Ерте-ерте, ерте де бiр шалдың кемпiрi өлiп, шиеттей үш баласымен қалса да, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай асырап-бағып, бүгiнгiдей әлетке жеткiзiптi. Жер ортасы алпыстан асып, жетпiске тақаған соң-ақ бiлдiрмей жүрiп бойды алатын егделiк деген бәле осал жау көрiнбейдi. Күндердiң бiр күнiнде ұлдарын сынамаққа ұйғарған шал сыр аулағандай әрқайсысына шаншыла қадалып, сөзiн түу әрi тереңнен толғап, тебiрене бастаса керек.
— Қиын асуға қарай бет алған замандарың мынау. Көреселерiң әлi алда. Топшыларыңның бекiп, қанаттарыңның қатайғанын шүкiршiлiк етемiн әйтеуiр. Шырақтарым, қартайып қаужырап барам-ау, шамасы. Жаман айтпай жақсы жоқ, алда-жалда өле кетсем, қалай аттандыратындарыңды төрт көздерiң түгел отырғанда айтыңдаршы.
Томсарған тоң мiнез қалпымен әкесiне алара қараған үлкен:
— Бiр бұйырғаны болады да — деп, дүңк ете қалды
Жұқалтаң кескiндi ортаншы қуақылана жымиып, сөздi ары iлiп әкеттi.
— Әрқайсымызға бөлiп берген еншiңiздiң бiр-бiр бөлiгiн ортаға тастамаймыз ба, әке.
Кекесiндi сарынды көңiлiне алмағандай шал жайдары қалпын сақтады. «Бұйрық бiледi деп талай сыбағамыздан қағылған жоқ па едiк. Құдай амандығын берсе, қаптың түбiн тесетiн бiреу бiзден де шығып келе жатыр екен». Аяқ астынан жасаған тоқтамын iшiне бүгiп, кенже ұлының ауыз әлпiн асықпай сазара бақты. Екi ағасына жаутаң-жаутаң қарап алған кенже тұп-тұнық жанарын мөлдiрете төндiрiп:
— Жиған-тергенiмiздi сiзден аяйды дейсiз бе, ата, — дедi.
Сақалын саумалаған шал таңырқаса қаумалаған үшеуiне ләм деп лебiз жара қоймады. «Шыққыр көзiм кедейшiлiк дегендi көрдi. Байлық дегеннiң қандай болатынын итiм де бiлмейдi. Өлiсiме қарай көмiсiм. Кенжесiнiң сәуесiнде бiрдеңе барға ұқсайды». Шартарапты шарлап қайтқан санасы ақыры бiр түйiнге келе алмай сандала тантырап, артық-ауыс сөзге бармастан осымен бәрiн доғарған.
Қыбыр-жыбыр тiршiлiк күйбеңi бұл әңгiменi мұнар-мұнар дүниенiң бұлдыраған елесiмен көлегейлеп жiберген едi.
Сөйткен шалдың жасы, мiнеки, жүзге iлiктi. Далаға кiрiп-шыға алатынын тәубе санап, қалған уақытын маужыраған күйi қалғып-мүлгiп өткiзедi. Баланы бағып-қағып, есейткен өзiнше бiр дәурен екен. Пыр етiп уысыңнан ұшқан соң-ақ — өзiңнен туған ұл сақалы шығып жат болады дегендi бұрын, тiптi, ойлап көрмептi. Аспаннан құдды салбырап түсе қалғандай кердеңдеп шыға келетiнiн қайтерсiң. Қартайғанда ашуланған қиын екен мұнда. Көкiрегi әп-сәтте мұң-налаға толып, терең тыныс алса бiттi — кеудесi қу қаңқа тәрiздi қақырап-қақырап айрылып кететiн секiлдi. Сәуесiнде бiрдеңе барға ұқсайды деп үмiт қылған кенжесiнiң қолында қап, айдың-күннiң аманында келiн төркiнiне кетiп тынып, шал тұлдыр жетiм, ұл — тiрi жесiр атанды. Қазақстанның бiр қиян түкпiрiнде тұратын үлкен «бiр бұйыртқаны болады да» деп дүңк етiп тiл қатқанын ұмытты-ау, сiрә. Үстi-үстiне дұғай сәлем жолдап, дүркiн-дүркiн хат арқылы шақыртып жатып, күнi кеше ғана төбелерiн көрсеттi-ау, әйтеуiр.
Бұрындары жылына бiр айналып соғып, үйдiң оны-пұны шаруасына қол ұшын тигiзсе — жыл он екi айға шейiн iштi жылытуға онысы жарайтын сияқты едi. Кейiндерi екi-үш жылды араға салып барып келетiндi шығарып жүр. Сонысына қарап, жоян бастық дейiн десең — қойнынан бөзi, аузынан сөзi түсiп тұрған бiрдеңе. Iзiнен ерген жалғыз ұлы сойып-қаптап қойған тура өзi. Безiлдек келiн мың сөйлегенде — бiр қарсы үн қатып қоймайды екi сабазың да. Келiн әңгiмесiнiң ау-жайынан тұрмыстарының шекесi қызып тұрмағанын аңдайды. Үй-iшiлiк жағдайды iшке бүгiп, кiшкене сыр сақтау бұ жазғанға бұйырмаған ба, жетiм қозыдай зарлағанда бар ма, құлақ тұндырады.
— Ата, балаңыз көп ақша таппайды, тағы арақ iшедi. Балаға киiм керек, тамақ керек. Қонақ шақырамыз, өлiм-жiтiмге барамыз...
Келiн сөзiн ақыл сарабына салып, санасымен екшеп отырған сыңайда көзiн алысқа тастап, тура осылай қарай беттеген бiр қарайғанды байқады. Бiреудiң үйiне бiреу бейсаубат кiрмейтiн мына заманда кiм екен деп ойлағанша болған жоқ, ортаншы ұлының бейнесiн бұлдыратып барып ажыратты. «Әйел-балаларын тастап, жалғыз жүргенi несi?» Салып ұрып жеткен ортаншы дауыстап амандасты.
— Балаларды неге алып келмегенсiң?
Қараторы қағылез жүзi күреңiте құбылған ортаншы көзiн алайта наразы қадап:
— Кiшкентай ауырып қалды. Бәрiн қалай алып жүрем, жол деген қымбат.
— Жол ақыларың сонда қанша болды? — дедi шал бiртүрлi жүрексiнгендей.
— Жан басына жүз сом!
— Жүз сом! — Шалдың үнiне қиқу араласты. — Атаңның аузын ұрайын, сонша қымбаттатып, жын ұрып кеткен бе!
Әкесiнiң шала бүлiнгенiне қыбы қанған ортаншы отқа майды одан сайын құя түстi.
— Бiр бөлке нан жиырма сомға жеттi, тағы қымбаттайды дейдi.
Дүниенiң апшысын заманақыр, жер тақыр қып қуырып жiбергенiн жақтырмаған шал қабағын кiржiң еткiзiп, қазан-ошақ жақта жүрген келiнiн қайдан көрген адамым дегендей ұзақ тесiлiп, шаққа айырған сыңайы сол едi.
— Бұлардыкi ештеңе емес, бiздi айтпайсыз ба, — деп сөзге килiге бергенде шабына от түскендей ортаншы орнынан ыршып тұрды.
— Неге бiздiкi ештеңе емес, үш балаң болса көрер едiм, екеуiң бiрдей жұмыс iстейсiңдер тағы.
Нақақтан-нақақ жапа шеккендей жеңгесiнiң түсi бұзылып, үнi жыламсырап шықты.
— Сонша баланы тапқыз деген жоқпын ғой, мен саған.
Тарпа бас салып сабаудан тайынбайтын ыңғайда жеңгесiне жұлқынып жетiп келген ортаншы өкiректеп өктем сөйлеген сайын кекештене тұтығып, түкiрiгiн жынша шашыратты. Ұсқыны бiр сұмдық үрпиген әйел дымданған бетiн сүртiп әлек.
— Менiң баламның көптiгiнде сенiң шаруаң қанша?!
— Үш баланы көп демеңдер. Обал болады, қойыңдар, — деп шал бiр жақтан басу айтуға кiрiстi.
Күтпеген жерден көңiлi босаған келiн бордай егiлiп, боздай жөнелдi.
— Ата, ағаларын басынған соң бұлар маған осылай дiкiңдеп сөйлейдi. Егер мен болмасам ауылға келу ойы тұрмақ санасына кiрiп шықпайтын едi. «Келiнi кетiп қалыпты, атамыздың қасында болып келейiк» деп айтып қоймаған соң, амалсыз көндi. Бiр жыл бойғы тапқан-таянғанымызды жолға жiбердiк.
Ортаншы лезде бiр жайсыздықты парықтағандай ойлы кейiпке көштi. Қайнысының осы тосылсын зая жiбергiсi келмеген келiн қиянат-теперiшке ақыры шыдамағандай бетiн баса жылаған бойы сып берiп үйге кiрiп кеттi. Басын төмен сала сөлбiрейген шал:
— О, тоба! — дедi көкiрегiн қарыс айыра күрсiнiп.
Бау-бақшаның арам шөбiн отағанның өзiне екi иiнi салбыраған үлкеннiң бет-жүзiне кiрбiң көлеңкесi қалың қонақтапты. Қолындағы тесенiң жүзiне үңiрейе үңiлiп, делдиiп тұрған ортаншының өңiнен секем алып үлгергендей одырая бөгелдi. Қарашаңыраққа келерден бұрын үлкен әйелi екеуi ортаншының үйiне соғып, бiр түнеген соң амандасудың ишарасын ғана жасады.
— Мынаның түк жүзi жоқ.
Ұлдарының бiр-бiрiне солғындығы ақылына сыймай аңырған шал үлкендi жаңа танығандай бажайлап қарап, езуiне кенет қуақы күлкi үйiрдi.
— Иә, батыр, бақшаның жайын ұмытып, түгел жайпап тастағаннан саумысың. — Жердiң ұжымағына қу медиен шөлейттi айырбастаған айыбын бетiне басқан әке әзiлiн көңiлiне алмаған үлкен.
— Бәрiн баудай түсiрiп, жамсатып тастадым, — дедi.
Ренiштi әңгiме осының алдында ғана болмағандай ортаншы қарқылдап күлiп жiбердi.
— Кенжеңiздiң бiр жылда iстемеген шаруасын бiр сағаттың iшiнде тындырып тастаған үлкенiңiз мықты ғой.
Бiр жайсыз нәрсенi есiне алғандай көзiн алартқан үлкен:
— Мұның картошкесi, пиязы мен сәбiзi түгел арам шөптен көрiнбей қалыпты.
Өзiне мәлiм жайды тыңдап тұрғандай ортаншы қолын түңiле сiлтедi.
— Оған айт, айтпа бәрiбiр, құлағына қыстырып та қоймайды. Бiз келiп iстеп бергенге әбден үйренiп алған. Өткенде өзiне жақсылап тұрып түсiндiргенмiн. Үлкен ағаң алыста, менiң өз бала-шағам бар деп. — Ағасының бiр нүктеге қадалған отырысын келiскенге жорыған ортаншы өз ойын одан бетер құлшына баяндауға кiрiстi. — Менiкi дұрыс қой, одан артық мен не iстей аламын, айтшы.
Шыр-пыры шыққан iнiсiнен зерiккендей үлкен қалғып-мүлгiп отырған әкесiне үңiлдi. Тура соны аңғарғандай шал даусын кенет әндете шығарды.
— Ендi қайт дейсiңдер, маған, үйде тұрмаймын деп жүрiп, қатынын кетiрiп тынды. Бiр аяғым көрде, бiр аяғым жердегi менiң сиқым мынау. Баяғыда ел кезiп, ән салатын туысқанымыз қыздың қойнында жатқан жерiнен ұсталатын болған соң, керегенiң көзiнен қашам дегенде шалбары сыпырылып түсiп қалыпты. Бiздiң бұ көзел сол атасына тартып, масқара боп жүрмесе жарады, әйтеуiр. — Тәлiмси елтiген ортаншыны елемеген үлкен күлiмсiреген райынан танбай:
— Серi атамыз содан кейiн не қылды? — деп сұрады.
— Не қылушы едi, қыздың да, өзiнiң де жаман атын шығарғаннан басқа, — дедi шал ренжiген сыңайда көзiн бақырайтып.
Серi бабаларының қылығынан секем алғандай екеуi бiр-бiрiне үрпиiсе қарасты. Орнаған үнсiздiк едәуiр уақытқа созылды. Иiн қандыра илегендей шал бетiнiң ұшы жұп-жұмсақ, жыпырлаған мың-миллион әжiм сәл қозғалыстың өзiне жыртылып-айрылатын үлбiреген терiдей. Адамды кәрiлiк деген итiң бұлайша аямай мазақ қып қорлайтынын бетпе-бет қарауға үлкен мен ортаншының дәттерi бармайтындай шошынулы кейiпте бiр шекелеп шолады. Жиектерi көлкiлдеген қызғылт көзiн алма-кезек өлусiрете қадап, кекесiн шалыс төтен ой көкейiне оралғандай шал кегжең еткiзiп басын көтердi.
— Сонда бұл үкiметтiң не бiлгенi бар?
Жауап берудiң жөнiн таппаған екеуi әкелерiне шарасы таусылып, жабырқаса қарасты. Бiр ойдың iзбiнiн қуалап, ұштығын ұстай алмаған әсiресе үлкен күйзелiстi пiшiнмен шалға түйiле шүйiлдi.
— Балаңыз не iстейдi сонда? Жерi қоршалмаған алаң-ашық. Ала жаздай бiр айыр шөп шаппайды. Сепкендерi алаботадан көрiнбей қалыпты. Үй тозып бара жатыр. Қорасы құлағалы тұр.
Шалдың қаужыраған әлжуаз жүзi үлкен сөзiне елтiгендей күреңiте шымырлап, алдыға қарай емiне еңкейдi.
— Бұл құрғандар жол ақысын сонша қымбаттатқандары несi?! — Тұтанып кете жаздаған үлкен одырая селтиiп, көзiнiң қиығын бауырына суық тастады.
— Жол ақысында шаруаңыз не, анау үйдiң жұмысын неге iстемейдi деп жатқан жоқпын ба?!
Мұнша тақақтағанына қитыққан шал жүзiн тыжырына бұрып әкеттi. Екi ойлы нышанда назарын әлденеге тоқтатып, қайтадан жалт бұрылғанда салғырттық ұйыған сұрқы шамырқана серпiлiп, жаймен шығатын даусына қатқыл шаңқыл араласты.
— Ей, оны маған ендi қайт дейсiң. Бiр жұмысым бар деп кетедi, содан жоқ. Қысқа отын-су дайында десем жарайды, малға жем тап десең жарайды. Не қылған жарайды екенiн итiм бiлiп пе. Сол жарайдысын ақыры тасығой ұмыттырып жiбередi. Мұның алған қатыны да қу аяқ болып кезiккеннен сау емес. — Жақ ашып, тiс жарып көрмеген сырды сызбақтатып сыртқа шығаратыннан қуыстанғандай шалдың бұрқанысы сап басылып, пәс тартқан қалпы едәуiр мелшиiп отырды. Кенженiң жетесiздiгiне күйiнген үлкен әлсiн-әлi күйзеле басын шайқайды. Бұрыннан өзi қанық жайды естiп отырғандай ортаншы бiртүрлi сүлесоқ.
— Шiркiн, не деген үй, не деген жер. Бiр мықты ие керек боп тұр ғой. Ортаншының сөзiн құлағына iлмеген шал:
— Бiр бөлке наныңның құны сонда бiр қойдың бағасынан асып жығылды ма? — дедi.
Бiресе жол ақыға, бiресе нанның қымбаттағанына қайта-қайта айналып соққан кейiп айдаладан кезiгетiн балбал тастың безерулi кеспiрiнен аумайды. Еш қайран жоқтығына көздерi жеткен екеу бiр-бiрiне шарасыз қарағаны сол едi.
— Ол адам болмайды, болса да барып-барып болады, — деген әкелерiнiң сөзi алыстан талып жетiп, емiс-емiс естiлетiн секiлдi.
Осы кезде сыртқа жұлқынып шыққан үлкеннiң әйелi қазан-ошаққа қаздаң-қаздаң басып бара жатып, жерден басын алмай тұғжиып отырған күйеуiн көргенде өңi тарғылдана сұрланып:
— Ата! — үнi шаптығып шықты. — Ыдыс-аяқтың түгiн қалдырмай алып кеткен бе?
Iстiң мәнiсiне бара алмай аңырған шал кенет бiр сұмдық ащы жымиды.
— Балам-ау, ыдыс-аяқты айтасың, тамаққа қосатын бұрышқа дейiн қалдырмай алып кетiптi. Ана қарамаймақ шешесiне тiл қатсаң бар ма, жүзге келген менi итерiп жiберiп, майып қылып қылудан тайынбайды-ау.
— Сонда келiнiңiз не iстемедiңдер деп кетiп отыр? — Үлкен сөзге дегбiрсiздене килiктi.
— Оу, мынадай өлiп қалған адаммен әйел тұра ма? Бұл ұры-қары дегенiң де басынатын кiсiсiн бiлiп басынатын сияқты ғой. Былтыр жылқыны, биыл екi сиырды байлаулы тұрған жерiнен қорадан шешiп алып кеттi. Ел аман, жұрт тынышта өлiп алғанда-ақ болатын едi.
Жауапкершiлiктiң зiлбатпан салмағынан құдды жаншылғандай, тұнжырай түксиген ортаншы күйзеле күрсiнiп, тұтқиыл байлам жасайтын кiсiдей кескiнi алабұртып өттi.
— Барлығы ананың жамандығынан. Бұл үйдiң лайықты иесi болса ешкiм бұлай басына алмайды. Мен көшiп келсем, бәрiн басқаша жасаймын.
«Көшiп келем» дегенiне елең ете қалған үлкен:
— Ананы қайда жiберемiз? — дедi жұлып алғандай.
Бiр пәс аңқая тосылған ортаншының реңi қуаңыта бозарып, ұрма-перме қызбалығының нышанындай жалт-жұлт еткен жанары тентек ұшқын ата бастады.
— Қатыны кетiп қалған, малын шетiнен ұрлатып, бау-бақшасын арам шөп бастырып жiберген адамға үй не керек? Жүзге келiп, пiсiп уылжып отырған әкесi мынау. Осының бiрiн ойлап, қам жасамаса, тiршiлiктiң қалай болатынын қалаға барып көрсiн.
— Оның жасында бiздiң де басымыздың буы кебе қойған жоқ едi ғой, — дедi үлкен қинала жүрексiнген үнмен.
Iнiсiнен тап мұны күтпеген үлкен көзiнiң астымен сүзiлiп қарап, тайсақтағандай даусын бiртүрлi бәсең шығарды.
— Кенжесiн сыйғызбай қаңғытып жiбердi деген өсекке қаламыз.
— Қазақшылық әңгiменiң қазiргi заманға түкке де қажетi жоқ, — дедi ортаншы қалғып-мүлгiп отырған әкесiне одырая бұрылып.
Бойын ашу билеген үлкен алға адуын ұмсынып, тұрмаққа оңтайланғанда бетiнiң ұшындағы көгiс дақтар бадырайып-бадырайып көзге анық шалынды. Жанарының iшi лайланған, сарғыш. Жаңағы болмашы жұлқынған қимылдың өзiне бойын арақ алған адамдардан кезiгетiн ақыл-ойы әлi сергiп үлгiрмеген мағынасыз қаңғалақтаған әлжуаздық байқалады. Сөйтсе де үлкендiгiн малданатын ниетте кәдiмгiдей сұстана айғайлап жiбердi.
— Ол қайтсе де осы үйдiң кенжесi, оған көмектесу саған да, маған да мiндет.
Мiзбақпай безерген ортаншы:
— Менiң үш баламды сонда сен асырайсың ба?! — дедi.
Жөпелдемеде не дерiн бiлмей бағажақтаған үлкеннiң пiшiнi шоқтың сөнер мезетiндегi күлгiнденген түсiнен аумай, сынық тарта солғындап барады. Одан сайын сазбеттенген ортаншы суық шүйiлген қалпы, даусын қатқыл шығарды.
— Бәрiмiз бiрдей қайыршы боп кетпеу үшiн менiң көшiп келгенiм дұрыс
Осы кезде басын жұлып алған шал құрысқан жотасын жазатындай құнжыңдап, сақалын көстите сәл алға ұмсынып, әкелiк кесiмiн айтатын ыңғайда қабағын қатайтты. Екеуi де қалт тынып, оның аузын бақты да қалды.
— Мына сұрыңа қарағанда ыдыс-аяқ дегенiң де дүниенiң ақшасы болып кеткен шығар.
Ұлғаюдың мұншалықты мазағынан тiксiне үрпиген үлкен бiртүрлi күйзеле тосылса, бұрқ көтерiлген ашудың қысымынан кескiнi күреңiткен ортаншы күйiнiп кетiп санын бiр-ақ соқты. Үлкен лезде жайдары қалыпқа ауысып, қызықты жайды есiне түсiргендей ерiксiз күлiмсiреп.
— Әркiмнiң өз қайғысы өзiнде, — дедi.
Әлгiндегi ренiштi есiнен тарс шығарып, таңырқаған сыңайда ағасына жалт қараған ортаншы қарқылдап күлiп жiбердi. Бiр-бiрiмен алдында дүңкiлдеп сөйлессе, ендi түк болмағандай жайраң қаққандарын ашықтан-ашық жақтырмаған шал жүзiн төмен сала тұқшиып отыр. Онысын қапысыз аңдаған ортаншы жайдақтығын елетпей мардымси қап, әкесiне биязы тiл қатты.
— Ата, сiрiңкенiң өзi жиырма сом болғанда, ыдыс-аяқ шырқап кеттi ғой.
— Жиырма сом! — дедi бiр нүктеден көз айырмай сазара қадалған шал.
— Сiрiңкенiң жиырма сом болғаны атам жанына қатты батты-ау.
Әке мiнезiн қалыс кiсiдей қызықтаған ортаншы қылығы үлкеннiң көңiлiне сыймайды-ақ. Аумалы-төкпелi көктеменiң амалындай құбылмалы айнығыштығына айран-асыр. Бүгжие бүрiскен әкелерiнiң пұшайман тұрқынан жабырқаған екеу ары қарай сөздi көсiлтудiң ретiн таппай томырыла үнсiз тұр. Үйдiң ауласын жанай өтiп бара жатқан көршi әкелi-балалы үшеуiнiң бiртүрлi қалыптарына одырая қарап, дауыстап амандасқанына үлкен мен ортаншы iле-шала үн қатты. Дыбыс шыққан жаққа дереу басын көтерген шал көзiн сығырайта ұзақ шүйiлдi. Көршiнiң сұлбасын ажыратқаннан кейiн аузын бейiлсiз жыбырлатты да, арсыздықтан әбден запы болғандай таңдайын қағып, даусын әндете созып шығарды.
— Мұның ба, мұның түн баласы тынбай жортатын нағыз баукеспе ұры.
— Болды, болды естiп қояды! — Ұлдарының екi жақтан жекiгенiне бағжия таңырқаған шал:
— Ұрлық жасағанға ұялмаған оған ұрлықшы екенiн айтқан менiкi ұят па? — дедi өршеленiп.
Ұзай түскен көршiге жалтақ-жалтақ қарағыштаған ортаншы:
— Ақырын, ақырын, — дедi қатқыл сыбырлап.
Манадан құлақ түре тыңдаған көршi атының сауырына қамшыны осып-осып қап, құйын-перен шаба жөнелдi. Мұндай оқыс қылықтан секем ала жалт қарасқан екеу ананың қарасы көзден ғайып болғанша үндемедi.
— Осылай артық сөйлеп, көршiлердi жауықтыра бергеннен не табасыз? Бiр күнi үйдi тонап кетiп жүрсе қайтесiз? — дедi ортаншы бiр кезде.
— Бұл үйде тонайтын ештеме қалмаған шығар? Шабдан манап бастаған бiр топ кiсi үйiне түскенде жарықтық Шiрiкбай әулие құсап бiр-бiр жаужапыраққа салып тамақ тартайық десек, оның да қисыны келмейiн дедi ғой.
Әкелерiнiң аузын баға екеуi қалт тынғанымен сөзiн шорт үзген шал басын төмен сылқ түсiрiп, қайтадан қалғи бастады. Қазан-ошақ жақтан жүгiре басып келе жатқан үлкеннiң әйелi күйеуiнiң түксиген суық әлпетiнен сезiктене бiр қарап өттi. Iште бiраз кiдiрiп сыртқа шыққанда тымырайысып алған екеуiнен кәдiктене қалт тоқтады. Шарасы үлкен көзiне үйiрiлген жас мөлтiлдеп, даусы жыламсыраған мүләйiм.
— Оңбаған неме, он жерден ерегiссе де, атамнан кiшкене болса да ұялмай ма. Кесеге дейiн түк қалдырмай сыпырып алып кеткенiн қарашы.
Екеуiнiң арасындағы жайсыз әңгiмеден еш сыз қалмағандай жеңгесiнiң сөзiн құп ала кiшiк сөйлегенде ортаншының өңi төтенше алабұртып өттi.
— Ананың жамандығынан кеткен қатын бәрiмiздi басынып, бiлгенiн iстеген. Жүзге келген шалдан басқа үйде ешкiм жоқ, ал бұл кiсiде не қауқар бар дейсiң. Есiктi бұзып ашып, заттың бәрiн машинаға тиеп ала салып, жөндерiне тайып тұрған. — Қараторы өңi күреңiте шымырлап, уытты ұшқын ұялай қалған шарасы оттай жанып, қыр мұрнының ұшы қусырыла делдиiп, болымсыз дiрiл бiлiндi.
— Мұны тiптi ұрлық жасады деп үстiнен милицияға арыз түсiрсе де болады. Атамның атынан жазса бiтiп жатыр. — Бiр орында тағат тауып отыра алмай алақ-жұлақ еткен ортаншы жан-жағына қодыраңдап қарап қойды. Өзiне-өзi сұқтанғандай жұтынып, делдиiп делеңдеген екпiнiн елең қылмай ұстамды қалпын сақтаған үлкен көз қиығын екеуiне алма-кезек суық тастағаннан артық әрекетке бармады.
Елiкпестен түксиiп тұрған күйеуiн аңдаған әйел көзiнiң астымен бiр қарап қойып:
— Ағаң не дейдi, ақылдасып көрсеңшi, — дедi.
Бұл менi неге есiркей қалды дегендей, өтiнулi райда жаудырай қадалған әйелiнiң қитұрқы қылығын ойша безбендеп, сараптаған үлкен ажырая бөгелiп барып, бiр кезде:
— Жүздегi шал кеткен келiн дүниесiмен бөлiсе алмай соттасып жатыр деген атақтарың жетпей тұр едi, ендi, — дейдi қызбаланбай үнiн баяу шығарып.
Мұншалықты қазақылықтан тойынып жерiнген ортаншы iшкi бұрқанысын тежей алмай нарттай қызарған кескiнiмен қолын сермелеп, өрекпiп сөйлей жөнелдi.
— Бiздiң үйдiң түбiне қазақтың осы құрып қалған мiнезi жетiп тынды. Қит етсе ұят. Ол келiннiң албастыдай қап-қара шешесiн қалай басындырып қоямыз? Киiлген кит, сойылған жылқы, қой, iшiлген жәшiк-жәшiк арақтың бәрi де есепке алынбай ма, сонда!
Iнiсiнiң сабасына түсуiн үлкен байыппен асықпай күттi. Алаөкпе болудың тағы бiр кезегiнен жүрегi айнығандай тыжырынып, iнiсiне назарын үстемдеу суық тастады.
— Заң бәрiбiр кеткен келiн жақта. Өнбес дауды қуудың қажетi жоқ. Одан да анаған әйел әперудiң жолын қарастыру керек.
Жойдасыз тап мынадай шешiмге зығырданы қайнаған ортаншы үлкеннiң жағасынан ала түсетiндей орнынан ыршып тұрды. Жұқалтаң қараторы жүзi ызбарлана кұреңiтiп, iшкi бiр сұрапыл екпiнiн тежей алмай тығыла тұтығып сөйлегенде көзi дөңгелене ойнақшып, қияпаты алаңғасар тартты.
— Осындай қымбатшылық заманда әйел әперу қайда. Бiр киттiң өзi қанша тұратынын бiлесiң бе? Арақ-шарабың анау. Өзiңде тағы көк тиын жоқ. Ендi ол қатын алатын болса, мен ештеңе қоса алмаймын. Үш баламды асырап алсам да жетедi маған.
Шыр-пыры шығып қанша зар қақса да елпелектей жөнелуге дайын сидаң iнiсiнiң сөзiн құлағынан ары асырып жiберiп, дегбiрiн қашырмастан мiзбақпай отырған үлкен әлi сабырлы. Дүңкiлдеген үннен көзiн ашып алған шал сығырая ұзақ iркiлдi. Аял қылмай қызбалана сөйлеген сайын ортаншы ұлын бағытынан жаңылып қап апалақтаған соқыр адамға ұқсатады.
— Ойпырмай, сұмдық-ай, бұрынғылар «ниетi жаманды құдай табады» деушi едi. Осы дүниеде пиғылым бұзылып көрмеген сияқты едi. Әкелiп-әкелiп мынадай күйдi көрсеткенiн қарамайсың ба, — дедi шал өзiне-өзi сөйлегендей.
Сыртқа шығаруға бағанадан оқталған кесiмiн айтудың есебiн таппаған шалдың әлжуаз сықылынан селт етер сергектiк жоғалғанына шошына үңiрейген үлкеннiң пiшiнiне кенет түңiлiс ұялады. Басын кегжите шақшиған ортаншы төңiрегiне шапағаты тиiп жүрген саясы мол аңғарлы адамдай әкесiне емiне еңкейдi. Көкейiне тұтқиыл қонақтаған ойы жұқалтаң жүзiне шапшып шығып, соны iрке тұруға сабыр-шыдамы жетпей:
— Ата, — дедi де күмiлжiп қалды. Ортаншы ұлының қатқыл даусынан басын көтерген шал кiлмиген көзiн ұзақ сығырайтты. — Бұл үйге ие керек. Келесi жетiден бастап мен көшiп келем.
Селт етпеген шал бiрер шамадан кейiн әлденеден сезiк алғандай ортаншы ұлына жапақ-жапақ қарап қойды. Бiр орыннан тапжылмай қалшия қатып қалған үлкен мынадай шұғылдықтың зардабы миын шабақтап өткендей iнiсiнiң алдына жұлқынып жетiп барды.
— Әй, анау сонда қайда қалмақ? Өз үйiне өзiн сыйғызбай қалай тентiретiп жiберемiз?!
— Қарашаңырақты ұстай алмаған өзiнен көрсiн. Жүзге келген әкесiне обал емес пе.
Бұл жауапты мiсе тұтпаған үлкен тағы бiрдеңе айтпаққа оқталғаны сол едi, есiктен атып шыққан әйелi:
— Сен кiрiспе айналайын, сыртта жүрген адамсың, көшiп келе ме, қоя ма, өздерi бiлсiн, — дедi.
Сөзге ортадан кигенiн жақтырмаған үлкен шалт қимылға баратындай қолын сермегенмен, бiрақ ақырып, тиып тастамады. Лезде сабасына түсiп, сөлбiрейiп қалған ағасының қылығын жақсылыққа жорыған ортаншы мойнын соза жан-жағына одырая қарап алды.
— Шұрқ етпеңдер, бес жылдың iшiнде әрқайсысыңа бiр-бiр машина мiнгiземiн.
Қайнысына таңырқай бағжиып қараған жеңгесi жылы шырай таныта жымиып үлгердi. Үлкеннiң мiзбақпаған отырысын қаперiне iлмеген ортаншы бес жылдың iшiнде бiр-бiр машинаны қалай әперетiнiн жердi сызғылап, қызу түсiндiруге кiрiстi.
— Сенбейсiңдер ме, сенбесеңдер мейiлдерiң. Ол үшiн мен бұл жерде тiршiлiк iстеймiн.
Бағанадан қалғып отырған шал басын жұлып алды. Ортаншысының жұлқынған қимылынан көз жазбай сазара бағып, кенет алға сәл ұмсынып қойып сөйледi.
— Әй, сен мәшине алма, пензеннiң бағасы уқорғасын, дөңгелек-сөңгелегi мен темiр-терсегiнiң құны өзiмен бiрдей көрiнедi. Оны жүргiзесiң бе, жоқ, бұрынғының ақшасымен есептегенде күн сайын бiр машинаға татитын шығын шығарып тұрасың ба?
Әке сөзiне көңiл аудармаған ортаншы ойының желiсiн үзбей ары қарай жалғастыра бердi. Шалдың сүрепетiне жаны күйзеле түксиген үлкен:
— Ол уақытта машина маймен емес, сумен-ақ жүре беретiн болады, — дедi жүзi құбылып жанбастан.
Үлкен ұлына секем ала қараған шал көзiн бiр жапақ еткiзiп, екiойлы кейiпте iркiлдi. Iшiне түйiп үлгерген жайсыз пiкiрдi айтпасқа амалы қалмағандай ошарыла аңқайып:
— Құдайдың суына ауыз сала бастаса, оны түбi тауыспай тынбас, — дедi.
Құптаған сыңай танытып, үлкен басын изедi. Ақыл-ойы сергек қалпындағыдай үлкен ұлының өңменiнен назарын алмаған шал:
— Мұныңның онда заманақырдан қай жерi iлгерi?!
Ләм деп жауап қатпаған үлкен екеуара күңкiлдесiп кеткен әйелi мен iнiсiнiң сырттарынан бақылап, әңгiмелерiне құлақ түрiп көрдi. Жазған әйелiнiң бет-пiшiнi iнiсiнiң әрбiр қимылы мен сөзiнiң иiрiмiне қарай өзгерiп, құбыла түседi. Бiр орнында дегбiр тауып отыра алмай шоқаң-шоқаң еткен ортаншы жердi ұзынды-көлденең сызғылап, қолын ары-берi сермелеп сөйледi.
— Мына бақшаның аяғына дейiн қора саламын да мал ұстаймын. Ескi үйдiң қасынан тауыққа үлкен тор жасаймын. Менде бәрi қалдықсыз өндiрiс болады. Қалған жердiң өзi бақшаға жетедi.
Ортаншының сөзiн жұтына тыңдап, елпек қаққан әйелiнен көз алмай қадалған үлкен: «Қашпаған қысыр сиырдың қайран уызы-ай, шiркiн» — дедi iшiнен кекете мырс-мырс күлiп.
Ерте, ерте, ертеде өмiр сүрген әлгi шал жарықтық сол түнi түс көрiптi деседi. Осы өңiрде бұрынырақта жүз отыз төрт жыл өмiр сүрген бiр атақты әулие мұның үйiнiң төрiне үн-түнсiз келiп жайғасқанда бетiне тiктеп қарауға жүрегi дауаламай тайсақтап, бүгежектеген жазған: «Қап, мына қасиеттi әулиеге дастарқан жайылмайтын болды-ау! Әлгi келiн құрғырдың кетiп қалғанын қарашы» — деп ойлап үлгередi. Кенжесiн дауыстап шақырайын десе булығып, үнi шықпай қояды. Сақалы белуарынан келген шоң мұрын, жазық кең маңдайлы, шүңiрек көздi қапсағай денелi кiсi астамсып кекiрейместен бұған жылыұшырап қарап алады да: «— Шырағым, күтiмiң болмай жүр екен-ау, күтiмiң болғанда, менiң жасымнан да асып кетер едiң. Оған амал бар ма, ендi отыз-ақ жыл өмiр сүресiң», — дедi. Дуалап тастағандай мең-зең боп отырып қалған шал есiн ендi жиып, әулиеге бiр ауыз тiл қатпаққа оқталса — үшты-күйлi жоқ. «Қап, әттегене, қызыр екен-ау, отыз жыл өмiрiн сыйлағанша, бармақтай бағын бергенде-ақ болатын едi-ау» деп ойлағанда жүйе-жүйесi босап, елжiреп-елбiреген босаң күйде оянса көзiнiң алдына шық тұрып, кiрпiгi шыланып қалыпты.
Қабырғаға iлiнген кiлемнiң бұрынғы орны айбақ-сайбақ, бұрыш-бұрышта тұрып қалған шаң-шаң сүңгiлер қыстың күнi қыраулана iсiнiп-қабынған құдды бағана сымдарындай жуан-жуан. Ортада әбден жуылып-жуылып тулақша бырысып-тырысқан көнетоз палас. Бiр жақ қапталды тұтас алып тұрған ағаш заттардың есiктерi ашық-шашық, тұтқа атаулыдан тұлдыр жоқ жым-жылас, көлденең әйнектерiнiң бетiне қалың қабатты баттиған шаң қоныпты. Келген-кеткендердiң бiреу-мiреуi кiрген-шыққандарының белгiсiндей саусақтарының iздерiн ырсита-ырсита сызып тастап кетiптi. Бұл жұрт дегенiң де бала болып кеткен бе, соны сызбай-ақ қойса не қылады екен. Бағанадан берi қыбыр етпей жатқан шал түсiнде әулиенiң тағы отыз жыл өмiр сыйлап кеткенi есiне сап ете түскенде көңiлi қобалжып, көкiрегiне шер байлана бастады. «Құдайым-ау, осының өзiне қатты шаршап қалғанда, тағы отыз жыл деген сұмдығына қалай шыдар екем?!» дедi шынымен-ақ күйзелiп.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі