Өлеңдер Бөлімі

Адам өмірінің мақсаты.3

АДАМ ӨМІРІНІҢ МАҚСАТЫ.3

Абай адамның негізгі мақсатына жетудің жолын да көрсетеді. Оны ойшылдың әйгілі «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі мен отыз сегізінші қара сөзінен табамыз. Ойшыл тұжырымы бойынша негізгі мақсатқа жету жолы – Аллаға деген сүйіспеншілік. Бұл туралы Абай былай деп жазады:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

 

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ1 біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

 

Дін де осы, шын ойласаң, тағат2 та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ3 - хақтың досы.

Осылады бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.

Бұл өлеңнің бірінші шумағынан, Абайдың өзі жазып отырғандай, иманның үш асылын көреміз. Бұлар – өмірдің негізгі мәнін білдіретін тұжырымдар. Олардың біріншісі, «Алла тағала адамзатты махаббатпен жаратқан». Екіншісі, сол себепті, «Ол Алланы сенің де сүюің және жаннан тәтті сүюің керектігі». Үшіншісі, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және Хақ жолы осы деп әділеті».

Енді осы тұжырымдарды ойшылдың өзі нұсқағандай, ойланып, таратып бағайық. Бірінші, «адамзатты махаббатпен жаратқан» деген тұжырым өмірдегі махаббат көзінің қайда жатқанын білдіреді. Ол – Алла тағала екен. Отбасындағы жұбайлар, ата-ана мен бала, туған-туысқан, достар арасындағы махаббат түрлері, сайып келгенде, Алла тағаладан шығып, соның шапағаты болып табылады. Себебі Ол адамзатты махаббатпен жаратқан. Яғни адам өмірінің, тіпті бүкіл болмыстың жалпы себебі бар. Ол – Алла тағаланың махаббаты. Отбасы, түрлі қоғамдастықтар, халықтар, тіпті бүкіл адамзат өмірі осы махаббатқа байланысты. Махаббат сезімі адамдарды біріктіріп, жақындастыратын күш. Болмыстың қандай түрі болса да – махаббат көрінісі. Махаббат бар жерде бірлік бар. Ал ол жойылғанда барлығы бір-бірінен алыстап, бейберекет болып тарап кетеді. Махаббаттың ең жоғарғы шыңы – Алла тағалаға деген махаббат. Егер Алла тағалаға деген махаббат болса, онда оның барлық жаратқандарына деген махаббат та болады. Айталық, ашық күні табиғатқа сәулесін шашып тұрған күн бізге қандай ұнаса, оның сәулесі де сондай ұнайды. Күннің сәулесін көріп біз оның өзін көреміз. Сол сияқты, егер Алла тағаланы сүйсек, Одан жаратылғандардың барлығын да сүйеміз. Оның жаратқандарын көріп, біз Оның Өзін де сезінеміз. Алла тағаланың махаббат қуаты – бүкіл болмысты біріктіретін күш. Ол күш болмаса болмыстың біртұтастығы да болмас еді. Адамзат қоғамының отбасынан бастап үлкен империяларға дейін бөлініп, бөлек-бөлек болып ыдырап, жойылып жатуының себебі осы. Қоғам өмірінде отбасының бұзылуы, ал мемлекет деңгейіндегі бұрынғы Кеңес Одағының ыдырауы оған жақсы мысал бола алады.

Бұл өлеңдегі Абайдың беретін екінші маңызды тұжырымы – ол сенің де Ол Алланы сүюің керектігі. Және ол сүюдің жоғарылығы сондай – тіпті жаннан да тәтті болуы керек. Егер Алла тағала сені сүйсе, онда «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп ақын оны адамның міндеті ретінде көрсетеді. Ойшыл осы ойын отыз сегізінші қара сөзінде де қайталайды. Ол Алла тағаланың адамды махаббатпен жаратқанын дәлелдей келіп «Кім өзіңе махаббат қылса, сенің де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?» деп адамды міндеттей жазады. Сөйтіп Абай Алла тағалаға, махаббатқа жетуді өлеңінде де, қара сөзінде де анықтай түсіп, оны міндет ретінде көрсетеді. Алла мен адамның арасындағы сүйіспеншілікті ақынның осылай нықтап көрсетуінің себебі – бұл негізгі мақсатқа жетудің, Түп Иеге қайтудың кепілі. Басқа жол жоқ. Алла тағала Өзін сүйгенді ерекше сүйіп, оны Өзіне қайтарып алады.

(жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


[1] Анық, айқын; орындау, іске асыру

[2] Аллаға ғибадат қылу, бой ұсыну

[3] Шындық, сенім


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×