Өлең, жыр, ақындар

Жиренше (Үшінші әңгімесі)

Хан әр уақытта бір жерге жолаушы шығайын десе, Жиреншеменен «мынаны қайтеміз, мынау қалай болады?» деп кеңес салып, сонан Жиренше қалайша мәслихат жасаса да, тіл қабай Жиренше дегенше істеуге бұйыратын еді дейді. Сонан бір күн хан асығыстау бір жолаушы шығайын деп өзінің қызметкер адамдарына:

— Жылдам өзімнің отыратын арбама өңшең қызыл нардан алты қызыл нар әкеліп жегіңіз! — деп бұйырыпты дейді. Сонан қызметкерлері жылдамдап алты қызыл нарды әкеліп жегіп, хан шығатын есіктің алдына таман жақындатып қойыпты дейді. Сонан хан қызметкерлеріне
айтыпты дейді:

— Барыңыз, Жиреншені шақырыңыз, меніменен бірге жүрсін! — депті. Ханның қызметкерлері аз болсын ба, жалма-жан біреуі жүгіріп барып:

— Ау, Жиренше, хан жолаушы шығайын деб атыр, сізді шақырады, келсін, меніңменен бірге жүрсін деп айтады, —  депті. Сонан Жиренше айтыпты:

— Ханның жеккені не? — депті. Шақыра барушы айтыпты:

— Керемет өңшең қызылдан алты нар жеккізіп, әзірлеп қойды, — депті. Сонан Жиренше айтыпты:

— Бек хош, қазір барармын, ханға сәлем айт, күн бұлт — қанатсыз болмайды, ханның қанаты жоқ, — депті. Сонан шақырушы қайтып ханға айтыпты дейді:

— Тақсыр, Жиреншеге бардым, ханға сәлем айт, қазір барарым, күн бұлт — қанатсыз болмайды, ханның қанаты жоқ деп айтады, — депті. Сонан хан ұшып тұрегелді де, қызметкерлеріне айтыпты дейді:

— Жылдам нарларды туарып, жылқыдан тұлпарлар әкеліп жегіңіз! — депті. Сонан қызметкерлер жылдамдап тұлпарларды әкеліп жегіп, әзірлеп қойсалар, мына жағынан Жиреншекең де келіп, ханменен екеуі арбаға мініп, тұлпарларменен жөнеліпті дейді. Бара жатқанда Алланың әміріменен қыбыла беттен бір қара бұлт жаңбыр төгіпті де салыпты дейді. Жер батқақ, сабыр тұлпарлар жарықтық қайғырсынып, батқақты кесіп, әшейін-ақ күш бермей, сыдыртып алып баратыр дейді. Сонда Жиренше тұрып айтыпты дейді:

— Жылқы — малдың патшасы, түйе — малдың қасқасы, — депті дейді. Түйе малының мынадай батқақ және қайғақтарда жүруге қиын болатұғын, соған қарап айтқан сөзі болады шамасы.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз