің қалтасына түскелі тұрған жоқсың ғой!..

Әділбек. Бәрібір, біреудің ақшасын рұқсатсыз пайдалана алмаймын! Мен әмиянды апайға апарып беремін, ал ол кісі иесіне қайтарады!

Досбол. Ақыма-а-қ!.. Сен бас пайдасын білмейтін барып тұрған ақымақсың!..

Әділбек. М-мейлі... Мен кеттім!.. (Әмиянды қыса ұстап, жүгіре жөнеледі.)

Досбол (өзіне-өзі). Қап-п, мына Әділбекке достасу туралы айтуды ұмытып кетіппін ғой!.. (Санын соғады.)

Залдағы дауыстың иесі. Ол бәрібір сенімен достаспас еді!.. (Қалың кітап қолтықтаған бала орнынан ұшып тұрады.)

Досбол. Неге-е?! (Дауыс иесіне жалт қарайды.)

Залдағы дауыстың иесі. Егер сен ақылшы әжең айтқандай жақсы балалармен достасқың келсе...

Досбол (шыдамсыздана сөзін бөліп). Келгенде қандай!..

Залдағы дауыстың иесі. Ендеше, ол үшін сен...

Досбол сахнадан секіріп түсіп, баланың қасына жетіп барады.

Досбол (жер тепсініп). Әй, сен манадан бері «Ол үшін... ол үшін...» деп менің миымды әбден шағып біттің ғой! Адамды титықтатпай айтсаңшы, ол үшін не істеуім керек?!

Залдағы дауыстың иесі. Өзің ғой қайта-қайта аузымды жауып, сөйлеттірмей қойған! Егер тыңдайтын болсаң, айтайын!..

Досбол. Айт-т!..

Қалың кітап қолтықтаған бала Досболдың қолынан ұстап, сахнаға жетелеп шығады.

Залдағы дауыстың иесі. Ол үшін!.. Ол үшін сен өзгеруің керек!.. (Сөзіне ерекше мән беріп, оң қолының сұқ саусағын жоғары көтереді.)

Досбол (таңырқай). Қ-қалай?!

Залдағы дауыстың иесі. Нақтырақ айтқанда, нағыз жақсы балаға айналуың қажет! Ал жақсы баламен достасқысы келетіндер өте көп болады!

Досбол. А-а... Ғалымжан, Сабырхан, Әділбек ше?! Олар да менімен достаса ма?!

Залдағы дауыстың иесі. Әрине, достасады! Достасқанда да, тіпті қуана-қуана достасады!

Досбол. Ой, қандай керемет! (Қолын шапалақтап жібереді.) Тек-к... әлгі сен айтқан «өзгеру» менің қолымнан келер ме екен?! (Томсыраяды.)

Залдағы дауыстың иесі. Әлбетте, келеді! Ең бастысы, сен іштей «Мен бүгіннен бастап өзгеремін!» деп үзілді-кесілді шешім кабылдауың шарт. Ал сосын, оны жүзеге асыруды екеулеп қолға аламыз. Мен саған көмектесемін!

Досбол. Рас айтасың ба?! Сен маған көмектесесің бе?!

Залдағы дауыстың иесі. Сөзім – сөз! Мен әрқашанда сөзімде тұрамын!

Досбол. Ту-у, сен қандай жақсы баласың! Шіркін-ай, екеуміз дос болсақ қой!..

Залдағы дауыстың иесі. Несі бар, өзгеруге белін бекем буған баламен достасуға да болады!

Досбол. Алақай, менің досым бар!.. Мен өзіме дос таптым!..

Екі бала төc түйістіріп, қүшақтаса кетеді. Достар туралы ән орындалады. Куанышы қойнына сыймаған Досбол сахнадан секіріп түсіп, есікке қарай тұра жүгіреді.

Досбол. Әже, естисіз бе, менің досым бар!.. Өзі сондай ақылды бала!.. Аты-ы... (Кілт тоқтап, самайын қасиды. Досының атын әлі сұрамағаны есіне түсіп, кері жүгіреді.)

Екі дос сахна төрінде тағы да құшақтасады.

Досбол (қысыла ыңғайсызданып). Айтпақшы, сенің атың кім еді?!

Залдағы дауыстың иесі (ақсия күліп). Ақылбек! Менің атым Ақылбек!

Досбол (таңырқай). Өй, сен де атыңа сай бала екенсің ғой!..

Ақылбек (залдағы дауыстың иесі). Енді көп ұзамай сенің де достарың көбейіп, сен де Досбол деген атыңа сай боласың!

Досбол. Рақмет, Ақылбек!.. Демек, атам қателеспепті ғой!.. Иә, менің атам қателеспеген екен!

Музыка. Екі беті алаулап, көздері ұшқындаған Досбол зал арқылы (бұл жолы ескі әдетінше сахнадан тіке секірмей, баспалдақпен айналып өтіп) сыртқы есікке қарай тұра жүгіреді.

Досбол (жаны жадырап). Ә-әже, менің досымның аты Ақылбек!.. Ол өзі сондай а-ақылды бала-а!..

Ақылбек қолындағы қалың кітабын ашып, жазуға ыңғайланады.

Ақылбек (залдағы дауыстың иесі). Иә, түзелуге бет бұрған және бір баланың есімін Киіз кітапқа жазып қояйын! (Жазады.)

Шымылдық


Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×