Өлең, жыр, ақындар

Отырған қыз

Учаскелік дәрігер болып жұмыс істегелі бері неше түрлі шақыртуларға бойы үйреніп кеткен Жәмила келген үйінің есігі ашық тұрғанына еш таңырқаған жоқ — мұндай жай бұрын да талай рет болған. Табалдырықтан аттаған соң есік алдында сәл бөгеліп, жөткірінді де: «Дәрігер шақырттыңыздар ма?», — деді дауыстап.

Оң жақтағы бөлмеден әлдекімнің ыңырсығаны естілгендей болды. Аяқ киімін шеше салып, солай қарай ұмтылған Жәмиланың көзі диванда бүк түсіп жатқан ер адамға түсті. Мұның «Не болды? Қай жеріңіз ауырып тұр?» деп бастырмалата қойған сұрақтарын естігенін білдіргендей ыңыранғаны болмаса, оның сөйлеуге шамасы келмеді.

Дереу тонометрін шығарып жатып, «Қап, медбикеге тезірек кел демегенімді қарашы! Мына кісіні жалғыз өзім орнынан да қозғай алмаймын ғой», — деп ойлаған Жәмила, оның тоқыма күртешесінің жеңін қайырып, қан қысымын өлшей бастады. Қан қысымы бұл жас шамасындағы адамдар үшін аса қатты көтерілмеген сияқты. Сонда бұл кісіні бебеулеткен қандай ауру болғаны?

Бөлмеде әлдебір жағымсыз иіс байқалған соң айналасына барлай көз тастаған — төсектің астынан кір жуатын шылапшынның жиегі көрініп тұр екен. Қолқаға тиген иіс те сол жақтан шығатын сияқты. Түсінікті болды. «Әлденеден уланған ғой!»

Жәмила жағдайды дереу өз учаскесіндегі кезекшіге хабарлап, одан «Жедел жәрдем» станциясына телефон шалып, бригада шақыртты да, өзі жанұшыра жүгіріп жүріп, марганцовка ерітіндісін дайындап әкелді. Енді науқасқа бұл ерітіндіні ішкізу керек. Бірақ қайтіп? Оның ерітіндіні ішпек түгілі басын көтеруге шамасы жоқ екенін өзі де көріп тұр. «Шыдаңыз, сәл шыдаңызшы, — деді амалы құрып, жалынышты үнмен, — қазір жедел жәрдем келеді...»

Сол кезде уһілеп-аһылап бесінші қабатқа әзер көтерілген медбике үй ішіндегі жанталасты көріп, есі шығып кетті. Екеулеп жүріп, науқасты отырғызып, аузына ыдысты тосып «ішіңіз, ішіңіз» деп қосарлана айқайлап жүріп, әйтеуір бірнеше рет жұтқызды. Сәл демін алдырып, ыдысты тағы аузына тақады: «Тағы кішкене ішіңізші... тым болмаса, екі-үш рет ұрттаңызшы...» Науқас тап қазіргі кезде мына шырқырап жүрген екі әйелден жақын жанашыры жоғын әлдебір түйсігімен сезінді ме, осылардың ыңғайына көніп, аузын аша бергенде лоқсып, алғашқы ішкен суы кері ақтарылды...

Ішіндегі ащы запыраннан біршама арылып, бойы сәл жеңілдеген науқас өз жағдайының мәз еместігін, өмірі қыл үстінде тұрғанын түсінген болуы керек, қасында шыр-пыр боп жүрген дәрігерге «құтқара гөр!» дегендей жалбарына қарады.

Қол-аяғы балғадай, зіңгіттей жігіттің мынадай қауқарсыз, дәрменсіз күйіне Жәмиланың жаны ашып кетті. «Байғұс сәл кешіккенімізде өліп қалады екен, Құдай сақтады әйтеуір» деп іштей шүкіршілік етіп, есін жиған соң бұның айтқандарының бәрін істей бастаған науқастың асқазанын тағы да шайғызып жатқанда апыр-топыр етіп «Жедел жәрдем» бригадасы да келді...

Арада біраз уақыт өтіп, Жәмила бұл оқиғаны ұмытып та кеткенде, қалалық денсаулық сақтау департаментінен бұлардың емханасына алғыс хат келіп түсті.

Шағын ұжым қуанып, мәре-сәре болды да қалды. Жұмыс аяғында бөлім меңгерушісі арнайы жиналыс ашып, хатты оқып беріп, оған негіз болған өткенде Жәмила жедел көмек көрсеткен адамның қалалық департаментке хабарласуы екенін айтқанда өздерінің мазасыз, ақысы да төмен еңбектерін ешкім бағаламайды деп ойлайтын дәрігерлер мен медбикелер қуанысып, дабырласып қалды.

— Оның қағазын тамақ қып жейсің бе? Одан да ақшалай көмектессе етті? — деп күңкілдеді шетте тұрған орта жастағы медбике.

Басқа кезде болса бұл сөзді іліп алып кетушілер табылар еді, бірақ бүгінгідей еңбектері еленудің бір нышаны байқалған сәтте көпшіліктің көңілінде қуаныш басым болатын, сондықтан алғыстың материалдық жағы туралы әңгімені ешкім қолдай қойған жоқ. У-шу болып, алғыс қағазды әрқайсысы ұстап көріп, Жәмиланы шын ықыластарымен құттықтаған әріптестері жұмыстарының керектігіне сенімдері артып шығып, үйлеріне өздері алғыс алғандай болып тарады.

Жәмила да кабинетінен қуанып шықты. Осында келгелі ресми түрде естіген бірінші алғысы еді бұл. Әйтпесе, мұндай алғыс хаттар, дипломдар мен сертификаттардың қаншамасы бар. Бірақ оның бәрі — өткен өмірінің жетістіктері. Облыс жабылып, ауруханада күрт қысқартулар басталғанда «жалғыз адамның жұмыс табуы да, орналасуы да жеңілірек қой» деп балалы-шағалы әріптесінің орнына өзін тізімге енгізіп, неше жыл қызмет еткен қаладан кетуге мәжбүр болған.

«Өзім білім алған Қарағандыға барсам ба екен, әлде облыс орталығы Қостанайға кетсем бе?» деп ойланып жүргенінде, анасындай араласатын көрші апаның: «Шырағым, ел ауған жаққа құт та ауады» деген. Сен не де болса, жаңа астана — Ақмолаға барсаңшы» деген бір ауыз сөзі себепші болып, бірер күнде жиналып, осында тартып кеткен.

Жұмысқа тұру үшін бірнеше дәрігерлік мекемені аралап жүріп, осы емханаға тоқтауды жөн көрді. Себебі, он жылдық тәжірибесі бар кардиолог дәрігердің түйіндемесін қарап отырып, емхана басшысы «Әзірше учаскелік дәрігер болып кіре тұрыңыз, кардиологымыз зейнеткерлікке шығуға дайындалып жүр» деген-ді. Бұл сөздер жалпы терапияны жақсы білетін болса да, кардиолог ретінде өз өңірінде жақсы танылған дәрігердің сол салада қызмет етуді қалаған көңілінің қалауын дөп басты. Әрі бұл емхананың жатақханасы да бар екен, жоғары білімді, тәжірибелі маман ретінде шағындау бір бөлме бере алатындарын естігенде, бас дәрігердің ұсынысына бірден келіскен...

Содан бері де біршама уақыт өтті. Бейтаныс қала, етене жақын араласатын дос, жолдас та жоқтың қасы болған соң бұрын да бұйығы мінезді бұл тіпті тұйықталып бара жатқандай. Кейде іштей торығып, бір-бірінен айырмашылығы жоқ күндерден қашып кеткісі де келетін... Бүгінгі оқиға сондай сүреңсіз тірлігіне сәл де болса сәуле шашқандай. Аяқасты өткен жиынды, әріптестерінің құттықтауларын көз алдына елестетіп, күлімсіреп қояды.

Автобустан түсіп, өзі тұратын жатаққа әдетінше үй-үйдің арасымен келе жатты. Жұмыс аяғы болған соң әрі-бері жүрушілер де көбейген шақ, бәрі де өзі сияқты асығулы. Көңіліндегі қуаныш ерте түскен қыстың ызғарлы ауасын, ойдым-ойдым жолдың ыңғайсыздығын сездірмей, тіпті бұрынғыдай, аулалардың ықпыл-жықпыл қуыстарынан да қорықпай, ақырын ыңылдап келе жатыр.

Жатақхананың сыртқы есігінің алдында гүл ұстаған ер кісі тұр екен. Өте беріп, көз қырын салып еді, оның күлімсірей бері қарай ұмсынғанын байқап, сәл кідірді. Өзіне сұраулы жүзбен қараған Жәмилаға жақындай беріп бейтаныс кісі «Танымадыңыз ба?» деп тіл қатты.

Жәмиланың танымағаны рас. Бірақ бір жерден көрген сияқты.

Бейтаныс кісі қысыла күлімсіреп: «Мені құтқарып қалып едіңіз ғой... Осыдан бір ай бұрын. Есіңізде ме?», — деді.

Иә, иә, енді есіне түсті. Медбике екеуі асқазанын жуғызып, «Жедел жәрдемге» салып жіберетін кісі ғой...

— Ой, сәлеметсіз бе? Қалайсыз? — Жәмила қуана амандасты.

Бейтаныс кісі қолындағы гүлін созды:

— Мынау — сізге...

— Маған?.. Несіне әуре болдыңыз?

— Әуре болғаным жоқ. Қайта сізге келіп рахмет айтудың реті болмай, ұятты болып жүр едім, бүгін сәті түсті...

— Ешқандай да ұят емес... Жұмысым ғой...

— Дегенмен... Сол күні сіз көмек көрсетпегенде... аяғы жаман болады екен. Бірге болған әріптесіміз... солай...

— Не дейсіз? Ой, Алла-ай! Сізді періштеңіз сақтаған екен!

— Сол періште сіз болдыңыз ғой деймін...

Жәмиланың тұла бойы түршігіп кетті. Сосын өзіне ризашылығын білдіргелі келген кісіні есік алдынан қайтаруға ұялып, қысыла тіл қатты:

— Үйге кіріп, шәй ішіңіз...

Қонақ Ақмолаға Алматыдан қоныс аударған мемлекеттік қызметші екен, «алғашқы болып біз көшіп келдік» деп, мақтаныш сезіммен айтты. Жәмила тоңазытқышты ашып-жауып, дастархан жасап жүргенде бір-екі рет «көмектесейін бе?» деп ұмсынып қойған. «Өзім, өзім» деген бұған: «Бұрын үй жұмысынан басымды ала қашушы едім, қызық, қазір соны да сағынатын болыппын», — деп күле сөйледі.

— Ал, енді дұрыстап танысайық, құтқарушым, — деді ол дастарханға жайғасқан соң қолын Жәмилаға созып, — Бақтияр Жетпісбаев! Полиция подполковнигімін!

— Жәмила. Дәрігер екенімді білесіз ғой...

Бақтиярдың ашық-жарқын мінезді адам екендігі байқалды. Өзіне қатысты сөз болғанда қалжың қосып, кейде өзін мазақтап отырғандай сөйлейтіні де қызық көрінді. Сонау оқиға болатын күнді де солай түсіндірді. Өзі сияқты «салт басты сабау қамшылылар» жиналып, Ақмоланың суығынан қорғану үшін осылай «бой жылытатындарын», дүкеннен көзге түскен нәрселерді алып, апыл-ғұпыл жей салатындарын күле отырып әңгімеледі.

— Отбасымен тұратындар ыстық сорпа ішіп жылынса, біз амал жоқ, «ақаңмен» жылынуға мәжбүрміз. Аяғы сол, өзіңіз көргендей жайларға апарып соғып жатады...

— Сіздің де жолдасыңыз бар шығар... Неге ертіп әкелмедіңіз?

Сұрауын сұрағанмен, қысылып қалды. Қонақ терезеге қарап отырып:

— Келген, бірақ кетіп қалды, — деді. — Мына жақтың ауа райына, жатақханадағы тұрмысқа үйрене алмай, қайтайық деп мені біраз үгіттеді. Шыны керек, жұмысты тастап кетуге бірге келген әріптестерден ұялдым... әрі... қиындыққа шыдамай бәріміз қашатын болсақ, кім болғанымыз... деген ой да маза бермеді... Не керек, қайтпайтынымды білген соң жалғыз өзі Алматыға кете барды...

Сіз ше? Қайдан келдіңіз? Кешіріңіз, бөлмеңізге қарасам, ер адам тұрмайтын сияқты...

— Тұрмайды... Әлгі «орнын табады» деген ертегіге сеніп қалған «отырған қыз» боламыз...

Өзіне қанша рет қойылып, әбден мезі қылған сұрақтың тағы да алдынан шыққанына ызасы келіп, әрі қарай ширыға сөйледі:

— Тіпті сіздікіндей «кете баратын» адам да біздің маңдайымызға жазылмапты... Осы кезге дейін налитын ем... енді қарасам, қиындыққа шыдамай, жарты жолда тастап кететін адаммен тұрғанша...

Қонағының қабағы тұнжырап кеткенін байқап Жәмила кілт тоқтады.

— Ой, кешіріңіз, сіздің көңіліңізге тиіп кетті-ау сөзім. Кейде осылай ойламай айта салатыным бар... Кешіріңіз.

— Әскерде қызмет еткен жоқсыз ба? Мерген екенсіз... — Бақтияр ренжімегенін көрсетіп, күлімсіреп қойды. — Сөзіңіз рас. Несіне ренжимін?

Сәл үнсіздіктен кейін әлдене айтқысы келгендей жігіт Жәмилаға көзінің астымен қарап қойды. «Айтсам ба, айтпасам ба?» деп отырған сияқты. Ақыры, үй иесіне салмақпен қарап:

— Сіз басқаша ойлап қалмаңыз, — деді тамағын кенеп. — Мен бір қызық жайды байқадым... «Отырған қыз» дегеніңізге байланысты... Мектептерде, ауруханаларда осындай қыздар көп екен... Анау мемлекеттік қызметте ше? Шеттерінен білімді, көрікті, істеріне мығым қыздар... Меніңше солар «оқимын, жетілемін» деп жүріп отырып қалатын сияқты.

— Біраз зерттеген сияқтысыз ғой біздерді...

Жәмила сыңғырлай күлді. Бірақ өзі әбден запы болған тақырыпты әрі қарай дамытуға құлқы жоқ екенін білдіріп, әңгіме арнасын тез бұрып жіберді. Тіпті сөзінің қонағына қалай әсер ететінін ойлап та үлгірмей, әлгінде ғана тілін тістей қалғанын да естен шығарып, оқыс сұрақ қойды.

— Сіз неге полицей болдыңыз?

Бақтияр басын шайқап күлді. Сосын бұған тура қарап:

— Жақсы көрген соң, — деді.

Милицияны «мент» дейтін, сол көзқарас оның атауы өзгерген кезде де өзгермеген қоғамда өскен Жәмиланың өз жауабына сенбегенін көріп, Бақтияр бір әңгіме айтты. Жалқау, жарытып оқу оқымаған бір туыс інісіне қазіргі кезде білімсіз, кәсіпсіз күн көрудің қиындығы туралы миына біраз нәрсені құйдым ғой деп ойлап «Сонда сен қалай өмір сүрмексің?» деп ұрысса, «Қойшы, тіпті болмаса милициялыққа барам» деген екен.

— Өкінішке қарай, қоғамымыздағы біздің мамандыққа деген көзқарас осындай. Ал мен бала кезден мақсат қойып, әскерден соң ішкі істер бөліміне бардым. Арнайы білім алдым, академияны бітірдім. Әлі де өсіп-жетілу үшін бар күшімді салам. Кішкентай шеннен бастадым, генерал болмай қоймаймын, — деп сөзін күле аяқтады.

Тағы бір-екі кесе шәй ішілген соң: «Ертең жұмыс, сіз демалыңыз», — деді Бақтияр орнынан тұрып...

Сыпайы қоштасып, шығып кеткен қонағының күлдіргі әңгімелерін есіне қайта түсіріп, жақсы көңіл-күймен төсегіне жатқан Жәмила өз ойларына жымия жатып, ұйықтап кетті...

Ертесіне түске дейін әлденеге алаңдап жүрді... Сосын шұғыл шақыртумен учаскесінде жүрек талмасымен есепте тұратын кісіге барып, жедел жәрдем көрсетіп, басқа да жүгірістер көбейіп кеткенде, көңіліндегі алаңнан да арылып, бұрынғы қалпына түсті. Кешқұрым жатақханасына келгенде қатты шаршағанын байқады. Тамақ жасауға құлқы болмай, тіпті шәй қойып ішуге де зауқы соқпай, бір кесе айран ішті де жатып қалды.

Таңертеңгі лездемеден келгенде кабинеттегі телефоны безілдеп жатыр екен. Медбике кешігіп келем дегені есіне түсіп, «кардиолог тыңдап тұр» деді тұтқаны ала салып.

— Сіздің қабылдауыңызға кірейін деп едім, — деді ер адам.

— 56-03-10 нөміріне тіркеу бөліміне хабарласыңыз, қабылдауға келетін адамдарды кезекке солар қояды, — деді де тұтқаны қоя салды.

Телефон тағы шырылдады. Күні бойы осылай. Медбике болмаған кезде телефон қоңырауына жауап берем деп қабылдауда отырған адамдардың ренішіне қалатыны бар. Бірақ, алмауға тағы болмайды: ар жағындағы адам да қатты сырқаттанып жатуы мүмкін ғой.

—Кардиолог тыңдап тұр...

— Жәмила...

Бақтиярдың даусын таныды. Мұның алдында қоңыраулатқан адамның да сол екенін енді ғана түсініп, күліп жіберді.

— Ой, Бақтияр, сіз екенсіз ғой... Бүгін медбикем жоқ, әбігерленіп жүріп, даусыңызды танымаппын...

— Аа, онда кедергі болмайын. Сізді кешке киноға шақырғым келген...

Жәмила сасып қалды. Сосын «Ааа, жарайды, жұмыс аяғына қарай хабарласарсыз. Шұғыл шақырулар түсіп қалмаса...» деді.

Араларындағы сыйластықтың тереңдеп бара жатқанын Жәмила да, Бақтияр да түсінді, бірақ екеуі де әңгімені қалай бастарын білмей жүрген. Түсінісулеріне кездейсоқ жағдай, Жәмила өзін бір айлық тағылымдамаға жібергелі жатқанын айтқанда, Бақтиярдың жұлып алғандай «Мен қайтем?» дегені себепші болды.

Жәмила күліп жіберген. Бақтиярдың жас баладай шошынған түрі сондай күлкілі әрі аянышты еді... Шындығында, осы тағылымдама туралы естігенде кардиологияда күн сайын болып жатқан жаңалықтардан хабардар болу керектігін түсіне тұра өзі де іштей Бақтиярды қимай, бас дәрігерге барып, «басқа маманды жіберсеңіз қайтеді?» деп қипақтаған. Бірақ, бастығы дәрігердің тағылымдамадан өтіп тұруы керектігін айтып, көнбей қойды. Міне, енді амалсыздан жолға жиналып отыр.

Үлкен жол сөмкесін ашып қойып, енжар қимылдап, киімдерін жинап отырғанда Бақтияр келді. Вокзалға өзім апарып салам деген. Есікті ашып, состиып тұрып қалған бұны иығынан құшақтап, өзіне қарай тартты да:

— Сен ешқайда бармайтын болдың, — деді құлағына сыбырлап, — мен келістім...

— Қалай? Кіммен?

— Бізде медициналық торап ашылған болатын, соған меңгеруші боласың... Ертеңнен бастап...

Бұрын басқа қызметтерге шақырғанда «Мен кардиологпын ғой» деп бас тартатын Жәмила бұл жолы қуанғаны сондай, жігітті құшақтай алды. Қызды аймалай сүйген Бақтияр оны көтерген қалпы төрге озды...

Тұла бойы майдай еріген Жәмила оның сыбырлаған сөздерінің бірін естіп, бірін естімесе де, батыл қимылдарына еш қарсылық білдірмей, ыңғайына икемделе берді... Бар дүниені: осы уақытқа дейін шеңберінен шығармаған ұстанымын да, қызметті де, басқа жайларды да ұмытты... Лықсып-лықсып келіп жатқан ыстық толқындардан жан дүниесі рақат күй кешіп, мына өмірден мүлде қашықтап кеткен оның бойында осы сәттің таусылмауынан басқа ешқандай тілек жоқ еді...

Екі-үш күннен кейін Бақтияр «жалдамалы пәтерден жалықтым» деп, мұның бөлмесіне көшіп алды. Екеуінің бір-бірінсіз ас ішпейтін, таңертең сүйісіп оянып, кешке қуана қауышатын ертегі өмірлері солай басталды...

— Оу, Отырған қыз, енді осылай екеулеп отырамыз ба? Бір жаққа шығайық та, — деді бірде Бақтияр еркелете сөйлеп. — Жүр, киноға барайық.

Жәмилаға салса киноға да, театрға да бармай, ұядай ғана бөлмесінде екеуінің құшақтасып отырғанынан артық бақыт жоқ. Әрі жұрт көзіне түсуден де қымсынады. Бақтияр сонысын байқаған болуы керек, әдейі істегендей біресе әлдебір достарының үйіне қонаққа ертіп апарса, бірде серуенге алып шығып жүрді. Қай жерде де өзін еркін ұстайды. Өздерінің шын бақытты жандар екендіктерін паш еткісі келгендей, жайраң қағып, жарқылдай күліп, жұрт назарын өзіне бірден аударады. Қайда барса да қол ұстасып жүретіндерін Жәмила да ұнатады-ақ, сондықтан қарсыласпайтын болды. Ал серуендер кезіндегі әңгімелер екеуін жақындата түсіп, бірін бірі тереңірек тани бастады.

Бақтияр үйленгеніне айтарлықтай уақыт өтсе де әлі балалары жоқ екенін айтты бірде. «Бастапқыда жас болдық, баланы керек еткен жоқпыз да, — деді Жәмилаға бейтаныс қалыппен үгіле сөйлеп. — Келе-келе әлдене жетіспейтіндей алаңдай бастадық, сөйтсек ол — бала екен. Салып ұрып дәрігерлерге бардық, одан қалды түрлі емшілерге қаралдық. Бәрі дұрыс, күтіңдер деді. Содан күтудеміз...»

Бұдан кейін екеуі ол тақырыпқа барған жоқ. Тек бірде ғана Бақтияр бала тақырыбының өз жанына қаншалықты бататынын байқатқан. Жәмила өзі перзентханаға жеткізген әйелді «тағы қыз тудың» деп күйеуі үйге шығарып алудан бас тартқанын айтып келгенде «ақымақ, бір балаға зар адамдардың бар екенін білмейді ғой» деген-ді даусы дір-дір етіп... Сосын кілт тұрып, ештеңе деместен үйден шығып кетті.

Жәмила оның бұл кетісінің немен аяқталғанын арада бірнеше күн өткенде бір-ақ білді: Бақтияр сол бойда перзентхананың басшылығынан әйелдің мекенжайын сұрап біліп, үйіне іздеп барыпты. «Күйініштен» арақ ішіп жатқан күйеуінің басына суық суды ақтара салып, қызметтік машинасымен перзентханаға алып барыпты.

Ең қызығы «әйел-балаңа ие болмасаң маған өкпелеме» деп шегелеп, «сырттарыңнан учаскелік полицей тексеріп тұрады» деп қорқытып кеткен ғой. Енді анау байғұстың бала жатқан арбаны әрі-бері сүйретіп, полиция бөлімшенің алдынан шықпайтыны туралы әңгіме емханаға жетіп, әріптесі бар оқиғаны бұған рахаттана күліп отырып айтып берген. Оны тыңдап отырып Жәмила бала үшін оқыс әрекеттер жасаған Бақтиярға бір жағынан сүйсінсе, екінші жағынан жүрегі сыздап, жаны ашып кеткен-ді.

Содан бері «Бала тусам ғой, сәбилі болсақ қой» деген ой қайта-қайта жылт ете қалып жүріп, ақыры оңашада жаратушыдан жалбарына сұрайтын тілегі болып жүрегінің түбіне орнығып алған. Жастыққа басы тигенде де, таңертең оянғанда да, жолда келе жатып та іштей: «Жасаған Аллам, сәби сүйгізе гөр» деп қайталаумен болатын. Соның әсері де болар таяуда бір қызық түс көрді. Марқұм әкесі: «Мен болсам қасыңда жоқпын. Мынау қаруың болсын» деп қолына балға ұстатып кетті.

Ә дегенде Жәмила әкесінің түсіне кіргеніне қуанды. «Жеті нан пісіріп, жұмысқа ала барайын» деп ойлаған... Кенет әлдебір ой келіп, пальтосын иығына іле салып, дәріханаға тұра жүгірді... Жүктілікті айқындайтын сынамадағы ап-айқын екі жолақты көргенде жүрегі атқақтап, бір отырды, бір тұрды. Телефонды әлденеше рет тере беріп, өзіне тоқтау салды. «Қой, әдемілеп дастархан жайып, кешке салтанатты түрде хабарлайын» деп шешті ақыры.

Кешке Бақтияр әйелінің Астанаға оралатын болғанын айтып келді.

Сірә, күйеуінің басқа біреумен тұрып жатқанын естіген болуы керек. Астарлы сұрақтар қойып, сыр суыртпақтағанына қарап солай ойладым деді. Бірақ ешқандай шу шығармай, бұдан былай бірге тұратынын ғана айтыпты. «Әдетте, бізде күйеуінің сезікті жүрісін байқаған әйелдер бірден басшыларға хабарласады. Сосын қызметтен кеттің дей бер...» деді әйелінің олай етпегеніне риза болғандай.

Бұған тап қазір алдында «Ата-анасынан ұят — мені ұлындай көреді, әйтпесе, ажырасып кетер едім», «Алыстап кеттік. Арамызды жалғап тұрған бала да жоқ» деп сөйлейтін және жүрдім-бардым емес, өзінің ішкі дүниесіне үңілгендей болып, нық сеніммен айтатын адам емес, бөтен біреу отырғандай көрінді. Бұрынғы сенімнен жұрнақ та қалмағандай сөздерін тыңдап отырғанда: «Бала емес, қызмет орны құндырақ сияқты ма?» деген ой қылаң берген...

«Жаңалығын» айтып, сылқ етіп отыра кеткен Бақтияр одан кейін тіс жармады. Жәмила да ішкі ойымен арпалысып, біресе өзінің оған некелі әйел емес екендігі еске түсіп, өксіп, біресе, сезім жетегіне еріп осындай жайға тап болғанына күйініп, ләм деп жақ ашпады. Жүктілігін айту қаншалықты орынды енді? Еркінен тыс ештеңе болған жоқ, қандай кінә артпақ? Үйіп-төгіп уәде берген жоқ, қандай талап қоймақ?

Бір сәтте мың сан ой келіп, ақыл мен сезім дай-дай болып шарпысты.

Ақыры... Ақыры жүректің дегеніне жығылды: «Әлсіз жерінен ұстағандай болмайын. Бір реті келер, сонда жүкті екенімді айтайын. Жаныма шуақ сыйлаған жан өзін еш еркектен қор санамасын» деп ойлады.

Жалпы Жәмила тықақтап, өткен өмірі туралы сұрап, Бақтиярдың мазасын алған емес. Осы өміріне, кешігіп көрген әйелдік бақытына риза-тын. Екі адамды бір-біріне жіпсіз байлап, ынтықтырып қойған сезімнің алапат күші мен айналасын жарқыратып, мың бояулы етіп түрлендірген сиқырына таң-тамаша қалды. Соған елтіді, сол сезімінің жетегіне ерді.

Не істесе де ыңылдап әндетіп жүретін. Жұмысына деген ықыласы да бұрынғыдан арта түскендей. Сыралғы әріптесі бірде: «Бір жақсылық бар-ау, соңғы кезде гүл-гүл жайнап жүрсің...» деп күле қараған.

Иә, жақсылықтың болғаны рас еді. Оған себепші болған әшейін ғана дәрігерлік парызын өтеуінің арқасы екендігіне өзі де сенбейді кейде. Көмегіне мұқтаж адамға жедел жәрдем беруі айналып келіп, жан дүниесін нұрға бөлеген сезім сыйлайды деп ойлап па? Басына кенет келген бақыты үшін тағдырына күнде шексіз ризашылығын білдіріп, Бақтияр екеуінің ертегіге ұқсас өмірі де шексіз болады деп ойлайтын. Енді, міне...

— Қонақ келеді ме? — деді дастарханның молынан жайылғанына енді ғана назар аударған Бақтияр.

Жәмила жас толы жанарын аударып әкетіп, басын шайқады.

Таңертең Бақтияр үйден үлкен қара шамаданын сүйрей шықты.

Елжіреген сезімге толы күндерді бастан кешкен екі жанның бір ғимараттың ішінде бөтен адамдардай болып жүруінен өткен азап жоқ екен. Жәмила қатты қиналды. Әлдекімдердің сыбырласып, көзбен ұзатып салып жүргендерін де жон арқасымен сезді. Түрлі сылтау тауып, кабинетіне келетіндер, білмегенсіп Бақтияр мен әйелі туралы әңгіме айтатындар да табылды. Жәмила оңашада жылап жүрсе, тістеніп шыдап бақты.

Шыны керек, алғашқы кездері Бақтиярды қайтып келер деп ойлаған. Олай болмады. Бір-екі рет кабинетіне келіп, әлдене айтуға тырысқаны рас. Бірақ өкпесі қайтпаған Жәмила науқастардың көптігін сылтауратып, сөйлеспей қойды.

Тағы біршама уақыт өткенде телефон соққан. Мұның жағдайды түсінгісі келмейтініне өкпелеп, біраз сөйледі. Өткен күндер ішінде небір ой кешіп, арпалысқан сезімін ауыздықтап жүрген Жәмила одан әлдебір демеу боларлық сөз күтіп, елеңдеп қалды. Сол дәме көңілмен біраз құлақ түрген. Бақтиярдың әңгімесі «түсінбедің» деген әуенмен шиырлай берген соң, тұтқаны қоя салды. «Бітті. Ештеңе күтпе. Тоқта» деді өзіне.

Бірақ сезім ақылға көнбейді екен — екеуара тәтті сезімге толы күндерді аңсап, талай таңды көзімен атырды. Қаумалаған сансыз сұраққа жауап таба алмаған соң, бір жол нұсқар ма екен деп ақын-жазушылардың кітаптарын ақтарды. Солардың бірінен тура өз жайын суреттегендей өлең тауып алып, қайта-қайта оқитын:

Мұндай кезде ұйқы қайдан келмекші

Сенімімнен айырдың-ау, әй, жаным...

Көңілімде дауыл тұрып, сең көшті

Тірі қалу, қалмауым да бәймәлім.

Елестерге бір елітіп, бір жылап

Жатқан кезде ұйқы қайдан келмекші?

Әлде сен де некелі жар қасында

Ұйықтай алмай жатырсың ба дөңбекшіп?

Жұмысқа құр сүлдері барады. Үйіне келіп төсегіне құлай кетеді. Ешнәрсеге құлқы жоқ. Басы ауырады, жүрегі сыздайды... Бір күні іші ауырды. Төменгі жағы тартып-тартып ауырғанда, қанша дегенмен дәрігер емес пе, санасын бір ой шаншып өтті: «Түсіп қалар ма екен?!»

Найзағайдай жарқ еткен сол ой есін жиғызды. «Жасың болса енді бірер жылда қырыққа келеді, осы кезге дейін соқа басың сопайып жүргенде, енді тұрмыс құрып, бала сүюің де неғайбыл» деді ойы.

Бірден «Бұл баладан айрылсам, енді көтере алам ба? Қазіргі бедеулік пен белсіздік белең алған заманда!» деп, өзі күнде көріп жүрген бір қара тырнаққа зар әйелдерді еске алды.

Содан кейін «Жо-жоқ, баланы қалайда сақтауым керек!» деп, берік шешімге келіп, орнынан тұрды.

Етегінен тартқылаған ойы: «Ұят-ай! Ізіңнен ерген сіңлілеріңе ақыл айтушы едің... Өзің болсаң...» деп ызыңдады тағы.

Бастапқыдай емес, берік шешімге келген Жәмила бұл ойын елең- құлаң қылған жоқ. «Бұл — бір-бірін жақсы көрген екі адамның шынайы сезімінен пайда болған бала. Жұрт ЭКО жасатып та бала туа алмай жүр. Ендеше тағдырым маған ерекше сый жасаған болар...» деп, неше күннен бері алғаш рет өзін жақсы сезініп, үйден басын асқақ көтеріп шықты.

Жұмыс орнына жақындағанда анадайда кетіп бара жатқан Бақтиярды сыртынан көріп қалды. Жүрегі артынан жүгіре жөнелгендей болса да, өзін зорлап, жүрісін баяулатты. Себебі... соңғы кездері оның бұған қыр көрсеткендей болып әйелімен көп қыдыратыны... ойға оралды. Алғашында онша мән берген жоқ-тын: некелі әйелін қыдыртқанда тұрған не бар? Бірақ олардың күн суытпай қолтықтасып қыдыратыны, ұжымдағы басқосуларда әйелін құшағынан шығармай қайта-қайта билейтіні жүйкесіне тие бастады. Жаңа жыл кешінде әйелін жетелеп кіріп келе жатқанын көргенде дем жетпей алқынды да қалды. «Корпоративтік кешке ертіп әкелмей-ақ қойса қайтеді екен?» деп қаны басына шапшыды.

Көп ұзамай оның полковник шеніне ие болғанын естіді. «Дұрыс болған екен» деген айтып келген әріптесіне жайбарақат. Ол бұдан көзін алмай, даусын бәсеңдете сөйледі:

— Шолпанқұлов екеуін ұсынған екен, ол өтпей қалып, Бақтиярға нешетүрлі сөз айтыпты...

— Ол кісі де қызық екен. Бақтиярдың қолында не тұр? Бұл — жоғарғы жақта шешілетін мәселе ғой.

— Дұрыс айтасың. Бақтиярдың қайын атасы сол жақта, жоғары лауазымды қызметте көрінеді. Былтыр алуға тиіс екен, әйелімен келіспей жүрген соң кідірткен деді біреулер.

Соңғы сөз жүрегін осып жібергендей болды. Ах, міне, мәселе қайда жатыр?! Сонда әйелімен көлбеңдеп жүруінің, қолтықтасып жұрт көзіне түсуінің астарында бұған қыр көрсету емес, басқа есеп бар екен ғой! Құлағында алғашқы күнгі кездесуде Бақтиярдың «өсу үшін бар күшімді салам... генерал болмай қоймаймын» деген сөзі жаңғырыға қайталанды. Көзінің алды тұманданып кетті.

Алқынған демін басайын деп асыға киініп сыртқа шықты. Анадайда бір топ адамның ортасында күле сөйлеп тұрған Бақтиярды ту сыртынан көргенде, жүрісінен жаңылып, аяғы тұсауланғандай кібіртіктеді де қалды. Бір адамның даурыға сөйлеп:

— Ооо, су жаңа полковник, құттықтаймын! — дегенін ап-анық естіді.

Екіншісі одан қалысқысы келмегендей тіпті қаттырақ дауыстап:

— Мәләдес! Отбасың да аман, көңілдес те бар... шеніңді де алдың. Екі жеп, биге шықтың! — деді

— Ха-ха-ха! Қатырдың! Осы сенің де білмейтінің биттің астында! — деді Бақтияр да қарқылдай күліп.

Бәрі ду күлді. Сол кезде Бақтиярға қарсы тұрған әріптесі ымдап, иегімен арт жағын нұсқаған. Бұрылып қараған Бақтияр шығар есікке беттеп бара жатқан Жәмиланы көріп, өз сөзіне өзі буынып қалғандай тынысы тарылып кетті. «Естіді ме екен?»

Тұрғандар бір-біріне жалтақтасып, әңгімелерін тыя қойды. Сол сәтте Бақтиярға табалдырықтан әрі аттаған Жәмила мұны буырқанған өзеннің бергі жағасына тастап, өзі әрі қарай өтіп бара жатқандай елестеп кетті. Ышқынып, кіреберіс есікке қарай тұра ұмтылған. Тұтқаға қолы тигенде әлдекім жолын кес-кестеді. Подполковник Шолпанқұлов екен. Орамалы ағараңдап кетіп бара жатқан Жәмиланы ол да көріп, бұған:

— Жұлдызыңның құны тым қымбатқа түспесін де. Өмір кімнің ұтып, кімнің ұтылғанын көрсетеді әлі, — деді тістене.

Көп ұзамай Жәмила бұрынғы емханасына ауысып кетті. Бақтияр оны іздеп барғысы келіп сан оқталған, аяқастынан бір шаруалар киіп кетіп, кейінге шегеріле берді. Шаруа жоқ кезінде де... бара алмады. Тәуекелі жетпеді. Өткен күндерді еске алған сайын ертегідей болған шуақты күндерінің енді қайта оралмайтынын түсініп, өзегі өртенетін.

Иә, жаңа атағын «жуу» кезінде айтылған мақтаулар біраз марқайтып, көңілі әжептәуір көтерілгені рас. Өндірдей жас кезінен келген саланың дәрежелі маманы болу үлкен мәртебе еді. Шын қуанды. Бірақ бірте-бірте мақтау сөздер тасып-төгілген басқосулардан жалығайын деді. Біреулерінің айтқанынан жағыну, кейбіреулердікінен көлгірсу байқалған соң ба, отырыстарды күрт тыйды. Жиын-тойға баруды да доғарды.

Тіпті себебі ол да емес болатын. Себебі өз бойынан бір өзгерісті байқағаны... Біртүрлі сүлесоқ. Бұрынғыдай ұсақ-түйек те болсын бір жақсылық жасауға ұмтылмайтын болғаны. Бұлттан арылмайтын сұрғылт аспаннан, қаланың азынаған желінен, әйелінің «папам тұрғанда...» деп басталатын сөздерінен де жалыққан сияқты... Ішкі жан дүниесі күңгірлеп бос қалғандай күй кешті.

Ойынан Жәмила кетпейтін... Түсінде де көріп, сөйлесейін десе тілі күрмеліп, әлдене рет қиналып оянды. Бірақ баруға жүрегі дауаламай-ақ қойды. Не дейді? Қалай ақталады? Арада өткен алты ай алты жылдай сарғайтты. Сағынды.

Сөйтіп жүргенде оны ойда жоқта кездестірді. Әйелі екеуі театрға барған. Киімдерін алайын деп тұрғанда анадайда Жәмиланың бір әйелмен сөйлесіп тұрғанын көрді. Бұрын қысқа етіп қиып қоятын шашын өсіріп, иығына төгілдіре бос қоя беріпті. Жүзі дөңгеленіп, маңдайы жарқырап, әдеміленіп кеткендей. Үстінде көзге таныс ақшыл түсті жеңіл пальтосы. Түймелемепті. Мойнына орай салған жұқа шарфтың астынан томпиып тұрған ішін көріп... тұрған орнында қатты да қалды.

Іші ұлып қоя берді...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз