Өлең, жыр, ақындар

Екі этюд

ТҰМЫЛДЫРЫҚ ТАҚҚАН САЗГЕР

Коронавирус деген індетті бастан өткердік. XIX ғасырдағы обаны «Абай жолынан» оқып едік, ендігі «обаны» көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық. XXI ғасыр «обасының» бел ортасында жүрдік.

Коронавирусқа ұшыраған қала тіршілігі сылбыр. Адамзат бір-біріне қауіптене қарайды, «Әй, ол жаққа жолама, полисай тұр» деп бір-бірін сақтандырады. Аурудан емес, сақшыдан қорқатын тәрізді.

Дүкеннен қайтқанда қызыл жаға тоқтатты.

— Қайдан келе жатырсың?

— Азық-түлік дүкенінен.

— Дорбаңда не бар?

— Тамақ.

Сен оған өмірлік тәжірибеңді айтасың.

— Әуелі қолыңды шекеңе қойып, сәлем бер. Сосын кімге де болса «сіз» деп сөйле. Дүкеннен қайтқан адамда азық-түліктен басқа не болады. Сіздерге Жарғыны оқытқанда «Сақшы этикасы мен эстетикасы» дегенді оқытқан жоқ па? Өзіңіз қыз бала екенсіз, мен әкеңдей адаммын.

— Кешіріңіз, мен қабылдау бөлмесінде отыратын қыз едім. Адам табылмағасын осы жерге тұрғызып қойды.

— Үстіңе порма киген соң Ішкі істер қызметкерісің.

— Кешіріңіз.

Кешірмей қайда барамыз. Заң-зәкүн сөз жүзінде. Жабық қала дейміз де, шетелден ұшақ қондырамыз. Олар сөз өтпестердің перзенттері екен. Сосын індет жұқты деп жар саламыз.

Коронавирус күшіне енген алғашқы күндері Республика Сарайы түбіндегі саябаққа қойған сазгер Шәмші Қалдаяқов мүсінінің аузын да біреу тұмылдырықпен тұмшалап кетіпті.

— Анау не көрініс? — дейміз селт тұрған сақшы жігітке.

Ол мойнын бұрып қарады да, тырқ-тырқ күлді.

— Коронавирус жұқтырмасын деген де.

— Сіздер осы оқиғаны жұмыс орнында талқылап, көрініске баға беріп, қылмыскерді ұстауға талпынбайсыздар ма? Мәселен, мынау сіздің ушаскеңіз...

Ол тағы да тырқылдай күлді.

— Басыма бәле тілеп қайтем...

Тұмылдырықты алып тастайын десем, аға лейтенант алдыма кесекөлденең тұрып алды.

— Ол жерге бару қауіпті. Ертең аула сыпырушылар алып тастайды ғой, — деп сазгердің мүсініне қауіпті қылмыскерге қарағандай әудем жерден көз тікті.

Саябақты қара лента қоршап тұр. «Заходит в парк запрещается!»деген ұлтаралық тілдегі жазу кәрі талдың діңінде желкеммен желп-желп етеді.

Қыс күндері сазгердің саусағына қыстырулы темекі тұқылын көріп едім, енді аузын тұмшалап қойыпты. Адамзаттың Шәмшіден басқа айналдырары жоқ па екен? Әйтеуір, жүрек тұсы аман.

Ертеңіне тұмылдырықты алып тастапты. Сазгер болса, аяғын айқастырып «коронавируске арнап ән шығармайсыңдар ма?» деп күлімсіреп отырған тәрізді.

Тас мүсінде тіл жоқ, бейне бар.

Кім тиіссе де, сазгердің мына отырысында бір гәп бар.

ТАҒЫ БІР «ҚАНДЕН ЕРТКЕН КЕЛІНШЕК»

Бұл індет іштегінің бәрін сыртқа шығарды. Әшейінде үйде бұғып отырғандарға да сыртқа шығу мұң болды. Дәл осы аймақта Чеховтың «Қанден ерткен келіншектері» аз емес еді, соларға қиын болды. Өздерінен гөрі иттері сыртқа шыққысы кеп шәуілдеп, балконды ит-айқайға бөледі, асқазаннан айналып келген табиғи қажеттілік төзімін тауысып, шырқыратып жіберді. Адам үшін бәрі жасалды – тұмылдырықтың жеті атасы мен ақ қолғап пен көк қолғап тігілді, бірақ адамның досы – ит ұмыт қалды. Адамзатпен әуре боп жатқанда оларға арнап горшок дайындау кәсіппен айналысқандардың қаперіне де кірмеді.

Көзі тұздай орыс келіншек не де болса көрейін деп Лайкасын сыртқа алып шықты. Бұл – Гагариннен бұрын ғарышқа самғаған Белка мен Стрелканың тұқымы еді, қолға қондырған жалғыз перзенттен кейінгі шаңыраққа бас ие осы. Тіпті, зиялы көрші-қолаң көрген жерде басынан сипап, хал-жағдайын сұрап, бір тіл қатпай өтпейді. Анау кіреберістегі марқұм кемпір шөп еткізіп сүйіп те алатын. Енді, қарашы, бәрі бір күнде тығылмашақ ойнағандай үйлерінен шықпай қойды. Теледидарды ашсаң, қай арна болмасын хабардың төбесінен «Біз үйдеміз!» деген бадырайған жазу қарап тұрады.

Алғашқы күні Лайка балконға дәрет сындырды. Ит саңғырығы сондай сасық. Қырық жылдан бергі көршісі телефон соғып, «Тамара Моисеевна, соблюдайте чистоту!» деп телефон құлағын тастай салды.Таяқпен басқа ұрғандай болды. «Бұрын, Орталық ауруханада қызмет істеп жүргенімде басқаша еді, менен құрметті адам болмайтын, таптырмас дәрі-дәрмегі менің мойнымда болатын. Қарашы, бір күнде өзгеріп шыға келгенін».

Ол итін жетелеп тысқа шықты. Қандай рахат! Алатаудан соққан самал тынысын бірден ашып жіберді. «Осындай жерде вирус бар деу жүдә ақылға сыймайды» деп, қарғыбауды тарта ұстап, өзен жағалады. Сылдырап су аға бастапты. Тау суы. «Тәуба, бұны да көрдік» деп, жеңіл ауамен көкірек кере демалды. «Мынау — ақ терек, мынау — көк терек, сәмбі талға да жақындап қалдық, бұл неге дәрет сындырмайды? — Орыс келіншек итінің табиғи қажеттілігін ойлап, жаны шырқырады. – Мен далаға сен үшін шыққан жоқпын ба?». Алда полиция офицері тұр, қасында алапес киім киген қос курсант. Оларға да жақындап қалды. Қазақ жігіт қолын шекесіне қойды.

— Қайда барасыз?

— Отыра-отыра ішім пысып кетті. Бірауық өзен жағаласам деп едім.

— Жоқ, азаматша, болмайды. Заң қатал. Бізді де жоғарыдан тексереді. Нанымыздан айырасыз. Жасыңыз нешеде?

— Зейнет жасына жеткен жоқпын.

Талай міністір мен Орталық Комитеттің бөлім меңгерушілерін емдеп, алғыстан басқа сөз естімеген дәрігер ызаға булықты.

— Сіз маған ақыл айтпақсыз ба?

— Қазір акт жасаймын да, мен сізді қамауға жіберем. Оған күшім жетеді.

— Мен итімді серуендетуге шығып ем.

Аға лейтенант абдырап қалды да:

— Е-е, солай демейсіз бе. Біраз өзен жағалап қайтыңыз, — деп тағы да қолын шекесіне апарды.

Лайканың ұрпағы айналасына көзін айналдыра қарап, дәрет сындыратын түбіртек іздеді. Алды – даңғыраған көше, арты – жіп-жіңішке жүргінші жолы – түбіртегі жоқ цемент дүние. Ит жалаң етіп сақшыға бір қарады да, оң аяғын көтеріп, бұзау тұмсық қара бәтеңкенің тұмсығына саңғытып жіберді. Адамға жаза қолданам деп аптығып тұрған аға лейтенант аузын аша алмады.

— Итіңіз әбден тойып шығыпты, — деді әйелге қарап.

— Түскі асты ішіп шығып едік...

Қасындағы шекара училищесінен көмекке келген қос курсант тік тұрса да күлкілерін тия алмады.

— Старлей мырза, иттің иесі қазақ болса не істер едіңіз? — деді әкесі училищеге күштеп тапсырған ашық ауыз жігіт еркін сөйлеп.

— Молчать! Разговоры! — деді уақытша бастық бұйрық раймен.

Аға лейтенант жылдам басып барып, бәтеңке тұмсығын көше шетінде қылтиып өскен жалғыз тал шөпке сүртіп келді.

— Дегенмен, қыдырып қайтайын, — деді орыс келіншек.

— Так точно! — деді офицер сымдай тартылып.

Коронавирус не көрсетпеді. «Қанден ерткен келіншектер» мен «Құндақтаулы адамдардың» талайы көшеге шықты. Чеховта арман жоқ. Біз солармен бірге жүрміз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер