Өлең, жыр, ақындар

Айтылмаған өтірік

Нұрай өте елгезек қыз. Үлкендердің бірі: «Кім үй тазалайды, кім төсек жинайды немесе кім ыдыс-аяқ жуады?» — десе, «мен» деп бірінші болып қол көтеріп, көмекке келеді.

Міне, ол бүгін де нағашы әжесінің қасынан табылды. Әжесінің бір шұғыл жұмысы шығып, қолындағы шаруаны Нұрайға тапсырды да, асығыс киініп, шығып кетті.

Нұрай шыны-аяқты жууға кірісті. Тазарған ыдыстарды жайлап орнына қойды. Бір шәшкенің сыртындағы дақтың кетпей қалғанын байқады. Оны ысқышпен сүрте салмақ болды. Қатты ұстады, әлде қатты ысты, білмей қалды, кенет шәшке екіге бөлінді де қалды.

Нұрай сасып қалды. Қалай болды бұл? Әжесі «кім сындырды» десе, не дейді енді? «Жанай сындырды» деп, інісіне жаба салайын десе, үйде өзінен басқа ешкім жоқ.

Қоқыс салатын шелекке лақтыра салайын деп бір оқталды да, әжесі көріп қоятынын ойлап, бөгеліп қалды. Не істесе екен? Ал бұл әжесі жақсы көретін шәшке болып қалса-ше? Іздесе, сұраса, не айтуы керек?

Әжесі қабағы қалың, көзі өткір, сұсты кісі болатын. Жайшылықта өте мейірімді болғанымен, ашуы келсе, барлығы қаймығатын. Соны ойлап Нұрай тіпті де жайсыздана түсті. Сөйтіп тұрғанда сырттан кенет аяқ тықыры естілді. Әжесі екен, жайлап басып кіріп келе жатты. Нұрайдың жүрегі атқалақтай түсті.

— Нұрай, қайдасың? — деді әжесі ішке енген соң.

Әншейінде «әже, мен мұндамын» деп, алдынан жүгіріп шығатын Нұрай үнсіз қалды.

Әжесі енді асүйге бұрылды.

— Нұрай?

Есік қарап тұрған Нұрай қолындағы екі бөлінген шәшкені әжесіне қарай ұсына берді.

— Кім сындырды? — деді әжесі таңырқап.

— Мен, — деді Нұрай дауысы дірілдеп. Артынша өз-өзін тоқтата алмай жылап жіберді.

— Не болды? — деді не болғанын түсінбеген әжесі одан ары таңырқап.

— Мен… байқамай… шәшкені сындырып алдым, әже…

— Ештеңе етпейді, құлыным! — деді әжесі мән-жайды білген соң Нұрайды бауырына тартып. — Жылама! Ештеңе етпейді. Қайта сенің шындықты айтқаныңа риза болып тұрмын! Ақылды балалар ешуақытта өтірік айтпайды. Қорықса да айтпайды…

Бұл сөзді естіген Нұрай әжесін жақсы көргені сонша, етегіне оралып, құшақтай алды.

Сәлден соң:

— Ешуақытта өтірік айтпа! Өтірік айтқан балаға достары сенбейтін болады,— деген әжесінің мейірімді сөзі келді құлағына.

Нұрай жылап тұрып басын изеді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз