Өлең, жыр, ақындар

Шарт

Шар ете қалған телефонның дауысынан селк еткен ол, әлдебір белгісіз біреуді жазғыра терезе жаққа қарады да, қайтадан ақ параққа үңіліп, әлгінде ғана бастаған жаңа сөйлемнің соңғы нүктесін қойды. Тағы да ақ қағазды шиырлай бергенімен, үздіге түскен телефонның ащы дауысы үзілмеді. Ол үнемі жазу үстеліне отырған кезде, жұмыс бөлмесіндегі қоңыр телефонды желісінен ажыратып тастайтын, ешкім мазаламасын деген оймен. Бүгін осы әдетінің тарс есінен шығып кеткеніне өкінді. Безектеген телефон тыншыр емес. Жазуын тоқтатып орнынан тұрды. Телефонның тұтқасын көтерді. Дауыс қыжылдап, талып естіледі, сірә, тым алыстан соғып тұрған болуы керек. Әрі мұның айтқандарын естімейтін секілді, әр жақтан «Алло, алло» деген дауыс қайталана береді. Ол: «Иә, сізді тыңдап тұрмын» деп қаттырақ айқайлағанда барып әр жақтағы адам естігендей болды.

— Алло, бұл сіз бе, — деді белгісіз адам мұның аты-жөнін атап.

— Иә, дәл өзі, тыңдап тұрмын, айта беріңіз…

— Мен сізге өзге қаладан хабарласып тұр едім, — деген телефонның ар жағындағы адам өзінің кім екенін таныстырды.

— Сізбен танысқаныма қуаныштымын, ал енді қандай мәселемен хабарласып едіңіз?

— Мен бе, жәй, әншейін… Тек сізге алғысымды айтайын деп.

Ол бейтаныс адам өзіне қандай алғыс айтады екен деп ойлады. Сыр білдірмеген болып:

— Айта беріңіз, бұл өзі қызық екен, танымайтын адамның бұлайша хабарласқаны, — деді.

— Мәселе, былай ғой… жақында ғана сіздің жаңадан жарық көрген әңгімелер жинағыңызды оқып шыққан едім…

Ол үндемей тыңдай берді.

— Өте керемет екен, керемет болғанда сұмдық. Тіптен қазіргі әдебиетіміздегі үлкен жаңалық деуге келеді. Бір деммен бас алмастан оқып шықтым. Өте керемет.

Ол жұмған ауызын ашпады.

— Шын айтамын, өтірік мақтап, көлгірсіп тұр екен деп қалмаңыз. Тіптен сізді өмірде көрген жоқпын ғой. Ой, бірді айтып бірге кетіппін, қысқасы сізге сол үшін алғыс айтайын деген едім. Айып етпессіз?..

— Оқасы жоқ, рахмет.

— Сау болыңыз онда, жазарыңыз көбейсін!

— Жарайды, өзіңіз де сау болыңыз!

Ол телефонның тұтқасын қоя салды. Бейтаныс адам айтқан өзінің кітабы жарық көргеннен бері үйдегі телефонға да, құлағына да тыныштық болған жоқ. Тіпті бір әдеби жиындарға бара қалса да бәрі жабылып мақтай жөнеледі. Бірақ ешқайсысы кітабының не үшін керемет екендігін айтқан емес. Бәрін қойшы, осы кітапты шығару үшін талай есіктің табалдырығын тоздырғаны есінде. Біреуі де қайырылмай қойған.

Әупірімдеп жүріп мемлекеттік тапсырысқа енгізіп, оның өзін екі жыл дегенде әрең шығарды. Тек іштен шыққан шұбар жыландай болып кітабы жарық көргенде, барлық қиындықтарды ұмытқаны бар. Осыдан кейін әдеби ортадағы беделі де жоғарылай түсті. Көрінген жерде барлығы жылы лебіз білдіріп жатқаны. Алайда барлығы бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай, «керемет» деген жалғыз ауыз сөзден аспайтын.
Ол қайтадан жазу үстелінің басына келген, ой ағыны үзіліп кеткеннен кейін, мойыны жар бермеді. Қағаз-қаламдарын жиыстырып, бір папканың ішіне салды. Сағатына қарап еді, түскі бірді көрсетіп тұр. Түннен басталған жазу таңға дейін, одан асып түске дейін жалғасқан екен. Тіптен тоқтамастан жаза берер ме еді, кім білсін, әлгіндегі бейтаныс адам телефон соқпағанда.

Ол қарнының ашқанын сезді. Ас үйге өткенімен, талғажау боларлық ештеңе таппады. Бар тапқаны — қою кофе қайнатып ішті. Айналасына көз салып еді, жуылмаған ыдыс-аяқтар, кір-кір қол орамалдар, тағы да басқа ас үйдің сиқын кетіріп тұрған көріністер жүректі айнытады. Әйел заты жоқ үйдің берекесіздігі анық сезіледі. Әсілінде ол отбасын құрған болатын. Бірақ, әйелі «Сен арамтамақсың, сенің жазғаныңнан, жазушы болғаныңнан, одан қалды жер-көкке аяғың тимей мақталғаныңынан не пайда, одан түсіп жатқан көк тиын да жоқ» деп кетіп қалғалы қашан…

Осындай ойлардан қинала отырып темекісін тұтатты. Бөлмедегі онсыз да жағымсыз иіс темекі түтінімен күшіне мініп, қолқаны қаба түсті. Таза ауа жұтқысы келді. Тез-тез жиналып, серуендеу үшін сыртқа шықты. Ештеңе ойламастан көше кезіп жүре берді. Баққа қарай барғысы келген басында, ондағы көп адамдардың шуылы санасына тыныштық бермесін анық білді. Көшедегі қаңғыған иттей сенделіп жүрді де, кеш қарая үйіне қайтты. Қарыны шұрылдағанмен, қайран жоқ. Үйіне кіре берісте пошта жәшігін қараған, ішенен өзіне келген үш хатты көрді. Біреуі үлкенірек екен. Бәрін қолына алып, үйіне кірді. Қайтадан қою кофе қайнатып, бір стақан құйып алды да, жұмыс бөлмесіне өтті. Хаттарды оқи бастады. Әуелі үлкен конвертті ашқан, ішінде алғыс хат екен. Шетелден келген. Әдебиетке қатысы бар әлде бір халықаралық ұйымның басшылары жазыпты. Қайдан екенін кім білсін, оның әлгінде айтқан кітабын қолдарына түсіріп, оқып шығыпты. Соған өз бағасын беріп, арнайы алғыс хат жіберіпті. Бей-жай қалыпта оқыды.  Сосын екінші хатты ашты. Онда да сол секілді бердеңелер. Тек шетелден емес. Бұл да соншалықты әсер ете қоймады. Үшінші хатты ашып еді, банктен келген қағазды көрді. Банктегі несиесін көптен бері төлемегендіктен, он есе өсіп кеткендігі, сол үшін ертең сотқа шақырылғаны жазылыпты. Ойланып қалды. Ертең сотқа барғанда не айтарын білмей дағдарды. Оның төлейтін түк те қаржысы жоқ болатын. Үстелдің суырмасын ашып, үш хатты да ішіне тастады. Бүгін түнде ештеңе жаза алмайтынын сезінді. Ойларының барлығын ертеңгі соттың жайы шырмап алды.  «Жә, жарайды, барып ұйықтайын, ертең сотқа бару керек қой» деп шешті.
Ертеңіне таң атпай тұрып, жуынып-шайынып, қырынып, үстіне бар киерін іліп сотқа келді. Мұны банктен келген арнайы өкіл қарсы алды. «Өң-сөлі жоқ, ақша сорып тастаған секілді» деді іштей.

— Келіңіз, отырыңыз,- деді банктің өкілі.

Жайғасып отыра берісімен банктен келген өкіл, іске көшті.

— Сіз көптен бері өзіңіз алған несиені төлемей жүр екенсіз.

— Оны өзім де білемін.

— Білсеңіз, оның себебін сұрамай-ақ қояйын, айтар жауабыңыз белгілі ғой,- деді өкіл. Ол өзінің бар жай-күйін, жағдайының жоқтығын айтпақ еді, өкіл болса алдын орап кетті.

— Біз мұндай жауаптың талайын естігенбіз.

Өкіл мұның ішкі ойын оқып тұрғандай.

— Шыдамның да шегі бар, біз енді сізге арнайы шара қолданамыз.

— Қандай шара?

— Асықпаңыз, қазір айтып беремін. Сіз ең алғаш банктен несие алғанда жасалған екі шартты есіңізге түсіріп көріңізші,-деді банктен келген өкіл.

Ол ұмытып қалғанын жеткізді.

— Өзімде солай ойлағанмын, — деді өкіл, тереңіне құрық бойламайтын жымиыспен.

— Мен сізге ең әуелі мына нәрсені айтып өтейін, — деді өкіл темекі тұтатып, оған да темекі ұсына тұрып,- Сіздер, жазушылар, өте қызықсыздар. Өз шығармаларыңызда барлық әлемді адалдыққа, әділдікке шақырып, сол үшін күреске үндейсіздер. Бәрінен де рухани байлықты жоғары қоясыздар. Бірақ содан шыққан биігіңіз қайда? Мәселен, мен сіздің бір әңгімеңізді білетінмін. Барлығын ақшаның құлы болудан сақтануға шақырасыз. Бірақ сіз бәрібір сол үшін біздің алдымызға келіп отырсыз ғой.
Оның шекесі шыпшып терлей бастады. Тынысы тарыла түскендей. Банктен келген өкіл өз ойларының дәлелдігін қаққан қазықтай нығырлай түскенде, өзінің де сол өкілдің жетегінде кетіп бара жатқандығын аңғарғандай.

— Бәрібір рухтың биіктігі.., — деп бастай берген еді ол, өкіл болса:

— Көп созып қайтеміз, сіздің не айтарыңызды тағы да біліп отырмын. Одан да банктің сізге қойған шарттарын айтып өтейін. Бірінші шарт бойынша, сіз несиені төлемегініңіз үшін жазу-сызуды қоясыз. Яғни, жазушылықты тастайсыз. Онда тіптен қарыздан құтылуыңыз да мүмкін. Екінші шарт бойынша, сіз жазуды тастамай және қарызды төлемей жүре берсеңіз, күні ертең ақтық деміңіз бітіп, ана дүниеге аттанғанда көмусіз қаласыз. Сіздің алғашқы қойған құжаттағы жазулар бойынша біздің оған құдіретіміз жетеді. Сондықтан да осы шарттардың қайсысын таңдайсыз, әлде несиені толықтай төлеп тастайсыз ба,-деді.

Ол алдын-ала жасалған есеп бойынша қарызын бұл өмірде төлеп бітіре алмайтындығын білді. Бірақ, ана дүниеге мойынына қарыз іліп кетуден қорықты. Екінші шарт бойынша — көмусіз қалу, тіптен үрейлендіре түсті. Ақыр соңы ойлана отырып:

— Мен бірінші шартты таңдаймын, ендігі ғұмырымда жазбай-ақ өтермін, — деді.

Бұған аңтарыла қараған өкіл:

— Шынымен осы жолды таңдап тұрсыз ба?-деді.

— Иә.

— Өкініп жүрмейсіз бе?

— Жоқ, менің таңдауым осы.

— Жарайды, — деді өкіл, — мен құжаттарды бүгін дайындай беремін. Ертең сағат таңғы тоғызда келіңіз. Құжатқа қол қоясыз. Одан кейін айнып кетуге болмайды.

— Жарайды.

— Келістік онда, сау болыңыз!

Банктен келген өкіл үлкен іс бітіргендей маңдайының терін бет орамалымен сүртіп, терең тыныстап алды да, бұған қолын ұсынды.  Істің тез арада шешімін тапқанына қуанышты сияқты. Ол да қолын ұсынып:

— Сау болыңыз, ертең көріскенше,-деп шығып кетті.

Іштей қуанып келеді, жазуды тоқтату арқылы барлығынан құтылатындығына. Іштей ойланып келеді, оның да қаншалықты азабы болатындығын. Қайткенде де тұйыққа тірелген тірліктің соңғы шешімі осы болғандықтан, басқаны ойламай, тек қуанышты ғана жанына медет етті.

Үйіне келді. Есікті ашып, ішке ене бергені сол, өзімен бірге әлдекім ішке еніп кеткендей болды. Қарап еді, ешкім жоқ. Көңілім алаңдаулы болғандықтан шығар деп шамалады. Ас үйге өтіп, тағы да кофе қайнатты да, бір стақан құйып алып жұмыс бөлмесіне кірді. Ендігі ойы әлі аяқталмаған дүниелерін жинастырып, отқа жағу. Себебі, шарт солай. Сосын жазуды үзілді-кесілді тастау. Осы ниетпен орындыққа отыра бергені сол, қарсы алдында бір шал пайда болды. Тіпті әкесінің үйінде жүргендей үстелдің қарсы бетіндегі орындыққа жайғасып отырып алған. Қолында темекісі бар. Мұны қалай байқамағандығын түсінбеді.

— Сіз кімсіз? Мұнда қалай тап болып жүрсіз?

— Жаңа бір кезде… сізбен бірге есіктен кіргенмін. Қорықпай-ақ қойыңыз…

— Сізге неге керек?

Ол қайтадан өзінің бей-жай қалпына түсті.

— Сіз керексіз.

— Мен бұған дейін банкке ғана керек болғанмын, онда да несие алғаным үшін. Енді одан да құтылдым. Басқа кімге керек екенімді білмеймін.

Ол қалтасын қарманып еді, темекісі таусылып қалыпты. Оған қарсы алдындағы шал: «Мінекиіңіз, алыңыз» деп бір қорабын ұсынды. Орнынан тұрып темекіні алды да, бір талын тұтатып, қайтадан отырмастан бөлмені айналып жүре берді.

— Мен бәрін де білемін, — деді шал, — Сіздің осыдан он бес жыл бұрын жазуды бастағыныңызды, одан бері бес кітабыңыз жарыққа шыққанын, оны көбісі «керемет» деп мақтап жүргенін, бірақ олардың не үшін кермет екендігін білмейтіндіктерін — бәрін-бәрін білемін.
Ол «тағы да не білетін едіңіз, айта түсіңіз» дегендей темекіні үсті-үстіне сорғыштаған қалпы, әрлі-берлі бөлмені айналып жүре берді.

— Сіздің бойыңызда кейде өзіңізге деген күдік басым. Бірақ мен сіздің барлық шығармаларыңызды дүниеге келмей жатып, ал, жарыққа шыққаннан кейін қайталап оқығанмын. Бәрі керемет, сіз — ұлы  жазушысыз!

— Өзіңіз жаңа ғана айтқан адамдардың әрекетін қайталап тұрсыз, бірақ менің дәл қазір күлуге де дәрменім жоқ.

— Сіз ұлы жазушысыз дедім ғой…

Шал ашулана бастады.

— Енді жазушылықта ешқандай шаруам жоқ. Бәрібір мені құтқара алмады.

— Мәселе, өзіңді жұтылып кетуден сақтап қалуда.

— Мен, сірә, жазудан, ақыл мен философиядан шаршаған сияқтымын, ендігі мақсат — аштан өлмеудің қамы.

— Өзіңізді ақтап алу үшін ғана айтып тұрсыз бұл сөзді, бірақ мен сізге шығармашылығыңыздағы ең биік мұратты айтып берейін.

— Айтыңыз, шындығында не үшін керемет екендігімді білейін.

— Өзіңіз байқамауыңыз мүмкін, сіз өз түйсігіңізден тысқары дүниені үш қалыпқа бөліп алғансыз. Біріншісі — өзіңнің  ішкі жан-дүниең. Екіншісі — мына қоғам, қым-қуыт тірлік, адамдардың қарым-қатынасы т.б. Үшіншісі — кеңістік. Ал сіз бірінші қалыптағы идеяны екінші қалыптың көзінен өткізбей, тек иығынан баса секіріп аттап, үшінші қалыпқа сіңіп кетесіз. Сіздің жұмбағыңыз да осы. Кейде бірінші қалып пен екінші қалыпта отырып, жалғыздыққа берілесіз. Мұның бәрін көбісі формалық тұрғыдан кереметке балағанмен, ішкі астарын түсінбейді. «Керемет» деген бір сөзбен тоқтауларының түпкі түйіні осында жатыр.

Ол мыжырайған шал осындай ой айтады дегенді күтпегендіктен, оған не деп жауап қатарын білмеді.

Үнсіздікті «Сіз бүгін банкке барып па едіңіз?» деген шалдың сұраулы сөзі бұзып жіберді.

— Иә.

— Құжатқа қол қоймаңыз онда.

— Неге? Менің басқа амалым жоқ.

— Бәрібір қол қоймаңыз.

— О дүниеге қарыз арқалап кеткім келмейді, көмусіз қалу тіптен қорқынышты.

— Ал жазуды тоқтату ше?

— Соңғы байламым осы…

— Сіз екінші шартты таңдаңыз, бірақ көмусіз қалмайсыз, себебі мен сізді бірге алып кетемін. Сіздің тәніңіз қалмайды жер бетінде. Ал бірақ жаныңызды басқа бір жас ғалымның кейпінде жіберемін. Сол арқылы жаныңыз өмір сүре береді мәңгілікке.

Ол мынаның айтып отырғаны шын ба, өтірік пе деген оймен үңіле қарады.

— Сіз әсілінде өлмейсіз. Менімен бірге жүресіз. Өзіміз секілді бейбақтарды құтқарамыз. Бізге күш керек.

— Сонда әлгіндегі жігіт кім болмақ?

— Ол сіздің мына өмірдегі насихатшыңыз болмақ, яғни, білімді, зерделі жас ғалым жігіт.

— Әйтеуір мен өлмеймін ғой?..

Ол шалдың айтқандарына еліте түскендей.

— Сіз мәңгілік жасайсыз.

— Онда мен сіздің еркіңіздемін.

— Жоқ, екеуміздің еркіміз бір, тек, мәңгілікке бағынушымыз.

— Кеттік!..

— Кеттік!..

* * *

Ертеңіне ол банктің өкіліне келмеді. Арада бір апта өтті. Келмеді. Бір ай өтті. Келмеді. Ақыр соңы банк пен сот қызметкерлері үйіне іздеп барғанымен, ешкімді таппады. Іздеу салғанымен нәтиже шықпады. Шетелдерден интерполмен іздеді. Таппады. Ақыр аяғында оны із-түзсіз жоғалғандардың санатына қосып, өлдіге санады. Банк қызметкерлері «ол еш жерден табылмағандықтан, өлсе де көмусіз қалған болуы керек» деп, өз-өздерін жұбатып жүрді. Әрине, жас ғалым кейпіндегі оны ешкімнің танымағаны рас. Өзі жайында, өзінің шығармашылығы жайында шал айтып берген түсініктің шекпенінен шығара отырып, тынымсыз жаза берді. Жұрт оны ақиқат тұрғысынан тани бастаған-ды. Атақ-даңқы дүрілдей түсті.

Күндердің күнінде ол өз үйіне хабарласып көрген болатын. Телефон тұтқасын әйелі көтеріп, кім екендігін сұрады(кезінде өзі барда безіп кеткен әйелінің, қалайша үйге кіріп алғанына таң қалды, бәлкім осылай болуы керек шығар деп түйді).

— Мен ол кісінің ескі танысы едім, — деген оған, әйелі:

— Ол із-түзсіз жоғалып кеткен, — деп, жасқа булыққан дауыспен тіл қатқан болатын.

Жас ғалым бәрінің өп-өтірік екенін бірден аңғарды. Телефон тұтқасын тастай беріп:

— Опасыз тірлік, — деп күбірледі.

Одан кейін өзінің баяғы жазушы кейпінде өмір сүрген үйіне телефон шалған емес. Күні-түні өз шығармашылығын зерттеп, жарыққа шығара берді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз