Күз күндерінің бірі. Аспан бұлтты. Анда-санда себезгіліп алып басылады. Әзірге айығатын түрі жоқ.
Еділ мен Еміл үйде. Демалыс болғанымен сыртқа шығуға тиым салынған. Себебі — жаңбыр. Жер лайсаң, ойнайтын орын жоқ. Мұндайда басқа балалар да сыртқа шықпайды. Қамалып үйде отырады.
Екеуі күндегісіндей ерте оянған. Қазір екінші қабаттағы ортақ бөлмелерінде өздеріне тиесілі жұмыспен айналысуда. Бір-екі сағат ғаламтор ойындарын ойнап еді, одан енді жалыға бастады. Тіпті, кішкене Еміл орнынан бағана-ақ тұрып кетіпті.
— Аға, ананы қара… — деді бір кезде терезе жақтан айғайлап.
— Ол не? — деп жалт бұрылды Еділ елең етіп. Емілдің үні назар аудармасына қоймастай еді.
— Әне, қарашы анаған… алма — деді аулаға қараған артқы терезеге тақау тұрған Еміл одан сайын жақындап.
Орнынан жай тұрып келіп:
— Қане… — деп немқұрайлы қараған Еділ қол созым жерде тұрған қып-қызыл қос алманы көргенде көзі жанып кетті.
— Қандай әдемі, ә? — деді қызығып. — Өздері тіпті үлкен екен.
— Иә. Екеу, — деді Еміл тағатсыздана тамсанып.
— Қалай алдық оны енді?
— Рас, ә… қалай аламыз?
Қос алма күтпеген олжа еді. Күздік жиын-терім аяқталғалы біраз күн болған. Жапырақтардың арасына жасырынып мына екеуі қалып қойыпты. Ойламаған жерден көзге түсіп, онсыз да зерігіп отырған балаларға жақсы ермек табылды.
— Қалай алдық? — деді Еділ қатты ойланып.
Іске шынымен-ақ кіріскені анық байқалды. Ағасының бір амал табатынынан үміттенген Еміл де оның соңынан қалмай айналсоқтап жүр.
— Қалай аламыз, аға, а… қалай аламыз? — деп қояды анда-санда.
— Соны өзім де білмей тұрмын! — деді Еділ желкесін қасып. — Таптым! — деді ол ізінше орнынан секіріп кетіп. — Таптым…
— Не істейміз, аға? — деді Еміл түкке түсінбесе де ағасының бетіне күлімдей қарап.
— Былай істейміз, — деді ағасы іле оған бұрылып. — Жүр! — деді артынша бұйрық беріп. — Менің артымнан ер!
Екеуі жүгіріп астыңғы қабатқа түсті. Құдай оңдағанда ешкім жоқ екен. Тіке барып асүйге кірді. Онда да адам көрінбеді. Мұздатқыштың артында, бұрышта тұрған кернейдей ұзын ақ құбырды алып шықты. Оны асүйдің бітеле беретін су құбырын ауыстыруға кеше әкеп қойған болатын. Әлі орнында екен. Екеуі екі басынан көтеріп, үстіге алып шықты. Терезені ашып, құбырды сыртқа шығарып көріп еді, керек жерге жетердей ұзын екен. Біреуі ортан белінен, екіншісі келесі басынан ұстап, алмаға қарай жақындатты. Артынан аузын жеміске кигізіп алып, жоғары-төмен қозғап қалып еді, сол сәт сабағынан үзілген алмалар, құбыр ішімен бері қарай сырғи жөнелді. Сол күйі ағып келіп, аяқтарының астына топ ете қалды.
Қуанып кеткен Еміл тұра жүгірмек болып ыңғайланып еді:
— Тоқта! — деді Еділ оны бөгеп. — Асықпа. Алдымен мынаны апарып орнына қоймаймыз ба? Әкем көрсе ұрсады ғой.
— Рас, ә, — деді Еміл өзінің шамалы асығып кеткенін сонда барып аңдап, ыңғайсызданып. — Кеттік, — деді сосын құшағындағы құбырды қайта көтеріп.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі