Өлең, жыр, ақындар

Гүлжамал

Гүлжамал көзін ашқанда, үй қараңғы болатын. Қабырғада ілулі тұрған электронды сағатқа көз салды. Он бір болып қалыпты. Ол терезені  ешкімнің ашпағанын түсінген. Көп әрі қатты ұйқыдан солқылдаған басын қолымен қысып, сыртқа беттеді. Далада жаңбыр жауып тұр екен. Су-су Ақтөс әлденеге мәз болып, арсалаңдайды. Ол итті аяғымен теуіп жіберді.

— Кет!

Үйдің маңында да ешкім жоқ тәрізді. Тым-тырыс. Кенет ол бақша жақтан әлдебір дыбыс естігендей болды. Жақындай келе Майраның дауысын таныған.

Балабақшадан тағы қалып қалған болу керек. Жылап отыр. Ол адуыңды адымдап, дауыс шыққан жаққа беттеді. Тұла бойын кернеген күшті дәл қазір әсіресе айқын сезінген. Жасы он төртке толмаған одан мектепте өзінен екі-үш жас үлкен ұлдар да  жасқанатын. Түсініксіз  мінезінен бе, әлде кескен томардай кесек жартылысынан ба ешқашан жақын құрбысы да болған емес. Шындап келгенде ол қыздарды ұнатпайды.  Әлжуаз, не болса соған көз жастарын көл қылып отырғандары. Сонысына қарамай олардың өзі туралы «еркекшора» деп сыпсыңдайтындарын қайтесің. Ақымақтар. Қазір де мына қыздың ботасынан айырылған інгенше боздаған дауысы ызасын келтірген.

— Не болды?

Жылап-жылап қарлыққан үнмен әлденені былдырлай бастаған Майраның бірде-бір сөзін түсінген жоқ.

— Не болды деймін саған?

— Есі-ікті аша алмай отырмын...

— Саған дәретханаға отыруға болмайды деп айтылды ғой. Неге кірдің?!

Майраның жылаған дауысы зарлы шықты.

— Енді отыр осылай. Ашпаймын. Әке-шешең көрсін мына түріңді.

Гүлжамал жаңбырдың суық тамшыларынан қорғанатын жер іздеп жан-жағына қарады. Көзіне еш нәрсе іліне қоймаған соң, назарын қайта дәретханаға аударған:

— Ауызынды жап!

— Гүлжамал, аш-ш-шы...

— Саған айтылды ғой дәретханаға кірме, ішіне түсіп кетесің деп, неге тыңдамайсың?

— Мен і-іші-іне түспеймі-ін...

— Сен бе? Түскенде қалай түсесің!

— Түспеймі-ін!..

Ол есікті жұлқып тартып қалғанда, ескі ағаш дәретхана солқ ете түскен. Бүрісіп бұрышқа тығылған Майраны қолынан тартып орнынан тұрғызды.

— Міне, мына тесікке түсіп кетесің. Алдымен былай аяғың кіреді. Содан кейін белің кіреді.

Жанұшыра тырмысқан кішкентай қыздың қобыраған ұзын шашы аузына кірді. Әсіресе шырқыраған ащы үні ашуын қоздырған. Басын оңай тықты. Содан кейін былш еткен жағымсыз дыбыс, Майраның әлсіз құмыққан үні естілді. Ол кеудесінің ауыр жүк түскендей жеңілдегенін  сезінген. Үйге кіріп теледидарды қосты. Мультфильм көрсетіп жатыр екен. Ол төсегіне қайта құлады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар