Өлең, жыр, ақындар

Құлпы тас

Осы ауылда жатқанымда кешігіп бір суық хабар келді: көрші аудан орталығында тұратын Бекіш деген жолдасым бар еді. Қапылыста қазалы болыпты. Өлім деген айтып келе ме, он алты жасар баласы бар еді, қапияда мотоциклден құлап дүние салған.

Жолдас қақы осындайда өтелмей ме? Көңіл айтамын деп сол ауданға бардым.

Машинадан түскенімде Бекіш есіктің алдында тұр екен. Мені көріп әуелі езу тартты. Содан кейін қалың, ет жеңді үлкен беті бұзыла берді. Жуан қарнын кеудеме тақап, талдырмаш денемді әлеуетті қолымен қапсыра құшақтап алды да, қарлыққан рабайсыз даусымен жылай берді.

— Сабыржаннан айрылдық, Тайлан.

Бекіш бір адым кейін шегінді де, көзінің жасын сүртті. Содан кейін:

— Бізді артына тастап, сандалтып кетті, — деді. — Ал неғып тұрсыңдар? Үйге кірейік.

Бекіш бұл сөзді сабырлы қалыпта айтты да, жуан денесін шапшаң қозғап үйге беттеді.

Жайғасқан соң да Бекіштің өзі сөйледі:

— Аруағы разы болсын, өткен-кеткендер айта жүрсін деп, биік құлпы тас орнаттым. Үш ай басына түней жатып орнаттым. Күшке де тиді, титығымыз қалмады. Тайлан, — өңі тағы да бұзылып кетті. Ол орамалын көзіне басты. Содан кейін: — әйтеуір жұрттың бәрі де бұрын мұндай құлпы тас көрген жоқпыз дейді, — деп қойды. Сабырлы қалыпқа келіп, салқын сөйлейді. «Қанша айтқанмен ер ғой сабазыңыз. Өзіне-өзі тоқтау салып отыр» — деп ойладым. Сонда да әке көңілін жұбатар сөз тауып айта алмаймын. Бекіш кішкене көзін терезеге қадап, қайғысы да, қуанышы да жоқ бір кейіпте бір сәт отырып қалды. Содан соң түрегелді.

— Ал Сабыржанның басына барып, құлпы тасын көріп қайтпайсыңдар ма? — Бекіштің даусы ширақ шықты.

«Мола басына барып қайтсақ» деген сөз тілімнің ұшына үйіріле берсе де, жүрексініп отыр едім, енді өкініп те, қысылып та қалдым.

Біз молаға бет алдық. Қыстақтың жел жақ сыртынан өтетін шойын жолдан астық та, кішкене дөңге көтерілдік. Алдыңғы бір қыраттың сілемінде қалың мола көрінді. Солардың ішінен басына күмістен жарты ай орнатқан биік құлпы тас ашық күнге шағылысып, ерекше жарқ-жұрқ етіп тұр.

— Сабыржанның құлпы тасы анау, — деді май басқан іркілдек денесін зорға көтеріп дөңге қинала шыққан Бекіш. Алқына сөйледі. Содан кейін артта қалған темір жолға көз салды. — Бір жақсысы, мына темір жол үстінен тіпті айқын көрінеді. Алыстан-ақ мен мұндалап тұрады.

Біз мола басына келдік. Жан-жағын цементпен көмкерген жас қабыр. Бойындағы талантын аша алмай арманда кеткен бала қабыры. Үстінде көп гүл, жазуы өше бастаған қара ленталар. Аз ғана уақыт өтсе де, ана жер мекенінен кеткен балғын бала өміріндей солғын тартып солып қалған.

Жел жоқ талма түстің тыныш шағы еді. Сонда да кең сахара кеңістігінің әлде бір алыс түкпірінде туған ыстық леп ауық-ауық соғып өтеді де, сол бір өңсіз, ажарсыз гүлдерді ойнатады. Мына бір кең тынысты тірлік дүниесіне сол өлім шіркіннің өзі де елбек қағып, ізет етіп тұрғандай.

Көз алдыма Сабыр елестеді. Ол бір лапылдап келе жатқан өрт сияқты еді. Сабақты да жақсы оқыған. Самолет моделін де жасаған. Колхоз малына шапқан үш көкжал бөріні де өзі жайратқан. Бәс тігіп ағысы қатты өзеннен де жүзіп өткен. Сабыр, міне, сондай еді. Менің көңілім бұзылды. Көзіме жас келіп қалды. Сол кезде Бекіштің самарқау даусы естілді:

— Бұл құлпы тастың биіктігі алты метр. Бір жарым метрі жер астында.

«Не есеп бұл? Сабырдай бала өмірін метрлеп қалай толтырмақшы?»

Мен теріс айналдым да жүріп кеттім. Артымнан ырсылдаған, алқынған дыбыс естілді. Жүрегін май басқан Бекіштің демалысы бұл.

Бекіш мені қуып жетті. Қатарласа жүрді. Екеуміз шойын жолды кесіп өттік. Бекіш артына қарады, содан кейін дүние ісіне кейіген, ренжіген, бірақ қайғысы жоқ бір момақан даусымен:

— Әйтеуір, қолдан келгені осы болды. Жақсы-жаман екенін қайдан білейін, — деп күрсінді.

Бекіш ойын енді түсінейін дедім.

— Жоқ, орнатқан құлпы тасың тым жақсы екен, — дедім мен.

«Рас па?» дегендей Бекіш маған сұрана қарады.

— Рас айтамын.

— Жұрт жақсы деседі. Соларға ұнаса болды - дағы, — деді бір арба болып ентіге басып келе жатқан Бекіш.

Апыр-ау, бұл құлпы тас бала басына қойылған ескерткіш пе? Әлде даңғой әкенің атын шығаратын бірдеме ме? Түсінбедім.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз