— Әлі, жаман құрғыр-ау, осы сен бар емес пе ең, анада айттым ғой, тапа-тал түсте Жұбан атам аян берді деп? Сонда жарықтық үлкен молданың өзі, саған өтірік, маған шын, осы Тұрекеңнен қалған құрымның сыртында «мілдәрт, мілдәрт» деп тұр екен. Е-е, жанымда сен де болдың, имандай шыным, о жарықтық ұрпағын желеп-жебеп жүреді, сонда бар ма, әлі мілдәрт ұн береміз биыл дедім. Айтқаным келді ме, жоқ па? Қане, деші бірің?!
Кері байлаған ақ кәсіңкесінің шет-шетінен сол түстес шашы берекесіз, будырай төгіледі, әлсін-әлсін екі езуін сүртіп тастайды, жас шамасы алпысты алқымдаған ысқаяқ қара сұр адам әңгімені көйітіп отыр.
— Баяғыда саған айтып па ем, жаман құрғыр, сен былай шалым бар деп шалықтамай жөндеп тыңда, кімнен артықсың сен, Тұрекеңдердің қасында кісі ме оның, әлгі соғыс бітерден, имандай шыным, бір айдай бұрын кештіғұрым аула сыртына шығып едім, Жұбан атам «тыныштық, тыныштық, тыныштық» деп үш қайталады. Жарықтығымның сондағы дауысы әлі құлағымда. Атам біледі. Мына жаман құрғырға сонда-ақ айтқанмын. Деші, қане, өтірік деші! Імм, аруақ та таңдап қонады, шырақ, ол саған ойыншық емес. Іш дәретін алмайтын сепелектерге қонса көрмей ме? Сол атам жарықтық қабағын бір қаққанда арғы беттегі ақ отауды, кесе-шәйнегін салды-ратпастан бергі бетке көшіре салады екен. Олар қайда-аа. Мына біздер қазір біле қоямыз. Мисленки, бұрнаугүнгі жауынды мен алдыңғы күні білдім. Сен көріп ең ғой сонда тезек жауып атқанымды? Қане, деші? — Кемпір сөзді ағытып-ағытып ап, «қане, деші, деші» деп, әркімге тап-тап береді. Ауық-ауық «апа, шәйіңіз суып қалды» секілді сыпайы ескертуден бөтен ешқайсысы ештеңе қоспайды. Бір келіншек ауызын басып, іргесіне бұрылған, жанындағысы тыйып тастады:
— Күлме, күйік қаққан кісі.
Қазір Мәликенің әншілігін жұрт түгел ұмыт еткен; көріп келдік, аруақ жайындағы аласапыран әңгімелеріне бейтаныс жұрттың бәрі күледі, ал ол кеште талай қабырғаны қайыстырып еді.
І
Ән біртіндеп, ұтылай көтеріліп барып-барып кілт үзілді, жылан арбаған бозторғайдай шырқау биіктен бір-ақ құлады. Арғы шыңы тым асқақ, әрі ұзақ, әйгілі «Көкжардың» расында жардан жығылғандай сонша ілез, иінсіз бітуі тыңдаушы құлақты түгел тосырқатқан-ды. Ол келіншектің алғашқы салған әні еді. Бұған дейін шал-кемпірлердің ешқайсысы Тұраш үйіндегі келіннің бұзауға айқайлағанын да естімеген. Қазір түгел аңырысып отыр. Әуелі қаралы әйелдің қараптан-қарап ән бастағаны шошынтқан, енді сол әннің мұнша шолақ қайырылғанына таң болысты. Ал әнші жұрттың пиғыл, түйсігінен бейхабар, әлгі шырқау биікке шыққан нүктеде, екі қасы түйіскен, тамақ тамырлары білеу-білеу күйде қатып қалды. Келесі сәтте мына секілді күтілмеген жайдан қозғалақ қаққан ел тына қап, бейне әлдене көлденең тұрды ма деген кісіше ашық қалған ауызға үңілді. Жұқа, сұрқай еріндердің дір қағып отырғанын сонда аңғарды. Жаңағы қуатты үннің босаға, үлдірікке сүйей қойылған шылапшын, леген сықылды жез ыдыстардағы жаңғырық-шыңылы өшіп үлгергенде ғана әннің үзілмегені, тек ыңылға, ыңырсуға айналғаны мәлім болды. Осыны сезгенде отырғандар теңселісіп кетті, әнді дем күші — айқай санайтын жастау, желөкпелеу біреу «уай-хай!» деп ақырып жіберіп, онысының орынсыз екенін жұрттың ыңғайына қарап білгенде қызарып кетті. Үлкендер шұғыл, көріне шөгіп бара жатқан. Жас жан төрдегі елге жалтақ қақты, бірақ ешкімнің жүзін, не жанарын ұшырата алмады, түгел төмен тұқырыпты. Неге?
Бұлар әнші алдында кінәлі кісілер-ді. Оны бәрі де іштей сезінетін. Әрқайсысының бетінде шіркеу бар, соларынан қысылады.
Себебі әрқайсысы-ақ шарапат, Құдай дарытқан қайыр-дұғадан құр емес-ті.
Әсіресе, анау қара қарт. Осы бір қаншырдай шал ел басына күн туғанда үлкен көсемдік етіп еді. Қайырым, қамқорлығының үстіне қайрат та бере алатын бетті адамның тілек-батасы бәрінен мол-ды. Соғыс басталғалы мұндай жанның, әсіресе, қадірі артқан. Жақсы сөздің керек емес кезі бар ма, көңіліне қаяу түскен ел қара шалсыз шәй ішпейтін. Қара шал, расында, құмның асасыз әулиесі-тін, ол беделді де жойған баяғы соғыс. Иә, сол!
Бұл ой осы қазір «әулиенің» жүйке-жүйкесінен электр тоғындай лыпылдап бір сәтте жүгіріп өтті, қарттың одан сайын маңдайы жіпсіп, басы салбырай берді, иегі төске тірелгенде сақал ұшы жапырылып, қайқайып-қайқайып шықты. Қимылсыз. Әнші жаққа қабақ астынан қарауға да батпайды. Тағдыр атты қатал патшаның сылт еткеннен жазып қап, үкімге мойынсұнған кәрі уәзірі секілді мүлгіп отыр.
Ән қайырмасы тағы бір қайталанды, бұ жолы алдыңғыдай қырланбай, енжар, еріншектеу иілді. Есесіне, сыр, шер молырақ білінді, содан тыңдаушыға әлгіндегіден гөрі де қайғылырақ әсер етті. Тұнып қалған көкіректер күрсінісіп жіберді. Алдымен және өңгелерден әлдеқайда ауыр, терең күрсінген көкірек — әлгі қарт — қара әулиенің көкірегі күйіп кете жаздаған-ды, бөгдеден құрмет, ерек ілтипат күтпей, кебістерін өзі салып киген күні де осы бүгін. Одан бері талай шөл нуға айналды, талай той, шілдехана өтті, сансыз әңгіме, ән туды. Тек со бір кештегі «Көкжар» әнінің тосындығы мен айтушының хал-күйі, бет-бейнесі әлі күнге ел есінде.
ІІ
Күйеуі колхоздың №1 орақшысы. Ол сілтеген орақтан үн шықпайтын. Құлаштап кеп, қайырып лақтырғанда құшақ-құшақ қауданды қияқтың ауада ұшқан суылы ғана шалынатын. Бұл сырт қарағанда дайын шөпті айырлап атқанға ұқсаушы еді. Сонсоң шапқан жері ғұмырында қылтанақ өспегендей ақ-аяңданып жүре береді. Бір көрген жұрт мұны әдетте орақтың өткірлігіне жориды.
— Шіркін, ұстара ғой мынау.
— Мә, қырып көр, — Тұраш кеңк етіп бір күледі. Шалғыны тілеп алған кісі бірер шоқалды айналып шығады да, басын шайқап белін ұстайды.
Сол Тұраштың орағынан басқа тұлдыры жоқ-ты. Ауқатты үйдің жалғыз қызы өзіне қашып тигенде жігіт мықтап қорланған. Келіншегін жер-кепеге алғаш алып кіргенде:
— Осы енді барым, — деп қазан-аяқ жақтан сасқалақтай, қоқып-соқып түрегелген бүкір кемпірді көрсетті. Жас қосаққа ана да, бала да болған жаулықты кария со жылдың күзіне дүние салды. Әлдеқайдан қаңғып кірген соқа басты кедей үшін ең қиын күндер — о да өтті. Содан үш қыс тауысылып, төртінші жазға айналғанда. Әлі есінде, қалың топты жара батагөй қарт Тұрашты алақанына түкіріп аттандырды. Артынан ұзақ күбірлеп бетін сипады. Сол күбір-күбірге, бет сипау — бет сипауға ұласып кете барды. Он бір айдан соң келген қара қағазға да алдымен бет сипаған сол қарт батагөй. Мәлике азаматын әлгі шал баталап жөнелткенде мықтап сүйсінді, жолаушының аман-сау ораларына шәк келтірмеді, көңіліне кәдімгідей медеу тұтты. Батаның, дұғаның шарапатына иланды. Бұрын тым жастығынан да шығар, ырым-сырымнан ада жан осы тұста кәдуілгі тақуа боп алды. Тары көжесіне қатық тапса, қара шалды шақырып ауыз еткізді, соның сарқытын ұрттап, сауап жиды. Еңбек күніне жазылған аз талшықты ақшалап, үр жаңа төсек жасады. Әлі есінде, сонда жалғыз көйлегінің иығы сылынып жүрген-ді.
Қара қарт қаза хабарын естірте келгенде тұңғыш мәрте... жо-жоқ, әулиелікке, әулиеге күмәнсіз-ді, хабарға сенбеді, соншалық ұғынықсыз, ұзақ-сонар мақал-сақалға мінгескен қайғылы әңгіме қисынсыз көрінді, әрі бірінен бірі өткен қара сөздердің ана секілді пәк, қасиетті ауыздан шыққанына таңырқады. Таңырқағаны сонша, тіпті, жылауды, жоқтауды ұмыт қылды. Сөйтіп, бір күн, бір түн меңірейген. Есі ертесіне кірді — қасіретті қағаз алған өзге замандастары құсап зар қақты, бірақ артынша бірер жұбату сөзден кейін жұмысқа шақырған бригадирге бас қайғысын бұлдамады, жүзін етегімен бір осып тастап ере берді. Со күннен бастап Тұраштың орағын ұстады. Бес-алты күн қиқалаған соң үйреніп шыққан. Бұл 43-жылдың жазы еді.
ІІІ
— Менің тезек жапқанымды көргенде Тұрекең марқұм, әлгі азаматымды айтам-ау, е-ее, үстіп, анықтап қоймасам мыналар қайдан білсін, со бишара жылқы тістерін қызыл етіне шейін көрсетіп кеңк-кеңк күлетін. Сонда деймін-ау бишара, бишара ғой ол, күліп-күліп алып, мұңайып отырып алатын. Бір күні тайынайын ба, неге бүйтесін, басың неге салбырайды деп қойып қалдым. Көрдің бе кереметін, жаман құрғыр-ау, сен өзің көре қалдың, мыналар естісін де, сөйтсем әлгі бишара кедейлігін уәйім қылады екен. Мұнысына күлкім келді, әрі жаным ашыды. Баяғы менің күйім ғой сондағысы, бүгінгі адам қатын қамын ойлап қайтсін, о бишаралар қайда, Құдай, әне көрдің бе, бір күнгідей болған жоқ, өтті де кетті. Е-ее, есіме енді түсті, со жолы екен-ау, бақырдың көңілі көтерілсін дедім, сырағдым, шыным да сол, — «Сендей азаматы бар кісі кедей болушы ма еді», — деп өп-өтірік майыса қойдым. Сонда деймін-ау, әлі көз алдымда, орынынан ордаң етіп тұрып кеп, міне, тап мына мойынымнан құшақтай алды. Көзіне қарасам, саған өтірік, маған шын, мына шұбар қасық толғандай жас тұр екен. Артынша: «Қап, жақсы көретінімді сездіріп қойдым-ау», — деп өкіндім. Міне, қарашы, мен дүзіқара әлгі бишараға мінендей бақытты көпсіндім ғой, деші, қане, бірің. Солай емес пе, жаман құрғыр, а?! Сосын, ауызымнан, мына қанақа қаққан ауызымнан қалай шыққанын білмеймін, әйтеуір: «Жә, жә, әлдеқандай болмай-ақ қой, сен секілді еркек бұралқы иттен де көп», — дедім. Ал, қылып ал! Сүйдегенде деймін-ау, әлгі қасқа маңдайдың, Тұрекеңді айтам, басы қайтадан салбырады, маған сонысы ұнады, сүйген еркегіңнің алдыңда қыры сынып, итиіп отырғаны қандай жақсы, бәрі тасқындық та баяғы, әлі жаман құрғыр-ау, тілің бар ма, деші бірдеңе, қане, деші! Сенің байың құсағандар өлмейді, әне сол. Уһ! Шпешкең тасташы, әй, қатын.
ІV
О күні келіншек ұзақ әндеткен-ді. Жұрт та жападан-жалғыз, әрі қаралы әйелді зарлатып тастап, тарап кетуге бата алмаған. Әркім ішінен өз сиырының пішенін ойлай отыра, кәдімгідей қайғырған, бәрі әлгі сорлының халін қапысыз ұғынған қалып танытты. Бірақ кісі қасіреті қашанға барсын, ақыры, көпшілік кім жесір емес екен, кімнің несі толып тұр секілді сол бір күндердің бұлтартпас дәлелін малданып, үйді-үйлеріне қайтысты, жалпыға ортақ ауыртпалықты көре тұра елден ала-бөле және бұ сықылды ерін ашықтан-ашық ұялмай жоқтаған жас жесірдің «асау соқырлығын» айыптаушылар да болды, олар көзінше мөлтектеп, айнала беріп еріндерін шығарысты: «Тұвыт күшік, кімнен артықпын деп отыр?!»
Сол кеш Мәликенің былайғы өміріне бетбұрыс жасады. Бұрын келіншек ерінің есіміне қосақталатын, содан бастап әйел аты алуан түрлі эпитеттерге тіркелді, келе-келе эпитеттер де әр жылдың қабатында қап, жоғалып тауысылды. Ал қазір «мінгені» — өз аты, әнші, бақсы, көріп кел, суайт сықылды ұғымдардың жиынтық мағынасын беретін жалғыз есім-сөз: Мәлике. Мәлике десе көптің көз алдына жиырма екі жасында жесір қалған жалқы әйелдің тұтас өмірбаяны келеді. Мәлике атын шығарған да сол баяғы соғыс, жесірлік. Әйтпесе, Тұраш үйіндегі келін күйінде қартайып, бәлкім дүниеден де сол белгісіз күйінде өтер еді ғой.
Қыр елі кие тұтқан баяғы қара әулие де бүгінде төбе басында. Мәликенің аруағына алдымен бас ұрған соның өзі еді. Ауылды аралап, бата-дұғасын үлестіре жүріп шал Мәликенің аруағын үгіттеді, оның тартқан тасы мен көрген түсін әңгіме жасады, біреу ауырып алдына барса соған жұмсады, со келінге бар, ұшығы жеңіл деп иек көтерді. Сөйтіп, Мәлике аты бүкіл Қошалаққа жайылды. Ол — соғыстың әлі аяқталмаған, әулие қарттың да береке-беделі түспеген кез-ді. Кейін көпшілік келіншекке жаппай иланып алды. Себебі Мәлике түс жорыта, не тас аштыра келген кісіні дәйім қуана қарсылайды, барын ауызына тосады, және, өз сөзімен айтқанда, ылғи «ақ сөйлеп» аттандырады. Ел сонысына-ақ риза. Табиғатынан еңбекқор, алғыр жан шаруасын да ерек түзеген-ді, өзі ешкілерінің үшем, егіз тапқанын: «Жұбан атамның маған тартқан сыбағасы» деп түсіндіретін.
Қара қарттың жарымжан ұлы желөкпелеу кісі-тін, бір күні қарадан-қарап отырып: «Мен Мәликеге барып түс жорытып қайтайыншы, қарыным ашты», — деген, әкесінен осынысы үшін таяқ жеді.
Сөйткен қамқор қара шал ауылдың көп кәрісінің өлігін бастады — қабірге бұрын түскен сол. Ал Мәлике ол шалдың ажалына көрінген түсін кейінірек айтты: «Қара атам, астағы-піралла, түсім күндізгі деп айтайын, қолтығында күрек, құдық көздеп жүрді, жаман құрғыр-ау, саған айтып ем ғой, содан-ақ ішім тартқам».
Соғыс басылған жылы Мәлике жүкті боп, ұл тапты. Күдіктене қараған көп көзден қысылған жоқ, тал түсте босанды. Сосын дүйім ауылды жинап шілдехана өткізді. Өткен қыста Тұраштың шалбарын киіпті, өз айтуынша, бойына нәресте Жұбан атаның желеп-жебеуімен со шалбардан бітіпті. Жақсы адамды ренжітуге болмайды, жұрт бұған да иланды.
V
— Сүйт, сүйт. Не айтып келе атыр ем әлі, өлшесе өзімен, Құрашжанның нақ осы балалардай кезі, әй, жаман мынауың нешеде биыл? Иә, о да үшке шыққан-ды, бұлар қайдан білсін, білмейді ғой, әлгі Тұрекеңнің шалбарынан жаралған жалғызымды айтам, соны қарақұрт шағатын күні сыртқа шықсам әлдекімнің нықылықтап таңдайын қаққанын естідім, жарықтық Жұбан атам екен. Ана ащыңнан құйып қойшы. Бейбақ басым... сүйтіп, қызыл іңірде қырық пері көшті, Жұбан атамның таяғы астынан тайып шыққан бірінің қанатының лебі ұрды ұлымды, мені... уай, қара қартым, қара әулием, мына пәнделерің сенбейді маған! — Кемпірдің жүзі кенет көгіс тартып жүре берді, көзі шатынай, отырған кісілердің басынан аса қарады. Әлдеқайдағы өзіне ғана таныс бір бейнеге қадалған сияқты. Осы мезетте бұрын бұл ауылда көрінбеген жас келіншек көршісінің бүйірінен түртіп жіберіп, сыңқ-сыңқ күлді: масқара-ау, мына шешей баланың әкесі шынымен кәдімгі шалбар деп отыр ма?
* * *
Майда топырақты бұрқылдата кешіп, ауыл шетіндегі молаға қарай ауызына келгенін алу-далу сөйлеп кетіп бара жатқан қартаң әйелдің соңынан бақылаған егде екі еркектің бірі:
— Майталман-ай, қасқаның қасіретін қозғап алдық-ау, — деп күрсінді.
Екіншісі басын шайқады.
— Иә, шалығы ұстамаса игі еді. Емі жоқ енді.
— Емі — хикаясын бастай бергенде көңілін басқаға бұрып жіберу.
— Кім білсін...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі