А
Қазақтар ең бір ұлы ұлын аялай ардақтап, Абай атаған. Абай — ұлы ақын, композитор, аудармашы, философ һәм қоғам қайраткері. Абай — қазақ поэзиясындағы ең бір трагедиялық тұлға. Ол — жан жарасы жазылмай кеткен ойшыл. Қазақ поэзиясын Абай тұңғыш рет терең философиялық қуатты оймен суарды. Дешті Қыпшақ даласына жаңа поэзия қамалын соғып, ой мен суреткерлік тоғысқан кенен бұлақтың тұнық көзін алғаш ашты. Абай есімімен қазақ топырағына философиялық және стилистикалық бағыттағы жаңа поэзия келді. Поэтиканың басты қос бағытынан, егіз тармағынан қазақ поэзиясының шалқар көкжиегі анық көріне бастап еді. Қазақ ортасында идеялық жаңа тыныстың қанаттануына Абайдай жан салған ойшыл кемде-кем, идеялық өрістің отын жағу үшін, шоқтанып қалған халықтық сезім мен ұлттық дәстүрді жедел дамыту керек болды. Сонау XIX ғасырдың соңында сомдалған Абай жыры XX ғасырдағы реалистік поэзияның биік шыңына айналды. Поэзияда еншісі бөлінбейтін, жаттықтан ада ірі тұлға бейнеленуі қажет. Абай қашан да халық жағында, ақынның ой алаңында халық — өнердің алтын діңгегі, әлемдегі рухани байлықтың жалғыз қазынасы болып ерекшеленеді. Ақын халқының фольклордағы образдық тұтастық қасиетін сырттан ғана қызықтаған жоқ. Абайдың ұлылығы халық поэзиясының образ әлеміне терең еніп, өмір, махаббат, өлім ұғымдарына ғарыштық мағына беруінде жатыр. Абай поэзиясының бояуы, нақышы, әдеби, философиялық ерекшелігі мен еркіндігі барған сайын кемелдене түсті. Абайды оқып отырып, оның ұлан-ғайыр суреткерлік шеберлігіне таңғаласың; әндік қайырым, импрессионистік дәлдік, нәзік стиль, салмақты тереңдік, жан тебірентер әуен ақын ыңғайына көніп жүре береді. Абай поэзиясы сиқыр үн мен құпия сырға тұнып тұр. Абай өлеңі — қуатты жан тебіренісі, қайыспас жанкештілік және ішкі бостандық. Сонымен бірге, адам баласының басына түскен әділетсіздікке қарсы ұят пен намысқа толы ақын үні ғайыптан қосылып, атойлап тұрып алады. Ақын шығармашылығы шексіз қайғы мен жанталас қасіретке толы. Абай лирикасы — адамның қапалы өміріне назаланған жан азасы. Адам бойындағы сезім, өмір мен өлімге шақ болуы керек, өйткені өлімнің еншісі жаңа өмірмен ғана қайырылмақ. Абай поэзиясы ой мен сезім әлемін еркін жетелеп, қазақтың тарихи тынысын да, ғаламдық болмыстың тынысын да кең ашады. Оның мұңға тұнған әндері биік ақыл мен саф тазалыққа шақырады. Абайдың бойына біткен өнер қуаты көңіліңді қыздырып, жаныңды жаңғыртады. Ақынның ұлылығынан жаратылып, сомдалған суреткерлік әлем қазақ даласының тылсым қуатын танытады. Оның шығармашылығы тірліктің терең тамырынан үздіксіз нәр алған. Ақын жаны әлем әдебиетімен терең суарылғаны сонша, араб, парсы, орыс ақындарының мыңдаған жолдарын жатқа айтып отыратын болған. Абай ұлы ақын ретінде әлем тынысын өз жүрегінен өткізді, сонымен бірге, өз жан әлемін өз ішінен қорытып шығара алды. Сонан да оның шығармашылығы сыртқы әшекей мен жалған бояудан мүлде ада. Абай өмір бойы сыртқы ортадан бойын жиып, тартынып қана қойған жоқ, феодализмнің зорлық пен зомбылық жеңген қапас құрсауынан құтылуға жан салды. Жасында зер қойып, қанаттанған дала ақындарының бір сарынды дидактикалық қайталауларынан ойысып, дара шығып, тың образ бен тың идея аясына ұмтылды. Бұл көне тіршіліктің ыңғайында қалған күндерінен жеріп, жаңаша қалыптасқан адамдық идеялар мен адамдық ойларға батыл бетбұрысы болатын. Ақын ерекшелігі, өмірді — сүйіп-күюдің ордасы немесе тағдырдың межелі бөлігі деп емес, ұзақ, күрделі күрес жолы деп ұғынуында. Өлең әлемінде мәңгі ғұмыр кешу үшін айтулы жанкештілік керек. Поэтикалық жанкештілік қана сөз құдіретін сөндірмей, адамзат көшін ілгері бастай алады. Абай өлеңі енді поэтикалық шарттыққа емес, ұстамды ой әлемінің толассыз көшіне ілесті. Бұл сөз қадірін биік деңгейге көтерді. Ақын шығар-машылығының басты бағыты — адам мен ғарыштың, жан мен тіршіліктің тынымсыз бірлікте екенін ұғындыру болды. Абай өлеңдерінде рухани һәм тарихи құбылыстардың ажары терең бейнелене түскен. Абай әлемінің шын мәнін, қазақтың ой кеңістігіндегі алатын орнын пайымдағанымыз XX ғасырдың 40-шы жылдарында ғана. Халыққа ақынның ұлылығын ұғындырған «Абай» романы еді. Абайдың классикалық үлгідегі ақын екенін, оның ақиқатқа толы поэзиясында жаңа өмірдің ұрығы барын, сол жаңа өмірге талпынған, қуатты ой империялық езгіні жарып шығуға бет алғанын көрсеткен де ұлы Мұхтар Әуезов болатын.
Б
Абай поэзияда философиялық айқындық пен тереңдікке қатты бет бұрды. Ұлы ақынның қай-қайсысы да шалқар философиялық ой тұнығымен жан суарған. Шығыс пен Батыстың философиялық идеялары ақын лирикасында терең толғаныс елегінен өтіп, тың тынысты жаңа ойларға ұмтылыс жасайды. Абай шығармашылық өмірінде оқу, сол оқығандарын зерделеу арқылы Шығыстың ұлы ақындары — Омар Һайям, Рудаки, Руми, Ясауилермен сұхбат-кеңесті мол өткізді. Ішіп, терең бойлаймын, Өткен күннің уларын. Және шын деп ойлаймын, Жұрттың жалған шуларын. Тағы сене бастаймын, Күнде алдағыш қуларға. Есім шығып қашпаймын, Мен ішпеген у бар ма? Абайдың философиялық толғаулары — өмірге өзінше қарау, адамның тіршіліктегі позициясын айқындау. Абайдың ойлы поэзиясы этикалық бағдар мен тағылым биігін көрсетеді. Ақын санасы бір ортаға, адамгершілік бірлігін іздеуге ұмтылған, сол арқылы ақын адамды өлімнен қорықпауға, өмір сырын ұғынуға шақырады. Абайға керегі — адам, адамның рухани болмысы мен адамгершілік нысанасы. Сонан да Абай өлеңдерінде адам табиғат аясында жоғалмайды, ал табиғат адамның ішкі кеңістігіне сыйып кете береді… Кемеңгер Абайдың поэтикасы адаммен қауышу, адам мен адамның жүрек жалғастырған татулығын арттыру. Абай халқын оянуға, жан тірлігіне, қалғымайтын намысқа, үздіксіз рухани еңбекке шақырады. Шығыс поэзиясының түп-тамырында сөз құдіретіне деген айрықша құрмет жатыр. Шығыс ақынының сөзі мен ісі бір жерден шығады. Айтылған сөз, атқарылған іс болып қабылданған. Тек осылай ғана адам жанын тазалық пен бірсөзділікте тәрбиелеуге болатын еді. Ақын жырының өткірлігі, қазақ даласында алмас қылыштан асып түскен. Шығыстың ақылы мен Батыстың озық ойлы идеясын Абайдай зерделеп, өнеріне мұрат еткен қазақ ақыны болған емес. Даланың дана ақыны Абай Шығыс пен Батыс поэзиясының суреткерлік ерекшеліктерінің басын құрап, аса терең мағыналы гуманистік Батыс-Шығыс синтезін ашты. Немістің ұлы ақыны Гете түзеген гуманистік Батыс-Шығыс синтезін Абай ары дамытып, қазақтың ой кеңістігіндегі орнын айқындап берді. Бұл ұлттық догмалар мен «еуроцентристік» отарлау концепциясына қарсы бағыт еді. Пушкиннің шығармашылық эволюциясына тереңдей зер салсақ, оның поэзиясындағы Шығыс тақырыбының айрықша белгісін көреміз. Шығыс өлеңінің нәзік әуенін Пушкин ерекше сезініп, сол сазды әуеннің үнін поэзиясында ардақтай сақтаған тұңғыш орыс ақыны. Атақты «Кавказ» өлеңінде цензураның қысымының кеселінен соңғы шумақтары түсіп қалған: Так буйную вольность законы теснят, Так дикое племя под властью тоскует, Так ныне безмолвный Кавказ негодует, Так чуждые силы его тяготят… Пушкин танымындағы Шығыс-Батыс синтезі патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының қыспағына қарсы ереуіл-ой көтерді, орыс ақынының жаны мен болмысы азаттық аңсаған Кавказ халқының жағына шықты. XIX ғасырдың соңында Ресей самодержавиесі Қазақ елін темір бұғауға әбден шырмап матаған кезі еді. Отаршылдық қыспағында қалған Дешті Қыпшақ даласы экономикалық, әлеуметтік, мәдени құлдықтың шырмауында жанталасты. Шырмауда қалған көшпенділер елінің мәдениеті де, санасы да күйреді. Дүниенің табиғи қозғалысы күшпен үзілді. Ортадан өрбіген дөрекі, айдаһар күш дала өмірін жоюға ұмтылды. Жандаралдың табаны астында дала талып жатты, даламен бірге поэзия, аңыз, ертегі өлді… Алмас қылыш пен қорғасын оқтан жан тапсыру — адам табиғатына жат құбылыс. Зорлық өмірге жаңа тіршілік әкелмейді. Әлемдік гармонияның бұзылуы сыртқы күштің озбырлығынан туады. Бұл кезеңдегі қазақ ақынының, ғұлама ойшылының тірлігі қапас жалғыздық болатын. Дала ойшылының жалғыз бағыты халық жүрегіне бастар жол ғана. Абай даналығы — жалғыздықта жабырқаған жанының рахаты халық аясы екенін ұғуында. Ол өз халқын рухани биіктен көруді армандады. VI—VIII ғасырлардан тартылған түркі тілдес қауымның дара жолының ерекшелігі соншама, қазақ ойы бұл кезде ерекше қуатпен, бұрын-соңды болмаған тілектес ынтымақта жұмыс істеген. Ортақ ой, ортақ мүдде, ортақ үрей ұлттық мәдениет, философиялық тұжырым мен лирикалық межелерді бірдей қамтып кетіп еді. XIX ғасырдың ұлы ақындарының бойында гуманистік синтез қайталанбайтын дара бітімде болды. Айуандық пен әділетсіздікке қарсы тұрған күрескер, еркін азамат — Абай концепциясы ақын шығармаларының биік рухани бағасы болып табылады. Дәл осындай таным-түсінік ұлы суреткерлер — Шекспир, Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Рабиндранат Тагорға да тән болатын.
А
Абайдың поэзия мен прозадағы адамның өлшеулі ғұмыры туралы ойлары ақынды Құдайға алып келді. Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл Өзгесі хаққа жол емес. Дененің барша қуаты Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл суаты Махаббат қылса тәңірі үшін. Құдай дүниені жаратқанда оны зұлымдық пен зар наланың орны қылып жаратқан жоқ. Жұмыр жер адам үшін жаратылған, өйткені адамсыз әлемде ынтымақ пен кемелдік болуы мүмкін емес. Адамға берілген ақыл-ес — Құдайдың туындысы, ғаламды ұқсын деуі, алған білімді биік мақсат үшін ұстансын деуі. Нағыз ғұлама үшін көк аспан мен қара жерді айыратын күш жоқ. Айуандықтың ордасы — надандық, оны жеңу үшін қажырлы білім керек. Адам санасының кірісер жері, адам жүрегінің мейірімін асыру, жаратушы Құдайға жол ашу, гармониялық бірлікті сақтау. Абайдың ойынша, адамзат баласы ызалы жүректің құлы емес, сондықтан да Адам өмір сүруі, еңбек етуі және адамдыққа ұмтылуы қажет. Көп жылдар бойы жанын толғантқан мазасыз ойын, іздегені мен тапқанын, үрейі мен жанталасын, қапасы мен қуанышын, рух ұмтылысы мен азапты өмірін, көңілін көгендеген ыза мен құлшылығын жиып жазған «Ғақлия» былай басталады: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық — әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз, Соны таба алмай өзім де қайранмын». «Ғақлия» — ақиқат үшін жан салған ақын ойы. Бұл кітаптың идеясы қарапайым да құдіретті. «Дүниенің теңдессіз жетістігі — адам, сол адамның жаны мен тәні сұлулық пен келісімнен айнымауы керек», деп айтудан Абай жалыққан емес, сол сөзінен тайған да емес. Адамның жаны, ойы, тәні мен сезімі кәусар судай таза болуы керек. Адам санасын тек қана қайырымдылыққа, жоғары мақсатты рухани кемелдікке жұмсауы шарт. Жеке адам қамынан бүкіл адамзат қамына дейінгі ұмтылыс Ақын жанының рухани баюына аса үлкен ықпал жасады. Жер-Ананың тынысы мен жеке адамның әлем алдындағы жауапкершілігін сезінуі — ұлы Ақынның басты олжасы еді. Осы жолға ақын жаны мен басын бірдей тігіп өтті. Туған халқының алдына Дешті Қыпшақ даласының тағдыры туралы Абайдай аяусыз сұрақ қой-ған жан болған жоқ. Абайдың адамгершілік максимализмі туған халқының мешеу мінезін ғайбаттау емес, қайта туған халқын талмайтын зерделікке, ойлылыққа шақыру. Сонан да, Абай шығармалары адам сенімін қайрайды, көңілін толғандырады, қайырымдылықтың шегі болмайтынын ұғындырады. Әлем мәңгі, ортақ және гармониялық бірлікте деп түсіндіреді Абай. Айырылысу, сағыныш, тіптен өлім, ғарыш гармониясын бұза алмайды, өйткені олар мәңгі сөнбейтін табиғи құбылыс. Соңғы демі біткенше адам жанталаста, үзілмейтін үмітте бұлқынып тұрады. Бұл сезім жарылысы, адам бойындағы қажыр-қайраттың тебіренісі, жанкештілік — бұларсыз рухани шабыт жансыз қалады. Абай жанкешті, құдіретті суреткер еді. Бұл жанкештілік ақынның өз тағдырына да, әлем тағдырына да ерекше нұр түсірді. Адам өмірі көркем де қасіреті мол ғұмырдың мәңгі гармониясымен қозғалады: махаббат пен бостандықты өліммен ғана қайыруға болады, жанкештілік барға қанағат қылмайды, жанкешті жан соңғы демі біткенше арпалысты күн кешеді. Құдай Абайға ұлы адамға тән мінез берген, ол сонан да елдің өсек пен ғайбатына, ақымақтардың ашық күндеуі мен қызғанышына зейін қоймаған. Туған халқының ардагер азаматы болған Абай адам алдындағы парызына дақ түсірмей, ақиқатқа жан-тәнімен қызмет етіп өтті. Махаббат өліммен қатар қонады, өйткені жанкештілікке бас тікпеген махаббат — махаббат емес. Бостандыққа тек басты бәйгеге тігумен ғана жетуге болады. Абай өлеңдерінен біз адамгершілік тәлім аламыз, өйткені ақын өмірі аңызға айналып кеткелі қашан.
Й
Туған халқы ұқпай өткен ұлы ақын Құдаймен бетпе-бет келіп, жалғыз қалды.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?
Абай туған халқын жанындай сүйді, сонан да оның ойлы сөздері қан татиды. Ақынның нәзік жаны керіп тартқан садақтай шарт кетуге шақ қалған. Бұл өмірден ақын еш адаммен ашылып сөйлеспей, қоштаспай, үнсіз кетті. Оның ой кешкен тынышсыз жанын ұққан, қадірлеп-қасиеттеген, аялаған адамдар, оны о дүниеде тосып жатқан. Ақын саналы ғұмырын, күш-қуатын, туған халқын ағартуға жұмсады, бірақ туған халқы ақынның жан егілткен әндерін сүйсіне салғанымен, мұңлы өлеңдерінің ой қатпарларына тереңдеп барып, жанына дарыта алмады. Ақынның өз халқына айтқан ақыл-өсиеті жаһан далада иесіз қалды. Бұл Абай трагедиясының бастауы да, соңы да еді. Ал еркін ойлы, қамсыз қазақ халқының трагедиясы белгі беріп, үздіксіз өрби өсіп келе жатқан…
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі