Бес көріністі қойылым
Сұлтан – ата, 65 жаста
Тұмар – апа, 64 жаста
Азамат – қаладан келген немере, 14 жаста
Айжан – немере, 14 жаста
Ақжол – немере, 13 жаста
Бірінші көрiнiс
Сұлтанның үйi. Төрде бiр диван, сол жақта бiр диван, екi кресло және ортада үстел, айналасында 6-7 орындық тұр. Сұлтан орындықта отырып, екiншi орындықтың арқалығына бiр ұшын байлап, қамшы өруге дайындап қойған қайыс таспаларды бәкiсiмен сыдырып отыр. Сырттан Ақжол мен Азамат жарыса кiредi. Екеуi де көңiлдi.
Ақжол (Сұлтанға жақындап келiп). Ата, мен Азаматты ауыл шетiндегi Дүйсеннiң шаруашылығына ертiп бардым. Ол ондағы көк дөнен, қасқа тайыншаларды, қозы-лақтар мен шудалы түйе-лердi қызықтады.
Сұлтан. Айналайын, Ақжолжан, дұрыс iстегенсiң, Азаматтың бәрiн де көрiп, бiлiп, үйрене бергенi жақсы.
Азамат. Ата, ата, Ақжол түйенi былай веревкасынан ұстап алып (бәрiн де iс-қимылмен көрсетедi), алдымен на колене, сонан соң прямо отырғызды.
Ақжол (күле сөйлеп). Веревка емес, ол түйенiң бұйдасы. Мен түйенi отырғызғам жоқ, шөгердiм. (Азаматтың сөзiн түзете қайталайды.)
Азамат. Мен бұйданы қатты тартып едiм, ол маған «вааф» деп трава плюнул.
Ақжол. Жо-жоқ, ата, бұл бұйданы қатты тартқанда мұрны ауырып, «а-ап» дегенде аузындағы күйсеп жатқан шөбi шашырап кеттi.
Сұлтан (iстеп отырған жұмысын тоқтатып қойып, күлiмсiрей екеуiн кезек-кезек қызықтай тыңдайды). Ой айналайындарым-ай, қызық болған екен ғой. (Оларды қостап қояды.)
Азамат. Ақжол түйенiң екi «горкасының» арасына көрпе салды да, оның арқасына вот так (бұтын талтайтып көрсетiп) отырып алды.
Ақжол. «Горка» емес, екi өркеш қой, мен оған мiнiп алдым да: «Шүу, шүу» деп санына сипай қамшылап едiм, ол ұшып тұрды.
Азамат. Сен құлай жаздадың ғой.
Ақжол (намыстана қызбаланып). Иә, саған... мен оның тiзгiн ғып жасаған бұйдасы мен алдыңғы өркешiнен мықтап ұстап алғам.
Азамат (атасына қаратып). Ата, ата, түйе быстрей-быстрей жүгiредi екен. Велосипед мiнген балаға да жеткiзбей кеттi.
Сұлтан. Азаматжан-ау, Ақжолға сен де неге мiнгесiп алмадың?
Азамат.. Мiнгескен деген не, ата?
Сұлтан. Мiнгескен деп екi адам бiрлесiп бiр түйеге бiрiнiң артына бiрi мiнгендi айтады.
Азамат. Ата, мен алғашқыда қорықтым. Кейiн үйренемiн ғой.
Сұлтан (орындығынан тұрып келiп, Азаматты арқаға қағып). Жарайды, жарайды, бiртiндеп-бiртiндеп бәрiне де үйренесiң. Ақжолдан қалмасаң болды, ол саған бәрiн де үйретедi.
Ақжол. Ата, Азамат қалалықтардың iшiндегi қазақжандысы екен. Мен бiраз жерге желiп барып келген соң ол түйенi шудасынан сипады, өркештерiн ұстап көрдi.
Азамат. Ондағы бiр апа басқа түйеден сүт алды. Сонан соң байлаулы тұрған баласын шешiп жiберiп едi, ол мамасының прямо стоя сүтiн iштi.
Сұлтан (үй iшiнде Азаматқа күле қарап, арлы-берлi жүрiп). Сүт алды демейдi, түйенi сауды дейдi. Оның баласын – бота дейдi. Әй, осы сен қалада шұбат iшiп көрдiң бе?
Азамат. Иә, ата, тойларда iштiм, кислый...
Сұлтан (сұқ саусағын шошайта дәлелдеп). Сол шұбат сен өзiң көрген түйенiң сүтiнен жасалады.
Ақжол. Ата, мына городскойың шұбат iштiм деп мақтанады. Ал мал атаулының аты-жөндерiн де бiлмейтiн бум-бум ғой.
Азамат (Ақжолға). Ей, сен мазақтай бермей, қойшы. Ата (жүзi-нен қуаныш есiп), мен жылқының да баласын, сиырдың да баласын, қойдың да баласын, ешкiнiң де баласын көрдiм. Бәрi де әдемi болады екен.
Сұлтан (Азаматты күле арқаға қағып). Малдың баласы де-мейдi, олардың әрқайсысының атаулары бар. Жылқының баласын – құлын, сиырдікiн – бұзау, қойдікiн – қозы, ешкiнiкiн лақ дейдi. Оларды шатастыруға болмайды.
Ақжол (қызбалана). Ата, Азамат қызығып кеттi ғой деймiн, қозы мен лақты екi қолымен қапсыра құшақтай көтерiп алыпты. Желiдегi құлындардың бастарынан құшақтап, маңдайларынан сүйiп жүр.
Азамат. Желi деген не, а? Не ветер?
Ақжол. Жел ұсталмайды ғой, ха-ха-ха (тағы да мазақтай күледi).
Сұлтан (қолымен көрсете). Жо-жоқ, Азамат, ветер емес, құлындарды байлауға арнап, екi жақ шетiнен екi мықты қазық қағып, сол екi қазыққа қатты тартып байлаған жiптi – желi дейдi.
Азамат (таңдана). Ал қазық деген не?
Ақжол күлiп қойып диван, креслолардың үстiн реттеп, орындықтарды орын-орындарына дұрыстап қойып, столдың үстiндегi газет-журналдарды жинақтап жүр.
Сұлтан. Қазық деген бiр жағы үшкiрленiп, жерге қағуға лайық-талып жасалған ұзынша темiр немесе ағаш. Орысшасы – кол.
Азамат (күлiмдеп). Да, түсiндiм, ата, мен бар ғой құлынның жып-жылтыр, әдемi жүндерiнен сипадым.
Сұлтан (күлiп). Иә, құлынның кекiлi, жалы, құйрығы болады. Оларды мап-майда қыл деп атайды.
Азамат. Ата, потом я құлынға мiнгiм келдi. Ол чудак екен, тұра қашты. Мен чуть-чуть былай (қимылмен көрсетiп) жығыла жаздадым.
Ақжол. Азамат, ол байлаудан босаған соң асыр салды ғой, ә?
Азамат. Мамасының қасында құйрығын бұлғаңдатып қойып секiрiп жүр. Қозы-лақтар да қатты ойнақтайды екен.
Ақжол. Ата, Азамат бәрiне де қызығып қарап жүр.
Азамат. Қозылар да, лақтар да шеттерiнен гимнастар ғой, ата. Биiк жиналған шөптерге де, жартастарға да секiрiп шығып, секiрiп түсiп, ойнақ салады екен. Наверно шеттерiнен жеңiл атлетикадан мастер спорта (бәрi жарыса күледi).
Ақжол. Азамат, сен көп малды бiрiншi рет көрдiң ғой, ә?
Азамат. Иә, Ақжол. Ата, бiздiң зоопарктегi қозылар мен лақтар неге көңiлсiз, а?
Ақжол(күле жауап қатып). Сенi қоршауға қамап қойса, көрер едiм?
Сұлтан. Азаматжан-ау, қозы-лақтар да сен секiлдi кең далада сайран салғанды ұнатады ғой.
Сахна қараңғыланады.
Екінші көрiнiс
Сұлтанның үйi. Зал. Сұлтан диванда Түркештiң «Көңiлашар» күйiн шертiп отыр. Азамат Ақжолдың бөлмесiнен шығып, ақырын келiп атасы отырған диванның жанындағы орындыққа жайғасады. Сұлтанның домбыра пернелерiнде өрлi-құрлы жүгiрген саусақтарына көз алмай қарап, күйдi бар пейiлiмен тыңдап отыр.
Азамат (күй аяқталған сәтте).Ата, домбыра ойнағанды жақсы көремiн. Үйретесiз бе, а?
Сұлтан (мейiрлене). Ой, айналайын, қасиеттi қоңыр домбыраға әуестiгiң болса, онда сен қазақтығыңды жоғалтпаған екенсiң. Бойыңда қаның бұлқынып тұр-ау, балапаным. (Өзi диванға түзелiп отырып) Кел, берірек, жақындау отыр. Онда алдымен ең жеңiл үйренетiн, бiрақ мағынасы жағынан ауыр әннен бастауымыз керек. «Елiм-ай» деген әндi естуiң бар ма? Мiне, былай (домбыраға қосылып айтады).
Қара таудың басынан көш келедi-ай,
Көшкен сайын бiр тайлақ бос келедi-ай,
Елiм-ай, елiм-ай!..
Азамат. Иә, ата, естiгенмiн.
Сұлтан. Ендеше осы әннiң әуенiн домбырада үйрену оңайырақ. Азаматжан, сен әндi өзiң бiлгенiңше ыңылдап айтшы.
Азамат ыңылдап айтады.
Сұлтан (қуана). О-о, балапаным, өте жақсы. Ән айтуға бейiмiң де, дыбыс қабылдау қабiлетiң де маған ұнады. Ендi домбыраның пернелерiне қара. Алғашқыда бiр iшекпен, бiр-бiр қағыспен ғана үйренемiз. Мiне, былай: үстiңгi iшекке ашық бiр қағыс, сол үстiңгi iшектегi 2-перненi саусағыңмен басып тұрып бiр қағыс, 3-пернеге бiр, 5-пернеге бiр, тағы да 3-пернеге бiр, 2-пернеге бiр, ашық iшекке бiр қағыс жасап, соны бiр-екi деп санағанша үзiлiссiз созылатын тербелмелi қағысқа (тремола) ұластырасың; ендi тағы ашық iшекке бiр, екiншi перненi басып тұрып бiр, үшiншi пернеге бiр, бесiншi пернеге бiр, астыңғы iшектiң 2-пернесiне бiр, екi санағанша тербелмелi қағыс жасайсың. Сонда «Қаратаудың басынан көш келедi-ай» деп айтылатын әннiң бiрiншi жолы шығады. Ендi сол астыңғы iшекке ашық бiр, 2-пернеге бiр, 3-пернеге бiр, 2-пернеге бiр, ашық iшекке бiр; үстiңгi iшектiң 3-пернесi мен астыңғы iшектiң екiншi пернесiне жылдам-жылдам бiр-бiр, астыңғы ашық iшекке тербелмелi қағыс бересiң. Тағы да үстiңгi iшекке ашық бiр, 2-пернеге бiр, 3-пернеге бiр, 5-пернеге бiр, астыңғы 2-пернеге тербелмелi қағыс керек. Бұл – әннiң «Көшкен сайын бiр тайлақ бос келедi-ай!» деген екiншi жолы. Ал астыңғы 2-пернеге бiр, ашық iшекке бiр, үстiңгi 3-пернеге тербелмелi; тағы да үстiңгi 3-пернеге бiр, екiншi пернеге бiр, ашық iшекке тербелмелi қағыс бер. Сонда «Елiм-ай, елiм-ай!..» деген қайырмасы айтылады.
Азамат. Ата, асықпай, қайталап шертiңiзшi...
Сұлтан. Жарайды, айналайын. Тек мынаны дұрыстап түсiнiп ал. Бағанадан үйренгендерiмiздi қайталап ойнар болсаң, ән шумағының «Ел-жұртынан айрылған қиын екен-ай, Қара көзден мөлтiлдеп жас келедi-ай! Елiм-ай, елiм-ай!» деген жалғас екi жолы қайырмасымен бiрге қайталанатын болады. Түсiнiктi ме?
Азамат (басын шұлғып). Түсiндiм, ата.
Сұлтан. Ендеше дұрыстап зер салып қарап отыр.
Сұлтан сөзiн айта отырып әндi үш-төрт рет қайталап шертедi. Содан соң Азаматқа домбыраны ұстатып, айтып отырып, қолымен көрсетiп үйретедi. Сәл үзiлiс жасайды.
Азамат. Ата, сiз қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмiсiз. Қамшы өру, ер-тоқым жасау, ағаштан әртүрлi өрнектi заттар
жасау, домбырада ойнау, ән айту өнерлерiн сiз кiмнен үйрен-дiңiз?
Сұлтан. Балам, ол – арғы аталардан жалғасып келе жатқан мирас. Қазақ қазаққа тәннiң бәрiн де бiлуi керек.
Азамат. Ата, менiң де нағыз қазақ болғым келедi. Бiлетiндерi-ңiздi үйретiңiзшi маған.
Сұлтан (риза кейiппен). Жарайды, ботақаным. Талабыңа нұр жаусын. Қолымнан келгеннiң бәрiн үйретемiн. Қазiр жаңағы үйренгендерiңнiң бәрiн қайталап бiр шерте ғой.
Азамат санап отырып, қайталайды. Кей жерлерде басқа пернелердi басып, артық қағыс жасап, басқа дыбыстар шығарып қойып, оған екеуi мәз бола күлiседi.
Сұлтан. Мiне, үйрене-үйрене келе күй де тартатын боласың. Бұл қазақтығыңа сын, балапаным!
Осы кезде сырттан қолдарында зат салынған қолдорбалары бар Тұмар апа мен Ақжол кiредi.
Тұмар (мейiрлене). О-һо, отырыстарың жарасыпты ғой!..
Сұлтан (қуанышты). Азаматжан домбыра үйренiп жатыр.
Тұмар (ол да қуанып). О-һо, жақсылық қой. Талабыңа нұр жаусын, айналайын.
Ақжол(қолындағы дорбасын үстелдің үстiне қойып, барып құшақтап). Апа, Азамат талантты ғой. Ол гитарада да, форте-пианода да ойнайды.
Сұлтан мен Тұмар(қосарлана). Өркенiң өссiн, айналайын!
Сахна қараңғыланады.
Үшінші көрiнiс
Ақжолдың бөлмесi. Бiр қабырғаға кiтап сөрелері қойылып, оған рет-ретiмен кiтаптар жинақталған. Оң жақта диван, ортада үстел және бiрнеше орындықтар тұр. Бөлмеде Азамат, Айжан, Ақжол – үшеуi отыр. Қолдарында бiр-бiр кiтап.
Айжан. Мен тест қабылдаушымын. Қолдарыңдағы кiтап, қағаздарыңды жинастырып, ауызша тестке дайындалыңдар. Азамат, сен өткен жолы шетел классиктерi мен қазiргi күнгi шетел қаламгерлерiнiң шығармаларын жақсы бiлетiнiңдi көрсеттiң. Ақжол, сен де жас шамаңа лайық бiлiм жинапсың. Ал осы жолғы тесттiң сұрақтары таза қазақы рухта болады. Көпшiлiгiн өткенде мен түсiндiргенмiн. Одан соң бiраз кiтаптарды оқуға тапсырма бергенмiн.
Азамат қолын көтередi.
Айжан. Иә, Азамат не айтқың келдi?
Азамат. Тестен өткiзуге пара алмайтын апайсыз ба? (Бәрi де күледi.)
Айжан. Жо-жоқ, таза бiлiмдерiңдi ғана бағалаймын.
Ақжол қолын көтередi.
Айжан. Ақжол, сенiң не айтқың келдi?
Ақжол (қулана). Жақсы бiр балмұздақ әкелiп қойып едiм, соны жеп алмайсың ба, бұл пара емес қой. (Күлкi.)
Айжан. Жоқ, Ақжол, тест кезiнде ештеңеге алаңдауға болмайды. Сонымен, бiрiншi сұраққа мен бiр өлеңдi әнiмен айтамын. Сендер соның авторы кiм екенiн табасыңдар.
Азамат мен Ақжол бастарын изеп, келiседi.
Айжан.
Бiлектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрiк, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көрiп пе ең мұндай түрiн?
Азамат (қулана). Кеше домбыраға қосылып айтып жатқан, Сұлтан атамның әнi шығар. (Бәрi де күледi.)
Ақжол. Iлияс Жансүгiровтiкi емес пе екен?
Азамат. Жо-жоқ, Iлияс атада ондай өлеңдер сирек. Сұлтан-махмұт Торайғыровтiкi болуы мүмкiн, по-моему.
Айжан. Дұрыстап ойланыңдар. Әрi бұдан кейiн бiр сұраққа бiр-ақ рет жауап беретiн болыңдар.
Азамат. Айжан, бұл талабыңа келiспеймiн, пiкiрталассыз ой өрбiмейдi ғой.
Ақжол (Азаматты қостап). Иә, ой өрбiмесе, ми да жұмыс iстемейдi.
Айжан. Бұл – тест. Тестте жауап бiр-ақ рет берiледi.
Азамат. Жарайды, жарайды, Айжан, айтқаныңа көндiк.
Ақжол қолын көтередi.
Айжан. Ақжол, сен асықпа, Азамат ойланып алсын.
Азамат (сәлден соң). Таптым, таптым. Әнi де, сөзi де Абай атанiкi ғой.
Айжан. Дұрыс, Азамат, ол кiм болған едi?
Азамат. Қазақтың ұлы ойшыл, философ, бас ақыны болған.
Айжан. Жақсы, жақсы.
Азамат қол көтердi.
Айжан. Иә, Азамат, не айтқың келедi?
Азамат. Бiз де сенi бiр сынап көрейiкшi. Ақжол екеумiз шағын көркем қойылымды ойнап беремiз, сен соның авторы кiм екенiн айтып беруiң керек...
Айжан. Ал, қане, мен келiстiм.
Ақжол (Айжанға). Бұл – әдебиет дүкенiнде болған жағдай.
Ақжол бөлмедегi кiтаптар тұрған шкафты дүкен ретiнде көрсетiп, өзi сатушы бола қалды. Азамат тұтынушыға ұқсап, сырттан кiргендей болады.
Азамат. Маған әдеби егеу керек едi.
Ақжол. Оны қайтесiз?
Азамат. Тiлiмдi бiраз егеу керек едi.
Тiлiмдi жамандап жүр...
Ақжол.
Егеу қалған жоқ, талап кеттi.
Әлгiнде бiреу келiп,
Сенбей, ақтарып қарап кеттi.
Азамат. Жақсы ұйқасыңыз жоқ па?
Ақжол. «Көзiм – сөзiм» деген қалған.
Азамат. Өй, ол менен қалған.
Теңеу жоқ па?
Ақжол. Жоқ, теңеу жоқ,
Теңеу болмаған соң, демеу жоқ.
Азамат. Тақырып керек едi?
Ақжол. Ол да болмай тұр.
Азамат. Жақсы ойлар жоқ па?
Ақжол. Болды, бiрақ бiр күн болды,
Оның өзiнде қырғын болды.
Азамат. Апыр-ай, бiр ой сақтасаң не етедi?
Ақжол. Сөз бар, сөз алыңыз.
Азамат. Ой, сөз өзiмiзде де жетедi.
Азамат пен Ақжол Айжанға қарап сахнада тұрғандай ойынның аяқталған iзетiн бiлдiрiп, алақандарын кеуделерiне қоя илiгедi.
Ақжол. Ал, Айжан, айта қойшы, бұл кiмнiң шығармасы?
Айжан. Ақын ағаларымыздың бiрiнiң туындысы ғой.
Азамат. Айжан, өлеңнiң мағынасына тереңiрек үңiлсеңшi.
Айжан. Түсiнiп тұрмын, көкжелкеден ұрған сарказмды сатира.
Ақжол (екпiндей). Нашар жазатын қайсыбiр ағаларымызды нағашы қалжыңмен-ақ тырапай асырған ғой.
Азамат. Күлкiңдi күлтөкпеге төктiретiн нағыз жатыпатар.
Айжан (ойлана). Сатираның сайыпқыраны Оспанхан Әубәкi-ровтің өлеңi.
Ақжол мен Азамат (қуана құптай, қосарлана қолын алып). Жарайсың, Айжан. Дәл таптың.
Айжан. Ендеше, ендi менi тыңдаңдар. Өткенде жаттатқан «Ауылым» әнiнiң бiр-бiр шумағын қайталаңдар. Әрi әннiң авторы кiм екенiн айтасыңдар.
Азамат (әндете).
Кiндiгiмнiң жас қаны,
Тамған жерiм – ауылым.
Шабытымның асқары,
Самғаушы едi ауылым...
Ақжол (жалғастыра, әртістерше қимыл көрсетiп).
Жастығымның куәсi –
Шұрқыраған ауылым.
Жусаны мен жуасы
Бұрқыраған ауылым...
Айжан. Жаттаған екенсiңдер. Ендi әнi мен сөзiнiң авторын атаңдар.
Азамат (күлiмдей). Тойдан, қонақтан көңiлденiп қайтқан са-йын папам үнемi осы әндi айтып, тоқтамай қояды. Мүмкiн сол папамның шығарған әнi шығар. (Күлкi.)
Ақжол (күлiп тұрып). Сөзi Жабайыл Бейсеновтiкi, әнi атақты композитор Темiржан Базарбаевтікі.
Айжан. Дұрыс. Ендi, ғарышқа ұшқан қазақ ағаларымыздың аты-жөндерiн атаңдар.
Азамат. Лайка, Юрий Гагарин(күлiп тұрып). Бiрi ит, екiншiсi орыс болса, қазақтар – Әубәкiров пен Мұсабаев.
Ақжол(әдейi тиiсе). Қай Әубәкiровті айтасың, Оспанхан ғарышқа ұшпаған.
Азамат. Тоқтар Әубәкiровті айтамын. Оспанхан да сатираның ғарышкерi.
Айжан. Әбiлсейiт Айханов деген кiм?
Ақжол. Спортшы. Күрес өнерiндегi қайталанбас әлемдiк тұлға, аты аңызға айналған халық батыры.
Айжан. Әбiлхан Қастеев ше?
Азамат. Ол – ұлттық рухтағы ғажайып суретшi. Қылқаламмен табиғатқа жан бiтiрген дара талант.
Айжан. Екеуiң де жарайсың. Әзiрше үзiлiс. Сонан кейiн келесi тестке тапсырмалар берiледi.
Сахна қараңғыланады.
Төртінші көрiнiс
Сұлтан атаның үйi. Зал. Сұлтан диванға отырып, бiр орындықты арқалығын өзiне қарата қойып, соған қайыстың бiр шетiн байлап, ендi бастап қамшы өрiп отыр. Есiктен Азамат пен Ақжол жарыса кiрiп, Сұлтанның қасына жақын барады.
Сұлтан. Дәл уақытында келдiңдер. Азамат, балам (сұқ сау-сағымен көрсетiп), орындықты дұрыстап қойып, қайыстың мына шетiн ұстап отыр. Мен саған қамшы өрудi үйретемiн. Бұл да ұлттық өнердiң бiр түрi. Ал сен, Ақжолжан, өз бөлмеңе бар да, өткендегi айылдың өрiмiн жалғастыр.
Ақжол. Жарайды, ата (көршi бөлмеге кетедi). Азамат қайысты шешiп алып, Сұлтан ақсақалдың қарсы алдындағы орындықты дұрыстап қойып соған жайғасады.
Сұлтан. Айналайын, Азамат, сен ендi мұқият қадағала. Бiздiң қазiргi өретiнiмiз – төрт таспадан өрiлетiн шыбыртқы қамшы. Мұның алты, он, он екi таспадан өрiлетiн бұзаутiс, дыр, дойыр дейтiн тағы басқа да түрлерi болады. Олардың өрiмi бұған қара-ғанда әлдеқайда күрделiрек. Ештеңеге алаңдамай, көңiлiңдi берi аудар.
Азамат. Жарайды, ата.
Сұлтан. Мыналарды (көрсетiп) бөлек-бөлек таспа дейдi. Осы таспалардың бiрiншiсiн былай, екiншiсiне айқастырасың. Ендi төртiншi таспаны үшiншi таспаның астынан алып, келесiсiнiң үстiнен, мына шеткiнiң астына жiбересiң. Бұдан ары осыны қай-талай беремiз. Таспалар ортаға, шетке ауысып түсiп отырады.
Азамат. Ата, жайлап өрiңiзшi, есiме сақтап үлгiрмей жатырмын.
Сұлтан. Мiне, былай (екi-үш қайталап көрсетедi).
Азамат. Ата, ендi мен өрiп көрейiншi.
Сұлтан. Жарайды. Андағы жағын әкел, мен ұстап отырайын.
Азамат. Мiнекиiңiз, ата. (Өрiм жағын өз қолына алып бiраз ойланып отырады.) Ал бастадым.
Сұлтан. Iске сәт, айналайын.
Азамат өредi.
Сұлтан. Тоқта, тоқта, Азаматжан. Төртiншiсiн үшiншi таспаның астынан жiбер. Әйтпесе, өрiмiң домаланбай, жалпайып қалады.
Азамат. Мiне, ата, үшiншi таспаның астынан, екiншiнiң үстi-нен, бiрiншi таспаның астынан алдым.
Сұлтан. Бұның дұрыс шықты. Ары қарай жалғастыра ғой.
Азамат. Мiне, ата.(Өрудi жалғастырады.)
Сұлтан. Бiрiне бiрiн айқастырғанда таспаларды қатты тарт. Сонда болбырамай, берiк өрiледi. Ара-арасында мына мүйiз ысқышпен (көрсетiп) таспаларды ысқылап-ысқылап қойсаң, жымдаса түсетiн болады.
Азамат. Жарайды, түсiндiм.
Сұлтан. Мына мен ұстап отырған, тiлiнбеген тұтас жағын – алақан дейдi. Өрiлiп бiткен соң осы алақан жағынан тобылғы немесе ырғай сапқа сапталады. Саптаудың да өрiп, былғарымен қаптап, түрлi түстi жылтырақ темiрлермен сақиналап деген сияқты толып жатқан түрлерi бар. Сонан соң қолға iлiп жүретiн бүлдiрге тағылады. Ал қамшыны шашақтау дегеннiң өзi үлкен шеберлiктi қажет етедi. Өрме шашақ, iлме шашақ, тағы басқа бiрнеше түрге бөлiнедi. Қамшының ұшын да шашақтап жiберуге болады. Сәнге ұстайтын, қыздар ұстайтын қамшылардың сабы әртүрлi қымбат тастармен әшекейленедi.
Азамат. Ата, ана төргi үйде жатқан, өткенде Тұмар апа көршi үйлердегi әйелдердi жинап алып бастырған киiз бен текемет те, кеше ғана сырып бiтiрген сырмақ та шеберлiк туындысы емес пе!
Сұлтан. Әрине, балапаным, сен киiз бастыруды көрген екенсiң ғой?..
Азамат(екi қолымен көрсетiп). Жүндi сабауға Ақжол, Айжан, мен – бәрiмiз апама көмектестiк қой.
Сұлтан. Мұның бәрi – қамшы өру, киiз басу, сырмақ сыру, алаша тоқу – қол өнерi саласындағы бөлек-бөлек ғылым, айналайын.
Азамат. Қазақ қарапайым болғанымен, ғаламат шебер халық екен-ау... (тебiрене). Қазақ боп туғаныма мақтанамын!
Сұлтан (шаттана). Өркенiң өссiн, Азаматжан!..
Сахна қараңғыланады.
Бесінші көрiнiс
Сұлтанның үйi. Зал. Ағаштан бедерлеп өрнектеп, қаңылтырмен оюлап қаптай жасаған жүкаяқ пен сандықты көтерiп, Сұлтан, Ақжол, Азамат – үшеуi дабырлай сөйлесе кiредi. Сұлтанның бiр қолында балға, қашау, пышақ, сүргi, басқа да құрал-саймандар бар.
Сұлтан. Балапандарым, бұл бiр бiткен iс болды. Ендi оны мына – көрнектiрек жерге қояйық. (Қолымен көрсетiп) Мiне, былайырақ...
Азамат. Бедерлердiң көбiн мен ойдым ғой, ә, ата?
Ақжол (Азаматқа). Иә, саған, жартысын мен өрнектедiм ғой.
Азамат (таласа). Мына қаңылтырды мен кестiм ғой.
Ақжол (қызбалана). Ал шегелеген кiм? Көрдiң бе, бiр бұдыры да бiлiнбеген.
Сұлтан. Жарайды, жарайды, айтыспай-ақ қойыңдар. Екеу-лерiңнiң де еңбектерiң, маңдай терлерiң сiңдi.
Азамат (сипалап, қызықтай қарап). Былай, қарағанда да әдемi көрiнедi екен...
Ақжол. Азамат, Азамат (әсерленiп), әртүрлi бояулармен боял-ған өрнектерi қандай әсем, ә?!.
Сұлтан. Сендердiң бұл бiтiрген жұмыстарыңа мен де қызығып тұрмын. Ал ендi кiшкене дем алыңдар.
Аз-кем үнсiздiк.
Азамат (салмақтана). Ата!.. Мен биыл қалаға сiздердiң бар-лықтарыңызға қарыздар боп қайтатын болдым.
Сұлтан (Азаматқа көзiн тiктей қадап). Ол ненiң, қандай қарыздар?
Осы сәт үйге Тұмар апа кiредi.
Сұлтан. Әй, Тұмар, берігiрек кел, мына Азамат бiзге қарыз-дармын дейдi. Қандай қарыз екенiн айтсын.
Тұмар (сұраулы жүзбен). Азаматжан, ол қандай қарыз, айналайын?
Азамат (сәл тосылып). Ендi... апа, сiз ала жаздай маған қазақы дәстүрге қатысты нәрселердi, киiз, текеметтердiң қалай басылатынын, сырмақтың қалай жасалатынын, алашаның жiптерiнiң қалай дайындалып, қалай тоқылатынын – толып жатқан дүниелердi үйреттiңiз.
Тұмар. Айналайын-ау, ендi ол менiң әжелiк парызым ғой.
Азамат (Ақжолды нұсқап). Мына Ақжол менi төрт түлiк малмен достастырды.
Ақжол. Әй, городской, әлi толық бiлмейсiң ғой.
Азамат. Түбi бiлетiн боламын. Қаладағы достарымды да бота, құлын, қозы-лақтарға жақындастырамын.
Осы тұста Айжан iшкi үйден шығып, бұларға жақындайды.
Айжан. Дауыстарыңыз жарқын-жарқын шығады, қандай әңгiме айтып жатырсыздар?
Азамат (Айжанды қолынан жетектей жақындатып). Мiне, Атам мен Айжан менi таза қазақ баласы жасады.
Айжан (еркелей). Маған әлi сынақ тапсырып бiтiрген жоқсың ғой. (Күлкi.)
Азамат. Иә, әлi сынақ тапсыруым керек.
Сұлтан. Айналайын, Азамат, түсiнгенiң – қабылдағаның, қабылдағаның – бойыңа сiңiргенiң. Ұлттық тәрбие саудаланбайды, сондықтан да олар қарызға жатпайды.
Азамат. Рақмет, рақмет сiздерге!
Сұлтан атасын, Тұмар апасын құшақтайды. Ақжол мен Айжан өздерi келiп Азаматпен екi жағынан қолтықтасады.
Азамат. Ата, апа, Ақжол, Айжан, қалада жүрiп сiздердi сағын-ғанда мына әндi айтып, сағынышымды басатын боламын.
Ақын Қадыр Мырза-Әлiнiң сөзiне жазылған композитор Ескендiр Хасанғалиевтiң «Атамекен» әнiн шырқайды.
Жасыл жайлау – түктi кiлем, көк кiлем,
Көк кiлемде көп ойнаймын, көп күлем.
(Ақжол мен Айжан қосылады.)
Айдарымнан сипап өткен самалды
Қазағымның алақаны деп бiлем!
(Сұлтан мен Тұмар да қосылады.)
Қайырмасы.
Қайда жүрсең Атамекен,
Көкейiңде жатады екен.
Күннiң өзi қимай оны
Ұясына батады екен.
Жасыл жайлау – түктi кiлем, көк кiлем,
Көк кiлемде көп ойнаймын, көп күем.
Асқар тауын аспанменен таласқан
Қазағымның мәртебесi деп бiлем!
Қайырмасы.
Жасыл жайлау – түктi кiлем, көк кiлем,
Көк кiлемде көп ойнаймын, көп күлем.
Күннiң нұрын, айдың аппақ сәулесiн
Қазағымның махаббаты деп бiлем!
Қайырмасы.
Шымылдық.
Соңы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі