Өлең, жыр, ақындар

Ырым

Жазғы демалыс кезі. Әділ үйде. Әлі ешқайда шыққан жоқ. Әкесі бір жаққа барамыз деп еді, уақыты болмады ма, сол күйі үнсіз кетті.
Үйде жүрген Әділдің мойнында біраз шаруа бар. Оның ең үлкені — таңертең ерте тұрып, таяу маңдағы бассейнге барып жүзіп келу. Бір сағат сонда болады. Басында әжесі ертіп барып жүр еді, енді өзі барып келеді. «Үлкен жігіт болдың. Артыңнан салпақтап жүрем бе, өзің бар», — деді бір күні әжесі. Содан бері бұл жұмыс өзіне қалды. Бірақ көп қиындық болған жоқ. Алғашқыда бір-екі рет киім салған сөмкесін ұмытып кеткенімен, кейін оны да қалт жібермейтін болды.

Әділдің мойнындағы екінші міндет — үйдегі қоқысты төгу. Жүзуден қалай келеді, солай босағада күтіп әжесі тұрады. Есікті ашып, арқасындағы сөмкесін сыпырып алады да, қолына қара дорбаны ұстатып, кері қайтарады. Басында бұны да әжесі екеуі істеген. Бұл жұмыс та біраздан бері жалғыз өзіне қалды.

Қоқыс төгетін жер алыс емес. Бірақ жолда бір «қиыншылық» бар. Жолда ылғи асыр салып ойнап жүрген ауладағы балалармен ұшырасып қалады. Олар жай жүрмейді ғой. Қызу ойынның туын тігіп жатады. Ал енді оны қиып тастап кетіп көр.

Міне, олармен бүгін де кездесіп қалды. Бірақ аса назар аударған жоқ. Жайымен қарап қойып өте берді қастарынан. Аз болмаса, алыстап та кетер еді.

— Әділ, — деді сол аралықта Азамат деген бала айқайлап. — Бері келші. Маған көмектеспесең болмады. Мыналар жеңіп кететін болды.

Азамат бірге оқитын сыныптасы болатын. Барайын деп бір оқталды да, әжесінің әңгімесі ойына оралып бөгеліп қалды.

— Менің қолым бос емес. Қоқыс төгуге бара жатырмын, — деді Әділ жүрісін жылдамдатып.

— Қоқысыңды қоя тұрсаң болмай ма? Сосын төгесің ғой.

— Жоқ, болмайды. Өйтсе, жаман болады…

— Не, оның несі жаман…

— Кейін айтып берем.

— Жоқ, Әділ… — Кейінге қалдыруға шыдамы жетпеді білем, Азамат басқа балаларды тастай бере, орнынан көтерілді. — Айтып берші, не болады? — деп қасына жетіп келді.

— Онда менімен бірге жүр, — деді Әділ оның жүзіне қарап.

— Жақсы, — деді анау екі сөзге келмей. — Айтып бересің ғой, ә?

— Әжем айтады, — деді Әділ қоқысты тастап, кері қайтқан жолда. — Қоқысты жолға тастауға болмайды екен. Одан тезірек құтылған жақсы дейді. Өйткені ол жынның ойыншығы көрінеді. Есіктен шыққан қоқысқа жындар таласады екен. Ал оны орта жолда тастап кетсе, таласқан жындар басқа адамдарға зиянын тигізуі мүмкін екен. Әжем солай дейді. Сол себепті мен қоқысты жолға тастамаймын. Сен де сөйт, қоқысты орта жолда тастама. Қоқыс жәшігіне салып, қайтып келіп ойнасаң да болады ғой.

— Рас па? — деді Азамат көзі бақы¬райып.

— Рас. Үлкендер өтірік айтпайды.

— Онда бұдан кейін мен де қоқысты орта жолда қалдырмаймын.

— Сөйтейік, — деді Әділ Азаматты өз сөзіне сендіре алғанына қуанып.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар