Өлең, жыр, ақындар

Ерекше балықтар

Оңтүстік Шығыс Азияның мангрлы батпақтарының ма­ңында орналасқан көлшікте алтын түстес тұнба шор­шығы, яғни хризоспилос балығы өмір сүріпті. Бірде ол ауа жұтпақ болып су бетіне шыққанда ағаштың жапырағында отырған ұлуды көреді. Сол кездері ұлу қабыршағы жоқ жылдам жүретін жәндік болған екен.

— Қалайсың, ұлу? Осы сендер құрлықта қалай өмір сүресіңдер?

— Оңай ғой, — дейді ұлу сабырлы қалыппен. — Тек ауа жұта берсең болды емес пе?!

— Солай ма? Бірақ бұл мүмкін емес сияқты ғой.

— Ендеше үйретейін. Алайда менің шартым бар.

— Қандай?

— Маған қап-қап алтын бер. Сонда үйретемін.

— Жақсы, — деп балық суға сүңгіп кетеді.

Хризоспилос суда периофтальмуспен кездеседі.

— Достым, көңілің неге жоқ? — деп сұрайды периофтальмус.

Хризоспилос болған оқиғаны баяндап береді.

— Бұл бір жақсы жаңалық екен. Байлық бір күндік деген. Кел, достым, екеуміз еңбектеніп жұмыс істелік. Тапқан қаржымызды алтынға айырбастап жинайық.

— Жақсы.

Осылайша екеуі жұмысқа тұрады. Олар бай сазанның үйін жи­нау, күзету секілді қызмет атқарады. Түскен айлықтарының кө­бісін алтынға ауыстырады. Арада біраз жыл өткен соң қап-қап алтын жиналады.

Бір күні периофтальмус:

— Рақмет, ұлы сазан әулетінің өкілі. Сіздің қол астыңызда біраз жыл тер төгіп еңбектендік. Енді бізді еркімізге жіберіңіз, — дейді.

— Жақсы, жүре беріңдер. Алайда дұрыс киінбей, жөнді азық­танбай алтынды не себептен сатып ала бердіңдер? — деп сұрайды сазан.

Хризоспилос бастан кешкенінің бәрін сазанға айтып береді.

— Мен бұл ұлуға сенбеймін. Ол — жалқау. Оның қолынан түк те келмейді. Қап-қап алтындарыңды алып сендерден қашып кеткелі жүр.

— Олай емес. Оның сөзінде тұратынына сенеміз.

— Мен тек ақылымды айттым. Өкініп, нан табу үшін маған тағы да келіп жүрмеңдер. Өйткені бүгіннен бастап басқа қызметкер­лерді жұмысқа аламын.

Хризоспилос пен периофтальмус сазанмен қоштасып кете барады. Олар су бетіне шығып ағаштың бұтағында ерігіп отырған ұлуды көреді.

— Ұлу, қалайсың? Таныдың ба мені?

— Әрине. Алтындарың қайда?

— Міне.

— Бәрекелді! Ендеше мына жағаға алтындарыңды тастаңдар. Ертең кеште келіңдер. Құрлықта қалай өмір сүру керектігін үйретемін.

Екі балық барлық алтындарды жағаға шығарып тастайды. Ер­тесіне келсе, ұлуды таппайды. Жағада алтын жоқ. Қанша жерден шақырса да, күтсе де ұлу шықпайды. Көп ұзамай түн болады. Алданғандарын бір-ақ білген балықтар ашулы күйде үйлеріне кетеді. Келесі күні екі дос бас қосып сазанға келеді.

— Ассалаумағалейкүм, аға. Сіздің айтқаныңыз дәл болды. Біз алдандық. Сіздің қарамағыңызда жұмысқа тұрсақ дейміз.

— Қазір орын жоқ. Сендердің туысқандарыңды жұмысқа алдым.

Қос балық сазанның қызметкерлерінің хризоспилос пен периоф­тальмус екенін көреді.

Олар көргендерінің бәрін айтып береді. Сазан болса:

— Ендеше, сол ұлудың артынан қуып сазайын беріңдер. Ол сен­дердің қаншама жыл бойы маңдай термен тапқан алтын­дарыңды алып кетті.

Хризоспилос пен периофтальмус қалай дегенде де ағашта тығылып жүрген ұлудан өш алу үшін күнде жағаға жақын маңға келіпті. Уақыт өте келе бұл балықтар жағада жүріп, ағашқа өр­мелеуді өз беттерінше үйреніпті. Туысқандарына, білген әдіс-тәсілдерін көрсетіпті. Ал қап-қап алтынды оңай жолмен алып қашқан ұлу туысқандарына асыл тастарын бөліп беріпті. Күн­дердің күнінде ұлу хризоспилос пен периофтальмустың арттарынан ергенін сезіп, алтындарды арқасына үнемі тығып жүруді әдетке айналдырыпты. Бұл алтын кейін қабыршаққа айналып­ты. Осылайша ұлу қабыршағы бар жәндікке айналады. Алайда соның салмағынан ұлу бұрынғыдай жылдам емес, жай жүретін болыпты. Ал алтын таба алмаған хризоспилос пен периофтальмус әлі күнге дейін ағашқа өрмелеп, ұлуды мысықша аңдып жүріп қоректенеді екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз