Өлең, жыр, ақындар

Тоқымқағар

— Нартай! — деді арт жағынан бір кісі. Нартай жалт қарады.

Анда-санда көретін, екі-үш үйдің аржағында тұратын көрші әже екен. Тоқтап, шамалы күтіп тұрды да:

— Амансыз ба? — деп амандасты жақын келген соң.

—Аман ба, балам? Атаң келді ме? — деп сұрады қасына келген көрші әже.

— Жоқ, — деді Нартай таңдана қарап.

— Сағындың ба?

Нартай үнсіз басын изеді.

— Мен бір хабар естідім. Атаң келмейтін болыпты, — деді көрші әже жымиып. Соны айтып, қайтер екен дегендей Нартайға сынай қарап бір сәт тұрды да: — Сол жақтан бір кемпір алып, сен секілді немере тауып алыпты. Енді әжең екеуіңе қиын болатын болды.

Нартай тіксініп қалғанмен, сенбеді. Атасының олай істемейтінін жақсы біледі. Екіншіден, көрші әже күліп тұрып айтты. Үлкендердің  кейде өстіп қалжыңдайтыны бар. Шамасы, сондай-сондай бірдеңе.

— Сендің бе? — деді аздан соң көрші әже Нартайдың бетіне қарап.

Нартай күліп, басын шайқады.

— Өтірік айтам. Атаң өйтпейді. Кеткелі біраз болды, келді ме… білейін дегенім ғой, — деді көрші әже қатарында келе жатқан Нартайдың басынан сипап. — Келіп қалар… әжеңе айт! Тоқым қақсын! Сонда тез келеді.

Нартай түсінген жоқ. Бірақ бұл сөзді әжесіне айтып баруға уәде берді.

— Әжеңе сәлем айт! Мен айтқан сөздердің бәрін ұмытпай, айтып бар, — деді көрші әже айырылысар тұста тағы да күліп.

—Мақұл!— деді Нартай бұрыла бере.

Келген бойда болған жайды түгел айтып берді. Әжесі күлді де қойды.

— Күлай ғой… — деді сәлден соң. — Ол сөйтіп қалжыңдасып жүреді. Атаңды нағашым деп әзілдеседі.

— Әже, тоқым қағар деген не? — деді Нартай артынша.

— Тоқым қағар деген… атаң секілді жолаушылап кеткен кісі кешіккенде, соны сылтау қылып, жиналып ішетін бір шәугім шай. Көрші-қолаң бас қосады. Жақында ғана жол жүріп келген тағы бір кісінің тоқымын әкеп қағады. «Тоқым қағар» деген содан шыққан болу керек. Біз де қағайық. Аздан соң барып жаңағы Күлай әжеңді шақырып кел. Ертең кешке деп. Қалған көршілерді өзім шақырайын, — деді әжесі тоқтап қалған шаруасына бұрыла беріп.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз