Ұстаз... Айтқаныңда жүрегіңді тербейтін, естігенде көңіліңді қозғайтын осы бір аяулы есім әрбір азаматтың санасында мәңгілік жатталып қалған болар. Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттағаннан қолыңнан жетектеп, дәріс алатын партаңа отырғызып, сөз анасы – сәлемдесуден бастап барлық әдептілік ережелерін құлағыңа сіңірген, білім бере отырып, өміріңе ықпал етер бағыт-бағдар көрсетіп, тығырыққа тірелгеніңде сүйенішің, қайғыға батқаныңда жұбанышың болып жол сілтеген аяулы жан – мұғалім. Бірінші анаң – ақ сүтін беріп, алақанына салып өсірген, жылағаныңда жұбатқан, жабырқағаныңда қуантқан туған анаң болса, екіншісі – білім аралына бастайтын бағытты айқындап та, айшықтап беретін екінші анаң – мұғалім.
Әлемнің жарты бөлігін жаулаған адамзат тарихындағы ұлы қолбасшы Александр Македонскийдің ұстазы жайлы қалдырған пікірін естуіңіз бар ма? «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым», - деген екен Македонский. Ұстаз бен шәкірттің байланысы ана мен баланың кіршіксіз махабаттымен парапар. Ұстазыңның берген білімі мен айтқан ақылы ата-анаңның тәрбиесінен артық болмаса, кем түспейді.
Ұстаздық – қиындығы да, қызығы да мол, ауыры мен жеңілі қатар жүретін, ащысы мен тұщысы қатар сезілетін өмірдің ұзақ жолы. Сондай жолдың ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын мойымай көтеретін, шәкіртінің сапалы білімі мен саналы тәрбиесі үшін таңнан қара кешке дейін ерінбей еңбектенетін мұғалім атты ардақты жанның жолын кесіп өтуге жер бетін басып жүрген бір де бір жанның құқы жоқ. Себебі, өмірдің өзі – мұғалім. Ал білім ордасында саған бар білгенін қажымай үйретіп, білім атты кемеге мінгізіп, ӨМІР дейтін мектепке, үлкен сынақ алаңына дайындайтын да – өз ұстазың. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер», - деген екен қазақтың белгілі жазушысы Жүсіпбек Аймауытов. Ерлігімен жер-дүниеге мәшһүр болған батыр да, сөздерімен өлең өре білген ақын да, халықты аузына қара шыбындай үймелеткен шешен де бас иген мұғалімге біз неге бас имейміз? Еліміздің мәртебесін биікке көтеріп, болашаққа деген үміт шамын өшірмейтін жастарды тәрбиелеп, шынықтырып, білімнің биік шыңына қондыратын ұстаздарға мың тағзым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі