Бір күн Жиренше шешен жолаушы келе жатып, бір ауылдың тұсына келсе, ауыл мен екі арада өзен су бар екен. Оның өткелі қай жерде екенін біле алмай сасып тұрғанда судың ар жағына су алғалы шелегімен бір қыз келеді. Жиренше дауыстап:
— Бұл өзеннің өткелі қайда? — деп қыздан сұрайды. Қыз:
— Анау жақта бір өткел бар — алыс та болса жақын. Берірек бір өткел бар — жақын, жақын да болса алыс, — дейді. Бұл не деген сөз екенін аңғармай Жиренше жақын деген өткелге барып, жүріп кетіп еді, судың орта жеріне барғанда аты балшыққа жығылып, үсті-басы былғанып, қайтадан қайтып шықты. Сонан соң алыс та болса жақын деген өткелге барып оп-оңай өтіп, ар жақтағы қыздың үйіне келді. Онда келген
соң Жиренше қызға қарап:
— Жаным, қарным ашып алыстан келдім. Тамағыңның тәттісін бер, — деді. Қыз айтты:
— Бір тамақ бар ащы, ащы да болса тәтті. Бір тамақ бар тұщы, тұщы да болса ащы, — дейді. Сонда Жиренше:
— Ащы да болса тәтті деген тамағыңды әкел, — дейді. Қыз тұрып барып бір уыс тұз алып бір аяққа салып Жиреншенің алдына қойды. Жиренше мұны көріп:
— Жаным, құр тұзды қалай жейін, — деді. Сонда қыз тұзы жоқ қара көже құйып берді. Жиренше ақылды, данышпан кісі еді. Ойлап отырып бұл тұспалға түсінді. Және өзінің үй иесінің берген мәзірін күтпей, тәтті тамағыңды бер деп сұрағынан ұялды. Сол берген астан Жиренше қыздың есті екенін аңғарып, ақырында өзіне қатындыққа айттырып алды дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі