Венеция – дүние жүзіндегі ең керемет, көздің жауын алып, жүректі елжіретер және тарихы орасан зор, сонысымен атағын кеңінен шығарған қала. Әйгілі Италия мемлекетінің ең көрікті алқаптарының бірі, ерекше сұлулығымен ондаған жылдардан бері туристтер мекеніне айналған Венеция сонау замандардан бері судың үстінде өзгермеген күйінде орналасқан. Бұл таңғажайып қаланы өз көзімен көріп, аралап, оның өз ағымымен өтіп жатқан өмірінің бір мүшесі болып, содан ләззат алып, шынайы ертегіде болып қайту - бүгінгі таңдағы көзі ашық, санасы ояу әрбір азаматтың арманы десе қате болмас, өйткені бұндай бақыт екі адамның біріне беріле бермес. Бұлай деуімнің себебі, Венеция – мәңгілік қала емес, ондағы су биіктігі жылдан-жылға көтеріліп келеді. Ғалымдардың пайымдауынша, Венецияны шамамен 80 жылдан кейін су толығымен басып қалуы мүмкін. Мінекей, осындай ұаланы көру бақыты бұйырған адамдардың бірі менмін десем де болады.
Ғажайып мекенге барып, ел мен жер танудан бөлек, танымал Венеция университеті Ка Фоскарида европалық сапалы білім алуымда жолымды бағыттауға себепші болған аяулы білім ордасы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде белсенді түрде қолдау тауып, студенттерге үлкен мүмкіндіктер беретін халықаралық білім алмасу аясындағы академиялық ұтқырлық бағдарламасы болып табылады. Нақтырақ айтқанда, Италиядағы тәжірибелік сапарда 2019 жылдың 6-шы қыркүйегінен 2020 жылдың 1-ші ақпанына дейін болуыма себепші болған - академиялық ұтқырлық тұсындағы халықаралық оқыту бағдарламаларының бірі болып табылатын «Эрасмус +» бағдарламасы.
Қазіргі таңда мен болашақтағы еліміздің тарихи қазынасы мен архив ісі үшін маңызы өте үлкен «Мұрағаттану, құжаттану және басқаруды құжаттамамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша жоғарғы білім алып жатқан жөнім бар. Былтырғы жылы Университет сайтынан осы Эрасмус бағдарламасы берген жарнаманы көріп, сұралған талаптар бойынша өзімді ұсынып, бағымды сынап көрдім. Қуанышыма орай, Ка Фоскари университіне қабылданып, Эрасмус бағдарламасы бойынша шәкіртақы тағайындалатын болды. Осылайша, келесі жарты жылда алған оқу және мәдени тәжірибем басталды деуге болады.
Ка-Фоскари университеті – әлемнің түкпір-түкпірінен жас таланттарды табуға және қолдауға ұмтылатын алдыңғы қатарлы білім беру орталығы. Ондағы білікті оқытушылар оқытудың инновациялық әдістерін қолданады, сондай-ақ болашақ мамандарға әртүрлі зерттеулер жүргізуге көмектеседі. ЖОО-ның тағы бір басты міндеті – студенттер мен түлектерге мамандық бойынша іс тәжірибелерінен өтуге мүмкіндік беру. Ка Фоскари көптеген халықаралық ұйымдармен, сауда палаталарымен және мәдени орталықтармен әріптестік қарым-қатынасты қолдайды. QS World University және Times World University рейтингіне сәйкес, Ка Фоскари Университеті гуманитарлық ғылымдардан білім беретін әлемнің үздік Топ-150 жоғарғы оқу орындарына жатады.
Бағдарлама бойынша белгіленген бір семестр бойы мен Ка Фоскари университетінде «Адам мен компьютер арасындағы өзара байланыс және ақпараттық көрнекілік», «Тіл оқыту ғылымының теориясы» және «Итальян тіліне кіріспе» атты пәндерін оқыдым. Бұл пәндер бойынша унверситет профессоры Кармель Мэри Кунан, университ зерттеушісі Питтарелло Фабио, лингвистика саласындағы педагог және экперт Елена Балларин және Портленд мемлекеттік университетінің итальян тілі кафедрасының доценті, PhD оқытушы Сильвия Боэродан білім алдым. Итальян тілінен басқа дәрістер мен семинарлар ағылшын тілінде жүргізілді. «Адам мен компьютер арасындағы өзара байланыс және ақпараттық көрнекілік» пәні бойынша «Orange», «RawGraphs», «Tableau», «Canva» секілді ақпаратты көрнекілеуші бағдарламалармен жұмыс істеуді үйрену мұрағат ісі саласына білім алып жатқандығымнан, мен үшін өте пайдалы болды. «Тіл оқыту ғылымының теориясы» пәні бойынша мен тілдерді оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерімен, әсіресе, бүгінгі таңда қоғамның барлық салаларында кеңінен қолданылатын және халықаралық тіл болып табылатын ағылшын тілін үйретудің методологиялық негіздерімен таныстым. Сондай-ақ, оқу процесі барысында мен тезистер, мақалалар, баяндамалар, диссертациялар сияқты ғылыми жұмыстардың құрылымдарын дұрыс жазуды және дұрыс тұжырым жасауды үйрендім. Университет кітапханаларында жұмыс жасап, менің магистрлік диссертациялық жұмысым бойынша құжаттық лингвистика туралы бірнеше материалдар таптым. Оқу семестрінің соңында мен маған жеке берілген тапсырма бойынша музейлерде шет тілін (ағылшын тілін) оқыту бойынша шағын ғылыми жоба жаздым. Осы пәндер бойынша жинақтаған білімімді қолдану мұрағат ісінің электрондық ақпараттық жүйелері жұмыстарына, сонымен бірге, шынайы және визуалды музейлерде қойылатын көрмелердегі архивтік құжаттар тарихының ағылшын тіліне сапалы тұрде аударылуы секілді жұмыстарына септігін тигізуі мүмкін.
Қорытындылай келе, оқу барысында магистерлік диссертациялық жұмысымның тақырыбына етене жақын келетін пәндердің боламағандығына қарамастан, жалпы, бұл баға жетпес ғылыми және мәдени тәжірибе сыйлаған қанағаттандырарлық сапар болды. Мен бұл өткен тәжірибе екі университет арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың болашақта одан әрі дамып, өрбуіне әсерін тигізеді деп үміттенемін. Сонымен бірге, осы ақпаратпен бөлісе отырып, қазақ жастарының шет елге барып, сапалы білім нәрін сусындатып, болашақта елімізге ерен еңбек етулеріне түрткі боламын деп сенгім келеді.
Нұрахун Ә.А әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Тарих, археология және этнология факультетінің 2 курс магистранты
Нұсқабай П.Н әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Тарих, археология және этнология факультетінің аға оқытушысы, PhD
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі