Өлең, жыр, ақындар

Қой, басқа біреу шығар

Бір күні ұзақ жүріп командировкадан келдім. Әйелім есікті ашты да:

— Сүйінші, Тайлан, — деп күле тұрып қалды. — Ие?

— Жоқ, әкел сүйіншімді. Әйтпесе, айтпаймын.

— Жарайды, қалағаныңды ал.

— Сағынтай басқа қызметке ауысты, — деді жолдасым.

— Рас па? — деппін мен қуанғандығымнан. Сағынтай біздің көңілдес жолдастарымыздың бірі. Мен командировкаға жүрер кезде оны облыстың бір жауапты қызметіне ауыстырады деген сөз болған.

— Бұл қызметке ауыстырса, айта жүретіндей етіп той жасаймын, — деп күліп еді Сағынтай. Тойын қойшы оның. Сағынтай сияқты жас жігіттің өскеніне, үлкен қызметке жоғарылағанына неге қуанбайын. Алдым да телефон соқтым.

— Ay, Сағынтаймысың? Амансың ба, ей? Ал қызмет орның құтты болсын.

Ар жақтан құлағыма тосаңдау паң дауыс естілді.

— Бұл кім болар екен?

Мен қысылыңқырап қалдым. Сағынтай қоңыр дауысты, шапшаң сөйлейтін жігіт болатын.

— Бұл қайдан?

— Қайда звонить етіп тұрғаныңды білмесең, неге звонить етесің, — деді жаңағы дауыс айырықша бір салқын леппен.

— Мен қателесіп кеттім ғой деймін-ау осы? Маған Сағынтай керек еді. Сағынтай Өкімбаев.

— Ие, мен Өкімбаев, — деді телефондағы жігіт. Содан кейін ар жағындағы біреулерге сөйлеп кетті. Мен аңырып қалдым.

— Иә, Өкімбаев тыңдап тұр. Не айтайын деп едіңіз? — Телефоннан қағаз сыбдыры естілді.

— Ау, сен Сағынтаймысың?

— Ие, бұл кім еді?

— Танымай қалдың ба? Тайлан ғой. Жаңа орның құтты болсын.

Одан үн жоқ.

— Алло, алло. Сағынтай...

— Ие, Тайлан, тыңдап тұрмын. Не шаруаң бар еді?

— Командировкадан кеп тұрғаным осы. Сені құттықтайын деп... — деп күмілжідім. Содан кейін тағы да «Осы рас Сағынтай ма?» деп түйткілденіп қалдым.

— Ал, сен рас Сағынтайсың ба осы, әлде ойнап тұрған басқа біреу ме?

— Тайлан, — деді телефондағы паң дауыс. — Ойын-ойын ғой. Ал қызмет бабында «сен, сен» деп дікектеуіңді қоятын бол бұдан былай.

— Әй, қойшы. Сенің осы бір қулығың-ай.

— Рас айтамын. Соңы болсын мұның.

Мен бірдеме дейін деп ойлана беріп едім, Сағынтай трубканы тастап жіберді. Телефон «түк - түк» деп өз әніне басып кетті.

Апыр-ау, бұл кәдуілгі мен білетін Сағынтай ма? Қой, басқа біреу шығар...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз