Өлең, жыр, ақындар

Сүйінші!!! Балалар оқу орталығына Сүлеймен Баязитовтың атын берді

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың балалар әдебиеті бөлімі күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа қайта берілді. Бүгін қайта жаңартылған кітапханаға облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов арнайы келіп, атқарылған жұмысқа оң баға берді.

-Жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылғаны көзге бірден көрініп тұр. Пандемия аяқталған соң бұл жерде балалар алаңсыз білім алатын болады. Жұмысын тез әрі тиянақты атқарған мердігер компанияға ризашылық білдіремін, -деді Ә.Сқақов.
Айта кетерлігі, облыстық кітапхананың балалар әдебиеті бөліміне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, қаламгер, балалар әдебиетінің көрінекті өкілі, жерлесіміз Сүлеймен Баязитовтың есімі берілді.

Елу жылдан астам жөндеу көрмеген нысанда жас жеткіншектердің білім алуына, уақыттарын тиімді өткізуіне барлық жағдай қарастырылған. Кітапхананың қызмет көрсету жүйесі бірнеше аймаққа бөлінген.

Мәселен, «Білімпаз» аймағында абонемент пен оқу залы бар. Бұл жерде оқырмандар үшін үйге кітап алуға немесе оқу залында отырып кітап, газет-журналдар оқуға мүмкіндік бар. «Балдырған» оқу аймағында мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған танымдық ойындар аймағы шоғырланған. «Өркен» ұлттық шығармашылық аймағында балалардың оқуға деген қызығушылығын ұлттық салт-дәстүрлер арқылы дамытуға, шығармашылыққа баулуға басымдық берілмек. «IT-Бала» медиа аймағы жас оқырмандарды компьютерлік сауаттылыққа баулу, ақпараттық мәдениетті қалыптастыруға арналған. «Зерде» интеллектуалдық аймағында түрлі тақырыптардағы семинарлар, конференциялар, презентациялар, тренингтер, ойын-сауық шаралары өтетін болады. Заманауи техникалар арқылы оқырмандарға бейнефильмдер көрсетіледі.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана басшысы Шолпан Шахметова балалар әдебиеті бөлімінде 86 мыңнан астам кітап қоры бар екендігін атап өтті. Іші жарық әрі жылы кітапхана толықтай заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Жаңартылған нысан балалар үшін қызмет көрсетуге дайын.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз