Өлең, жыр, ақындар

Жандос күткен көктем

Жандос бірінші сыныпта оқиды. Баланың басынан бақайына дейін тұнған қабілет. Сабақты қамшы салдырмай оқитын нағыз тасқайнат жан. Ол сурет салғанды ұнатады. Бірде сурет сабағында екі таудың басына анасы мен әкесін отырғызып, өзін қақ ортасына қойыпты. Мұғалиманың: «Неге бұлай істедің?» — деген сұрағына, бала: «Олар мен үшін әрқашан асқартау боп қалады!» — деп жауап беріпті. Жандостың әкесі — Айбол Алматы әкімшілігіне қарасты «Қала безендіру» бөлімінде жұмыс істейді.

— Ой, менің балам ақылды ғой! — деді әкесі Айсұлуға көз тастап. Ал, Айсұлу болса бір жағдайға қатты алаңдап тұрды да:

— Кітап оқу — жақсы әдет. Бірақ, оны көзге зияны тимейтіндей етіп оқыған жөн, жаным. Сондықтан, көп оқыма, көзің ауырады, — деді.

Айсұлудың табиғатында алыстан орағытып, астарлап сөйлеп, ығы мен қыбын қатар тауып айтар ылпаңдық жоқ. Дәрігердің: «Балаңыздың сол көзі әлсіз көреді, операция жасау керек» деген сөзі есіне түссе болды, өзін күздің өкпек желінде жұқалтаң лыпамен қалған адамдай сезінеді. Дірілдеп-қалшылдайды. Әйел: «Оған ақшамыз жетпейді ғой», — дегенде, хирург: «Онда балаңыз көруден қалады! Басқа амал жоқ!» — деген еді. Айболда да, өзінде де қажетті қаржының жоқтығы ойына оралса, бар үміті жартасқа соғылған толқындай быт-шыт болады. Әйелдің сол кездегі хал-ахуалы түлкінің аузында шырылдап бара жатқан балапандай аянышты-тұғын. Кішкентай Жандос екі тізесін құшақтап, анда-санда ерні икемге әрең келіп, өзімен-өзі сөйлеп отырды.

— Тізеңді құшақтама, балам! Ол — жаман ырым, — деді әкесі анадайдан сөйлеп. Баланың сол отырысында өңіндегі алқызыл жылылық азайып, көзі де жауыннан соңғы тоспадай тартылып, тереңдеп алды.

— Мам, маған шай құйып беріңізші, — деді Жандос жандарына келіп. Айсұлу арық қолдарымен шәугімнің тұтқасынан ұстап, тұмсығын кесеге қарай икемдеді.

— Менің құлыным әбден шөлдеп қалыпты ғой. Келші, маған, — деп анасы оны тізесіне отырғызды. Кішкентай Жандос алдындағы шайды сораптап іше бастады. Әке-шешесі баланы тазалыққа, қоқыс атаулысын көре қалса, жинап жүруге үйретіп өсірді. Өткен аптада үшеуі далада кетіп бара жатқанда, ол өз еркімен бос бөтелкені жәшікке салған еді...

— Айбол, мен нан алып келейін! — деді де Айсұлу дүкенге беттеп бара жатқанда, қолындағы дипломатын ары-бері тербетіп келе жатқан Дәуренді көріп қалды.

— Қалың қалай, Дәуренжан?!     

— Жақсы! Өзіңіз қалайсыз?

— Құдайға шүкір, — деп Айсұлу көзін төмен салды. Бұл қимыл жігіттің көңіліне сезік ұялатты.

— Не болды, әпке?!

Дәурен Айсұлуды тек көршісі ретінде ғана емес, өзінің туған әпкесіндей жақсы көреді, сыйлайды, құрметтейді. Бір-бірімен жақын араласқаны соншалық туысқанындай боп кеткен. Жігіт ол кісіні көрген сайын қалжыңдасып, «әпке» десе, Айсұлу оны «інім» деп еркелетеді. Әйел ине жұтқан ит секілді имиіп қалды. «Қарызды қалай сұрасам екен? Ақшаны бере ала ма екен?» деген ойлар оның басын шырмауықша шырмап алды.

— Күлбілтелемей айтсаңызшы, әпке. Ұялмаңыз, — деді Дәурен сұраулы жүзбен.

— Жандостың операциясына ақша қажет боп тұр.

— Қанша?

Айсұлу ары қарай сөйлеуге, жігіттен ақша сұрауға дәті шыдамады.

— Жүз елу мың теңгедей ақша берсем жете ме? Бірақ, ол ақшаны қайтармай-ақ қойыңыздар, — деп ол дипломатынан бір бума ақшаны суырып бере салды.

— Рақмет саған! Ол қарызды қалай болғанда да қайтарамыз, Дәуренжан. Жандостың мектепке бармағанына жарты жылдан асты. Жеделдетіп көзіне операция жасатпаса, мүлде көруден қалады. Әзірге оған кітап оқуға болмайды. Әкесі екеуміз оның мектеп бағдарламасынан қалып қоймас үшін біраз кітап сатып алған едік. Соларды бір күні Айбол, бір күні мен Жандосқа кезек-кезек оқып береміз. Далаға шықпайды. Балалармен ойнамайды. Өйткені, ойнағысы келмейді. Балалар оны «соқыр, төрткөз» деп кемсітеді екен. Соны естіп түнімен жылап шықтым. Жүрегім қатты ауырды. Айбол екеуміз не істерімізді білмедік. Анда барамыз ақша жоқ, мұнда барамыз ақша жоқ. Үмітімізді үзе бастадық. Мен болса үйдемін, ал Айболдың тапқаны тамақтан артылмайды. Құдай жолыңды оңғарсын. Айың оңыңнан тусын. Арзу-арманыңа, алдыңа қойған мақсат-мұратыңа сүрінбей жет, інім! — деп бетінен шөпілдетіп сүйе бастады. Көзінен аққан тарам-тарам жас әйелдің бетін жуып кетті. Айсұлу тоқтай алмады, жылай берді, жылай берді.

— Әпке, жыламаңызшы. Ақша деген қолдың кірі ғой. Ертең-ақ барып ота жасатыңыздар.

Айсұлу қолына ақшаны қысқан күйі үйге асыға кіріп: «Жандостың операциясына ақша таптым. Дәурен берді», — депті сасқанынан. Үш күн өткен соң ота жасалды. Сәтті өтті. Сөйтіп, ана-анасының жүрегін жаныштап басып тұрған зілмауыр қаратас домалап түскендей болды. Жандос бірінші Құдай, екінші Дәурен жәрдемдесіп емделіп шықты. Сүйретіліп күз де, қыс та кетті. Дала түнгі жүргінші екі аттап, бір сүрінетін батпақ. Көк сүттің бетіндей ғана боп қатқан шалшық, күнұзақ құлдыр-құлдыр ағып, жолды орып кетіп, қыс бойы көшенің қос қапталына жалдана жиналған сұр қарға қара сылақ жүргізіп, дүниені өзгертіп жатқан қар суының әрең-әрең естілер-естілмес сылдырға көшкені естіледі. Сол күні кішкентай Жандос ерекше қуанды. Жер-әлем ашаң жасыл түске ететін шақ та алыс емес. Оның артында жадырап күлген, ұялшақ жаз бар. Өмірдің ноқтасын сыпырып тастап, айызың қанғанша ұзақ демалар күн де жақын. Міне, көктем жыл сайын алыстан ортайған көңіл, азайған үмітті толтырып өту үшін лекілдеп келеді. Көктем — адам біткенге ортақ мезгіл. Ол келгенде бәрі қуанады, ал кетерінде ешкімнің көңіліңе қаяу түсірмес үшін қоштаспай, елеусіз ғана көзден таса, көңілден ғайып болады. Жандос осы көктемді қатты күтті. Көзі жақсы көріп, жанындағыларды жаңадан танығандай болды. Ол қолына түрлі-түсті қарындаштарын алып, асыға күткен көктемді ақ қағазға көшіре бастады.

— Мама, папа, қараңыздаршы әдемі ма? — деді кішкентай Жандос жымиып.

— Иә, құлыным, әдемі, өте әдемі! — деді қуаныштан күлкісі айналасына шуақ шашып тұрған баласына сүйсіне қараған ата-анасы... 


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз