Өлең, жыр, ақындар

Ұстаздық - ұлы іс

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны ерекше. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасатты, ой-өрісі биік, бәсекеге қабілетті азамат етіп тәрбиелеу - қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. «Ұстаздық-ұлы іс» деп кемеңгер жазушымыз М.Әуезов айтқандай, бұған  лайық  болу- үлкен  абырой,  басты борышым деп есептеймін.        

Мұғалім-мамандық болса, ұстаздық  қасиет, табиғат дарытқан құдірет екен.  Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің  мұғалімі  болу мен  үшін  үлкен  мақтан  әрі бақыт.  Шәкірттеріңді  көргенде өз еңбегіңе деген ризашылық  пен  ерекше  қанағат  сезімді  байқайсың. Одан  әрі  құштарлана, ынталана  аса бір махаббатпен,  сезіммен  алға  ұмтыласың.  Басқаға  керек  болу үшін  жаралудың  өзінде  үлкен  мән  мен  мағына  жатқанын  айқын  аңғарасың.  Азды-көпті  еңбегің бағаланып  жатса,  қолыңнан  іс келеді  деп  сенетін әріптес табылып, шын ниетімен  қамқорлық  жасап,  жұмыс  істеуге  жағдай  жасаса,  кәсіби  шеберлігің мен  ұстаздық  қызметіңе  ерекше  назар  аударса,  кім-кімге  де  болсын серпіліс  әкеледі. 

Қазіргі оқыту үйретудің мазмұны да, сипаты  да соған, орай амал - тәсілдері де күрделене түсті.  Жаңа XXI ғасырға  сай  өзгеше  қабілет - қасиетке ие  ұрпақ  қалыптасып  келеді. Біздің міндетіміз - жеке тұлғаны дамытып, білімге деген сенімін нығайту, оқуға қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру.  Оқушыларды заман ағымына сай тұлға етіп тәрбиелеу басты мақсатымыз.

Оқушы жетістігі - ұстаз абыройы. Ұстаз еңбегі шәкірт жетістігі арқылы көрінеді. Әрбір ұстаздың мақсаты - қабілетті оқушыларды зерттей жүріп, олармен бірлескен тынымсыз еңбектің, шығармашылық ізденістің нәтижесін көру.

Мақала авторы: Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Мұқашова Гүлбақыт Мирасбекқызы

Т.Әубәкіров атындағы жалпы негізгі білім беретін мектебі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз