Өлең, жыр, ақындар

Қоламтадағы арман

Бұл — колхоз шопаны Көшербай қарттың қалада тұратын үлкен баласына қонақтап қайтқан беті еді. Аттанар күннің қарбалас — думанымен жүріп, вокзал басына да поезд қозғалар сәтте ғана келіп жетті. Көшекең қарт болса да пысықтығын, ширақтығын танытқысы келгендей зайыбына вагон есігін нұсқай берді:

— Қалып қоясың, бар кемпірім, орналаса бер. Мен қазір... Мына күшіктерді... — деп мүдірді де, «аталап» аяғына оралып жүрген екі немересін кезек-кезек кеудесіне басып сүйе бастады.

Келінінің демеуімен вагон баспалдағына көтерілген Салиқа:

— Жә енді, ол иттердің қылығы таусыла ма! Шын сағынса, өздері келсін, — деп ішке кірді.

Көшекең немерелерін әлі де сүйіп жатыр.

— Ағасының құлыншақтары сол, атасының шырағы, жаны сол.

Сол кезде поезд да жылжи берді. Қарт енді келіні мен баласының маңдайынан иіскеді де вагонға қарай көтерілді. Ұзын дәліздің есігін аша беріп, сонау бас жақтан терезе жақтауына сүйеніп тұрған Салиқаны көрді.

— Ау, кемпір, бұл жерде неғып тұрсың? Көпеге кіріп жайғаса бермейсің бе?

Салиқа қабағын тыжыртты.

— Іші қапырық екен. Жүрегім өрекпіп кетті.

Көшербай қарт купе есігін кейін қарай сырғытып жіберді де, еркін аттап ішке кіре беріп аңырып қалды. Сол жақтағы диванда бір-біріне тақаса отырған қыз бен жігіттердің түйіскен бастары алшақтай берді. Бетіне қан толқыны тепкен көзілдірікті жас қыздың абдырап қалғаны байқалады. Шетеу шыққан самай шашын қалтыраған қолымен қайыра бастады. Ал кеудесін ілгері беріп шалқая отырған денелі сары жігіттің қабағында ұнатпағандай кейіс бар. «Қайдан келе қалдың?» дегендей көзін сығырайта алысқа қадап, терең алған демін ұртын томпайта ұстап, сәл отырды да тарс еткізіп сыртқа шығарды. Өзі де, биік кеудесі де басыла қалды. Көшекең шоқша сақалының ұшын ерніне жымқырып, тістелей берді. Шырайы мол кішкене қызыл жүзінде, момақан қоңыр көзінде абыржу мен ұялыс құбылысы бар. Ол ілгері басарын да, шегініп кетерін де білмей аялдап қалды да, ештемені елемегендей, көрмегенсіген бір аңқау дегдар қалыпқа тез түсті. Білегіне көлденең салған ұзын плащын қаудырлатып, іле беріп кейін бұрылды:

— Ау, кемпір, солай тұра бермексің бе сол жерде? Келсеңші бері.

Салиқа мамырлай басып есікке таянды, басын ішке ұсынып, бірден сол бетке көз құйрығын қадады.

— Бері жүр, — деді қарт диванға отыра беріп, — Тегі, осы қабырғадағы астылы-үстілі орындар біздікі, болар. Бассаңшы аяғыңды кісі көрмеп пе едің, тәйір алғыр.

Көзілдірікті жас қыз тағы да қызарып кетті. Сезімнен көрі ақылға біткен қой көзін төмен салып, өкініші де, қуанышы да жоқ бір мүләйім қалыпта отырып қалды. Тамыршы қарт сол кескіннен пәктік тазалықты, күнәсіздікті танығандай болды да, соңғы сөзіне өкініп қалды. Сол жәйді өзі де ұмытқысы келіп, ана бейтаныс жолаушыларға да ұмыттырғысы келіп терезеге қарай сырғып отырды да, Салиқаға жылы шыраймен қарады.

— Кемпірім, отыр, шаршаған шығарсың. Әлгі күшіктердің қылығын қарашы, тіпті көз алдымда тұр. Аталаған дауыстары да құлағымда, — деп әңгіме тақырыбын басқаға аударды.

Салиқа қоштай қойған жоқ. Баяу келіп отырды да, терезеге қарады. Көшекең де сыртқа көз тікті.

— Жер - ақ шіркін. Бәрін былай қойғанда алмасына болайын. Кемпір, байқау керек екен-ау әлгі алмаларды. Желпіндіріп қойған дұрыс шығар.

Көзілдірікті жас қыз сыпайы ғана сызыла тұрды да, сыртқа шықты. Сары жігіт аузын томпайта тағы да бір терең дем алып көтеріле берді.

Купеде оңаша қалғаннан кейін Салиқа өзгеріп кетті:

— Бетім - ау, енді не дейін, — деп Көшекеңе сыбырлап қарады. — Есікті ашып қалсам... екеуі бір-біріне кенеше жабысып алыпты. Айрылмайды. Ана біреу дүрдік ерін сарысы жеп жіберетіндей. Бүйтіп, өзіне тартып алып... (Салиқа екі қолын ілгері созып, ауада айқастырды да өзіне қарай тартты) басын олай бір, бұлай бір бұлғақтатады. (Салиқа ернін сүйірлеп, ауаны сүйіп қойды). Ал әне бір көзілдіріктісі, тым болмаса, бір қарсылық жасасайшы. Жоқ, ол жоқ. Жазған неме қайта ана сарының бауырына кіріп барады битіп (Салиқа бұл жерде Көшекеңе қарай қисайып қойды).

— Жә, қатын енді. Мына шалың жігіт, өзің бір қыз болып көрмегендей жұтынып отырсың ғой. Болар енді.

Салиқа шалына ренішпен қарады.

— Қыз болып, қашан сенің құшағыңа ынтызар болып едім. Өзің емес пе едің қоярда қоймай... болмаған. Іргеден келіп, қол жүгіртіп... маза бермеген.

Көшербай қарқылдай күлді де, сақалын тарамдады...

— Жә, жә... жетер енді... бар болғыр. «Көшербайға бермесеңдер, суға кетіп өлем деп ағаларыңды қорқытып отырып алған кім еді?»

— Мен онда кедей сорлының баласы ғой деп сені аяған болатынмын, — деп Салиқа шалқая отырды.

— Кедейшілін бар болғырдың! Кедейшіл болсаң қателеспейсің. Ха, хе, хе... — деп Көшербай басын бір иығына қарай қисайтып ұзақ сылқылдай күлді.

Сол кезде сары жігіт купеге қайтып кірді. Мына оғаш күлкіге сезіктеніп қалмасын деген оймен Көшекең төмен еңкейді. Қолына саквояж ілігіп еді, көтеріп тізесіне қойды. Аузын ашты да, ішін ақтара бастады.

— Пай, пай, осы үлкен келіннің пысығы-ай! Орамал, сабынға дейін ұмытпаған. Тек қарағымның ғұмыр жасы ұзақ болсын. Ұзағынан сүйіндірсін. Бір-біріне таупық берсін, — деп шұбалта сөйлеп, орамал, сабынды Салиқаның сырт жағындағы сеткаға салды да, суытылған құс еті, жұмыртқа, бәліштерді жаймалы столдың үстіне қойды. Содан кейін газетті бетіне тақай ұстап оқып отырған сары жігітке қарады.

— Шырағым, дәмге кел. Әлгі бала қайда? Ол да келсін, — деді.

Сары жігіт сыпайылық көрсете бастап еді, қарт көнбеді. Есікті кейін сырғытып, әрірек бір терезе алдында тұрған жаңағы көзілдірікті кішкене қызды шақыртып алды.

— Мынау біздің осындағы үлкен келін баланың жолға салған дәмі. Алыңдар. Ұялмаңдар, — деп Көшекең шегіне отырып, малдасын құрды да, алдына жаңа бір ақ орамал салды. — Мыңның түсін білгенше бірдің атын біл дегендей, ныспың кім болады, шырағым.

— Қайыржан, — деп жауап берді сары жігіт. — Ал мына келініңіздің аты — Салиқа.

— Па, па... мына менің кемпірімнің аты да Салиқа. Атыңнан айналайын.

Көзілдірікті кішкене қыз төмен қарады. Ұялып қалды. Екі жастың арасындағы манағы бір оқыс қимыл әсіресе осы баланың бетіне шіркеу бола беретін сияқты. Ал үлкен Салиқа тамағын бір рет кенеп қойды да отыра берді. Сездіргісі келмесе де жас жолаушыларды қыртысы сүймей отырғаны аңғарылады. Сол жайды байқаған Көшербай қарт:

— Тым жақсы. Ұялмаңдар, шырақтарым. Біз бір кезде сендердей жас болғанбыз, — деп қойды. Оны үлкен Салиқа да қостады.

— Иә, сөйткенбіз. — Содан кейін өзіне: «Бірақ сендерге ұқсап, көрінген жерде тістесіп жатпайтынбыз» деп күбірледі. Жөн сұраса келе Қайыржан Көкшетау облысындағы жаңа совхоздардың бірінде құрылыс инженері болып істейтіні анықталды. Демалыс алып Алматыға әдейі Салиқаны іздеп келген. Ол Ауыл шаруашылығы институтын жуырда ғана бітіріпті. Сол Қайыржан тұрған жерге жолдама алыпты. Бұдан бір жыл бұрын табысқан, уәде байласқан екі жас кеше осылай аттанарда дос-жаран, ағайын-туғандарының алдында тойын жасап некесін қосыпты.

Бұл сияқты әңгімеден кейін дастарқан үсті кеңейіп кетті. Кіші Салиқа да енді ашыла сөйледі. Оның әр күлкісін, қабақ қағысын, қимыл жүрісін Қайыржанның құмарта қызықтап отырғанын Көшербай барынша сезінеді. Кейде стол астында аяқтарының ұрланып табысып, екі жастың бойына құштарлық жалынын тұтатып, рахат сезімін салып өтетінін де аңғарады. Бәрі де түсінікті, бәрі де кеше ғана өз басынан ізін қалдырмай зулай өткен асыл жайлар. Көшербай қарт бергі көп жылдардың арғы қабатында қалған сол бір асыл сезімдерін есіне алып жұбайына қарап еді, салғырт отырғанын аңғарды. «Ойпыр-ау, мына жазғанның әлгі бір сөзді шынымен-ақ айтқаны ма?» деген күдік келді.

Салиқа көзілдірігін түзу мұрнының қырына туралап, түзеп қойды да тура қарап сөйледі.

— Сіз жоғарыға шығып әуре болмай-ақ қойыңыз. Мына төменде мен жатқан диванға ауысыңыз. Жоғарыға мен шығайын.

— Ие, қарт адамдарға төменде болған қолайлы ғой, — деп Қайыржан да қостады.

Үлкен Салиқа рахмет айтып сыртқа беттеді. Қазіргі шақта жас та, кәрі де, тіпті ұзақ жыл өмір жолдасы болған Салиқа да түсініп жетпестей болып көрінген бір ғажап сезімге бөленген қарт та екі жастың адал қылықтарына бөгет болмайын деп дәлізге шықты. Кенет шам жанды. Терезеден ашық аспан көрінеді. Сол ашық аспанның етегін белдеулей дүңкие жатқан адыр - белестер поезбен жарысып келеді. Арттан Салиқаның таныс дем алысы естілді. Аяғын сүйрете басып бері жақындап келеді.

Көшербай тұрған жерге аялдамай купеге қарай өтті. Бір сәт Көшекеңе шақырып алайын, аялдатайын деген бір ой келіп еді, бірақ дауыстамады. Сыртқа, бірінен соң бірі ауысып кейін қалып жатқан тау жүлгелеріне қарап тұра берді. Кейін сырғанаған есік дыбысымен Салиқа даусы бірге шықты.

— Ту, жазғандар-ай.

Көшербай кері бұрылып еді, Салиқа купе есігін қайыра жауып, бері келе жатыр екен.

— Дегенмен, ұятсыз екен өздері.

Көшекең әңгіменің не жайында екенін бірден түсінді. Бірақ үндемеді.

— Ана жазғандар тағы шөлдесіп қалыпты, — деп Салиқа тағы да қолын ауада айқастырды.

— Ол айып емес қой, кемпір. Жаңа қосылған балалар емес пе?

— Қойшы, тәйірі алғыр. Сен де бала бола қалғың келіп тұр ма?

Көшербай үндеген жоқ. Аяғындағы кебісін тарпылдата басып, зорлана жөтеліп, асықпай келді де, купеге кірді, төсек орын алдыртып жатып қалды.

* * *

Көшекең ертеңіне ерте оянды. Сергіп, көңілденіп қалған. Төменде қарсы диванда Салиқа жатыр. Теріс қарап тізесін бүгіп алыпты. Жоғары бір полкада Қайыржан мен кішкене Салиқаның білектері айқасып қалыпты. Жас қыздың көзілдірігі сырғып кеткен. Жүзінде сәл бір күлкінің, қуаныштың нұры ойнайды. Өз бойындағы бар тазалығын, асыл қасиетін өзінің сүйген жарына ұмсына беріп, осы бір тәтті де сергек ұйқыға шомғандай. Сол сәтте кіші Салиқа Көшекеңе бір кездегі өз Салиқасындай, ал, мына бір көз алдындағы бақыт — жігіт кезіндегі өз бақытындай болып көрінді, өзі қазір сексенді алқымдап, ал, кемпірі болса, жетпісіңді қорғалаған айша кемітіп, қиықтап тастаса да, бұлардың жігіт болған, қыз болған кезі кеше ғана секілді еді ғой. Үлкен Салиқа мына жастар қылығын қанша ерсі санағанымен, кезінде кіші Салиқадан да арман емес пе еді?! Әлі есінде, Салиқаға сол өңірде үш жігіт ғашық болған-ды. Бірі — дәулетті кісінің баласы — паң да ерке, өз құрбыларының серкесі — Кемелбек, екіншісі - атқамінердің баласы — өркөкірек те қарау Сыдық, ал үшіншісі — өмір бақи мал баққан момынның баласы — мына Көшербай. Бір қызығы, Көшербай ана Кемелбек пен Сыдықтан өзін кем санайтын. Олардың алдында ақыл таластырып, білім салыстырып көрген емес. Аспандағы қол жетпес жұлдызға ұқсап, үш жігітті бірдей табындырған Салиқа сұлу басқалардың емес, мұның қармағына ілінер деп Көшербай сірә ойлап па?! Ойламаған... Ойламаса да, Салиқа сұлу мұның қармағына ілікті. Сонда бұлар алғаш рет шілік арасында кездескенде, көк шөпті төсек етіп, аспанында шөкімдей де бұлты жоқ көгілдір көк күмбезіне қарап, шалқалап жатқан Салиқа:

— Өмірімнің тірегі деп сені таныдым. Тағдырымның пірі деп сені таңдадым, — деген.

Сол сәтте Көшербайдың есіне өзінен көш ілгері санайтын екі жігіт, сол жігіттерді бұдан көш ілгері санайтын, артық бағалайтын қыз ағалары түскен еді. Ағалар қарсы болса?.. Мақтаншақ Кемелбек пен қасқарау Сыдық намысты қолдан бермейміз деп төтелей тартса?.. Істің арты немен тынбақ?.. Жоқ, бұл қорқақтың көңіліндегі - ақыры не болар екен деген түйткіл емес, қай нәрсені болса да ушықтырғысы келмейтін, қай жерде болса да татулық іздейтін, өзгенің қайғысы үшін өзегін өртейтін, өзім дегенге өлімге де бара алатын, момын да адал жанның сауалы болатын. Осы шындықты зерделі Салиқа білетін-ді. Түсінетін-ді. Көшербайдың әлі есінде: күн ұзақ пішен шауып, кештетіп келсе, ауыл іші ызу - қию, у-шу. Жартыбай деген сіңірі шыққан сорлы бар еді, соның жалғыз сиыры мибатпақ тартпаға түсіп кетіпті. Шығарар бір пенде жоқ. Кемелбек зытып отырған. Ал қасқарау Сыдық болса сиыр шығарам деп жүріп, құрдымға батып өлер жәйім жоқ, деп шықпай қойыпты. Сол сиырды жанын шүберекке түйіп, жағада өскен ағашқа арқан байлап, әр қилы айла-тәсіл қолданып, Көшербайдың суырып алғаны Салиқа көңілінде сенім мен ерліктің түйіні секілденіп өшпес із қалдырған болатын. Осы оқиғадан кейін Салиқа бір қызық түс көріпті кәдімгідей өңі секілді. Бұған көңіл салып жүргендер - мына Кемелбек, Сыдық, Көшербай үшеуі ғана емес, тіпті көп екен. Солардан мезі болған қыз ағасы қырындаушыларға бір шарт қойыпты әлгі мибатпақ құрдымның арғы бетінде бір сиыр қалған. Сол сиырды бергі бетке кім алып өтсе, қыз ағасы Салиқаны соған бермек. Бір қызығы, Салиқаның өзі де сол шартқа қарсы болмапты. Себебі - Көшербайдан басқа бір пенденің бұл шартты орындай алмайтынын анық білген ғой. Шындығында солай болыпты да. Қыз жүрегінің қалауы Көшербай болуы да содан.

— Енді бізді өлімнің өзі де айыра алмайды, — деп еді сонда Салиқа.

Дүниенің бар байлығын осы бір сәтке, ләззат сәтіне, ғашықтық, құмарлық сәтіне айырбастап жіберуге дайын жатқан Көшербай сүйген жарының кеудесіне сол қолын салып, қатты қысып, құшақтап сүйе берген, сүйе берген...

— Ризамын тәңірге! Тағдырыма ризамын!

Сөйтсе де Салиқа сөзінің мәнін Көшербай келе-келе, балалы-шағалы болған соң ғана түсінді. Жардың айтқаны рас екен. Бұлар өлсе, балалары бар. Олардан асса, қаулап немерелер келеді. Шөберелердің де ауылы алыс қалған жоқ. Олай болса, бұларды өлім қайтіп ажырата алмақшы? Салиқа мен Көшербай тұтатқан өмір оты нәсілден нәсіл қуалап, өмір бақи жалғаса бермек емес пе!?. Неге екені белгісіз, қарт тағы да жоғарыға көз қиығын салды. Қайыржан мен кіші Салиқаның білектері сол айқасқан қалпы. Қыз жүзінде пәктік пен жастық табы. Атып келе жатқан таң нұры дейсің бе, әлде ашылып келе жатқан гүл реңкі дейсің бе, әйтеуір Көшербай алыста қалса да, өз жүрегіне сондай жылы да жақын, таныс бір құбылысты аңғарды. Ол енді еріксізден төменге көз салды. Үлкен Салиқа өмірінде түк болмағандай, манағы бір теріс қарап, бүк түсіп жатқан қалпы, қозғалмаған.

Қарт бір күрсінді де, сыртқа шықты. Жастарша еркін, шешіне ширақ жуынды. Содан кейін купеге дауыстап, жұртты оята келді. Кішкене бір уақыттан кейін тағы да дастарқан жайылды. Енді ауыл аралас, қой да қоралас болып кетті. Жастар тым сергек, әрі еркін отырды. Қайыржан бірдеме айтса кіші Салиқа оны құптайды. Тіпті ол сол сөздердің мағынасына да терең бойлап отырмағандай. Сонда да құптайды. Әрине, Қайыржан теріс нәрсені айтпайды ғой. Көшекең өз жұбайына қарады. Ол да көңілді. Анда-санда аузын бір сылп еткізіп, термосқа құйылған ыстық шайды тартып отыр. Жастардың мына бір жарастығын әлі де артық санайтын ыңғайы бар ма, қалай?!

Бір ретте кішкене Салиқа көзілдірігін қозғай беріп Қайыржанға күлімдей қарап қалды. Көшекең ұялтпайын деген ниетпен терезеге бұрыла отырды. Жақтауда тұрған ескі бір газетті қолына алды. Үңіле беріп қалтасына қол салды. Көзілдірігін іздеді. Зайыбына қарап еді, ол да көзін сәл төмен салып отыр екен. Екі жастың мына таза қылықтары оны да еліктіріп әкеткен сияқты. Кескінінде бұрынғыдай реніш те, кірбең де білінбейді. Айрықша бір күйге түскендей.

Кенет Көшербайдың есіне көзілдірігін Салиқа сыртындағы сеткаға қойғаны түсті. Соны алайын деп, сол қолын созып, зайыбына қарай ұмтыла беріп еді, Салиқа оты қайта бастаған көз жанарын айрықша бір сезіммен бір жалт еткізді де, Көшекеңнің құшағына құлай кетті.

— Ау, мұның не? — деп Көшекең ең әуелі аңырып қалды да, кемпіріне шошына көз салды. Содан кейін рақаттана езу тартты, шалдың көз алдына қай заманғы шілік ішіндегі көк шөптің үстінде көгілдір аспанға көзін қадап, шалқалап жатқан өз Салиқасы — балауса Салиқа елестеп жүре берді....


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз