Құралайдың қуыршағы жетерлiк. Олардың көбiн құрбылары туған күнiне сыйлаған. Қуыршақтарын бiр-бiрiмен шатыстырып алмау үшiн Құралай оларға ат қойды. Бiрi — Әсем, бiрi — Зияда, бiрi — Салтанат, осылай жалғаса бередi.
Құралай қай қуыршағының неше жаста екенiн, қандай көйлек киюдi ұнататынын, қандай тамақ қалайтынын бiледi. Тiптi қуыршақтарының мiнезiне дейiн айтып бере алады.
Бiр күнi Құралай Әсем дейтiн қуыршағын шешiндiре бастады. Мұны көрген шешесi:
— Жаным-ау, жалаңаштап қайтесiң? — деп сұрады.
— Көйлегi кiрлеген‚ жуып беремiн!— дедi Құралай.
— Оның дұрыс қой. Бiрақ, жуған соң тарылып, көйлегi сыймай қалып жүрмесiн!
— Сыймаса, басқа көйлек тiгiп беремiн!
Құралай Әсемiнiң көйлегiн жылы суға салып, асықпай жуды. Кiрi кеткесiн, суын сығып, жiпке жайып кептiрдi. Ендi оны үтiктеу ғана қалды. Құралай соған кiрiскен. Сол бойда, қарыны ашқан мысығы сүт сұрап, мазаламасы бар ма. «Шыдай тұр, қазiр құйып беремiн» дегенiне қарамастан, қайта-қайта сүйкенiп, мияулай бердi. Құралай мысығына алаңдап отырып Әсемнiң көйлегiн күйдiрiп алғанын бiр-ақ бiлдi.
Ол мұны мамасына айтпастан сыртқа шығып кеттi. Аулада ойнап, үйге қайта оралған. Қараса, Әсем орнында жоқ.
— Мама, Әсемдi көрдiң бе? — деп сұрады ол.
— Әсем саған ренжiп қалды! Көйлегiн күйдiрiп тастапсың ғой! — дедi шешесi.
— Күйдiрген мен емес, үтiк қой!
— Қызым-ау, үтiктi қыздырған да, көйлектi үтiктеген де өзiң емес пе? Оны неге өзгеден көресiң? Мұның жарамайды! Кемшiлiктi мойындау керек!
— Жарайды, онда Әсемдi тауып алып, кешiрiм сұраймын! — дедi Құралай.
— Әсем ешқайда кеткен жоқ. Жалаңаш болғасын ұялып, диванның қуысында жасырынып жатыр!— дедi шешесi.
Құралай қуыршағын диванның қуысынан тауып алды да, жас баладай, таза орамалмен құндақтатты. Содан соң:
— Әсем, сен маған ренжiме! Бүгiн өзiңе жаңа көйлек тiгiп беремiн! — деп оны кеудесiне басты.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі