Ертең ауылға барамын. Ауылда тіршілік тоқтап қалған. Күнделікті күйбеңнен өзге ауылдағы адамдарды еш нәрсе толғандырмайды. Ол жердегі махаббаттың өзі жайбарақат. Ешкімнің есі кетіп, дүниені талақ етпейді. Барлығы бірқалыпты, өзінің шарықтау шегіне енжар жетіп, сырғып түседі де тәмамдалады. Не тоймен, не болмаса бастапқы қалпына қайта оралады. Қаладағы арпалыс, ағылған машиналар қаныңды қыздырып, жүрегіңнің соғысын жылдамдатады. Сондықтан тезірек ауылға кету керек. Бір нәрсе бүлінбей тұрғанда, өзіңнен де, өмірден де жиіркеніп безіп кетпей тұрғанда ауылға жетіп алу керек.
Оның мысығы бар. Ересек тарта бастаған, ұйпа-тұйпа ұрғашы мысық. Балалығы қалмағандықтан, ара-тұра жүгіріп ойнап алады. Бірақ көбінесе маңғазданып, сен жаққа менсінбей көз тастап жатады. Ол маған басында ұнайтын. Төсекке қисая қалсаң, қасыңа жетіп келіп ыңғайланып жайғаса бастайды. Содан кейін тұрып кету мүмкін емес. Көңілін қимай жатасың.
Ол мысығын жақсы көреді..
Күз аяқтала бастаған кезде, мысық түлеуге кірісті. Жер дүниенің барлығы жүн, талшық. Шай ішіп отырып,тамағыңа кептеліп қалғанын сезесің. Жүрегің айниды. Бөлмеге күн түскен кезде шаңмен араласып, қалқып жүрген аппақ талшықтарды көресің. Мен “мысықты апарып таста” дедім. Ол басында қарсы болған. Бірақ менің шынымен де қиналып жүргенімді көргеннен кейін келісті. Оның үстіне оған біртүрлі, жаман қарай бастадым. Жануардың кінәсі жоқ екенін біліп тұрсам да, кеудемде орнығып алған жиіркеніш жан-дүниемді жегідей жеп бітті. Содан кейін Оның мысыққа деген ерекше мейірімі де жынымды келтіре бастады. Бірде жұмысынан телефон шалып, мысықтың хал-жағдайын сұраған.
— Қазір ғана оқтаумен басынан бір ұрдым, — дедім мен қалжыңдап.
— Неге?
Дауысы өзгеріп кетті..
— Дастарханға шыққан соң... Уайымдамай-ақ қой. Кішкене қимылсыз жатты да, тұрып кетті. Тек басын сілки береді.
— Мен сені өлтіремін.
— Немене?
— Өлтіремін.
— Өлтіремін, — деді ол қайталап. Дауысында ызғар бар. Денем тітіркеніп кеткен.
Шыдамым таусылып бітті. Үйде тамақ ішуден қалдым, Ақыры ол мысығын алып кетті. Досының үйіне. Содан кейін үйге кеш келетінді шығарды. Бара-бара бұнысы тіпті жиілеп кетті. Бар айтатын уәжі “Мысықты барып көріп жүрмін”. Шынымен де ол да бір тіршілік иесі емес пе. Аты-жөні жоқ далаға лақтырып тастауға болмайды.
— Қайта алып келемін десең, алып кел, — дедім мен оған бір күні, — түлеп біткен шығар.
Ол мысықтың әрі-бері жүргеннен қатты қорқатынын, сондықтан жануарды бұлай қинай бергеннің обал екенін айтты. Сонымен, барлығы орнына келген сияқты еді. Бірақ бүгін төртінші күн ол жоқ.
Досының үйіне хабарласқанымда олар оның мысықты алып кеткенін айтты. Қайда екенін білмейміз деді. Еш жерде жоқ..
Мен ауылға кетемін деп шешім қабылдадым. Бірақ ешқайда барған жоқпын. Оны күтіп жүрмін. Біреулер оның мысық жетектеп жүргенін саябақтан көріпті. Сол жерге бардым. Бір күні кездестірдім де. Ол ұзын бойлы, денелі жігіт ағасы. Түрі де салиқалы, салмақты. Қарбығау тағып, жіппен мысық жетектеп жүргені алыстан күлкілі көрінеді екен. Қастарына жақындап, мысықты қолыма алдым.
— Қайда жүрсің?
— Осында пәтер жалдап тұрып жатырмын.
— Үйге жүрмейсіңдер ме?
Ол маған сынай қарады.
— Сен мысықпен бірге тұра алмайсың ғой.
— Тұра аламын.
Ол басын шайқады.
Мен үйге жалғыз оралдым. Мысық көп дегенде жиырма жыл өмір сүреді. Содан кейін оның жағдайы не болады? Білмеймін.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі