Тау етегінде, қыста қатпайтын, ал жазғытұрым жайылып, жағадағы үйлердің қора-қопсысын шайып кететін ағыны қатты өзеннің қос қапталында орналасқан тал-теректі, бау-бақшалы үлкен ауылда, тұрғындардың өз сөзімен айтқанда «қырық құрау» халық тұратын. Әуел баста бұл қырық-елу түтінді ауыл еді, соғыс жылдары сол кездегі саясат «сенімсіз» деп таныған біраз халықтың өкілдері лек-легімен айдап әкелініп, үйді-үйге бөліп орналастырылды. Соғыс аяқталып, заман тынышталған кезде қазақ ағайындардың кең қолтық ықылас-ниетінің арқасында бір-бір үй болып кеткен олар айдалып келе жатқанда адасып, көз жазып қалған туыс-туғандарын жан-жақтан іздестіріп, тиісті рұқсатын алып, көшіріп әкеле бастады. Одан кейінгі тың игеру науқанында да жер-жерден келіп, табиғаты сұлу, халқы мейірбан ауылды мекендеп қалғандар аз болған жоқ.
Қиналған кездерінде құшақтарын жайып қарсы алған халық ішіне сіңісіп, келе-келе құдандалы-жекжат болып араласып кеткен бұл ауыл тұрғындарының қайсысы қай ұлт өкілі екенін сырт адам түсініп болмайтын, тек кейбір салт-дәстүр ерекшеліктеріне не еңбекке деген ынтасына немесе бала санына қарап іштей ой түюге болар еді. Қызын көрші ауылға ұзатып, күйеуін одан да алысқа — бақиға аттандырып салғаннан кейін ендігі тірегім осы болар деп жүрген ұлымен тіл табыса алмай, неше жылдан бері жалғыз тұратын Фазила ана — солардың бірі. Етек-жеңі молынан пішіліп, кеудесінің үстінен бүрілген кең көйлек киетіні, басына салған орамалын алқымынан байламай, бос жібере салатыны, ауыл кемпірлеріндей кебіс-мәсі кимей, қыста көн етік, жазда аяғының басына шәркей іліп жүретіні оны өз қатарластарынан өзгешелеп тұратын. Жасы жетпістен асқан, имектеу мұрны мен қалың қасы бір қараған адамға өңін суықтау етіп көрсеткенімен, қасындағыларға қайырымы мол, өзімен-өзі томаға-тұйық күн кешіп жатқан, сөзіне сақ, сырға берік қарияны ауылдың үлкен-кішісі түгел «Әни» дейтін.
Әнидің үйі қаланың шетінде, үлкен жолдың бойындағы қалааралық автобустар тоқтайтын аялдаманың түбінде еді. Жасырақ кезінде өзі бұған қатты қуанатын. Базаршылап қалаға барып, артынып-тартынып қайтқан кездерінде де, жауын-шашынды күндерде жолға шыға қалғанда да аялдаманың жақын болғандығының ыңғайлылығын талай байқаған. Қазір үйінің аялдама түбінде болуы әу бастан-ақ, қартайған шағында зарығып, жол қарап өмір сүру маңдайына жазылғанынан екен ғой деген ой келетіні бар.
Күнұзаққа қам кесектен құйылған дуалдың көлеңкесінде қала жақтан келетін автобустарды тықырши күтіп отыратын тұнжыр көзінде мұң тұнған ананың кешке қарай салы суға кетіп, кішкентай орындығын қолтықтап, үйіне жалғыз өзі кіріп бара жататынын сол маңның тұрғындары талай көрді. Қысы-жазы айнымай қайталанатын бұл көрініске олардың көздері үйреніп кеткені қашан... Жалғызілікті ананың қанша жылдан бері зарығып кімді күтетінін де біліп, жабырқаулы күйіне жандары ашығанмен, қолдарынан келер қайраны жоқ болған соң, сыралғы көршілері ештеңе байқамағансып, іштей тынатын.
Биыл көктемде, Әнидің ауласындағы шағын үйге енді ғана ер жете бастаған ұлы бар жас келіншек Сара көшіп кіргелі бері жұрт үшін үйреншікті болып қалған сол көрініске өзгеріс енді. Бірде, алыс қалалардан келетін автобустардан ешкім түспеген соң үйіне кіруге ыңғайланған Әни ауыл ішінде жүретін автобустан Сараның түсіп келе жатқанын көріп, кідірген болатын. Сара болса Әни өзін күтіп тұр деп түсінді. Бала күнінде оқудан қайтқан кезінде анасының осылай жол қарап, мұны тықырши тосып тұратыны есіне түсіп, іші-бауыры елжіреп, қарт ананы құшақтай алды.
— Әни-ау, мені күтіп тұрсыз ба? — деп, жүрегіндегі мейірімі жүзін нұрландырып тұрған келіншек жанарынан шуақ төге қараған.
— Ә-ә-ә... әлгі... иә-иә, шырағым, — деді ана асып-сасып.
Анасын сағынып, жалғыздықтан жаны жүдеп, қамығып жүрген Сара өзінің сұрағынан Әнидің абыржып, сасқалақтап қалғанын байқаған да жоқ. Ол мына жалған дүниеде өзін ойлайтын, жолына қарап күтіп отыратын бір адамның табылғанына мәз болып, Әниді тағы да қаусыра құшақтап, бетінен сүйіп алды.
— Жүріңіз, Әни, жақсылап тұрып шәй ішейік. Мен жұп-жұмсақ тоқаш сатып алдым, — деді сосын еркелей сөйлеп.
— Үй-бүй, алжыған басым-ай, манадан бері текке отырғанша шәй қайнатып қойсамшы... сен жұмыстан шаршап келгенде... қап-әй... — деп, енді қарт ана қысылып, қалбалақтады да қалды.
Күнделікті тірлікте соншалық мән де берілмейтін осынау бір-екі ауыз сөз көңіл пернелерін басып өткендей жадырап сала берген екеуі дабырласа сөйлесіп үйге кіріп, Сараның қайнатқан шәйін ішіп отырып, ұзақ әңгімелесті. Көрші болғалы бері жылы шыраймен амандасып, өзара ілтипат танытып жүрсе де, екеуі былайша бас қосып, әңгіме-дүкен құрмап еді, соның реті, сірә, бүгін келгендей. Әңгімелерінің жарасқаны сонша, сырт адамға айта бермейтін арман-мұңдарын да жайып салысты. Сара сүйіп қосылған жарынан жастай жесір қалып, тағдыр тауқыметін тартып келе жатқанына шағынса, Әни бетін қақпай өсірген жалғыз ұлы Ролланның бұның тәрбиесіне көнбей үйден кетіп қалғанын айтып жылап алды.
— Балаңыздың атын неге «Роллан» деп қойғансыз? — деп сұрады Сара Әнидің көңілін басқа жаққа аударайын деп.
— Күйеуім ғой. Өзі сондай аттарға құмар болатын, жатқан жері жайлы болсын... Сондай бір мықты жазушы болған деп айтып отырушы еді.
Ұлын да сондай болсын деп армандаған шығар... Қызымыздың атын «Анжела» деп қойған, әлгі америкалық күрескер әйел болып еді ғой, соның құрметіне...
Өткен өмірі есіне түсіп, Әни езу тартып күлді.
Сол күннен бастап Әни жұмыстан қайтқан Сараны кеш сайын күтіп алатын болды. Тамағын пісіріп, шәйін қайнатып қоятын қарияны Сара да ерекше құрметтеп, қас-қабағына қарап, анасындай сыйлайтын. Бір демалыста үйін әктеп беріп, тағы бірде көрпе-төсектерін далаға шығарып, желдетіп, қамқорлық жасағанына қарт ана іштей қатты қуанып, қоңырқай тірлігіне шуақ боп кірген осы бір жайдары жанның қоңсы қонғанына Аллаға шүкіршілік ететін. Сараның не істесе де өз ойынан шығатынына риза болып, үйіп-төгіп батасын берер еді. Кей-кейде үй шаруасын шыр айналдырып жүрген келіншектің ылдым-жылдым қимылына сүйсіне қарап, «Роллан келсе, сені алып берер едім» дейтін. «Қойыңызшы апа, топырлаған қыздар жүргенде балалы әйелді қайтеді ол? — дейді ондайда Сара. — Әрі мен одан бақандай жеті жас үлкен емеспін бе?» «Үлкен болсаң қайтеді? Осы тұрғанда кейбір күйеуге тимеген қыздардан бәсің артық, — дейді Әни де өз айтқанынан қайтпай. — Тек ол жөнсіз кеткен шіркіннің келу-келмеуі неғайбыл боп тұр ғой... Түзелмесең, көзіме көрінбе деген өзім ем...»
«Апа, үйден кететіндей Роллан не бүлдірді?» — деп сұрады Сара сондай әңгіме тағы бір қозғалғанда. Әни терең күрсінді. Қабырғаға қарап, мелшиіп отырып қалған ананың көзінен жас саулап, үнсіз жылап отырғанын көргенде Сара қарияның жан жарасын тырнап алғанын ұғып, аңдамай сөйлегеніне қатты өкінді. Бірақ, өкінгенмен не шара? Айтылған сөз — атылған оқпен тең. Ендігәрі орынсыз сұрақ қоймай, тілін тістеп жүруі керектігін ойға түйген ол өксіп отырған Әниін құшақтап, бетінен сүйіп, әзер жұбатып еді сонда.
Арада бір жыл өткенде Әни сырын ашпаған күйінде кенеттен қайтыс болды. Кімнен, қалай естігені белгісіз, қырқын өткізетін кезде Роллан келді. Дене тұрқы сымбатты, өңі де көрікті, аса көп сөйлемейтін жігіт екен. Үйден кетіп қалатындай мінез көрсететін адамға мүлде ұқсамайды. «Япырм-ай, ел-жұрттан безіп кететіндей бұл нені бүлдірді екен? Біреудің қызына қиянат жасады ма екен? Әлде ұрлыққа түсті ме екен? Бәлкім, жастарды қоғадай жапырып жатқан есірткі деген пәлеге үйір болған шығар?» деген ойлардан сол күндері Сара арыла алмай-ақ қойды. Шаруа бабымен кейбір мәселелер бойынша сөйлесуге тура келгенде де «Анасы көрместей боп өкпелейтіндей мұның қандай айыбы бар екен?» деген сұрақ көкейінде тұратын. Бірақ сыртынан қанша зер салып қарағанымен, жігіт айтқан әр сөздің тереңіне үңілгенімен, сұрағына жауап болардай еш ілік таппады.
Жұрт тараған соң Роллан есікке қара құлып салып, «сізде болсын» деп бір кілтті Сараның қолына ұстатқан. «Сыртта біраз жүрдің ғой, енді ауылға қайт. Басыңды құрап, мына үйіңе, анаңнан қалған дүниеге ие бол» дескен ағайындарына мардымды жауап бермей, тіпті өзінің нақты тұрақ-мекенін де айтпастан, кешкі апақ-сапақ уақытта кетті де қалды.
Содан бері көрші үй тарс бекітулі. Күн бата жан-жақтағы үйлердің шамдары самаладай жайнап, айнала жарыққа толған кезде көшенің аяқталар тұсындағы, терезелері соқыр адамның көзіндей қап-қара боп үңірейіп тұрған үй адамның бойына әлдебір қорқыныш ұялататындай. Сара бұл үйдің бос тұрғанына жастар жағы соншалықты мән бермегенімен, ауыл үлкендерінің ол жерден әлденені күбірлесіп, терең күрсінісіп өтетінін байқап жүр. Есігінің алдынан өтіп бара жатып «қайран Әниім-ай, үйің қаңырап әлі бос тұр» деп өзі де талай өксіген.
Осылайша ай артынан ай өтіп, қоңыр күздің демі сезіле бастаған бір күні жұмыстан қайтқан Сара талайдан бері бекітулі үйдің терезелерінен жарық төгіліп тұрғанын көрді. Көрді де, иығынан әлдебір ауыр жүк түскендей «уһ!» деді. Енді ше? Терезедегі жарық — ол үйде тіршілік бар екенін білдіреді емес пе? Толқып кеткен бұған терезеден төгілген жарық басқа үйлердегілерге қарағанда әлдеқайда күштірек жанып, көзді қарықтырып тұрғандай көрінді. Содан да болар үй де биіктей, еңселене түскендей. Күтпеген көріністен сәл кібіртіктеп қалған келіншек «Роллан оралған екен» деп қуанып, жүрісін жылдамдатты. Тық-тық басқан өкшесімен қосарласа жүрегі де лүп-лүп етіп, ауланың қақпасын қобалжып әзер ашты.
Әдетінше Әнидің үйінің іргесін жағалай жүріп, өз үйіне қарай беттегенде байқады — көрші жігіт кілемдерді, көрпе-жастықтарды сыртқа шығарып қойыпты. «Е-е, желдетіп, қағып-сілкіп алайын деген ғой, онысы дұрыс-ақ, — деп ойлады Сара, — жолдан шаршап келген шығар, анасын жоқтатпай ыстық тамаққа шақыра қояйын».
Сараның шақыруын қуана құп алған Роллан көп күттірмеді. Қолына ұстай келген бір қалта апельсиндерін ұсынып жатып: «Балаңызға әкеп едім», — деді жымиып. Сосын: «Әуелі үйді жинап алайын деп, тамақ істемеп едім, жақсы болды ғой» деп шынайы қуанып тұрғанын білдіріп қойды.
Дастархан жасалғанша үй ішін барлай қараған көрші жігіттің назарын Сараның гүлдері бірден аударды. Терезе алдында, бөлменің бұрыш-бұрышында, арнаулы аспада, үстел үстінде тұрған нешетүрлі гүлдерге сүйсіне қарап, әрқайсысын зерттегендей үңіле қарап, біраз жүрді. Әсіресе, құлпырған жап-жасыл жапырағының арасынан күнге қарай бой созғандай боп әппақ гүлі шығып тұрған спацифилиумның қасында ұзағырақ кідірді. Сосын Сараға жымия қарап:
— Бұл гүлдің халықтық атауын білесіз бе? — деп сұрады.
— Білемін, — деді Сара да жадырай сөйлеп, — бұл гүл — «Әйел бақыты» деп аталатын көрінеді. Әйел адамның басына бақ қонарда гүлдейді деседі.
Солай деді де, өз-өзінен қысылып, беті ду ете қалды.
Роллан оның жас баладай қызараңдап, қысылып сөйлегенін қызықтап тағы да жымиып қойды. Сара қонағының әр сөзін, тіпті әр қимылын іштей таразылап, електен өткізгендей қадағалап отырғанын түсініп, «өзі байқап қалмады ма екен?» деп қымсынып қалды. Роллан ештеңе байқамаған сияқты. Кеш бойы орнықты, жайдары қалпынан бір айныған жоқ.
Пісірген тамағын мақтап, өзінің «үстеме порция» жеуден кетәрі еместігін «әскерде болғандар мұндай тәтті тамақ пісірілгенде «ДП» сұрайтын көрінеді» деп, әдемі жеткізгені Сараға ұнап-ақ қалды. Ойыннан келген Русланмен байырғы танысындай сөйлесіп, тіпті «Осы уақытқа дейін қайда жүрдің? Сен жоқта мамаңды мен сияқты біреу алып қашып кетсе қайтесің?» деп қалжыңдағанын да сөкет көрмеді.
Ролланды Руслан да жатсынбады. Бұған Әнидің «Роллан ағаң сияқты өскеніңде...», «Роллан ағаң келгенде...» деп ұлын аузынан тастамай, екі сөзінің бірінде айтып отыратыны да әсер еткен болуы керек. Әскерден ағасы келгендей қуанған Руслан қалтарыссыз бала көңілмен бірден қолқа салды:
— Білесіз бе, Әни маған Роллан ағаң келгенде атқа шабуды үйретеді деген, үйретесіз бе?
— Әрине, үйретемін. Қажет десе, мамаңа да үйретемін. Тек саған тегін, ал мамаңа — ақысына, — деп Сараға қулана қарап қойды.
Бұған үшеуі де мәз болып күлісті.
Кетерінде Роллан жарық қосқыштан шошайып шығып тұрған сымды көріп «ертең, күн жарық кезде келіп жөндеп берейін» деп Сарадан рұқсат сұрады. Шындығында да, ертесіне құрал-саймандарын көтеріп әкеліп, жарық қосқышты лезде-ақ жөндей салды. Бұрандалары босап, ырғаңдап тұрған ескі үстел мен орындықтарды да бекітіп, есіктің тістесіп, ашылмай қала беретін құлпын жаңалап берді. Одан кейін, Сараның шәйін ішіп отырып, сөз арасында анасының соңғы кезде қалай өмір сүргенінен суыртпақтап сыр тартты. «Әни өле-өлгенше сізді күтіп, жол қараумен болды. Сонша неге зарықтырдыңыз анаңызды?» деді Сара өкпелі үнмен. Роллан үндемеді. Тұнжырап біраз отырды да, шәй толы кесесін үстелге қойып, ләм-мим деместен шығып кетті.
Келесі күні Роллан тағы келді. Түсініксіз мінездері болса, кешірім етуін өтінді. Сара ұлымен кешкі астарын ішкелі дастархан басында отырған, Руслан орнынан ұшып тұрып, оны төрге қарай сүйреледі. Үшеуі кешегідей шүйіркелесіп шәй ішіп, түннің бір уағына дейін отырды. Кетерінде Роллан төргі бөлмеде тұрған Сараның гүлдеріне көз тігіп: «Әйел бақыты...» деді өзіне өзі айтып тұрғандай болып. Сосын Сараға оқыс сұрақ қойды:
— Қалай ойлайсыз, «Еркек бақыты» деген гүл бар ма екен?
Сара оған таңдана қарады.
— Жоқ шығар, — деді Роллан тағы да өзіне өзі айтқандай болып.
Сосын бүгін ішінде ерекше бір от тұтанғандай жарқылдап тұрған көзін Сараға қадап:
— Ал сіз әйел бақытының қандай болатынын білесіз бе? — деп сұрады.
Сара үндемеді. Не десін? Сүйіп қосылған жарымен осыдан он бес жыл бұрын бірге өткізген бал-шырын дәуренін айтпақ па? Ол дәуреннің алыста қалғаны сондай — кейде сол бақытты шақ менің басымнан өтпеген болар, түсімде көрген шығармын деп ойлайтын. Одан кейінгі жылдарда күйеуімнің отын өшірмеймін деп жанталасты. Ұлын өсірді. Ата-енесіне, қайын жұртына сыйлы болып, «шіркін, келін болса, Сарадай болсын» деген сөздерді естіді. Үлкендер мұндайда «шүкір, әйел бақыты деген — осы» дейтін шығар-ақ.
Ал Сара үшін әйел бақыты — сонау жас кезіндегі жан-дүниесі ерітіп-елжіретер сезімнен, жарына қуаныш сыйласам деген тілектен тасып-толған, бүкіл өмірін ертегідей елестеткен күйі еді. Әрине, бұл үлкендер айтатын өлшемнен өзгеше болған соң, әйел бақыты туралы сөз бола қалса, Сара өз ойын іште іркіп, үнсіз қалатын. Қалай болғанда да, әйел бақыты дегеннің қариялар арасында қалыптасқан ұғымнан тереңірек, ауқымдырақ екенін сезетін. Бірақ оны өзі де нақты білмейтін болса, өзгеге қалай түсіндірсін?
Сара ештеңе демеді, Роллан да үндеген жоқ. Кетерінде арадағы қолайсыздықты жуып-шайғысы келді ме, «гүлдеріңіз әдемі екен, бір-екеуінің өскінін алып, отырғызсам қайтеді?» деді бұған ойлана қарап тұрып.
Ол кете салысымен Сара бір-екі гүлдің жапырақтарын үзіп алып, суға салды. Тамыры шыққан соң әдемі құмыраға отырғызып, көрші жігітке апарып беретінін ойлап, жымиып қойды. Бірақ... олар тамырлағанша қашан! Өзіне салса, тура қазір артынан ілесе барып, айналдырған бір-екі күнде жұмсақ мінезімен, жұмбақ жымиысымен өзін баурап, ынтық ете бастаған жігітпен армансыз әңгіме-дүкен құрар еді. Бәлкім, ол елден кеткенде өзін түсінер, жанын ұғар бір адамды іздеп, сабылумен күн кешкен шығар? Сонша жыл үйінен безініп, әшейін ел кезіп жүруі ақылға сыймайды ғой. Ал қазір... жырақтан іздегені тап жанынан шыққанына сенер-сенбесін білмей, дал болып, сезімін білдіруге батылы жетпей жүрсе ше?
Ролландың «гүлдеріңіз әдемі екен» деген сөздері Сараның құлағында жаңғырығып, тынышын алды. Төсекте әрі аунады, бері аунады. Ақыры тұрып, терезеден көрші үйге көз салды: жатын бөлменің шамы әлі сөнбепті. Терезеден төгілген жарық қараңғы түндегі шамшырақтай көз арбап, бұған «кел, кел» деп тұрғандай көрінді. Сара халатын киіп, сыртқа шықты.
Айлы түн сүттей аппақ еді...
Аулада қарауытқан екі адамның сұлбасы бірден ес жиғызды. Біреуінің Руслан екенін даусынан таныды, екіншісін де шырамытқандай болды — көшенің арғы бетінде тұратын, шашын иығына түскенше өсіріп, үстіне елде жоқ әлеміш киімдерді киіп жүретін музыкант жігіт Азиз сияқты.
Сыртқа шыққан мұны байқап, ұлы бері қарай жүрді, Азиз әрі кетті.
— Неғып жүрсіңдер? Анау кеткен Азиз бе? — деп сұрады баласынан.
— Иә, сол ғой. Ролланға сәлем берейін деп келген екен... Екеуі бұрыннан бірдеңеге келіспеген бе, ептеп шекісіп қалды...
— Сен үлкендердің ісіне араласпа, ұлым. Жүр, ұйықтайық, — деп баласын ертіп үйіне кірді.
Бірақ ұйықтай алмады. Түні бойы дөңбекшіп, таң алдында талықсып әзер көз ілді.
Келесі күні Роллан бұларға келмеді. Екінші күні де көрінбеді. Сара өзінің елегізіп, оны күтіп жүргенін байқады. Үшінші күні есік жаққа елеңдеп, кешті әзер батырды. Жатарда көрші үйдің терезесіне көз салып еді, шамы жанып тұр екен. Сара халатын иығына іле салып, тағы да есік алдына шықты. Көрші үйдің есігі қиялай ашық тұр екен...
Ол үйге барудың еш қисынын таппай қиналды. Әрі ойлап, бері ойлап, түк таппай, беймәлім бір күштің жетегіне еріп солай қарай жүре берген Сара, әлден уақытта көрші үйдің есігінің алдында тұрған кезінде барып ес жиып, өз ісіне қымсынып қалды. «Ұят-ай! Мен неғып тұрмын бұл жерде? Біреулер көріп қалған жоқ па екен?» деп, алақтап жан-жағына қарады. Түнжарымда бейсауат кім жүруші еді? Өзінің оғаш жүрісінен қысылып, тұла бойы бір ысып, бір суып, аяғы дір-дір етіп, дереу кері қайтты.
Алға басқан аяғы кері тартып, ілбіп келе жатып, қайта оралуға, көрші үйге баруға сылтау іздеді. Үйіне кіре беріп, тосын бір ойдан қуанып кетті. Айтқандай Роллан мұның гүлдерін ұнатып еді ғой! Өскінін сұраған. Ал гүл өсем дегенше қашан! Одан да өсіп тұрған бір гүлді апарып сыйламай ма? Анау... өзі ұнатып жүрген гүлді. Иә-иә! Қалайша ойына келмеген?
Сара жедел басып үйіне кірді де аппақ гүлін ашып, құлпырып тұрған «Әйел бақытын» құшақтап, қайта шықты.
Айлы түн сүттей аппақ еді...
Тып-тынық түнде құлағының жарғағын жарардай болып үздіксіз дүрс-дүрс еткен дыбыстан басы солқылдап кетті. Тоқтай қалып, тыңдап қараса, өз жүрегінің дүрсілі екен. Әшейінде қарыс қадам көрінетін екі үйдің арасы жеткізбей, Әнидің үйімен арадағы жиырма шақты қадам жерді жиырма минут жүрген шығар. «Көршінің өтінішін орындағанда тұрған не бар екен, — деп ойлады іштей өзін-өзі алдарқатып, — гүлімді аяғандай болмаймын ба?..»
Ешқандай ішкі есебі жоқ екендігіне өзін-өзі сендіруге тырысқан Сара сонда да болса әлденеге қуыстанып, жан-жағына алақ-жұлақ етіп қарап қояды. Ақыры жетті-ау... Міне, кезінде өзі емін-еркін кіріп-шығып жүрген үй. Сәл ғана ашық қалған есік бұған «кір... кір...» деп тұрғандай көрінді.
Гүл өскен құмырасын құшақтап, қараңғы дәліздің табалдырығын аттай беріп, қалт тоқтады: іштен күбірлеген дауыстар естілді. Алғашында телевизор ма деген, жоқ, екі адамның сөйлескені сияқты. Сара бір орнында қатты да қалды. Ролланның қасында біреу бар екен ғой! Бәсе, келмей қалып еді-ау! Себебі енді түсінікті болды. Кенеттен шаншып кеткен жүрегінің тұсына қолын қойып, кеткелі бұрыла бергені сол еді, Ролланның қаттылау шыққан даусынан селк ете қалды:
— Қойшы, Азиз, сен де қайдағы жоқты ойлап таба береді екенсің! Осындай күдігіңмен шаршаттың әбден! Азиз? Е-е, көрші жігіт Азиз келіп отыр екен ғой! Түу! Адамның басына бірден жаман ой келетіні несі екен?
Ролланды іштей қызғанып қалған Сара оның қызбен отырмағанына шынымен қатты қуанып, есікті тықылдатпақ болып ұмтыла берген. Кенет бұл күтпеген алас-күлес оқиға басталды да кетті.
— Шаршаттым? Шаршаған екенсің ғой? Онда демал! Мен кеттім!
Солай деп сілкіне сөйлеп, жұлқынып шыға берген Азизды Роллан көз ілеспес жылдамдықпен құшақтай алды... Құшақтап қана қойған жоқ... Сараны аң-таң қалдырып, жо-жоқ... төбесінен жай түскендей шошытып... шашы дудырап, бөлмеден шыға берген жігітті... аймалап сүйе бастады! Оны кеудесінен итермелеп, біраз жұлқынған Азиз сәлден кейін қарсыласуын қойып, Ролланның бетінен, көзінен... өбе бастағанда... өңі түгіл түсінде көрмеген мынадай көріністен есеңгіреп, тілден айрылған Сараның аяқ-қолынан әл кетіп, қолындағы гүл отырғызылған құмыра жерге гүрс етті...
Жүгіре шыққан Роллан анадайда көйлегі ағараңдап безіп қашып бара жатқан Сараны көрді. Аяғының астында жайнаған жапырақтар арасынан арудың білегіндей боп созылып шыққан сабағында үлбіреген аппақ гүлі бар «әйел бақыты» жайрап жатты...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі