Өлең, жыр, ақындар

Суыр

Шексіз де шетсіз көсілген ұлы дала. Жер апшысын қуырып шапқан тұлпар мен топшысы қатайған сұңқарды сынға салар сайын өлкенің сан түрлі жұмбақ сыры бар. Төбеде құс, төменде жәндік, ортада адамзат. Алыс-жұлыс — мәңгі аяқталмас майдан. Дөңгелек жер шарының бір пұшпағын мекендеген біздің ауылдың жаз жайлауы — Суыр азғанның қарсы тұсында.

Ортамызды Ар өзені бөліп тұрады. Ауылдың көнекөз қарияларының айтуынша, Ар өзенінен бағзы заманда өтудің өзі қиямет-қайым. Ағыны қатты, ат тұяғын шалар малта тасы көп, кез келген жерінен өткел жоқ. Тағы бір қызығы, Ар өзенінен жол тауып өткен адамның маңдайын күн шала қоюы екіталай екен. Ал бұл күндері Ар өзені есте жоқ ескі замандағы айбатынан тұлдай болған. Кеудесі есік пен төрдей арынды айғыр мінген алымды жігіт түгілі, ауылдың апшысын қуырар жалаңбұт дүмшелері де оқталған жерінен кешіп, қарсы жағаға шыға береді. Бірақ Ар өзенінен өткеннен кейінгі тағдыры бір Аллаға ғана аян. Оны жер басып тірі жүр дегені болмаса, бақытты өмір кешіп жатқанына есті адам шүбәлана қарары хақ. Бұл күндері «Суыр азған» деп аталатын шөбі шүйгін, суы бал кең жайлаудың бұрынғы атауын ешкім де білмейді. Тек ел есінде Суыр азған атауы туралы ескі аңыз сақталған.

Біз екі аттымыз. Тау үстіндегі жалғыз аяқ соқпақпен ілбіп басып, баяу келеміз. Қасымда көрші жігіт Қабыл. Аузына тістеген темекісінен шұбатыла шыққан көк түтін саумал ауаға сыналай сіңіп келеді. Майда самал аттарға да тыныс… Секпіл тастардың арасынан «әңкіштеген» суырлардың дауысы құлаққа жиі-жиі естіледі. Жайылысқа шыққандары алдыңғы екі аяғын тік көтеріп біз жаққа қарап алып, ініне қарай тоңқаңдай жүгіре жөнеледі. Төменде Ар өзені жуас қалпында, жағаны болмашы екпінімен сипай ұрғылап, баяу ағып жатыр. Мен ескі аңыздың байыбына бара алмай ойсоқты күйде, Қабылдың соңынан еріп келемін.

— Анау секпіл тастың түбін көрдің бе? Бірдеңе қараяды. Шамалаймын, қанжығамыз майланатын түрі бар. Енді аялдасақ болмас, тезірек барайық. Тағы да тұзақ құрамыз. Қабыл аузындағы темекісінің тұқылын лақтырып жіберді де, астындағы атын тебініп желе жөнелді. Соңғы кездері барлық нәрсенің саудаға салынып, ақшаның көзіне айналғаны себепті, суырдың терісі де ақшаға жараған. Әсіресе осы сауданың көзін тапқан жандардың бірі Қабыл болатын. Күніне жоқ дегенде екі-үш суырдың терісін сатып, қалтасына бірталай ақша салып та үлгерді. Біз кешегі темір тұзақ құрған тастың қасына келгенде, тұзаққа қыл мойнынан түскен суырды көрдік. Тумысынан бұл сұмдықты көрмеген тағы аң бұғалықтан босау үшін, түнімен жандәрмен алысқаны көрініп тұр. Алдыңғы екі аяғының тұяғы тасты жерді тырнай-тырнай мүжіліп кетіпті, көбелерінен қан саулап тұр. Қабыл атынан түсті де, шылбырын маған ұстатып, кеше осы жерге тастап кеткен таяғын қолына алып, суырға жақындай түсті. Өзіне сұмдықтың төнгенін сезген әлсіз хайуан бар күшімен сым темірді үзіп кетуге күш салады. Қабыл суырмен аз ғана уақыт арбасып тұрды да, таяғын сермей ұрып қалды. Құлақ түбінен тиген ауыр соққыға шыдай алмаған суыр жерге топ ете түсті де, лезде қарғып тұрып, алдыңғы екі аяғымен бетін басып шәңкілдей бастады. Бұл қимылы жас баладан мүлде ауар емес. Жүрегім сыздап кетті, өзімнің бауыр ет баламды біреу таяқтап жатқандай сезіндім. Аттан қарғып түстім де Қабылдың қолына жармастым.

— Ұрма енді! Не деген қаніпезер едің, көрмейсің бе, адам баласы сияқты жылап жатқанын?

— Мен бұндайдың талайын көргем. Маған бұлардың жасы емес, терісі керек.

— Онсыз да аштан өлгелі жатқан жоқсың. Бұл біздің бауыр етіміз ғой…

— Сен де сол аңызға сенесің бе? Ол шалдардың ойлап тапқан ертегісі. Қабылдың енді менімен тәжікелесіп тұрғысы келмеді білем, екі бетін аяғымен басып алып, солқылдап жылап жатқан суырды мойнынан бір ұрып талдырды да, терісін сыпыра бастады. Талықсып өлеусіреп бара жатқан суырдың кінәсіз көз жанарынан өзімді көргендей болдым… Қабылға әлім жетпеген әлсіздігіме күйініп, бордай үгіліп, өксідім-ай…

* * *

Соңғы күндері Малдыбайдың көкірегін кергілеп жатқан қызғаныштың мұзды кіреукесі уытты тілінен заһар шашып жүр. Ар өзенінің арғы жағындағы асқаралы биікте жусап жатқан Әлберместің үйірлі жылқысын көрген сайын, тегеурінді жұдырығын жұмып, білегін сыбанатын. Бірақ қылар қайраты кемшіл. Кіндігінен тараған жалғыз қызы Нұрсұлудың Әлберместің азулы алты ұлына қайдан шамасы жетсін? Ұрыс пен барымтаға көмегі тиер деп қолынан шығармай ұстап келген жылқышысы Есер өткен жылы қайтыс болған. Есердің тірі кезінде Әлбермеске есесі оншалықты кете қоймайтын. Отты жайлаудың шалғыны бір жылы Әлберместің жылқысының азуында шайналса, бір жылы Малдыбайдың жылқысына жапырылатын. Есер батыр өлгенде әкесі өлгендей егіліп жылап, ауыл бойынша қырық күн аза тұттырғаны да содан болатын. Есердің өлгенін естіген Әлбермес бай бұны масқаралап, сәлемдеме жолдапты. Есердің жетісін өткізіп болған күні, ат бауырына ауа түсіп жылап, Әлберместің жылқышысы дауыс шығарып келіп, Малдыбаймен көріскен. Оның бұл қылығынан әлденедей сезік алса да, өлімге келген Есердің танысы болар деген де, алты қанат ақбоз үйге түсіріп, келістіріп отырып қонақасын беріп қайтарған. Әлберместің жылқышысын аса құрметпен күткенінің астарында да өзіндік сыр бар еді. Жылқы ішіндегі шу асау ту биені алдырып, үнемі Есердің қасынан қалмайтын атқосшысына арқансыз жықтырып бауыздатқан. Мұнысы Есер өлсе де, ауылымның намысын жібермес түкті кеуде, білекті азаматтар әлі бар деп, Әлбермеске көрсеткен өзіндік сесі болатын. Бірақ Әлберместің Малдыбайға көрсеткен азуы өткірлеу түскен. Есердің өлімі Әлбермеске жеткенде, айы оңынан туғандай ғажап қуанған. Содан барып, ауылындағы белгілі ағаш шеберін алдырып, ағаштан ат мүсінін ойдырған. Ағаш зергеріне аттың тұла бойында ешқандай ақау болмасын, тек алдыңғы бір аяғын тізеден жоқ қыл деп қадағалай тапсырған. Не себепті бұлай ойдырмақшы болғанының байыбына бара алмаса да, бір жеті ішінде ағашшы Әлберместің тапсырмасын орындап, еңбекақысын алып өз үйіне кеткен. Бүгін Әлберместің жылқышысы сол ағаштан ойылған үш аяқты аттың мүсінін Малдыбайдың қолына тапсырып тұр. Әлберместің: — Сенен қуат кетті, Малдыбай, енді мүгедек ат сияқтысың. Екеуміз таласып жүрген төр жайлауға бұдан кейін сенің аяғың жете қоймас, — деп келемеждеп тұрғанын сезген. Расында бір аяғының кесілгенін Малдыбай анық білетін. Білген сайын өзегін өкініштің қызыл алауы қарып өтетін. Өзін айыр тілдерін жалаңдатып ордалы жылан қуып келе жатқандай сезінетін. Есердің моласын көрген сайын, бойынан әл-қуаттың кеткенін біліп, күрсіне демін алатын. Ал бұндай кезде көз алдына төр жайлаудағы Әлберместің үйірлі жылқысы елестейтін. Бәйбішесі мен екі бірдей жас тоқалынан ұл баланың иісін иіскемегені тіпті де ауыр соққы болып тиетін осындай шақта. Ар өзенінен өткеннен кейін, қарағайлы, тасты иректен шыққан соң, көсіліп жатқан қыраттар мен жайылып жатқан жазық — төр жайлау. Пәнидегі ұжмақ деуге әбден болады. Қыстың құрсауынан аман шыққан жылқы түлігі, көктемде сүйегіне көк суы жүгірген соң төр жайлауды аңсайтын. Жабағы жүнін толықтай тастап үлгермеген мал баласының табаны төр жайлауға аман жетсе болды, күздігүні сауырынан биті домалап түсердей семіріп қайтатын. Жылқышылардың да тыныс алып, жайбарақаттанып, тонын шешіп жайлы ұйықтар шағы да осында. Иректің үстіне шығара салып, үйірлі жылқыны өз бетінше жіберетін. Тек қоңыраулап құс қайтар мезгілде түгендеп алып, ойға қарай ыдыра тартатын. Талай жылдан бері Әлбермес пен Малдыбай төр жайлау үшін итжығыс түсіп келе жатыр. Кімнің әлі жетіп, бір үйір жылқысын иректен бұрын шығарып үлгерсе, сол жылы сонылы беткей мен сулы жазық соның еншісіне тиетін. Бір жылы Әлбермес, бір жылы Малдыбай жайлап келе жатқалы да ширек ғасырға таяды. Онда да келісім бойынша емес, қарымы жеткені қамтып қалатын. Талайлаған атүсті ұрыстар да болып, кісі өліміне дейін апарып сайған. Әлберместің сыбанып шыққан алкеуде алты бөрісіне Малдыбайдың отымен кіріп, күлімен шығатын жылқышысы Есер ғана бетпе-бет келе алатын. Сол Есер қара жер қойнына кіргелі Малдыбайдан ес кеткені де осыдан еді. Өткен жылдары төр жайлауды қатарынан екі жыл Әлбермес жайлады. Бұның да өзіндік себебі бар еді. Жасы отызға іліккен Есер бір күні ойда жоқта, қарт жылқышыдан Малдыбайға:

— Есер ес білгелі Малдыбайдың жылқысы жусаса ұйықтап, оттаса ат үстінде болдым. Өзімнің жабағы жүні қатқан жаман тайым жоқ болса да, жаздыгүні жер үшін Әлбермеспен алысып, ақ тәніме найзадан тыртық түсірдім. Қаһарлы қыста қасқырмен алысып, білегімді шайнаттым. Осының бәрі Малдыбай үшін. Мен оның қадірін біліп, беделін қорғасам, енді ол да менің қамымды ойласын. Атадан жалғызбын. Артымда құйрық, алдымда жал жоқ тұлмын. Қанды айқастардың бірінде қаза тапсам, ошағымның отын жағар тұяғым жоқ. Малдыбай кәмелет жасқа толған қызы Нұрсұлуды маған атастырсын. Егер осы талабымды орындаса, кеудемнен шыбын жаным шыққанша Малдыбайдың атқан оғы, шапқан қылышы болып өтуге пейілмін. Ал қызын беруден тайсақтаса, онда маған да ренжімесін, келіп жылқысын санап өткізіп алсын, — деп сәлем айтты.

Малдыбайдың жалғыз қызы Нұрсұлу ауылдағы бұрымдының әдемісі. Арқасына төгілген тоқпақтай қос бұрымын көрген жанның аузының суы құритын. Өнегелі бәйбішеден тәлім алғандықтан, ибалы да өжет, өр мінезді қыз болатын. Өзі жалғыз, өзі байдың қызы болғандықтан, құрық көрмеген асау тайдай бұла өскен. Кісіге түйіліп тіке қарамайтын, қызға тән ұяңдығы және бар. Ауыл жігіттерінің аузынан шыққан асыл жырдың арқауы болған Нұрсұлу өзінің теңіне барғысы келетін. Бай байға, сай сайға құятын дала заңдылығын жақсы білетін бәйбіше әлі күнге дейін ешкімге емеурін танытып, құдалық айттырмаған. Ал жылқышы Есердің сәлемі Малдыбайдың жанды жеріне селебе сұғып, кеудесінен жүрегін суырып алғалы тұр. Өзінің дәулетін, атақ-абыройын ескеріп, Есердің жіберген жылқышысын ит салып қуып жіберейін десе, ертеңгі күнінен алаңдайды. Жылқы бағатын бір еркек табылар, бірақ Әлберместің арландарымен үзеңгі қағыстырар найзагер жігіт жоқ ауылда. Ал қызын берейін десе, ертең күні-ақ дүйім ел «Малдыбай есігінде жүрген құлына қызын беріпті» деп өсектің отын гулетеді. От пен судың ортасында қалған Малдыбай бір байламға келе алмай, жылқышы қартқа:

— Есер асықпасын, хабарымды күтсін, — деп, екіұштылау жауап беріп, сиырқұйымшақтатып қайтарған. Малдыбайдың Нұрсұлуды Есерге берубермеу туралы екіұшты жауап беруінің тағы бір сыры бар еді. Нұрсұлу бесікте жатқан жауқазын шағында, ауылдағы орташа дәулетті Жанкісі деген қарт Малдыбайға бесік құда болу туралы қолқа сала келген. Сол кезде бәйбішесі Малдыбайға: — Сенің өзге тірлігіңе билік айта алмаймын, сенен Құдай қосқан қосағың ретінде сұрар жалғыз өтінішім, осы қыздың билігін маған бер. Басқа сенен ештеңеде дәметпеймін, — деп қиыла сұрап, Нұрсұлудың билігін өзіне қаратып алған. Содан кейін де сан адам Малдыбайға құда түсіп келгенде, «қыздың билігі бәйбішемде, сол келіссе, мен қарсы емеспін» деп қайтарған. Ал аттай тулаған адуынды бәйбіше әлі ешкімге Нұрсұлуды атастырмаған. Енді Малдыбай бәйбішемен ақылдасуы керек болды. Өзі баса-көктеп кесімді сөзін айтайын десе, бір кездері бәйбішесіне берген уәдесінен тая алмаған. Бұл бәйбішесінен қорыққанынан емес. Оған деген құрметі екенін ел әбден білетін. Сол үшін де Малдыбайдың сөзі бәйбішесіне өтпейді деп тірі жан тіске қыстырмаған. Жау жағадан алған кездегі Есердің етектен тартқан қылығы Малдыбайға ауыр тиді. Екі жүзі де қылпылдаған қанжардың үстінде тұрғандай дегбірі кетіп, буыны босап кетті. Есерден қол үзу — Әлбермеске қарсы тұратын жойқын күштен айырылу деген сөз. Оған бір Есері бір түмен әскери күшпен тең көрінетін. Өгіз өлмес, арба сынбастың амалын табар тар кезеңге тап келді. «Бәйбішесіне кімді жіберсем болады?» деп көп ойланды. Әкесінің атастыруымен атақты жерден алған бәйбішесінің мінезі де өр болатын. Екі тоқалынан сырт, малшы қатындардың да ісінен шашау шығармай, шеңгелдеп ұстап отырған бәйбішесі Гүлсім — ауыл берекесінің ұйытқысы. Көп ісін ақылмен жөнге келтіріп, ақылға көнбегенін адуын мінезімен икемге келтіретін Гүлсімге беталбаты еркек бет келіп, бүйімтай айтудан жасқанатын. Ұрда-жық күшке салып, орынсыз шапшуырлап кетпейтінін білсе де, көз жанарындағы десінен көбі сескенетін. Тәңірі сыйлаған осы беделінің арқасында ауылдың барлық жаны Гүлсімге иіліп ілтипат көрсетіп, алдын кесіп өтпейтін. Көп ойланған Малдыбай бұл істі бәйбішесімен өзі ақылдасатын болып шешті.

Самаурыннан шыққан ыстық бу киіз үйдің кереге көздерін аралап барып, уыққа жабыса өрлеп, ашық тұрған түңліктен сыртқа шығып жатыр. Екі иінінен дем алған самаурынмен бірге Малдыбай да іштей ширығып, терең күрсінеді. Тышқан сыйып кетердей үңірейген қос танауынан шыққан демі самаурынның буына қосылып, көк жүзіне тарап жатыр. Күтуші әйелдерді шығарып жіберіп, шайды бәйбішесіне өзі құюын тапсырған. Күйеуінің әр ісіне сыралғы, алғыр Гүлсім, бүгін күрмеуі қиын да күрделі бір мәселенің болғалы тұрғанын аңғарды. Аңғарды да Малдыбай қашан ауыз ашып, сөз бастағанша, үндемеуге бекіді. Өзінің ісінен мұншалықты құпия айтатындай қателік кетпегенін жақсы білетін бәйбішенің де көңілі әлемтапырақ. Қаймақты күрең шайды сораптай отырып, күйеуінің жанарына ұрлана қарайды. Ал Малдыбай сазарған күйі үн шығармай отырғанымен, әңгімені қалай бастаудың тиегін таба алмай әуре. «Әкесі өлгенді де естіртеді» демеуші ме еді. Ақыры Малдыбай бүгінгі отырыстың арқауы болған Есердің сәлемінің шумағын жазды.

— Бәйбіше, биыл малыңның жайы қалай? Төр жайлауға бара алмаған жылқының еті ояз көрініп еді, — деп әңгімеге тіке көшуді жөн көрмей орағыта сөз бастап, суыртпақтай сыр тарта тіл қатты.

— Таңғы ас Тәңірден деген емес пе, әйтеуір жақсы. Бірақ төр жайлаудың жайы бөлек ғой. Келер көктемде ертерек қамданып, атқа ер салыңдар. Есерге ертерек қамдан де. Кезекті дүние, кезбелі несібе екенін Әлбермес те сезсін. Бәйбішесіне де төр жайлау арман екенін білген Малдыбай, дастарқандағы суыңқырап қалған сүтті шайын сіміре салды да, бәйбішесіне шынысын ұсынды. Құс жастықты алды да шынтағына қойып, жамбастай жатып:

— Сол төр жайлаудың жайы мені де қинап тұр. Әлбермес те көктемді күтіп, тас-түйін дайындықта отырған сыңайлы. Қыста жілік майы ари қоймаған жылқыларын талдап, іріктеп, төр жайлаудың етегіне жеткізуді жоспарлапты. Бір үйірі ілінсе болды емес пе, тәмам жылқысын үздік-создық айдап, жеткізіп үлгереді. Ал біздің Есердің есі шығып, ойы басқада жүр. Бәйбішесіне барлай қарады. Діттеген жеріме бір қадам қалды деп кеңіп қалды.

— Есерге не болыпты? Жылқыдан кетем дей ме? Соны жас кезінен тым әуексітіп алдың. Байқа, балақтағы битің басыңа әңгіртаяқ ойнатып жүрмесін.

— Ештеңе де болмапты. Тек… тек сәлем айтып, кісі жіберіпті.

— Ұртына тобық тығып алған жан сияқты кібіртіктемей, айтарыңды ашып айт. Салған қолқасы салмақты болса да, кәрі тәнім көтеруге дайын. Тақымдаған бәйбішесіне Малдыбайдың Есердің сәлемін іркіп қалуға әлі жетпеді.

— Есер «Нұрсұлуды атастырсын, егер талабымды орындай алмаса ренжімесін» депті. Малдыбай арқасынан алты батпан жүк түскендей жеңілдеп, «ұһһһһ» деп терең тыныс алып, қолын дастарқанға салды. Сүтпен иленіп, шірік қарағайдың шоғымен көмбеде піскен нанның бір жапырағын алып, кілегейге матырып, аузына салды. Бәйбішесінің талағы тарс айырылды.

— Күшік асырап, ит еткен деген осы. Балағың түгілі басыңа шапшыпты. Оған қызымды бергенше, өз қолыммен кебіндеп тастағаным жақсы. Малдыбай атыңмен жыртығын жамап, кемін толықтаған құлағы кесік құлыңның кеудемсоқтығын көріп, қарсы тұрар қайрат таба алмай, қасқыр алдында құйрығын бұтына қысқан бұралқы иттей болған күйіңнен арлансаң не етті? Аруақтан ұялсаң болмай ма кеудеңде жаның барда? Барар жер, басар тауы жоқ шұнақ құлағың не істей алар? Шыбынның тулағанына шыны сынса, көрер едік одан кейінгісін.

— Адуындап барып тізгінін тартты бәйбіше. Малдыбайда үн жоқ. Тума мылқау сынды, тіл-аузы тартылып қалды. Бәйбішесінің намысына тиер жебедей сөздері кеудесінің жанды жеріне келіп қадалып қалғандай болды. Бұдан арғы сөздің бәрі керексіз екенін аңғарған Гүлсім алдындағы шайын ішпестен, сыртқа шығып кетті. Малдыбайдың көз алдына Гүлсім сыртқа шығып бара жатқанда, төр жайлаудың қолат-қолаты мен қырат-қыраттары, сайлары мен белдері, шалғыны мен бұлағы Әлберместің ауылына қарай дүркірей көшіп бара жатқандай елестеп кетті. Ақ балтырлы қайыңдар мен көк бүрлі қарағайлары қайта-қайта қолын бұлғап, қош-қошын айтып, қоштасып жатқандай көрінді. Терісі ішік, мүшелері дәрі бағалы хайуандары «барымда қадірімді білмедің, енді арам өлген қойдың қатқан терісінен тымақ тіктіріп ки» деп кеңес беріп, аяқтарын сілки тебініп, бел асып бара жатты. Көз алды тұманданып, көңілі алақызды. Қайран төр жайлау деп күрсінгенде, дүние төңкеріліп келіп, басына құлағандай болды. Кезінде Нұрсұлудың билігін бәйбішесіне бергеніне шындап өкінді. Алты таспа дырау қамшысын білемдеп ұстап, жаралы қаншырдай түтігіп кетті. Бірақ, бұл айбарын жылқышысы Есерге, әлде бақталасы Әлбермеске, немесе қыз билігін алақанында ұстап отырған бәйбішесі Гүлсімге бағыттағаны белгісіз. Даладан киіз үйдің саңылауларынан кірген ызғар өне-бойын мұздатып, жаурай бастады. Қатын туласа қазан қайнатар деген осы. Малдыбайдың төбесінде тайқазан бұрқылдап жатыр…

Малдыбай Есерге кісі жіберді. Жібергенде де бәйбішесі екеуінің кеңесінің керіспен аяқтағанын айтқан жоқ. Қайта Есердің өзіне салмақ салды. Егер Есер бұл талабын мүлтіксіз атқарса, бәйбішесін күштеп болса да Нұрсұлуды беруге іштей белін бекем буды. Есер кетсе есіл жайлау кетті деген сөз. Төр жайлаудан басыбүтін айырылса, жалған дүниенің алданар түгі жоғын сезді. Алдындағы ақтылы қой, табынды сиыр, үйірлі жылқысы атадан қалған дәулет емес. Әкесі аманаттап тапсырған ақ таяғын қолына алғалы, түн ұйқысын төрт бөліп, жанын салып жинаған малы. Осы малы үшін көршісімен ала көздесті. Көңілі жақын адамдарымен суысты. Туысқанын жау көрді, туғанын жат санады. Қойы егіз туса қуанды, биесі құлын тастаса қайғырды. Өстіп жүріп, өзінің малшы-қосшысынан басқаның бәрінен алыстады. Сондықтан бұған өз малы ыстық. Малының кіндік тамыры төр жайлаудың әр тал шөбіне байланғандай, одан айырылса алдындағы бар малы жұтқа кетіп, өзі жұртта қалардай болатын. Малдыбай төр жайлау үшін жанын берсе де разы. Төр жайлау үшін жалғыз қызын кім сұраса да берер еді, әттең билігі бәйбішеде. Көп ойланып, Есерді алдай тұрудың амалын тапты ақыры. Жіберген кісісінен:

— Есер батыр Әлбермеске есемді жібермей, төр жайлауды түбегейлі мәңгілікке менікі етсе, сол күні дүйім елге шақырту жіберіп, аламан ат шаптырып, торқалы тойын жасап, алпыс атанды жасауымен Нұрсұлу екеуінің отауын төр жайлаудың жазығына тігіп берем деді. Бірақ, төр жайлаудың төрін толыққанды менің иелігіме қаратып бере алмаса, онда Есер есігімдегі қара табан құлдарымның қатарындағы біреу болып жүре берсін, — деп сәлем айтты. Тумысынан тірі жаннан сескенуді білмейтін, өзінің алапат күшіне сай келген найзагерлігіне ерекше сенімді алкеуде Есер ойланбастан уәдесін берді. «Байекем уәдесінде тұрсын. Алты бөлтірік пен бір арланды апанына қуып тығып, Ар өзеніне аяғын малмас етем. Екі жыл ішінде айтқанымды орындай алмасам, төбемнен тәңір ұрсын!» деп Малдыбайға қайтара сәлем айтты. Бірақ, «тәңір ұрсын» деген сөзі асылық етіп, басына шоқпар болып тиді. Айдың-күні аманда, Ар өзенінің бергі жағалауында жылқы бағып жүргенде, тамыз айында жай түсіп Есер қайтыс болды. Содан бері де екі жыл өтіпті. Есер есіне түскенде Малдыбай:

— Шарға ұстаған болат едің, шабуын таппай қор қылдым-ау, — деп күрсінетін. Бұл Малдыбайдың жан күйзелісі еді. Жақын жұрағаты өлгенде көзінен тамшы жас шықпай, ел қатарлы өтірік еңкілдеп, ат бауырына ауып, шауып жеткені болмаса, шын өлімнің сырын түсінбеген. Бата оқырына тышқақ лағын да беруге қимайтын. Ал Есердің өліміне қырық күн аза тұттырып, ту биелерін сойғаны өмірінде жасаған жалғыз жомарттығы болатын. Содан бері бәйбішесінің әр сөзі оған шаншудай қадалып, шарт сынатын. Өзінің де кінәсі барын сезетін Гүлсім, қызы Нұрсұлуды орынсыз қорғаштай беруін доғарып, күйеуінің ығына жығылып, айтқанына көнетін болған. Бірақ, Гүлсімнің мінін білгеніне бола, өлген Есер тіріліп келмес. Малдыбайдың күйетіні осы. Есер өлген соң Әлбермес бұны адам екен деп елегенді қойды. Тіпті көктемде Малдыбайға адам жіберіп:

— Мен Ар өзенінен көшіп өтерде жылқымның алдында жылқың жатпасын. Егер жылқың жақын келіп, сәуіріктерің тоқпақ жал айғырларымның аузында шайналса, жаман тайыңның құнын сұраушы болма, — деп алыста жатып алып жонын күдірейтетінді шығарды. Әлберместің әлімжеттік көрсетіп, екі жыл төр жайлауды жайлауы да осыдан болатын.

Жаңа көктем туды. Малдыбай малының жазғы қамын ойлап, төр жайлауды аңсаумен болды. Жатса-тұрса көз алдына төр жайлау елестейді. Биыл да Әлбермес қуатты күшпен дайындықта жатыр. Өткен жылы Әлбермес төр жайлаудағы Малдыбайдікі дейтін ат ағаш, ит арқа, қорақопсының бәрін өртеп жіберген. Тіпті жазатайым бір малшысы Әлберместің:

— Жылқы қай жерде жусап жатыр? — деген сөзіне «Малдыбайдың жылқысы жусаған тепсеңде жатыр» деп қалса, Әлберместен қамшы жеп, қанжоса болып шығатын. Әлбермес өз ауылына қатаң заң орнатып, құлы мен күңі ретінде көретін малшыларынан сырт, ауылдың жай біреулері малымыз «Малдыбайдың тепсеңінде», болмаса «Малдыбай отыратын жұртта жатыр» деген сөзді еститін болсам ауыздарыңа қышқаш қыздырып басам деп жарлық шығарған. Бұл қылығы «енді төр жайлау менікі. Малдыбайдың бұл жерге келетін еш құқығы жоқ» деген байламы еді. Қоныстар мен жайылымдарға жаңадан ат қойдырып, Малдыбайдың атымен аталатын бір беткейдегі шырғанақтарды түгелімен шаптырып тастап, отқа жаққан. Әр жерге Әлберместің асуы, Әлберместің бұлағы, Әлберместің жұрты, Әлберместің тасы дегізіп ат қойдырды. Қарағайларға жақындарының аттарын ойдырып жазғызды. Бұрындары Малдыбайдың әкесі Шолақ жауынды күні мал қайырып жүріп астындағы атымен құлап өлген тік беткейді ел «Шолақ өлген» деп атайтын. Жердің атын өзгерткен кезде дәл осы беткейдің атын өзгерту Әлбермеске қиын тиді. Аруақ пен тәңірден қорқатын жүрегі көп күн дауаламай жүрді. Егер өзгертпесе, басқа жердің атын өзгерткен күші селге кетеді. Жайылыстың дәл ортасында Малдыбайдың әкесінің аты далиып жатса, болашақта бұл жерді бір кездері Малдыбайдың әулеті иемденбеген деп кім дәлелдеп бере алсын? Өлінің атымен қойылған жерді тірінің атымен атаудың да сәтті күні туды ақыры. Малшыларына тік беткейдің бір жерін жазықтатты да, қалқитып қара қос тіктірді. Әлберместің бұл әрекетіне көп адамның ақылы жетпей, бастары әңкі-тәңкі болып қатты. Қос тіктіргеннен кейін көп өтпей, Әлберместің де армандаған күні жетті. Кенже келіні толғатып қиналып жатқанда, зәмбіл жасатты да келінін соған салып, қасына екі кемпірді қосып, тік беткейдегі қара қосқа алып келді. Әр жарты шақырым жерге бірден атты адам қойып, әмірін орындауға бұйрық берді. Толғағы аштылау болса да, қиналып жатқан жас келіннің тұңғыш ұлы шыр етіп дүние есігін ашты. «Кеш, тәңірім, кеш, аруақ, кеше гөр мені» деп Әлбермес баланың дауысын ести сала, ауылға ат шаптырды. «Мыңбай туды, Мыңбай туды» деп әр жерде тұрған хабаршылар етектері жалпылдап, тұра шапты. Немересінің бесік тойын, кедейдің келін алғанынан да дабыралығып өткізген күні Әлбермес ауылына:

— Тәңірім қолдап, Ұмай анам жар болып, немерем тік беткейде дүниеге келді. Бұдан кейін сол жерді «Мыңбай туған» деп атайсыңдар. Әлгі бір «Шолақ өлген» деген сөзді естімейтін болайын. Шолақтың өзі түгілі үрім-бұтағы бір-ақ қырылып қалса да, қылшығым қисаймайды, — деп, көптен бері көкейінде жүрген «Шолақ өлгеннің» де мәселесін шешкен. «Төренің өзінен қорықпа, әмірінен қорық» дегендей, айналасы екі-үш айдың ішінде Шолақтың атын ауызға алатын Әлберместің ауылында тірі жан қалмады.

— Жылқы қайда жатыр? — Мыңбай туғанда. — Пәленді көрдің бе? — Бағана «Мыңбай туғанда» өрлеп бара жатқан. Осы жылғы жазда Әлберместің ауылының жыры да «Мыңбай туғаннан» басталып, «Мыңбай туғанмен» аяқтайтын болған. Бұл жәйттерді ептеп құлағы шалған Малдыбай ызадан жарыларман болып кеткен. Көрші-қолаңға белгісіз бір сылтаумен, бәйбішесін де келістіріп сыбаған. Әсіресе әкесінің өлген жерін өзгерткенін естігенде, бармағын шайнап қанатып, «сенен кек алмасам, атым өшсін, Әлбермес» деп өзіне-өзі қасам ішіп, серт берген.

Бес тоғыстың соңын ала, күн жылынды. Күн жылына бастаған сайын Малдыбайдың мазасы кетті. Көңілінің көк жасыл жапырағын қара құйын ұшырып әкеткендей алай-дүлей. Таңертең ерте тұрады да жылқысын аралайды. Қыстан көтеремнің аз алдында шыққан мама биелердің, төңкерген астаудай тығыршық болып тұратын сауыр еттері суалған. Қоқайып тұрған жалқұйрығы демесең, көзге оғаш көрінеді. Жеріне жете арықтаған. Малдыбайдың қыстағы өз жобасында, жылқысын ертерек төр жайлауға шығарып, Әлберместің салар сайранын күтіп алуға бекіген. Әке аруағы алдында өзінің жанын шүперекке түйген. Әрі малдың қамы, енді оны Әлберместен аянуға келтірмеген. Бірақ қалың жылқысының ішінен ертерек төр жайлауға айдар бір үйір шықпай тұр. Жанына аяздай батқаны осы болды. Аяңдап Есердің моласына барып қайтты. Тірлігінде Малдыбайдың малы деп алысумен өткен аңғал батыр моласында тыныш жатыр. Ештеңе сезер емес. Бір ауыр асылық сөзі үшін, жарық әлемде көрмеген жан тыныштығын көрден тапқан сынды, мола үнсіз. «Қарғыбаулы төбетім едің, қасқырлық қадіріңді енді білдім-ау» деп Малдыбай ауыр күрсінді. Менің жауым Әлбермес қана еді, енді жаратушы да сол жаққа көмекке шығыпты. Мен жаратушыға да қарсы шығамын деп басбармағын қанатып қасам ішті. Саусағынан саулаған қан әкесінен қалған қазақ ердің қасына тамып жатты. Меңіреу дала мыңқ етпейді. Саулы інгендей зар желген уақыт ағыны, майдың басын көрсеткенде Малдыбай Әлбермеске кісі жіберді. Онда да әлінің жетпегенін мойындап, жер құшқан жеңіліспен сәлем айтқан жоқ. Арықтығын білдірмес бөрі қулыққа басқан еді. Сәлемшісіне:

— Жақында тәңір аян берді. Сенің әкемнің атымен аталатын тік беткейдің атын жаңа туған немереңнің атымен атағаныңа тәңір шамданыпты. Ол жайлау ықылымнан тәңірім маған сыйлаған енші екен. Сен тәңірді шамдандырдың, аруақтар назасына қалдың. Егер аяныма күдіктенсең еліңнің игі жақсыларын қасыңа ал да, менімен бірге төр жайлаудағы тік беткейге бар. Тәңірдің өзінен сұрайық. Малдыбайдың сәлеміне немқұрайлы қараса да, аруақ пен тәңірден қорқатын Әлбермес, дүрсе қоя беруге батына алмады. Сәлемшіге:

— Мен келістім, қазылықты тәңірдің өзінен сұрайық. Майдың он бесі күні Малдыбай тік беткейде дайын болсын, — деп жылқышысын қайтарды. Аңсаған арманға жетті деген осы. Малдыбай қауырт дайындыққа көшті. Күнбұрын қасына сенімді екі жылқышысы мен Нұрсұлуды алып, тік беткейге барды. Мыңбай туарда қос тіккен жазаңның сәл аяқ жағынан ін қаздырып, ішіне Нұрсұлуды кіргізді. Қызына қадағалап тұрып:

— Мен «Төр жайлау кімдікі?» деп үш рет айғайлаймын, сен «Малдыбайдікі» деп үш рет қайтала, — деп тапсырды. Сонан соң бұл сырды жан баласына айтпауға жылқышыларын көндіріп, үйірден талдап екі үйір енші берем деп, ауыздарын майлады.

Уәделі шақ туды. Қасына бір мұнша адам ерткен Әлбермес топ алдында. Артын іле әлекедей жаланған ұлдары шоқпарларын ердің қасына іліп, түксиген қабақтарын жазбастан Малдыбайдың қасына келіп тоқтады. «Мыңбай туғанның» шөбі жайқалып, биыл да қалың жылқыны қазыландыруға жетердей қаулап өсіпті. Әлберместің санасы сан бөлінген. Төр жайлауды тәңірім Малдыбайға сыйлап жібере ме деп алаңдайды. Басында Малдыбайдың сандырағына бекер сенгеніне назаланады. Бірақ, айтты, қайтпайды. Әрі өзін «Шолақ өлгеннің» атын өзгертердегі қылығынан өзі де қорқатын. Сол шақта көп уақытқа дейін ұйқысы қашып, тамаққа тәбеті тартпай қиналғаны бар еді. Көз алдындағы төр жайлау көзден бұлбұл ұшардай елестейді.

— Бар жағдайды түсініп жиналған жұрт, тәңір аян берсе, кәне сұра. Егер ол өтірік болса, Малдыбай, сен екінші төр жайлауға ат ізін салмайсың, егер шынымен тәңірім саған сыйласа, Әлбермес Ар өзенінен өткенін доғарады, — деп кесім айтты. Бармақтарын қанға малған екі бай, осылай бәтуаласты. Малдыбай дауысын соза:

— Төр жайлау кімдікі? — деп айғайлағанда, інде жатқан Нұрсұлу: «Малдыбай байдікі» деп айғайлады. — Төр жайлау кімдікі? — Малдыбай байдікі. — Төр жайлау кімдікі? — Малдыбай байдікі. — Төр жайлау кімдікі? — Малдыбай байдікі. Нұрсұлудың соңғы сөздерін бүкіл төр жайлаудың секпіл тастары мен тышқанының іні, беткей-беткей мен жыражыра, қарағайлардың тамырларына дейін жаңғыра қайталады. Ұзақ уақыт «Малдыбай байдікііііііі» деген сөз ауаға асылып, жаңғырып тұрып алды. Осынау жаңғырыққа адам шыдап тұра алар емес. Жиналған қауымның есі шыға, аттарына қарай жүгіре жөнелді. Тау-тас әлі жаңғырып тұр…

Әлбермес өзін шынымен тәңірдің жазасына ұшырадым деп ойлады. Атына міне сала, беткейдегі жаңғырықтан қашып құтылуға асығып, шаба жөнелді. Есі кіресілі-шығасылы болып, Ар өзенінен өтіп келе жатқанда, аты оқыстан үркіп, ауып түсті де Ар өзеніне ағып өлді… Әлберместер атына мініп, төр жайлаудан аттанып кеткен соң Малдыбай жылқышысын алып, Нұрсұлу жатқан жерге келді. Іннен адам түсінбейтін үндер шығады.

— Мен келдім қызым, төр жайлауды алдық, біз алдық, — деп ентіге жеткен Малдыбайға Нұрсұлудан жауап болмады. Түсініксіз дыбыстар құлаққа естіледі. «Шық, қызым, шық» деген Малдыбайдың сөзіне төбесін көрсеткен қыз болмады. «Ойбай, қызымды суыр… Қызымды суыр…» деген Малдыбайдың бұйрығынан қорыққан жылқышылар інді асығыс қаза бастады. «Суыр, суыр» деген Малдыбай сөзі, тербеліп тұрған шөптердің ніліне сіңе берді. Нұрсұлу-суыр шәңк-шәңк етіп жатыр… Қызының түсініксіз бір хайуанға айналып кеткенін білді Малдыбай. Нұрсұлу-суыр тағы шәңкілдеді…

— Мен Әлберместен емес, Құдайдан жеңілдім, — деп боздаған Малдыбайдың көзінен сел болып аққан жасы, тік беткейдің әр шөбінің, әр ағашының тамырына сіңе отырып ағып, тік беткей жырасымен келіп Ар өзеніне қосылып ағып жатты. Өзен Малдыбайдың көз жасы ағызып келген тау топырағымен лайланып ағып, құлдилап барады…

* * *

«Суыр азғаннан» еңкейіп келе жатқанымда, жол бойы алдыңғы екі аяғын маңдайларына қойып, күн сала қарап, әкесін күткен Нұрсұлу-суырларды көрдім. Артымнан қанжығасына екі суырдың терісін байлаған Қабыл шауып жетті…


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз