Өлең, жыр, ақындар

Әжеге апаратын жол

Әжесін сағынғалы қашан. Сонау жазда барған. Қазір бір жас үлкейді. Енді көрсе танымай қалатын шығар.

— Үлкейіп кетіпсің ғой, қалқам-ау, — деп айтары сөзсіз.

Онда бақта жеміс-жидектердің піскен шағы болатын. Алма, алмұрттар сыңсып тұрды. Әжесі олардан қақ жасаған. Ал оның бәрін Айгүл үйдің төбесіне жаяды.

Әжесі күнде кешкісін үй алдындағы пешке от жағады. Бұл уақытта желіні жер сызып, өрістен ала сиыр келеді.

Аздан соң аспанда жұлдыздар қаптап кетеді. Шегірткелер шырылдайды. Әжесі екеуі пештің алдында қызыл алауға малынып отырып, сүт пісіреді. Қазандықтың қасында айтқан әңгіменің әсері бөлек. Көпке дейін ұмытылмайды.

Жазғы күндері олар далаға, үйдің алдындағы сәкіге түнейтін. Айгүл тіпті қорықпайды. Әжесінің қойнына сып етіп кіріп кетеді, ол: «Қоңыр қозым!» — деп бетінен сүйеді.

Таңертең бұл тұрғанда, әжесі ала сиырды күрп-күрп сауып жатады. «Тәк, тәк, тыныш, қайтеді-ей мынау», — деп қояды, ала сиырға ұрсып. Айгүл ұйқысын қимай біраз отырады. Таңғы тыныштықты бұзып, машиналар қырқаға өрлеп бара жатады.

Айтпақшы, әжесінің көршісінің бір жылауық қызы бар еді ғой. Әжесі екеуі сол үйге барғанда танысқан. Сонда екеуі жарысып есеп шығарған. Бірақ көршінің қызы түк білмейді екен. Соған ызыланды ма, болмашы бір нәрсені сылтауратып жылап жіберген…

Ал қазір Айгүл бәрін сағынып отыр. Бақшаның аяғында бұлақ болатын. Содан күніге су әкелетін. Әжесінің қара қасқа қойының егіз тапқаны да есінде. Қозылар кіп-кішкене, қап-қара болатын. Оларға ол үйдегі кішкене ала мысықты қосып қоятын. Тіпті үйреніп алған соң, ала мысық қозылардың үстіне жатып ұйықтайтынды шығарды. Қозылар секіріп ойнақтайтын шамаға жеткен соң, бұның соңынан қалмайтын. Біресе қуып, біресе қашып жүретін.

Бүгін таңертең әкесі:

— Дайындал, әжеңнің ауылына барасың, — деді.

…Енді, міне, олар әкесінің көлігімен үлкен қара жолға түсті. Дәл осы жол әжесінің ауылына  апарады. Айгүлдің жүрегі аттай тулап қоя берді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз