Өлең, жыр, ақындар

Мысық неліктен тышқан жейді?

Ерте, ерте, ертеде мысық пен тышқан өте тату өтетін дос екен. Олар тапқандарын бөліп жеп, ойнап-күліп жүріпті.

Сол кезде адамзат жыл мүшелдерін белгілеу үшін бір жылы хайуанаттарды жинап сайлам жүргізбек болыпты, бұл сайламға бүкіл хайуанаттардың барлығы қатысуы керек екен. Ертең сайлам жүргізіледі деген күні ұйқышыл мысық «Тәңертең ұйықтап қалып сайламнан құр қалмайын» деген ойымен қағылез досы тышқанға:

— Ағайын, ертең сайламға бірлікте барайық. Ұйқының қаттылығын өзің білесің, таңертең мені сөзсіз оятып қой, ертерек барайық, — депті.

— Қам жеме, мысық аға, мен таң атпай оянғаныммен, сені оятпай қайтіп жалғыз барамын, — депті тышқан. Бірақ ол түніменен ойға батып «Сайламға қатынасатындардың саны көбейіп кетсе, маған жыл тимей қалуы мүмкін» деген байламға келіп ертесі таңертең алаң-елеңде орнынан тұрып, қасындағы мысықты оятпай өзі жалғыз сайламға жетіп барады.

Сайлам барысында тышқанның жолы оңынан келіп, он екі жыл мүшелінің біріншісі болып сайланады.

Тышқан қайта оралғанда орнынан енді тұрған мысық:

— Сайламға қашан барамыз? — деп сұрайды.

— Әлі ұйықтап түс көріп тұрсың ба?! — дейді. Тышқан мазақтай күліп, — сайлам аяқтағалы қашан, мен сайланып қана қалмастан, біріншілікті қолдан бермедім.

— Мені неге оята салмадың? — дейді мысық ренжіп.

— Ұмытып қалыппын, — дейді тышқан.

— Ашуланған мысық мұртын едірейтіп:

— Оңбаған, бетсіз! Тұқымыңды құртайын, — деп оқша атылып барып, тышқанды бас салып, қылқындырып өлтіреді де, жеп алады. Бірақ мысық әлгі тышқанды өлтіргенімен, жыл мүшелікке ие бола алмайды. Сөйтіп, күні бүгінге дейін мысық тышқанды көрді болды, бас салып қысып, мылжа-мылжасын шығарып жеп алатын болыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Айгерім

Рахмет, өте қызық әңгіме, шындыққа жанасады екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз