Өлең, жыр, ақындар

Туған күн

Бекболат анасының туған күніне не сыйларын білмей, кәдімгідей-ақ қиналып жүрді. Анасы не нәрсені ұнатушы еді? Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры тапқан сияқты.

Бірде анасы Бекболаттың жейдесіндегі үзілген түймені көріп: «Мына түймең ді қадап алу қолыңнан келмей ме? Бір өзім қай жағына жетемін. Осындай ұсақ-түйекпен жүйкемді жұқартпасаң да болады ғой», — деп ренжіген.

Бекболат: «Түйме қадайтын қыз емеспін ғой», — деп қалған. «Дастарқан дәмі мынау қыздардың, мынау ұлдардың тағамы деп бөлінбейді ғой. Үй шаруашылығына келгенде неге даралана қаласың?». Мұны айтқанда анасының дауысы діріл деп, кемсеңдегендей болды. Бекболат сонда анасын қатты аяған еді. Содан бері үйде аналары жоқта қолына ине-жіп алып, майда-шүйде тігуді үйреніп жүрген. Бекболаттың есіне осы жай түсті де, бір кішкене ақ матаға бесалты қара түймені екі жол етіп қадап қойды.

Бекболат анасының туған күніне өз саусағынан шыққан өнерін ұсынған. Анасы Бекболат ойлағандай емес, сыйлыққа керемет риза болды:

«Міне, мұнан артық сыйлықты ойлап табыңдаршы! Ананың айтқан ақылы далаға кетпей, баласы ның санасына жеткеннен артық не бар?! Бірақ балам ине-жіпке сақ болғайсың, оны бірден ырқыңа көндіріп алу оңай емес. Асып-сасып кез келген жерге тастап кетіп жүрме».

Анасының туған күніне жиналған қонақтар да сыйлықты жер-көкке сыйғыз бай мақтады. Дастарқан басындағы күлкі мен шаттыққа толы отырысты көрген Бекболатқа тағы бір ой түсті. Қонақтар тарқаған соң, анасының қасына келді:

—  Ана, осы Бикен әжейдің туған күні бар ма?

—  Әрине, әр адамның туған күні болады.

—  Ендеше ол кісі неге туған күнін тойламайды?

— Бұл кейінірек келген дәстүр, ол кісілердің тұсында жоқ еді, сонан соң ескерілмейді-дағы...

Ертеңіне Бекболат Бикен әжейдің үйіне барды. Әжей әдеттегідей: «Ә, Бекентай, келіп қалдың ба? Төрлет. Қазір екеу міз әңгімелесіп отырып, шай ішейік», — деп, қуана қарсы алды. Бекболат әжейдің үйіне жиі баратын. Ауыл балаларының ішінде әжейге көбіне-көп қол ұшын беріп, көмек көрсететін де Бекболат. Әжейдің әңгімесінен бұрын өз сауалын айтты.

—  Әже, сіздің туған күніңіз қашан?  — Бикен әжей қарқылдап күліп алды да:

— Ол жағын қайдан білейін, қарағым? Дүниеге сендердің жазу сызуларыңнан бұрын келдік қой, — деді.

— Әже, онда сіздің туған күніңіз сегізінші наурыз болсын, — деді Бекболат.

— Ол жағын өзің біл, қарағым. Әжеңнің туған күнінің билігі сенің қолыңда. Кел, шай ішейік, — деді Бикен әжей, Бекболаттың сөзіне мән бермей. Өйткені бұл аңқылдақ баланың аңғал мінездерінің бірі деп қараған.

Сегізінші наурыз күні кешкісін Бекболат, әкесі, анасы және Бекболаттың достары Серік, Алмажан, Айгүл, Болат сыйлықтарын құшақтап, әжейдің үйіне сау ете қалды. Бикен әжей қамзолының өңірін сипалай берді. Келгендерге көзін сығырайта ұзақ қарады да:

—  Әй, Бекентай-ай, сен болмағанда осындай бақытты күнді көрер ме едім! — деп, еріні кемсеңдеп көзіне жас алды. Сол күннен бастап Бикен әжейдің туған күні сегізінші наурыз деп есептелетін болды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз