Өлең, жыр, ақындар

Аңсар

Аңсар таң ата темір тұлпарын тақымдап Алматыдан Нұр-сұлтанға жолға шықты. Күздің суық желі көлікпен жарысады. Терезені сәл түсірсе болды азынаған жел машинаны төңкерердей гулейді. Мүлгіген ағаштар анадайдан жарыса шапқылап, жете алмай амалсыз қала береді. Жер бетіне шөккен қалың тұманды қуған жел, адамдар тіршілігіне тыныс бергісі келеді, алайда қалың тұман еш ығар емес. Жақсы адамдар қанша құлшынсада жамандықтың салмағы әркез басып түсіп жатқаны сияқты, сіресіп жер бауырлаған тұмандар бірі кетсе, бірі орнын басып тынымсыз зулайды. Айнала шөккен тұман қарға адым жер көрінбейді. Кенеттен көлігі кешегі жауған жаңбырдан топырақ жолдың былқылдақ батпағына батты. Газды ары басты, бері басты, дөңгелегі пырылдап айналған сайын бата берді, бата берді. Құдды тіршіліктің қызығына батқан, дүние қуған сараң байлар іспетті күнәға белшесінен батып жатақандай. Аңсардың көлігі енді тіптен жер бауырлап қалды. Ділгірі құрып көліктен түсті, тынысы тарылды, соқпақ төте жолмен жүргеніне өкінді. Алыс болсада асфальт жолмен жүрсе жүргіншілерде көп, жолда даңғырап жатыр еді, енді міне бәрі кеш. Алды-артында машина даусы естілмейді, әбден мазасы кетті, өзін қолдан сырлы да тылсым адам жасағысы келіп жүретін ол, үндемей тосыннан қайын жұртына барайын деген өз қылығына өзі мырс етіп күлді. Енді қолфонда байланыс сызықтары мүлде жоқ, көлігіне қайта кірді, машинасын оталдырып аз-кем жылынды. Амалсыз қалың ойдың ішіне қамалды...неге әйелім сияқты отарбамен шықпадым, неге алдын ала оларға қоңырау шалып баратынымды айтпадым, неге менің көлігім батпаққа батты, неге мен...деп өзін өзі түтіп-жеп көлігінде кеш батырды... Иен дала өзімен өзі сөйлеседі.

Қараңғылық барлық аумақты жапты. Қараңғы мен бірге Аңсардың да тынысы тарылды, оған ауа жетпей қинала бастады. Бағанағы дүние, бала, әйел деген ойлардың бәрі зым-зия ғайып болды, тек тірі қалсам екен деп белгісіз бір күшкке жалына бастады...

Ауа жетпей, ырсылдады, ылғалды ауада тынысы тарылып, иненің көзіндей саңлаудан зорға дем алады. Аңсар қисайса сол нәзік тіршілік нәрі тоқтап қалардай еді, ол өмір мен өлімнің арасында отыр. Іштей өзін өзі өлімге дайындады, таухит калимасын айтып, көзін жұмды. Белгісіз біреудің аяқ дыбысы естілгендей болды, тарыс етіп машинасының есігін ашып, жанына отырғандай болды. Көзін ашуға оның шамасы жоқ, қалың қорқыныштың ішінде ойға кетті...үйленбей тұрып бар жағдайымды жасаймын деп унверситетті бітіре сала дүние қуып аз болмаған байлыққа қолы жетіп, отырыңқырап үйлеген. Көзін ашуға шамасы жоқ қалшылдап отыр. Бір суық қол оның тамағынан алды, тынысы барған сайын тарылды, қырылдай бастады. Өзін қалың өлген адамдардың арасынан көрді... артынша оның екі құлағы “гүп” етіп ашылып тыныс келе бастады. Жаңағы адам оған сыбырлай бастады “Жердегі жандының алыбы акуладан бастап сен біле бермейтін өте ұсақ насокомдарға дейін мойындарына белгілі бір жүк арқалап бұл өмірге соны атқару үшін келеді. Сен мойнындағы сол жүкті әлі атқармапсың...” Мұрны ашылып ауа келе бастады, қалшылдып ұйқысынан оянып көлігін оталдырып жылынды, елден көргені бойынша басын рөлге қойып тоңқаңдап намаз оқи бастады. Бірақ не оқитынын білмеді, тек көз жасымен бетін жуды....әйтеуір үміттің құлан иек таңы бір атты-ау ақыры Аңсарға.

Жер бетін сұрғылт тұман тұмшалаған күздің жаңбырлы суық күнінде бусанған, сан түрлі өсімдіктер өзінің бар күшін ауаға таратады, неше түрлі дәрі шөптердің тозаңы Аңсардың тамағынан жармасып... босатқаны еді.               

*****

Аңсар он жылдың алдында тамыздың ортасында мұрны бітіп түшкірді. Түшкірген сайын ән каролы Шамшы ағасының ең жақсы ауру қотыр — ол қасыған сайын жаның кіріп, рахаттанып өліп бара жатқаныңды сезбей қаласың дегеніндей, бұлда түшкірген сайын түшкіріп, сондай бір жаны жайланып, арқасы кеңіді. Емі жоқ ХХ-ғасырдың жаңа ауруы деп Алматыдағы жұрт жүрдім-бардым емделуді әдетке айналдырған. Өйтетін де жөні бар, құдды жер бетіндегі “ең сұлу” екі қабат әйелдер іспетті мезгілдік ауру. Жаздың соңынан жерге қар түскенше түшкіріп-пысқырып, “мұрнымен сөйлеп мыңғырлап, маңқасы ағып сылбырлап, көзі қышып қызылдап” деп белгісіз өлең жолдарын айту бұндағы жұрттың үйреншкіті әдеті. Асқынғанының тынысы тарылып укол салдырса, басқасы жеңіл-желпі дәрі ішіп, зорға қар жаудырып ауырудан айығады. Он ай кеселін ұмытып тіршіліктен жалығады. Былтыр дүние қуған Аңсар Қытайда дүние тегін төгіліп жатыр, барасың да алып келіп, мұнда саудаға салып бір жылға жетпей шіріген байға айналасың деген білгіштерді тыңдап, Үрімшіге барып түскен осындай қара күзде. Бара сала екі порцы тұшпараны бірінің артынан бірін қомағайлана соқты, дәмі тіл үйреді. Ішкен сайын соңғы сорпасына дейін қалдырмай сімірді. Ұсақ бір түйіршік-түйіршік заттар да аузына ары асып кетті. Он минутқа жетпей Аңсардың тынысы бөтенше тарылып, демі тоқтады, қасы ғана қимылдап қалды. Такси жүргізіуші дұңған жігіті бірден шұғыл құтқару бекетіне жеткізді. Шетелдік адам екен қарамаймыз дегеніне қоймай сол байқұс жігіт “менің үйіме келген адам” — деп тіркетіп ауыру төсегіне жатқызды. Сонда барып қолды-аяғына тимей жүгірген қытай медбикелері оның жанын алып қалуға себепкер болып еді. Содан елге келе сала өкепесін тағы басқа бар болмысын тексертіп, Алматыдағы бас аллергия орталығына барып анализдер тапсырды. “Қыстың кезінде келіңіз” — деп қайтарды. Қар жауа қайта барды, Алматыда өсетін алты түрлі жусаннан сізге аллергия бар деп дигноз қойып, үш жылға дәрі берді. Тек қыста шөп шығардан алты ай бұрын ішіп болу керек бұл дәрілерді. Содан ауыруын ұмытқан Аңсардың түнде сол ауыруы қайта ұстады.

*****

Таң атты, тұман сейілген, Аңсар мұнар далаға көлігінің ішінде отырып айналаға көз салды. Сағым дала бұлдырайды, алыста бір деңе қарауытқандай болды. Ол кенеттен селк етіп таң намазын оқуға ниет етті. Тағыда рөлге басын қойып жылай бастады, оның басқа білері жоқ еді, сол сәтте оған ой келді. Көлігінен түсе жерге құлағын төсеп белгісіз дыбысты ұзақ құлақ тыңдады, аттың аяқ дүбірін естіді. Басын жұлып алып айқайлай бастады, иттің дыбысын естігендей болды, жан-жағына жалтақтап қараумен болды. Алыстағы кішкене төбенің аржағынан ит ерткен салт атты пайда бола кетті. Аңсар әкесін көргендей шыңғыра долдана бақырды. Жалғыз жолаушы кілт тоқтап төңіректі шола қарады, Аңсар басындағы күздік шәпкісін аспантада лақтырып, шарфысын бұлғай айқайлады. Ол көрді. Шоқырақтап атты кісі лезде жетті. Алпысты алқымдаған қарт кісі бұдан бұрын сәлем бере, айқайлай амандасты. Өзінен үлкен кісінің Асалаумағалайкүм дегеніне не дерін білмеген Аңсар жай ғана Ассалау дей салды.

— Қайдан, қайда кетіп барсың балам?

— Алматыдан Нұр-Сұлтанға жолға шыққам кеше.

— Түнде осында қондың ба?

— Я.

— Онда артыма мінгес, бұл боз далада көлігіңе ешкім тиіспейді, мына итті жанына қарауылға қалдырамыз да кете береміз, сосын келіп көлігіңді мендегі дәу өгізбен шығарамыз.

— Аға, алдымен сол өгізді әкеліп көлікті шығарып алсақ.

— Жан бірінші ме, әлде дүние бірінші ме балам?

Менің үйім анау өзің көрген төбенің аржағында, түрің бозарып, зорға тұрсың ауырып тұрсың-ау. Жүр кеттік, — деп итіне сен осында қал деп қазақша зеки сөйлеп қалтасынан екі құрт тастады. Жігітті артына мінгізген мейірбан шал желе-шоқырақпен зулап отырып, Аңсардың іші ауырғынына да қарамастан үйіне тездетіп алып келді.

— Атын мама ағашқа байлаған кенже ұлы Кендебайға шал “Тез есік аш, Құдайы қонақ келді, біздің арман орындалатын болды”- деп белгісіз арманын айтып, әрекетін жылдамдатты. Айналада көршісі жоқ жалғыз үй. Тастан қалаған екі бөлмелі аласа баспана. Үйдің іші әкпен әктелген сондай бір тап-таза, ортада дөңгелек пештің бүйрі қып-қызыл болып, қос бөлмелі үйдің іші жып-жылы. Кірген адам шыққысыз, бір түрі таза энергия байқалады. Кемпір құдды шалдың келініндей дастарханның қамында жүр. Даладан сиыр сауып дөңгелек жүзді сұңғақ бойлы сұлу келіншек үйге енгенде үйдің іші тіптен нұрлады. Ыңрана оянған қос қара домалақ ұл шешесіне қарай жүгірді. Таңғы қонақтарын бір үйлі жан барынша бәйек болып күтті. Түнімен жаураған Аңсардың бойы жылынып, қарны тойды. Дастархандағы ас мәзірі жеген сайын жегіңді келтіреді. Құрт-май, ірімшік-сықпа, талқан-жент, күзгі соғымның қайыңға сүрленген тай еті, айран мен қымыз бәр-бәрі қаладағы “мен, мен” деген ресторандарда жоқ тағамдардың түр-түрі осында екен деп Аңсар аңқасы кебе жеді. Қонағын балаша қараған олар соңғы қымызда қалғып отырған оған жастық қойып ұйқтатты. Кішкене мызғап ал балам, ана гүрсілдеген жөтеліңе, жүзіңнің бозарғанына ем деп белгісіз бір сұйық ертіндіні ерніне тосты кемпір байқұс. “Ішіп ала балам, тұрғанда басқаша оянасың” — деп шал қостады.

“Бүгін көлігіңді шығарғанмен де кеш батады. Тағы түнде жол жүрсең қалай болар екен балам, оданда ертең ертемен көлігіңді шығарып берейік, сосын ертелеп жолға шық” — деп шал Аңсарға ақыл айтты, онсызда түннен қорыққан ол еріксіз бас изеді.

Елу қой, жиырма сиыр, он бес жылқыны қоралаған бір үйлі жан қонақтарын ортасына алып кешкі асқа отырды. Буы бұрқыраған тушаның еті, келуден бұрын мұрын жарды.

— Осы кезде ешкі еті дәрі, өте-мөте осындай екі жасар ұрғашы ешкінің еті, денеміздегі білетін-білмейтін барлық ауыруларымызға ем, балам, — деп шал қонағынан бата сұрады.

— Сізден-сізден — деп бата білмейтін Аңсар тартыншақтай берді.

— Жолаушының дұғасы қабыл, аузыңа не түссе сонымен бізге бата бер, — деп шал бағыт көрсетті. Бұл үйдегілерге амандық бер, ойларында не болса сол қалағанын бер Алла деп Аңсар  бет сипады. Дастархан соңғы ас дұғасын арабша бастап, қазақша ақырластырып ұзақ жасады шал.

— Баласы жоққа бала бер, ауыруға шипа бер, жолушыға жеңілдік бер, елге амандық, жұртқа тыныштық бер, — деп Әбен ақсақал бет сипады.

Етке тойған олар таза ауада жұлдыздарды санай, ас сіңірді. Күздің қою қымызы денені қыздырып, түнгі ызғарды елетер емес. Кендебей таңғы мініс аттардың шөбін салуға кетті.

— Әке-шешең бара ма? Сенімен бірге тұра ма?

— Иә, бар ол кіслер. Інімнің қолында тұрады.

— Негізі қарты бар үйдің қазынасы бар деген, қарт кісілер бар жерде кедейлік болмайды, сосын да қанаты қатпаған кенже бала әке-шешені қолына алып, қара шаңырақты басып, ел қатарына тез қосылады.

Сенің жаңа аузыңа Құдай салды “бұл кілсілердің сұрағанын бер” — деп Алла қабыл етсін. Біз негізі Қытайдан көшіп келгенбіз, ол жақта туған ауылыма бір мешіт салғанмын. Қазір Астананың маңындағы Қоянды деген ауылда тұрдық, онда мешіт жоқ екен. Мешітсіз жерде береке болмайды, жүрегім ауырды. Ауылға мешіт салу үшін ауылдан безіп, осында келіп мал бағып, соны көбейтіп мешіт салсам деген арманмен жүрміз бір үйлі жан деп, — шал аз кем үнсіз қалды...

Шалдың Кендебайы әуелете шақырған азан үнімен оянды Аңсар. Басында түсім бе деп сәл ойланған ол, жанды балқытар, рухты серпілтер жер бетіндегі ең әсем әуеннің ішінде көзін ашты. Бәрі аттай қунап, басқаша орнынан тұрды. Бір үйлі жанның қатарында тұрып намаз үйренді.

*****

Келесі жылдың күзінде Аңсар Әбен атаны іздеп келді, сіздің берген батамен Шекесі торсықтай ұлды болдық, Қояндыға мешітті мен салсам, шал үнсіз жігітті құшақтады...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз